Руханият

Сыры мол Ахмет Яссауи кесенесі

Ахмет Ясауи шамамен XI ғ. соңы-XII ғ. басында Сайрам қаласында дүниеге келді. Ахметтің тұңғыш рухани ұстазы әрі тәрбиешісі атақты шайхы Арыстан баб болған. Ол дүние салғаннан кейін Ахмет Бұхараға келіп, атақты шайхы Қожа Жүсіп Хамаданидан сопылық ілім жайлы дәріс алады.Сөйтіп, «Ақиқатты хақ жолдарын» түсіндіру құқына ие болады. Біраз уақыт бойы ол Бұхарадағы сопылық қоғамын басқарып жүреді. Бірақ көп ұзамай өзінің рухани дүниесін қанағаттандырмаған осынау құзырлы орыннан бас тартып, Түркістан қаласына қайта оралады. Бұл жерде Ахмет Ясауи өзінің уағызшылық қызметін кеңінен өрістетеді. Аңызға қарағанда Ахмет Ясауи Мұхаммeд пайғамбар жасына келген соң, оны аза тұту белгісі ретінде қалған өмірін өзі уағыз айтатын мешіт іргесінде қазылған жерасты мекенінде (Қылуепе) өткізді. Мұнда оның үй іші ғана емес, шайқының ілім алып жүрген көптеген шәкірттер де болады. Жазба мәліметтерге сүйенсек, көне Иасыда, қазіргі кесене тұрған орында, мұсылманның атақты әулиелерінің бірі шайқысы Ахмет қабіріне ХІІ ғ. өзінде-ақ шағын мавзолей орнатылғаны белгілі. Кейін бұл мавзолей мұсылмандардың жаппай тәубе ету орнына айналды.1390-1395 жылдардағы қантөгіс ұрыстарда Әмір Темір Алтын Орданың өктемдігін жойып астанасы  Сарай Беркені өртеп жібереді. Міне, осы жеңістің құрметіне Ахмет Ясауидің ескі мазарының орнына жаңа зор мемориалды ескерткіш орнатуды ұйғарды. Осы тұрғыда Темір тек діни мақсат мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның беделін көтеруге үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге және дала жақ сыртының сенімді болуы үшін де қажет еді.

Бұл кезде Темір Моғолстан әміршісі Хызыр Қожа ханның қызы Түкел ханымды әйелдікке алмақ болып, той қамына кірісіп жатқан. Қалыңдығын қарсы алу үшін Темірдің әмірімен Самарқандта «Дилкуша» (Гүл атқан жүрек) бағын салу аяқталды. Қалындығының алдынан шығуға аттанған Темір жолшыбай Шыназ елді мекеніне таяу маңындағы Ахангеран қойнауында біраз аялдайды. Қыркүйек айында ол осы арада Иасыға соғып Ахмет Ясауи зиратының басында құлшылық ету ырымын жасайды. Мазар жанында тұратын шырақшы мен дін  қызметкерлерге қымбат  бағалы сыйлықтар береді. Міне, осы сапарында Темір, яғни 1396ж. қыркүйек айында, өз мемлекетінен тыс жерде алып құрылысты салуға бұйрық берген көрінеді. Құрылысты жүргізуді Темір Мәулен Убайдулла Садырға жүктеді. Кесенені салу жедел қолға алынып, сол заманғы деңгейден қарағанда, аса қарқынды жүргізілді. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауға Темір тікелей өзі қатысып негізгі өлшемдерді анықтаған көрінеді. ХІV ғ. соңы мен Х ғ. басы кезінде тарихи жағдайға қарамастан Темірдің бұйрығы орындалды. Осыған қарамастан Темірдің шахарстаны – Шараф-ад-дин Иездидің «Жеңіс кітабындағы» құрылыстың 2 жылда салынып бітті деген мағлұматына сену мүмкін емес, оның үстіне күні бұрын ойластырған Қытайға ірі жорық іске аспай, 1405 ж. 20-ақпанында қазіргі Темір стансасы маңында Әмір Темір қайтыс болып  құрылыс тоқтап қалады.

1991 жылдың 1-қаңтарынан бастап Ахмет Йассауи республикалық музейі «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі» болып қайта құрылды. Қорықтың жалпы ауданы 88,7 га (Қазіргі кезде ортағасырлық ескерткіштер 71 жуық және XIX-XX ғасырдың 22 сәулет ғимараттары музей қорының құрамында) жалпы қорықтың ауданы 393,75 га. Оған бірнеше ортағасырлық ескерткіштер кіреді:

1. Қазақ хандарының зираттары (Есім, Абылай хандар XVI -XVII ғ.ғ.)

2.Ортағасырлық «Шығыс моншасы» XVIғ. (монша 1975 жылға дейін жұмыс істеді)

3. Жерасты мешіті. Қылует халық арасында кең тараған Ахмет Ясауи 63 жасқа келген соң Мұхаммедтен артық өмір сүру күнә деген оймен өмірінің қалған жылдарын осы жерастында өткізген көрінеді. Осында отырып бүкіл мұсылман әлеміне белгілі өлеңдер жинағы «Хикметтерін» жазады.

4. Шілдехана, белгісіз мавзолей, Гауһар ана, Айқожа ата мавзолейі, т.б. ескерткіштер.

Ахмет Ясауи сәулет ғимараты – аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені – 46,5 метр, ұзындығы – 65 метр. Ғимараттың орасан зор порталы және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық бөлмесінің өңірінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.

Оның дуалы қапталмаған, жалпы қорғанның барлық құрылымы аяқталмаған. Темірдің кезінде бас порталдың барлық құрылымы бітпей, тек нұсқасы ғана барып, оның құрылысын Хижра бойынша 1000-жылы (1593-1598) Бұхарды билеген ІІ Абдолла хан аяқтайды. Осы кезде арқасы түйістіріліп, түпкі қабырға және осы қабырғадан жоғары үлкен ойық салынды.

ІІ Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған.

ХІХғҚоқан билігі тұсында мұнаралар мен қорғанға қарай қорғану орындары салынып мавзолей қамалға айналдырылды. Мұнан кейінгі ғасырларда Түркістан билеушілері өз кезеңіне сәйкес кесене құрылысын аяқтауға тырысқанымен, ешқайсысы да белгілі бір нәтижеге келе алмаған.

Қазірігі кезде бұл алып құрылыс қазақ халқының негізін құрған көптеген түркі тайпаларының тілі, діні, мәдениеті мен тарихын зерттеуде құнды дерек болып табылады.

Сәулеттік ерекшелігі мен әлеуметтік қызметі күрделі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жөндеу және қалпына келтіру  жұмыстарының өзіндік сыры мол. Қалпына келтіру тек кәсіби шебер-реставраторлардың қолымен ғылыми негізде іске асырылғанда ғана нәтижелі болатыны сөзсіз. Кесенедегі жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын сипаты мен маңыздылығына қарай бірнеше кезеңге бөліп қарастырған орынды.

Бірінші кезең – кесене салынғалы бергі ХХ ғ. бас кезі, яғни І дүниежүзілік соғыс басталғанға дейінгі кезеңді қамтиды. Екінші кезең – 1917 жылдан 1950 жылдардың бас кезіне дейінгі кезеңді қамтыса, үшінші кезең – 50 жылдардың бас кезінен,  мұражай ашылған 1978 жылға дейінгі уақытты еншілейді, ал төртінші кезең –  кесене мұражай мәртебесіне өзгеріп, «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» болып аталған 1991 жылдан осы кезеңге дейінгі уақытты қамтиды. Жөндеу және қалпына келтіру саласындағы әр кезеңнің  көтерер жүгі жеңіл емес.  Осы арқылы қоғамның мәдени, рухани  мұрамызға деген көзқарасы танылатыны сөзсіз. Бұл кезеңде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі адам қолымен,  қоғам ықпалымен қамқорлыққа алынумен бірге,  тағылықпен қирату әрекетін де бастан өткізді. Атап айтқанда, 1864 жылдың 9-шілдесінде полковник Веревкиннің бұйрығымен ғимаратқа зеңбіректен он екі оқ атылды, оның бірі кесене қабырғасына тиіп,  зақымдады. Массонның жазуына қарағанда, кесене қабырғаларының жарылғандығын, оның құлаған жағдайда жанындағы әскери горнизонды басып қалу қаупін желеу етіп,  жергілікті әкімшілік Қожа Ахмет Ясауи кесенесін бұзуға қаулы шығарып,  сорақылық жасаған. Бірақ бұл қаулы Түркістан генерал-губернаторының араласуымен бұзылған.

Ал  кесенені жөндеу және қалпына келтірудің екінші кезеңі ХХ ғ. басындағы әлеуметтік-саяси өзгерістерге байланысты болды. Кеңестер билігі жүргізген әлеуметтік реформалардың қатарында мәдениет ескерткіштері мен өнер туындыларын сақтап қалу мақсатында олардың мемлекеттік меншік деп жариялануын атауға болады. Осындай өзгерістердің ықпалымен Түркістан АКСР-інің Орталық Атқару Комитеті «Мемлекеттік және көркемдік маңызы бар көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қорғауға алу» жөніндегі №191 декретін жариялап,  бұл жұмыстарды жүзеге асыру Архив басқармасына жүктелді.

1921 жылдың 23-мамырында Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесі Халық ағарту комиссариаты жанынан өнер туындылары мен табиғат ескерткіштерін қорғаумен және мұражай жұмыстарын ұйымдастырумен айналысатын комитет (Туркомстарис) құрып, оның ережесін бекітті. 1922-1923 ж.ж. профессорлар Д.Печкин мен А.Семенов Түркістан қаласына экспедицияны басқарып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін суретке түсіріп, архитектуралық өлшемдерін алып, оны қорғаудың қарапайым шараларын ұйымдастырды.

1978 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мұражай болып ашылғаннан кейінгі уақытта жөндеу мен қалпына  келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады.  Тарихи ескерткіштің республикалық мұражай мәртебесін алуы, онда кең көлемде  қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.

Осы жылы кешен құрамындағы «Шығыс моншасы» қайта қалпына келтірілді.  1975 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп келген монша тарихи-мәдени ескерткіш ретінде, өзінің негізгі қызметін тоқтатып,  1979 жылдан бастап мұражайға  айналдырылды. 1980 жылы қалпына келтірілген Қорған қабырғасы мен Қорғанның қақпасын бұрынғы сақталған сурет,  сызбалар негізінде жаңадан тұрғызуға тура  келді. Ал  жұма мешітінің 1878 жылы салынған ғимараты бастапқы қалпы сақталып,  қайта қалпына келтірілді. ХІV ғ. ескерткіші болып табылатын Шілдехана ішінара қалпына келтіріліп,  консервацияланды.

Түркістандағы зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыруға бірқатар үкіметтік қаулылар қабылданды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі отандық реставраторлар мектебіне айналды. Онда қазақстандық алғашқы қалпына  келтіруші-шеберлер Х.Шахапов, Б.Атаханов, А.Оразбаев жұмыс істеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қалпына келтіру жұмыстарының төртінші кезеңі еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты  болды. Жетпіс жыл бойы  халқымыздың ұлттық рухын бұғаулаған тоталитарлық жүйе қасиетті ғимараттың тарихи-мәдени құндылық ретінде әлеуметтік мүмкіндігін пайдалануды шектегендіктен жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары біржақты жүргізілді.  Кесенеге сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде мән берілгенімен, оның тарихи,  рухани сипатын қалпына келтіру  екінші кезекке ысырылды.

Тәуелсіздік жағдайында ұлттық мүддеден туындаған мәдени, рухани өрлеу көптеген құндылықтарды қайта қарауды, қайта бағалауды қажет етті. 1992 жылдың 29-мамырында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау туралы» қаулысы қабылданды.  Осы қаулының ізімен 02.07.1992 ж. «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарыққа шықты. Бұл заң еліміздің тәуелсіздік жағдайында  тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауды және оны қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырудың құқықтық негізін қалады.

Баян ҚУАНДЫҚОВА, Қайнар университетінің студенті

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*