– Талғат Асылұлы, ел арасында да, Үкіметте де соңғы кезде көші-қон қағидаларына енгізілетін жаңа өзгерістер жайында жағымды пікірлер айтыла бастады. Сұхбатымызды қазақ үшін әркез өзекті болып келген бұл үдеріс неге тоқтап қалуға дейін барды деген сұрақтан бастасақ…
– Соңғы жылдары көші-қон мәселесінде көптеген кемшіліктер мен олқылықтардың орын алғаны рас. Мұның бәрі айналып келгенде көші-қонды бизнеске айналдырған бір оңбағандардың, саладағы әбден асқынған жемқорлықтың нәтижесі еді. Олардың мақсаты – алыстағы ағайынды Атажұртқа тиімді қоныстандыру емес, осы іске мемлекет тарапынан бөлініп жатқан мол қаржыны талан-тараж етіп, өз мүдделеріне пайдалану болды. Бұл мәселеге жауапты адамдар «елдің обалына қалам-ау, көші-қон тоқтап қалса не болады?» деп ойланған жоқ. Соның салдарынан мемлекеттің миллиондаған қаржысы жеке адамдардың жемсауына түсіп, ел үшін ешқандай пайда әкелмеді. Көші-қон мекемелеріндегі қызметкерлер Қытай, Моңғолия, Өзбекстандағы ағайындармен сыбайласып, Қазақстанға көшіп келмеген адамдардың атына рәсімдеп, қаншама қаржыны жеп қойды. Тіпті Мемлекет басшысы көші-қондағы тәртіпсіздіктер мен кемшіліктерді жою жөнінде тікелей тапсырма бергенін де білесіздер. Бірақ Президент «көшті тоқтатыңдар» деген жоқ қой, «оны түзетіңдер, тәртіп орнатыңдар» деді.
Алайда біздің биліктегі «шаш ал десе бас алатын» кейбіреулер Елбасының тапсырмасын орындаймыз деп, улап-шулап, аяқ астынан заңның жаңа жобасын жасап, көшті тоқтатуға дейін барды. Парламентте Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев сол жобаны таныстырып, «оралмандарға бес жылға дейін азаматтық бермеу керек» деген ұсынысын айтқан күні мен 31-арнаға сұхбат беріп: «Бұл не деген бассыздық?! Иә, қателіктердің бар екені рас, түзеу керек (сол кезде Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында көптеген былықтар ашылып жатты). Айыптылар жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ бір құмалақ бір қарын майды шірітеді демекші, бірнеше оңбағанның әрекеті үшін көшті тоқтатып, сырттағы бүкіл 5 миллион ағайынның көз жасына қалуға болмайды» деп айтқанмын. Сырттағы ағайын да сол кезде үлкен алаңдаушылық білдіріп: «Біздің сенгеніміз де, қорғанымыз да Қазақстан еді ғой! Сонда барар жер, басар тауымыздың қалмағаны ма?!» деп өздерінің біраз реніштерін білдірген..
– Не десек те, Алла ақырын берсін, қазір көші-қонға, сырттағы ағайынның Атажұртқа оралуына деген көзқарас жақсы жағына қарай өзгеріп жатыр. Бұл өз-өзінен болған жоқ қой.
– Әрине! Тіршілікте еш нәрсе өз-өзінен болмайды. Бұған бірінші кезекте көші-қон саласындағы Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндет, бүкіл халық болып білдірген қоғамдық пікір оң ықпал етті деп ойлаймын. Өйткені көптеген қоғамдық ұйымдар, танымал қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, шеттегі ағайындар, қарапайым қатардағы азаматтар пікір білдіріп жатты және олар жерде қалған жоқ. Тіпті ТМД кеңістігінде көріне бастаған саяси ахуалдың да әсері болған шығар. Осы жерде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен рөлі жайында да айрықша айта кеткенім дұрыс болар. Себебі барлық қазақтілді басылымдар, радио мен телеарналар ұлттық және мемлекеттік мүдделер тұрғысынан аса маңызды саналатын осы көші-қон мәселесінде айрықша белсенділік танытып, тыңдар құлақ болса, әркімге де ой салатын талай құнды пікірлер жариялады. Бұған біздің де қосқан үлесіміз қомақты болды деп анық айта аламын. Біз еліміздегі ең ірі және беделді басылымдар – «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінде бірнеше рет үлкен-үлкен мақалалар, сұхбаттар, арнайы беттер ұйымдастырып, өз ойларымызды ортаға салдық. Қауымдастықта бірнеше рет дөңгелек үстел өткізіп, ашық пікірталастар ұйымдастырдық.
Осының бәрі үкіметтегілердің құлағына жеткен болуы керек. Екінші жағынан Елбасы да: «Мен сендерге тәртіп орнат дегенде, көшті тоқтатыңдар дегем жоқ қой! Мыналарың не сендердің? Қатты кетіп қалдыңдар» деген шығар, бүгін көші-қон мәселесінде Үкімет тарапынан жағымды жаңалықтар естіле бастады.
– 20 мамыр күні Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары туралы» мәселе арнайы қаралды. Оған Сіз де қатыстыңыз. Қандай ұсыныстар айтылды?
– Біз көші-қонның ең маңызды түрі – тарихи Отанына оралу мақсатындағы көші-қон екені, ол туралы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңында нақты атап көрсетілгенін айттық. Бірақ елімізге еңбек көші-қонымен келушілерге қойылатын шарт-талаптарды бүгінгі заман талаптарына сай қайта қарап, жетілдіру кезінде этникалық, яғни оралмандар көшіне ешқандай зиян келмеуі тиіс. Өйткені көші-қонның бұл түрлерінің әрқайсысының заңмен бекітілген өзіндік ерекшеліктері, өзіндік шарт-талаптары бар. Өркениетті елдер көші-қонның бұл екі түріне екі түрлі көзқараспен қарайды, еңбек көші-қонының талаптарын барынша қатайтып, ал этникалық көші-қонға керісінше, ерекше жеңілдіктер жасап келеді. Осы тұрғыдан, бізде еңбек көші-қонының шарт-талаптарына өзгеріс енгізгенде, оған этникалық көші-қонды қосып жіберу мүлдем ақылға сыймайды. Сондықтан алдағы уақытта этникалық көші-қонмен келетін оралмандарға қажетті жеңілдіктер толық жасалуы тиіс.
– Өркениетті елдердегі этникалық көшті ұйымдастырудың қандай ерекшеліктері бар және оларды тәжірибеге енгізу үшін не істеу керек?
– Дамыған мемлекеттер этникалық көшті ең алдымен шетелдерде ұйымдастырады. Яғни атажұртқа қоныс аударғысы келетіндер туралы алдын ала мәлімет жинап, құжаттарын дайындайды, азаматтық алу мәселесін шешіп, орналасатын жерін, тұратын баспанасын, істейтін жұмысын анықтайды. Осы мәселелердің бәрі шешілген соң, көшіріп әкеледі. Бізде бұлардың бірде-біреуі алдын ала шешілмейді. Қазақстанға қалай, қайтіп көшуге болады, қандай облыстарға орналасқан тиімді деген мәселелерді алдын ала түсіндіру жұмыстары мүлдем жүргізілмейді. Көші-қон мекемелері оралмандар өз күштерімен шекарадан өтіп, Қазақстанның бір өңіріне тұрақты тіркелгеннен кейін ғана олармен жұмыс істеуді бастайды. Оралмандар көшіне байланысты қиындықтардың көбі осындай жағдайдан туындайды.
Сондықтан оралмандар көшін ең алдымен шетелдерде ұйымдастыру қолға алынуы тиіс. Бұған заңдық-құқықтық тұрғыда толық мүмкіндік бар. Яғни «Халықтың көші-қоны туралы» заңда оралмандар көшін шетелдерде ұйымдастыру Қазақстан елшіліктерінің міндеті екендігі атап көрсетілген. Бірақ бұл жұмысты жүзеге асыру үшін шетелдегі елшіліктерімізге әлі күнге арнайы штат, қажетті қаржы бөлінген емес. Енді осы мәселені бір жүйеге түсіріп, оралмандар көп келетін елдердің Ташкент, Нөкіс, Баян-өлгий, Бішкек, Үрімжі сияқты қалаларында көші-қонның шағын өкілдіктерін ашуды ойластырған жөн
– Бізде соңғы жылдары ішкі және сыртқы көші-қонға қатысты заң мен ережелер, басқа да құжаттар жиі өзгеретін болды. Оның үстіне, сол өзгерістер біреу қуып бара жатқандай атүсті, асығыс дайындалады. Ең өкініштісі, көші-қон туралы заңның талаптарын мемлекеттік ұйымдар толық орындамайды. Салада қордаланған түйткілдердің бір себебі осында жатқан жоқ па?
– Оныңыз рас. Кеденшілер өз кодексін, Салық комитеті өз кодексін, Көші-қон полициясы өз қаулысын, төлем төлейтін орындар өз ережелерін бекітіп алып, жұмыстарын соның негізінде атқарады. Екі ортада «Халықтың көші-қоны туралы» заң далада қалады. Сондықтан бірінші кезекте «Көші-қон туралы» заңның бұлжымай орындалуын қолға алу керек. Мысалы, бүгінгі таңда шетелден келген ағайынның ең қиын мәселесі – Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу. Мұның себебі мынада. Қазақстан Республикасының 13.06.2013 жылғы «Қазақстан Республикасының заң шығару актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, Ішкі істер министрлігі №523 бұйрық шығарған. Бұл бұйрық бойынша оралмандар тұрақты тұруға рұқсат алу үшін өздері келген елден жазбаша рұқсат қағаз және сотталғаны не сотталмағаны туралы анықтама әкеліп, оны ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне куәландыруы қажет. Осыған байланысты, мынадай сұрақ туады: соңғы он бес-жиырма жылда Қазақстаннан шетелдерге бірнеше миллион адам көшіп кетті. Осы адамдардың бәрі Қазақстанның үкіметіне барып, «біз шетелге көшетін едік, жазбаша рұқсат беріңдер» деп талап қойды ма?! Немесе Ішкі істер министрлігінің табалдырығын тоздырып, «сотталмағанымыз туралы анықтама бер» деп сұрады ма?! Жоқ, ешкім де Қазақстаннан мұндай қағаз сұраған емес! Ал егер сондай талап қойылса, Қазақстанның үкіметі мен Ішкі істер министрлігі бар жұмыстарын жинап қойып, осыншама адамға жазбаша рұқсат пен сотталмағаны туралы анықтаманы бере алар ма еді?! Өзге мемлекеттер де Қазақстанға көшетін қазақтарға мұндай анықтама мен жазбаша рұқсатты ешқашан берген емес және болашақта да бермейді!
Сондықтан бұл талапты жойып, шетелдерден келетін ұлты қазақ азаматтарына Қазақстанда тұрақты тұру үшін өздері келген елден жазбаша рұқсат қағаз бен сотталмағаны туралы анықтама әкелуді талап еткенді тоқтату керек. Бұл – бір. Екіншіден, Көші-қон мекемелері Қазақстанға жаңадан келген ағайынға «тұрақты тіркелетін мекенжайды өзің тауып кел, оралман мәртебесін алатын құжаттарыңды содан кейін ғана қабылдаймыз» дейді. Ал Қазақстанда ешқандай танысы не туысы жоқ, шетелден енді ғана келген кісі тұрақты тіркелетін мекенжайды қайдан табады? Демек, бұл да ақылға сыймайтын талап. Сондықтан жаңадан келген оралмандардың тұрақты тіркелу мәселесін бейімдеу орталықтары арқылы жергілікті көші-қон мекемелері шешуі керек.
Сондай-ақ «Халықтың көші-қоны туралы» заңда шетелдік қазақтардың Қазақстанға оқып, білім алуға келуі де көші-қонның бір саласы ретінде көрсетілген. Бірақ көші-қонның бұл түрінің де жүйеге түспеген көп мәселесі бар. Мысалы, Қазақстанға оқуға келген шетелдік қазақтар құжаттарын куәландыра алмай, визасын соза алмай, Қазақстаннан бір шығып кетсе қайтып келе алмай, азаматтыққа құжат өткізе алмай әуре-сарсаңға түседі. Болашақта бұл мәселе де бір жүйеге түсіріліп, оңтайлы шешілетін болуы тиіс.
Жалпы, бізде көші-қон мәселесін жан-жақты және жүйелі түрде зерттеп, сараптама жасап, талдап-талқылап отыру, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өте маңызды бұл істі мемлекет мүддесіне сай ұтымды ұйымдастыру жағы тым кенже қалған. Тіпті басқаны былай қойғанда, көші-қонның қандай түрлері бар, олардың бір-бірінен айырмашылықтары қандай, бұл жөнінде қандай ерекше жағдайлар кездеседі деген сияқты қарапайым мәселелердің өзі толық анықталмаған. Демек, көші-қонның өзекті мәселелерін бір жүйеге түсіріп, зерттеп, талдап, сараптамадан өткізіп отыру мәселесі қолға алынуы керек.
– Сырттағы қандастарымыздың атамекенге көшіп, қоныстануын барынша тиімді жүргізуде басқа қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?
– Көші-қонға қатысты ең күрделі мәселелердің бірі – бұл саламен тұрақты айналысатын арнайы мамандардың аздығы. Осы жұмысты ұйымдастыратын білікті мамандар дайындау бізде әлі күнге қолға алынбаған. Болашақта бұл мәселе де ерекше назарда болғаны жөн. Осы орайда оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру жұмыстарын жүргізгенде оларға алғашқы күннен бастап Қазақстанның «Көші-қон туралы» заңы мен басқа да ең қажетті заңдарын жан-жақты таныстыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінуі керек. Ең алдымен оралман мәртебесін алған азаматтың құқықтары мен міндеттері ерекше түсіндірілуі қажет. Оралман мәртебесінің жауапкершілігі де барынша нақтылануы тиіс. Оларға қаржылай және басқа да түрлі көмектер берілгенде, бұл жөнінде нақты келісімшарт жасау мәселесін де ойластырған дұрыс. Сондай-ақ оралмандарға көші-қон жұмыстарымен бірінші кезекте мемлекеттік мекемелердің ғана айналысатыны ескертілгені жөн. Бүгінгі таңда көптеген дау-дамайлы мәселелер осындай түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен туындап отыр.
– Бізде көші-қон үдерісін үйлестіріп отыратын, бұл мәселеге тікелей жауап беретін арнайы үкіметтік мекеменің жоқтығы да «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» жағдайын туындатып отырған жоқ па?
– Шынында да, Қазақстан Республикасында этникалық көші-қон, яғни оралмандар мәселесімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері айналысады. Бұл Қазақстан Президентінің 2013 жылғы 16 қаңтардағы №466 Жарлығында атап көрсетілген. Сондай-ақ оралмандар мәселесіне Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктерінің, жергілікті әкімшіліктердің де тікелей қатысы бар. Бірақ бұл министрліктер мен әкімшіліктердің көші-қон жөніндегі жұмыстарын бір орталықтан кімнің үйлестіріп отыратыны әлі күнге белгісіз. Сондықтан Президент әкімшілігінің немесе Премьер-министр кеңсесінің бір бөліміне көші-қон саласындағы жұмыстарды үйлестіріп отыру жүктелсе дұрыс болар еді.
Үстіміздегі жылдың 14 наурызында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан «Оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін бейімдеу мен ықпалдастыру тетігін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы» құрылды. Оған бірнеше облыстық, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері мен республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Бұл ведомствоаралық жұмыс тобы қызметінің мақсаты – оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары (ОБЫО) мен оралмандарды уақытша орналастыру орталықтары (ОУОО) жұмыстарының сапасын арттыру бойынша шаралар кешенін айқындау. Мұндай іс-шаралардың қолға алынуы өте маңызды. Өйткені қазірге дейін көші-қондағы қиындықтардың басым көпшілігі осындай бейімдеу орталықтарының жергілікті жерлерде мүлдем болмауы немесе жеткіліксіздігінен туындап отыр. Біздің білуімізше, мұндай орталықтар Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау сияқты бір-екі облыста ғана бар. Соның салдарынан алыстан келген ағайындар алғашқы кезде не тұратын, не тұрақты тіркелетін жер таба алмай, әуре-сарсаңға түседі. Ал бұдан былай бүкіл еліміз бойынша бір орталықтан басқарылатын, бір жүйемен жұмыс істейтін бейімдеу орталықтары ашылса, оралмандардың көп мәселесі өз-өзінен реттеліп, оңай шешілетін болады. Тек бұл мәселені тым соза бермей, тез арада қолға алу керек.
– Мұнда нақты қандай мәселелер ескерілгені жөн?
– Ең бірінші айтарым, бейімдеу орталықтары Қазақстанның үлкенді-кішілі барлық қала, облыс, аудан орталықтарында болуы тиіс. Қазақстанның жағдайында мұндай орталықтар үшін түрлі жатақханалар, бос тұрған үйлер мен ғимараттарды пайдаланған тиімді. Бұдан бұрынғы «Нұрлы көш» сияқты ұшан-теңіз қаржы шығарып, жаңадан үйлер салу тиімсіз деп ойлаймыз. Ол жемқорлықтың жаңа бір түріне апарып ұрындыруы мүмкін. Оралмандар бұл бейімдеу орталықтарында алты айдан бір жылға дейін ғана тұруға құқылы болуға тиіс. Осы мерзім ішінде олар тұрақты тіркелу, оралман мәртебесін алу, азаматтыққа құжат өткізу, түрлі мамандықтарды оқып-үйреніп, тұрақты жұмыс және тұрақты тұратын баспана табу мәселесін біржолата шешіп, содан кейін бейімдеу орталығына келетін кезекті оралмандарға босатып беруі керек. Бұл ретте оралмандардың бейімдеу орталығына бір кіріп алып, сосын одан сан жылдар бойы шықпай, дау шығарып, отырып алатын жағдайларға жол берілмеуі қажет. Бейімдеу орталықтарының саны, оларға орналасатын оралман отбасыларының мөлшері облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің шешімімен белгіленіп, олардың жұмысы сол әкімдіктердің тікелей бақылауында болуға тиіс.
– Әрине, бүгінгі таңда шетелдерде тұратын барлық қандастарымыздың Атажұртқа бірден көшіп-қоныстануы мүмкін емес және ондай мақсат та қойылып отырған жоқ. Бірақ олар тарихи Отанының қамқорлығы мен қолдауынан тыс қалмауы керек қой! Ендеше, Қазақстан сырттағы ағайынға осы қолдауды қалай көрсетуі керек?
– Меніңше, шетелдегі ағайындарға қолдау көрсету екі бағытта жүргізілуге тиіс. Оның біріншісі – алыстағы ағайындарға сол отырған елдерінде ұлттық ерекшелігін, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамыта беру үшін мәдени-рухани саладан қамқорлық жасау. Бұл жұмыспен негізінен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы айналысады. Ал екіншісі – сырт жерлердегі қазақ диаспорасының оралман ретінде атамекенге біржолата көшіп келуіне жағдай жасау.
– Жалпы, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасын қолдау бойынша қандай нақты бағдарлама немесе жоспарлы іс-шаралар бар?
– Тәуелсіздік жылдарында 1 миллионнан аса қандасымыз Атажұртқа оралып, олардың 940 мыңнан астамы Қазақстан азаматы атанған болса, осының бәрі Қазақстан үкіметінің шетелдегі қазақ диаспорасын қолдау жөнінде дер кезінде нақты бағдарламалар жасап, оның заңдық-құқықтық негізін дұрыс қалыптастыра білуінің нәтижесі екені сөзсіз! Ең алғаш Қазақстан үкіметі 1992 жылы 23 қыркүйекте «Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерін Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулы қабылдаған еді. Бұл қаулының пайдасы ұшан-теңіз болды. Соңғы жиырма жылда «Халықтың көші-қоны туралы» заң бірнеше рет жетілдіріліп, қабылданды. Ол алыстағы ағайындардың атажұртпен байланыс жасап, қоныс аударуына барынша кең жол ашты.
Бұлардың арасында 1996 жылдан бастап қатарынан екі рет қабылданған «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасының» маңызы ерекше болды. Бұл бағдарламада әлемнің әр түкпірінде тұратын қазақ диаспорасына мәдени-рухани, оқу-білім, көші-қон және басқа да салалардан қолдау көрсетудің жолдары айқындалып, ол жұмыстармен айналысатын мемлекеттік мекемелердің міндеттері нақты анықталып, белгіленген болатын.
Соңғы жаңалықтардың бірі – Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың тапсырмасына сәйкес, шетелдерде тұрып жатқан қазақ диаспорасын қолдау бойынша «Мәдени-гуманитарлық жол картасын» әзірлеу жөнінде нақты іс-шаралар жоспарын дайындау қолға алынды. Мұндай игілікті іс – Қазақстанның өзі үшін де, шетелдегі қазақ диаспорасы үшін де өте маңызды. Өйткені шетелдегі қазақ диаспорасының Қазақстанмен байланыс жасауында, әсіресе, алыстағы ағайындардың оралман ретінде атажұртқа қоныс аударуында көптеген қиындықтар мен күрделі мәселелер бар екенін айттық. Оларды реттеудің бір жолы – қазақ диаспорасына қолдау көрсетудің бір жүйеге түскен, біртұтас нақты бағдарламасын жасау. Осы мәселенің қолға алынуы – бәріміз үшін қуанышты жаңалық! Бұл құжат алыстағы ағайынға деген қамқорлықтың жаңа деңгейге көтерілуіне нақты жол ашары даусыз.
– Мемлекеттер өз диаспораларына қолдау көрсетуден не ұтады, мұның маңыздылығын түсіндіре кетсеңіз!
– Жалпы, кез келген елдің сырттағы өз диаспорасына қолдау көрсетуі – ең алдымен сол елдің өзі үшін өте қажет және тиімді екенін айта кеткім келеді. Яғни әрбір мемлекет сырттағы өз диаспорасына ойдағыдай қолдау жасап, оның әлеуетін өз экономикасына тиімді пайдалана білгенде ғана барынша дамып, жан-жақты өркендейді. Сол себепті өркениетті елдердің бәрі де бұл мәселеге айрықша көңіл бөледі. Мысалы, өзімізбен көрші Ресей 1999 жылы «Ресей Федерациясының шетелдегі отандастарға байланысты мемлекеттік саясаты туралы» заң қабылдап, арнайы қаржы бөліп, алыс-жақын шетелдердегі отандастарына қолдау жасауды жан-жақты жүзеге асыра бастады. Израиль мемлекеті шетелдегі еврей мәдени орталықтарына жан-жақты көмек көрсетеді. Оңтүстік Корея Алматыдан бір мәдениет сарайын сатып алып, Корей мәдени орталығына айналдырды. Германия Қазақстандағы және басқа да елдердегі неміс мәдени орталықтарына нақты көмек беруде. Түрік Республикасында да диаспораға қатысты барлық мәселе мемлекеттік деңгейде шешілген. Тіпті Түркияның диаспорамен айналысатын мекемесінің жылдық бюджеті 100 миллион АҚШ долларына тең, қызметкерлерінің саны – 170 адам. Ал Әзірбайжанда диаспора жөнінде тікелей Президентке қарайтын мемлекеттік комитет бар. Онда жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді, қажетті қаржы да толық қазынадан бөлінеді. Қытай Халық Республикасы да мұндай мәселеге айрықша көңіл бөлуде. Мысалы, соңғы кезде Қазақстанның өзінде бірнеше қытай мәдени орталықтары ашылды.
Демек, Қазақстан Республикасы да шетелдердегі өз диаспорасына жан-жақты, нақты қолдау жасауға тиіс. Сол арқылы шетелдердегі басым көпшілігі кәсіпкерлік пен бизнесті жақсы меңгерген ағайынның әлеуетін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында белгілеген жалпыұлттық мұраттарға қосылатын жаңа күш ретінде пайдалануымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, көш түзеліп, ұлттық мұраттарға құйылатын тиімді инвестицияға айналуы тиіс. Өйткені Қазақстанға келетін әрбір қазақ тек қана тұрғын санының артуы емес, ол – ең алдымен еңбек күші, ұлттық ой-сана мен салт-дәстүрлерді тасымалдаушы және осынау аса қажетті экономикалық, рухани құндылықтарды еселей дамытушы орасан зор күш.
Осы тұрғыдан Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары туралы» мәселе арнайы қаралып, онда Үкіметке көші-қон мәселелері бойынша бірыңғай өкілетті орган құру, халықтың көшіп-қоныстану үдерісін үнемі болжап-бақылап отыру, оралмандарға Қазақстан азаматтығын алу мерзімін бір жылға дейін қысқарту, этникалық қазақтардың оқу мерзімін азаматтық алу бойынша Қазақстанда тұрақты тұру мерзіміне жатқызу, тұрақты тіркеуді оңтайластыру, оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін бейімдеу мен ықпалдастыру тетігін жетілдіру жөнінде ұсыныстар қабылданды. Енді бұлардың бәрі тез арада қаралып, жуық арада заңға тиісті өзгерістер енгізілсе, бәрі де ретке келеді деп нық сеніммен айта аламын.
– Әңгімеңізге рақмет!