Жаңалықтар

Алаштың аяулы арыстарына қатысты ашылмаған ақиқат әлі көп

Ахмет Байтұрсыновтың адал жары Бәдрисафа, яғни Александраның туған тегі, жерленген жері әлі күнге беймәлім. Кейбір деректерге сүйенсек, Ахаңның құдай қосқан қосағы Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Екпінді ауылында жерленген. Ол жерге арнайы экпедиция барып, ескерткіш белгі де орнатты. Бірақ, бұл жорамалды жоққа шығарушылар да бар.

Бәдрисафа туралы алғашқы деректер Самырат Кәкішевтің «Ахаң туралы ақиқат» кітабында келтіріледі. Онда Бәдрисафа соғыс жаңа басталған, яғни 1941 жылы Қостанайда қайтыс болғаны жазылған. Осыдан 4-5 жыл бұрын жұртты елең еткізген тағы бір дерек жария етілді. Қарт ардагер Есімхан Тұрлыбековтың айтуынша, қазақтың белгілі ақыны Қасым Тоғызақов соғыстан кейінгі жылдары Александра деген орыс әйелін жасыру үшін Меңдіқара ауданының бұрыңғы Екпінді деген ауылына алып барған екен. Сонда қайтыс болып, ауыл зиратының қасына жерленген. Кейін ашылып қалып, сүйегі қайтадан жер қойнауына тапсырылыпты.

Ибраһим АҒЫТАЕВ, АХМЕТТАНУШЫ:
– Қайткенде де Бәдрисафа апаның Қостанайда тұрақтағандығы, Қостанайда бірнеше рет болғандығы ол айқын дәлел. Ал, енді Бәдрисафаның мынау Қасқат ауылында, Екпінді ауылында жерленді дегені көзі көрген адамдардың дәлелдерді міне, осыған әкеп соғады. Екпіндіде жерленген сол Бәдірисафа деп ойлаймын.

Жаңадан ашылған деректерді зерттеп, қосымша ақпараттар іздеу үшін арнайы экспедиция құрылды. Экспедиция мүшесі журналист Нәзира Жәрімбетованың айтуынша, олар Ресей, Торғай өңірлерін аралап шыққан. Бірақ, Бәдрисафа туралы тарихи деректер жұтаң. Тек Томскден Александра деген қыз Жуков ауылына жіберілгендігі жөнінде жазба қағаз табылған. Онда ұлты татар деп көрсетіліпті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «БӘДРИСАФА» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЖУРНАЛИСТ:
– Ахмет атамыз жағасына кір жуытпай, шалбарының қырын сындырмаған Бәдрисафамыздың өмірі трагедиялық нағыз тағдырлы өмір. Мұны біздің зерттеп жүргеніміз, бұл әлі де танымдық қана дәрежеде. Бұған нағыз тарихшылар кірісу керек деп ойлаймын.

Ауызша айтылған деректер бойынша Бәдрисафа жерленді деген жерге Екпінді ауылында тас белгі орнатылды. Бірақ, бұл тұжырыммен келіспейтіндер бар. Өйткені, ғылыми дәлелденген нақты айғақ жоқ. Ал, Бәдрисафаның өмірін зерттеушілер оның шыққан ата-тегін анықтауды мақсат етіп отыр.

Ибраһим АҒЫТАЕВ, АХМЕТТАНУШЫ:
– Екі қоныстанушы 1890 жылдары осы орман шаруашылығы Аманқарағай болысында болған. Біреуі 4 ауылында Аманқарағай болысында, біреуі 7-ші ауылында. Николай Крупник және Журавлев деген екі кісі. Осы екі кісінің екеуінде, біреуінде 2 қызы, біреуінде 3 қыз болған. Сол қыздардың екеуінің қызарының есімдері де Александра деген есім бар. Сонда сол екі Александраның біреуі табылып, соның жастары, өмір сүрген кезі келетін болса, туыстары табылатын болса, бұл біздің Александраға қайтсе де кездестіреді.

Әрине, ақиқатты анықтау парыз. Бірақ, ең бастысы Алаш арысымен бірге болып, өлім аузында тұрса да, өмірлік серігің боламын деген сертінен танбаған асыл жанды құрмет тұтып, үлгі ете білуіміз керек. Бүгінгі ұрпақтың ұлт көсемі алдындағы бұл бір өтемі болмақ.
«Хабар» агенттігі


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*