Жаңалықтар

Жәди Шәкенұлы: ЕР ЖӘНІБЕК – ҚАЗАҚТЫҢ ХАС БАТЫРЫ

Жәди Шәкенұлы: ЕР ЖӘНІБЕК – ҚАЗАҚТЫҢ ХАС БАТЫРЫЖәди Шәкенұлы 1967 жылы 5 мамырда ҚХР ШҰАР Өр Алтайда туған. 1997 жылы Атажұртқа оралған.

«Шалқар» газетінде тілші және бас редактордың орынбасары,  «Қазақ әдебиеті» газеті проза бөлімінің меңгерушісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Үн» журналының бас редакторы, «Алаш тарихи-зерттеу орталығында» баспасөз хатшысы, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары жұмыстарын атқарған.

«Ақбота» – мысал әңгімелер, «Балқаймақ» – мысал әңгімелер, «Қытайдағы қазақтар» – зерттеулер, «Бір уыс сәуле» – әңгімелер жинағы, «Қаралы көш» – тарихи роман, «Жалғыздың үні» – сын-зерттеу, сыр-сұхбаттар, «Ақбалапан» – өлеңдер мен мысал әңгімелер, «Жәнібек батыр» – деректі зерттеу кітаптары шыққан. «Талбесік», «Жиһаншах», «Оспан батыр», «Жас толқын». (Проза), «Жас толқын».(Поэзия), «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Армысың Атамекен», «Күнгей бет», «Жүзім бағы», «Ер Жәнібек», «Оспан», «Армысың Атамекен», т.б. кітаптар құрастырып шығарған.

Қазақстан Жазуышлар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы.

Ж.Шәкенұлы 2006-2010 жылдар «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының» президенті болған. Қазір жұмыстан сыртқы уақыттарында қордың Астана қаласындағы атқарушы директоры қызметін атқарып келеді.

Алда келе жатқан Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына орай, жазушы ағамызбен сұхбаттасып, ой бөліскен едік.

Жәди аға, сіз қазақ прозасында өзіндік қолтаңбаңызды танытып қалмастан, қайраткерлігіңізбенде елге танылып, Ер Жәнібек сынды ерлеріміздің есімін көтеруге де көрнекті еңбек еттіңіз? Сіздің Ер Жәнібек есімін ұлықтауыңызға не себеп болды?

Біз аңызға толы Өр Алтайда туып өстік. Алтайдың қариясы түгілі қарағай мен қайыңы, жақпар-жақпар қара тастары түгел шежіре шертеді. Сол шежірелі мекеннің бүйірін түртіп қалсаңыз болды – батырлық әфсана ары да Ер Тарғын, Ертөстік, Алпамыс, Қамбарды айтып келіп Ер Жәнібекке тіреледі. Қазақ даласын жаудан қорғаған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай есімдерімен бірге сол баһадүр бабамыздың ерлікке толы өмір өнегесін құлағымызға құйып өстік. Тіпті бері де Оспан батырдың Ер Жәнібектің туын көтеріп атойлап шығуының өзі қандай ғажап.

Ауыздан ауызға тараған осы аңыз-әңгімені кейін Ер Жәнібек жайындағы дастандармен толықтырып оқыдық. Асқар Татанайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабы да көп сырға қанықтырды. 1999 жылдың басында Шынжаңда жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» атты романы шықты. Бір қызығы осы роман жайында ең алғашқы рет мен ««Ер Жәнібек» романы хақындағы алғашқы ойлар» атты мақала жаздым. Бұл батыр жайындағы алғашқы қалам тербеуім болды.

Ел тәуелсіздігінен кейін ата жұртқа оралдық. Тағы бір таңқаларлығы – мұндағылардың көбі Ер Жәнібекті білмейді. Білгендер айтқысы келмейді. Тіпті кейбіреулер бұрмалауға да барды. Екі ғасырдан асқан батыр кесенесі де әліге дейін жалаңаш жатыр екен. Осының бәрі ой салып жүргенде Алматыда біраз жігіттер менімен пікірлес болып ойға ой қосты. Ақыры батыр есімін көтеруге бел шеше кірістік.

Жұрт істің нәтижесін ғана бағалайды ғой. Дегенменде осы тақырыпты көтеру оңай болған жоқ шығар?

Дұрыс айтасың. Қазір оның бәрі өтіп бара жатқан тарих сияқты. «Керей-керей деп өз батырымызды көтереміз деп өзге ағайынға жақпай қалатын болдық-ау» деп бұқпантайлап қашқандарда аз болған жоқ. «Ау, ағайын, Жәнібек керейдің емес, исі қазақтың батыры. Қазақтың жоғын түгендегеніміз үшін кінәлі емеспіз ғой» деп шырылдап жүріп шындыққа қол создық.

Осындай тайталасты сәттерде ақылдас болған аға-бауыр, жолдас-жоралардың ішінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай, музей қызметкерлері – Бабақұмар Қинаят, Досымбек Қатыран, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инситутының ғылыми қызметкерлері – бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к. доцент Серікқазы Қорабай, Фольклортану бөлімінің жетекшісі, ф.ғ.к Ақеділ Тойшанұлы, «Ел аманат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рысбек Тоқтасынұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы және кафедра қызметкері, т.ғ.к, доцент Ердәулет Берлібаев және де – Жеңіс Түркияұлы, Айбын Әубәкірұлы, Қойшыбек Мүбаракұлы секілді ұлтжанды азаматтар қолдан келген көмегін аямады.

Сөйтіп көптің көмегінде, 2006 жылдың  9-маусымында Алматыдағы Ғалымдар Үйінде қазақ халқының тарихындағы  көрнекті батырлардың бірі – Жәнібек Бердәулетұлының рухына арналған «Еліне  ұран болған ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырдық.

Конфернцияда сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Ер Жәнібек болса Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай, Райымбек батырлармен бірге сан мәрте шайқасқа қатыскан қазақтың ірі тұлғаларының біреуі. Ер Жәнібек есімін көтеру рушылдық жікшілдікке тарту емес, батыр бағландарымыз арқылы бүкіл қазақтарымызды көтеру. Бәріміздің жоғымыз бір қазақтың жоғы!» деп бүкіл халыққа үн тастап еді. «Ер Жәнібек есімін көтеру үшін керек десеңдер батыр атында қор құлыуы керек!» дегенді де шегелеп айтқан болатын.

Ағамыздың сөзі кесім болды, қор құрылды, қорға мені президент етіп тағайындады. Мақсұт Темірбаев, Құрманбек Төртбаев сынды ағаларымыз жақыннан жәрдемдесіп, қолдау көрсетті.

Дегенменде қоғамдық жұмыстарыңыздың көп болуына байланысты бұл жүкті көтеріп жүру ауыр болған жоқ па?

Бұл кезде мен «Қазақ әдебиеті газетінде» проза бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс атқаратынмын. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей еңбектенген кездерім көп болды. Оның қайсы бірін айтамын, бәріне үйдегі жеңгең куә болып: «өзгелер деп өмешегің үзілгенше жүгіресің, сонда өзгелер еңбегіңді көре ме екен?» деп наз айтатын кейде. Мен: «өзімді емес, батыр бабамызды халқына табыстап беру үшін жүгіріп жүрмін» деп күлетінмін.

Аллаға тәубе, Алматыда өткен конференцияда ортаға қойылған ұсыныс-тілектердің көбі орындалды.

Қазірге дейін, Ер Жәнібек атында Алматыда, Зайсанда, Алматы облысында көше аты бар. ШҚО жарма ауданыда жатқан батыр сүйегінің басына көрнекті ескерткіш қойылды. Жарма ауданының Қапай батыр ауылдағы орта мектепке батырдың ат берілді. Ер Жәнібек есімініне қатысты төрт кітап жарық көрді. Батыр есімі сөздіктерге кірді. Осының бәрінің орындалуына куә болу бақыты бұйырғаны үшін әуелі Аллаға, онан соң тәуелсіздіккке тәубе қыламын. Осылайша ыстық-суық күндеріміздің соңғы жеңісі – батыр есімін халқымен қайта қауыштыруымыз болды.

Батырдың басына орнатылған кесене жайында толығырақ айта кетсеңіз екен?

Ер Жәнібек есімін көтеру туралы алғашқылардың бірі болып мақала жазған ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы болды. Ол кісінің «Ер Жәнібек неге ескерусіз» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

Осы мақаламен танысқан Қанат Сүлейменов деген азамат кейіннен бізді іздеп келді. Шығыс Қазақстанның тумасы, спорт шебері. Ұлт жанды жігіт. «Әкем батыр бабамыздың басына ескерткіш орнатуды армандап жүріп көз жұмған еді. Рұқсаттарыңыз болса сол жүкті мен көтерсем» дейді. Алла көктен сұрағанымызды жерден берді, бөркімізді аспанға аттық. Қанатқа қолдау білдірдік. Ер жәнібек атында қор құрылып, біраз жұмыстарға мұрындық болып, кесене жұмысна енді кірісеміз бе деп отырғанда Қанаттың бар жұмысты мойнына алып, ортаға шығуы баршамызды қуанты. Тұрсынбек Кәкішев бастаған ағаларымыз ақ батасын берді. Қанат айтқанында тұрды. Бізде қарап жатпадық. Қытайдан әкелінетін ескерткіш пен аста жүлдеге тігілетін машиналар жағынан өз көмегімізді көрсеттік.

Сөйтіп 2009 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстанның Жарма ауданының Ортабұлақ ауылындағы батыр бабамыздың басына көрнекті ескеркіш орнап, арнайы ас берілді. Семейде ғылыми конференция ұйымдастырылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Семей қаласының қазіргі әкімі Айбек Кәрімовтар іс-шараның басы-қасында болды. Қуанышты күндерді бірге өткердік.

Қазір бүкіл шығыс Ер Жәнібектей баһадүрдің өз топырағында жатқанын мақтанышпен ауызға алатын болды.

Жәди,аға, сөзіңіздің басында Ер Жәнібектің қазақстан топырағында еленбегені, тіпті, кейбір шындықтың бұрмаланғаны жайында да бір ой білдіріп қалдыңыз. Сол сөзіңізді тарқата айтсаңыз?

Ақансері мен Біржанның басына ескерткіш қойған белгілі меценат Әшімбек Бектасов 1980 жылы керей Жәнібекті Шақшақ Жәнібекпен жаңылыстырып,  «Ер Жәнібек Қошқарұлы» деп жазып, шағын ескерткіш қойған.

2007 жылы мамырда Жарма ауданында болған күндерімнің бірінде Семей университетінде қызмет атқаратын, Ер Жәнібек кесенесін алғашқы болып басқаларға көрсетуші Мұхаметқазы Мұқамедияұлы бұл жайында: «Әшімбек Бектасов ағамыз шағын кесене орнатып «Қошқарұлы» деп жазғанда, мен: «бұл жерде жатқан керей Жәнібек» деп шырылдап едім, ол кісі өзіме ожырая зекіп, сөзімді тыңдағысы келмеді. Ақыр аяғында міне, мына қате жазылған тас сонда орнатылды, – деген еді.

Бұл жайында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, т.ғ.д Ахмет Тоқтабай: «Бұл жөнінде Әшімбек ақсақалмен 1980 жылдары сөйлесіп, Шақшақ Жәнібектің Қожа Ахмет Яссауи пантеонына жерленгенін, ол туралы тарихи документтерде бар екенін көрсеткенімде «әттеген-ай шақшақ Жәнібек өзімнің бабам еді, бейітін көп іздеп едім, Жәнібек осы жерде жатыр деген соң ескерткіш орнатып едім, қателік менен болды» – деп қынжылыс білдіріп еді» дейді.

Демек Әшімбектің жаңсақтьғынан жазылған «Қошқарұлы» деген сөз сол 1980 жылдан, батырдың басына көрнекті кесене қойылған 2009 жылға дейін 29 жыл тұрды.

Сонда белгілі меценат, ғалым ағамыз бұлайша жаңылғанда, оның сөзін тыңдаған талай халық жаңсақтыққа барған болар?

Серке адасса қой адасады. Кейде халық алдында жүрген ағалардың ағаттығынан талай тарихтың арнасы бұрылады. Керей Ер Жәнібектің еңбектерінің Шақшақ Жәнібекке ауысуы осы жылдарға дейін жалғасып келе жатыр.

Керей Ер Жәнібек 1714 жылы, Абылай 1712 жылы, Шақшақ Жәнібек  бір деректе 1679 жылы, енді бір деректе 1693 жылы туған дейді. Соңғысы бұрмалаушылардың жасампаздығы болса керек. Демек, Абылай заманында Шақшақ Жәнібек қарт батыр болып бейнеленеді. Әлгі жаңылушылар осыны айырмай жас Жәнібектің еңбегін Шақшақ Жәнібек деп соға береді. Өрескелдігі сол – олар көрсеткен әдебиеттерде Шақшақ Жәнібек Абылайдан кіші болып зорлықпен қиыстырылады. Жоңғар қалдықтарымен болған соңғы соғыстардың бірінде қалмақ жағы Абылайға: «Екеуіміз қырқысып елімізді қыра бермейік, менің сырттаныма сенде бір сырттан шығар. Қайсысы жеңсе, жеңіс соған тән болсын!» дейді. Талайдың қанын жұтып дәніккен қалмақ батырынан қазақтар жағы қаймығып, ақыры Ер Жәнібекті таңдайды. Екі батыр түс көреді. Түсінде Ер Жәнібек жеңіледі, мұны Абылай да сезеді. Ертесі ерте Жәнібек есіктен кіргенде, Абылай атшысына:

– Уа, менің қарт Бөгенбай берген Нарқызыл атымды шалыңдар, жақсы түске де жаман түске де садақа, Алла тағала мен не жорысам, соны қабылдасын, – дейді. Ұрыста Ер Жәнібек жеңеді.

Осы аңызды біреулер Шақшақ Жәнібектікі етіп айтады. Бұл уақыт Шақшақ Жәнібектің қартайған, Абылайдың жас кезі. Ендеше аңыздағы Жәнібектің «жаудан өлсем ұрпақсыз кетем бе?» деп алаңдауы, түсін Абылайға жорытпақшы болуы, Абылайдың оған «қолыңды жәй!» деп тізерлетіп отырғызып қойып түсін жорып, оң бата беруі аға Жәнібекке емес, өзінің тұрғылас інісіне жасайтын ілтипаты екені анық көрініп тұрған жоқ па!?

Тағы бір ескерер жай, Шақшақ Жәнібек 1730 жыл­дан ағасы қарт Бөгенбаймен бірге орысқа бодан болу саясатын ең алдымен қолдаушылардың бірі болып қайнағасы Әбіл­қайырдың қасында болады. 1733, 1735 жыл­дарғы атышулы шайқастар мен 1740, 1750 жыл­дар­дағы қазақ-жоңғардың, 1760, 1770 жыл­дардағы қа­зақ-қыр­ғыз, қазақ-қоқан, қазақ-торғауыт (Еділ қал­мағы) соғысындағы Жәнібекке байланысты аңызға айналған ерлік қимылдардың көбі керей Бердәулет­ұлы Ер Жәнібекке тән болады.

Жаңсақтыққа барушылар Шынжаңда шыққан керей Жәнібек хақындағы жырлардың біразын жұлмалап, Шақшақ Жәнібекке телиді.

Жалпы Шақшақ Жәнібек те тарихта орны бар ірі тұлға. Оған керей Жәнібектің еңбегін телімес де асқақ тұлғасы еш төмен түспейді. Сондықтан да бұл жағындағы ауыс-күйістер алдағы жерде түзеледі деп ойлаймыз.

Ел аузындағы ендігі бір әңгіме Абылайдың Ер Жәнібкке ақ ту сыйлауы ғой. Сол тудың бұрын-соңды тарихы туралы аз-кем айта кетсеңіз екен?

Ер Жәнібек жайында Қытайда шыққан Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романы, Монғолияда жарық көрген Сұлтан Тәукейдің «Ақыр Жәнібек» романы бастаған көптеген әдеби шығармалар, тарихи деректер мен әр түрлі жазбалар Ер Жәнібек бейнесін жасауда Абылай тұлғасын қатар алып отырған. Әрі барлығында Абылайдың Жәнібекке ту сыйлағаны кеңінен суреттеледі.

Ер Жәнібек көтерген ақ ту әңгіме болғанда жазушы, тарихшы, марқұм Асқар Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында:«Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты қытай ақ торғынынан жасалған үлкен туды ұсынады.

Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жымылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Қазақ халқы батырды айырықша қастерлеп, «Ақыр Жәнібек» деп атасқан, бұдан былай мұндай жүректі, аруақты адам болмайды деп санасқан. Сондықтан, халық Жәнібек батырдың туын беріге дейін сақтап, жаугершілікте көтеріп шығып отырған. Шымырырақ торғыннан жасалған бұл ту қазақ батырларының ең соңғы туы еді» – деп жазады.

Жәнекеңнің өсиеті бойынша қару-жарағы ұлдарына үлестірілгенде, шаңырақ иесі – үлкен ұлы Ноғайға Абылай хан ұсынған жорық туы мен ер-тұрманы және Жәнібек өлтірген Маңжыланның құлағы тиген екен.

Жәнібектің ақ туы ел ерлігінің сөнбеген қозындай жүректерге от беріп, халықты қиын күндерден құтқаратын рухани тірекке айналып отырған. Оспан батыр Сіләмұлы да осы ақ туды көтеріп шығым, түмендеген жау жасағына қырғидай тиіскен екен.

Ер Жәнібек ақ туын екі ғасыр сақтаған Жәнібектің үлкен ұлы Ноғайдың қара шаңырағы қазір Алтай аймағының Шіңгіл ауданында отыр. Өкінерлігі ақ туды 1958-жылы Алтай аймағының уәлиі Бәделхан «арнаулы орында сақталады» деп алып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Ұзақ жыл сол ақ ту салынған сандық Шіңгілде Ноғай ұрпағы яғни Жәнібектің 8-ұрпағы Мырзахметтіңұлы Сағдаттың үйінде тұр. 2010 жылы Тұрсынбек Кәкішев бастаған топ сол шаңыраққа құран оқып, сандықты да көріп қайтқанбыз.

Өкінштісі, Мырзахымет отбасы және оның балалары батыр бабаларының туын әлі күнге жоқтай алмапты. Ал толық емес деректер бойынша ту 1969-1970 жылдарға дейін Алтай аймақтық қоғам қауіпсіздігі мекемесінде сақталған. Кейіннен Алтай аймақтық мемлекет қауіпсіздігі басқармасына өткізіп беріпті деген аңыс бар. Сөйтіп, ғасырлардан аман өтіп келе жатқан Абылайдың ақырғы ақ туы Қытай қоғамында жүрілген керанау қозғалыстардың құрбаны болып, әлі табылмады.

Абылайдың ақ туы демекші, Абылай ұсынған тағы бір ақ тудың қазіргі моңғолиядағы қандастарымызда сақталып отырғанын естіп едік. Ол кімнің туы?

«Абылай кезеңі – батырлардың заманы» деген сөз текке айтылмаған. Керейден шыққан батырлардың ішінде Ер Жәнібектен басқа Қожаберген атты екі батыр болған. Оның бірі әйгілі «Елім-ай» әнінің авторы ашамайлы керейден шыққан әрі батыр әрі жырау Қожаберген Толыбайұлы(1663-1763) болса, енді бірі абақ керейден шыққан батыр Қожаберген Жәнібекұлы(1723-1785). Екеуі де жоңғар заманында бірі қарт, бірі жас батыр болғандар.

Моңғолия жағында жазылған Шынай Рахметұлы сынды қаламгерлердің шежіресіне жүгінсек,  Қожаберген – Жандәулет – Асан –  Батнас – Кемиек. Кемиектен Нұқтажы, Нұқтажыдан – Жұмаш. Жұмаштан Солдат, Депутат, Озат…» болып тарайды. Демек, Қожаберген батыр көтерген Абылайдың ақ туының бірі, Монғолияның Баян-Өлгей өлкесіне қарасты Бұғыты сұмынының Хату деген жеріндегі Жұмаш Мұқтажыұлының шаңырағында әлі сақтаулы екен.

Ұрпақтарға отаншылдық идеясын сіңіру, оларды бабалардың ерлік рухына баулу бүгінгі күннің парызы болып отырғанда Жәнібек, Қожабергендер ұстап, кейінгі ұрпаққа аманаттаған Абылайдың ақ туын елге оралтып, мұражай төрінен орын берсек, аталар аманатын ұлықтаған болар едік.

2014 жылы Ер Жәнібек Бердәулетұлының туғанына 300 толады екен. Осы атаулы күнге орай қандай іс-шаралар жоспары бар?

 

Ер Жәнібек қазақтың хас батыры. Оны ұлықтау халық рухын көтерумен тамырласып жатады. Сондықтан да атаулы күнге орай қатысты орындарға әр түрлі өтініш, талаптар түсіп жатыр.

Жалпы, батырдың 300 жылдығына орай халықаралық конференция ұйымдастыру, көше, елді мекендердің атын беру, ас өткізу, өнерге қатысты іс-шаралар ұйымдастыру сынды көптеген жұмыстар өз кезегінде тұр. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің жақынғы күндердегі тарихымызды жаңаша жазу бастамасын ескерсек, бұл атаулы күндерде аяқсыз қалмайды деп сенеміз.

Илаһим, солай болғай! Әңгімеңізге рахмет! 

 

Әңгімелескен: Жұмабай Мәдібайұлы


1 пікір

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*