Жаңалықтар

Баспасөз парағы

Өтетін күні: 11 мамыр, 2014 жыл.

Өтетін уақыты: сағат: 11:00.

Өтетін жері: Алматы. RIXOS-Almaty қонақ үйінің конференц-залында. Сейфуллин мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында.

XVIII ғасырдағы қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысында қол бастаған қаһарман батырлардың бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына орай жарық көрген басылымдардың тұсаукесер рәсімі.

1. «Ер Жәнібек – 300 жыл» анықтамалық-библиографиялық ғылыми жинақ.

2. Моңғолиядағы қазақ жазушысы Сұлтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» романы.

3. «Керейде батыр Жәнібек”  аудиобейне жинақ.

Баспасөз конференциясына қатысатындар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, “Ер Жәнібек” халықаралық қорының президенті Мақсұт Темірбаев, “Ер Жәнібек” халықаралық қорының вице-президенті Жеңіс Түркия, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын-жыршы Баянғали Әлімжан, тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошан, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері Базарбек Атығай

 

Қазақ халқының тарихнамасы бойынша Бердәулетұлы  Жәнібек 1714 жылы Сыр  бойында туған.

Ер Жәнібек – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жанатай, Өтеген, Райымбек, Баян, т.б. баһадүрлермен үзеңгілес тұлға. Абылай ханның бас батырларының бірі ретінде халық жадында терең зерделенген, ауыз әдебиеті үлгілерінде көп кейіптелген тарихи тұлға. Ер Жәнібектің өмірі мен ерлігі жайында ел аузында бірнеше толғау, дастандар мен аңыз-әфсаналар сақталған. Солардың ең көлемдісі Қытай қазақтарының рухани көсемі Ақыт қажы Үлімжіұлының “Жәнібек батыр” дастаны. Бұл дастан ҚР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек әдебиеттер мен қолжазбалар қорында сақталып, кейіннен қадым жазуынан қазіргі кириллица әрпіне түсіріліп, “Бабалар сөзі” жинағы мен ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі жарыққа шығарған “Қазақтың батырлық жырлары” антологиясына енген.  Батыр жайында Бұқар жырау, Үмбетей жыраулардың жыр-толғаулары мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбалары біздің заманға жеткен.

Шежіре жөнімен таратса, Ер Жәнібектің үлкен нағашысы атақты Қаздауысты Қазыбек би, өз нағашысы Сарыүйсін Досымбет батыр. Өзі Абайдың атасы Өскенбайдың туған нағашысы. Өскенбайдың Ермек есімді анасы Ер Жәнібекктің қызы. Аңыздың айтуынша, Керей елінің туын Ер Жәнібекке Қожаберген батыр-жырау аманаттаған деседі.

Ер Жәнібек 1792 жылы 78 жасында дүние салып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы маңына жерленген. 2010 жылы ұрпақтары ас беріп, басына кесене-ескерткіш тұрғызды.

Аруағыңа болысқан,

Әділ билік қылысқан.

Қашпаған қандай ұрыстан,

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Абылай сенің тұсыңда

Сол бесеуі болыпты-ай,

Кейі батыр, кейі би,

Тәңірім берген сондай сый…

 

Үмбетей жырау 18 ғасыр /”Бес ғасыр жырлайды” 1 том, “Ай заман-ай, заман-ай…” жинақтары/

 

“Ер Жәнібек” халықаралық қоғамдық қоры,

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы,

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі,

Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы әкімдігі

 

/Баспасөз конференциясынан кейін RIXOS-Almaty қонақ үйінің банкет залында батырдың аруағына арналып құран бағышталып, ас беріледі./

 

 

Байланыс телефондары /87017424642, 87011113326, 87785510701/


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*