Әдебиет

Жеңіс Қаненұлы: ЕЛІСХАН БАТЫР, ГИМАЛАЙ ТАУЫ (Баллада)

Жеңіс Қаненұлы

Отаны жоқ, оты жоқ ел – бейшара, қорғансыз,
Бастап кетсе бекініп қиыншылық сапарын.
…Көшті Елсхан батырлар, болашағы болжаусыз-
Жатсаң түске кірмейтін Эвропаға бет алып.

Жасырып бой түндерге, үміт артып ақ таңға,
(Бір аяғын қырқып берген арлан сынды қақпанға!)
… Кірді бір күн түсіне қанға бөккен әкесі,
Гималайдың иығында тоқым төсеп жатқанда…

«Ұлым қайда барасың, тым жырақтап кеттің ғой?
Қайсар баста болады беті қайтпас екпінді ой.
Қызығынан шыжығы көп, бес-ақ күндік бұл дүние,
Бұл түннің де саған онша баяны да жоқ түн ғой!

Күрсініп ал дұрыстап, көкірегің кеңісін,
Бір Алладан басқаның көмегі жоқ сен үшін.
Ілініп бір кететіндей замананың қырына,
Таң қаламын, құдайға жақпай қалды не ісім?

Жуық ара тоқтай алмас кеткен қаңбақ жел қағып,
Алған бетің: ой, үмітің маған енді болды анық.
Шыңщсай мен Қожаняз кезек-кезек сүйрелеп,
Сен абайла!
Мен қалдым ғой екі арада сорланып…

Күшің барда, жатқа есеңді бостан-босқа жіберме!
Қазақ деген көнбеген ел тұсау менен шідерге.
Бұдан ары барасыңдар, (табасыңдар жылы ұя,)
Болашақта өсіп-өнер Үнді деген бір елге…

Еркіндіктің аспанынан құлап түскен таңғы арай,
Ешқашан да деп ойлама: барлығы да болды оңай.
Тынымы жоқ, кемеліне келмей кеткен жалған-ау,
… Сонан кейін көшесіңдер, көшесіңдер ары қарай.

Қиындық бұл созылатын әлі де көп сан айға,
Дидәріңді тұр көрсетіп «тағдыр»- деген шарайна.
Әз басыңа келетұғын алда үлкен сынақ бар,
Ең алдымен аман қалар саулығыңды көп ойла.
А-б-а-й-ла,
Ж-а-р-а-й-ма?»

… Бұл сапардың жаныңа еш тынымы да жоқ сапар,
Ойлай қалсаң бір қасірет сүйегіңді қақсатар.
Көзден лезде ғайып болды сәуле болып зымырап,
Әкесі оның әулиеге айналды да ақсақал…

Кетті оянып Елысхан батыр…
Жанның жасыл бүршігі-
Қалтырардай, тым асқақтап Гималайдың тұр шыңы.
Әліп үні – әке үні құлағында жаңғырып,
Тұрды естіліп дүріс-дүріс етен жүрегінің дүрсілі.

«Е, жүрегім, ет жүрегім, әлі талай туларсың,
Қуаныш та, қайғы да ортақ, тулау үшін туғансың.
Келіп тұрған аян шығар Алладан бұл, бәлкім,
Ат айылын босататын таяу шығар күн, бәлкім?

Құсымыз жоқ Гималайдің биігіне қонатын,
Күн болды-ау бұл, ойлай қалсаң, есімізден танатын.
Өмір ғой бұл, (кері тізгін тартпаспын!)
Белгісіздік сағымына сіңіп ғайып болатын.

Неде болса көресіні көрдік сол жазған тағдырдан,
Жетер жерге жетіп алып жақсы-ау ұйқы қандырған.
Есте ұмытпай сақтармын-ау жортар алда жолымда,
Өсиетін әкенің аманат қып қалдырған…»

Әке жатыр Баркөлдің бір қойнауын жастанып,
Есіне алды екі ұланын… жанарынан жас тамып…
Тас түйін боп бекініп тұрып кетті ол орнынан,
Түлкі тұмақ бауларын ескен самал қашты алып.

Гималай тұр қарадай бір өңі қашып сұрланып,
Ешкімді де менсінбестей, өрлігіне бұлданып.
Басып тұрды табанына дүниенің жотасын…
Жердің шарын шиырлаған, қазақ деген бір халық!

Қос шырағы секілді еді – екі бірдей қос ұлы,
Жүрегінің түбіне әбден шер боп қатып бекіді.
Тізе бүгіп Елісхан ер,
Қырғын тапқан ел-жұрттың
Аруағына бағыштап ұзақ құран оқыды…

Қатулыққа қалқалатып көмейінің бүлкілін,
Қайсарлыққа бүркетіп көңілінің жыртығын.
Қыран көзін төңкеріп жан-жағына қаранып,
Таңдайына оқ басып, сайлап қойды ол мылтығын.

Жинап алды қара мақпал шашын жерге жайып түн…
«О, туған жер, амал нешік, қадырыңды жай ұқтым.»
Таң жадырап келеді, әне,
Тасасынан дәу тастың-
Қақырынған үні естілді дәрет алған Зәйіптің…

Жұрттың бәрін белгісіз бір ұлы үрей жүр меңдеп,
Бір сағыныш көкіректен миға шапшып тік өрлеп.
Ер Елысхан тұрды орнынан… бетке алып Үнді елін,
Бырақ, сонда көп ұзамай көз жұмарын білген жоқ!

Ұмытылмас саналардан мәңгілікке сәт осы,
(Бізді жебер қабыл болған елдің дұға – батасы.)
Жүгін артты ел көлігіне «Иә, Алла, Аллалап»,
Көш жөнелді,
Қала берді меңірейіп Гималайдің жотасы…

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*