Жаңалықтар

Ер Жәнібек батырға аудан атын беру ұсынылды

Ер Жәнібек батырдың атына аудан атын беру туралы халық тілегі бар. Бұл туралы бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде қазақтың әйгiлi батыры Жәнiбек Бердәулетұлының 300 жылдығына арналған конференция кезінде ғалым Дихан Қамзабек айтты.

 

«Мемлекет тарапынан кісі аттарын ауданға беру туралы тек сирек жағдайда болмаса рұқсат етілмейді. Бірақ, көптеген азаматтардың тілегі бойынша Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданына Ер Жәнібек батырдың атын беру туралы ұсыныс бар. Ұсыныс ономастикалық комиссияға берілетін болады», – деді Д.Қамзабекұлы.
Аталған Жарма ауданында қазіргі уақытта 22 әкімшілік-аумақтық бірлік, 54 елді мекен бар, оның 4-і ірі елді мекендер: аудан орталығы Қалбатау ауылы, Шар қаласы, Әуезов және Жаңғызтөбе кенттері бар.
Айта өтейік, батырдың есімін ұлықтау мақсатында елімізде бірнеше шаралар қолға алынды. Олардың қатарында ғылыми-конференция өткізу, Қоянды ауылында батырдың ескерткішін орнату мен ауылдағы көшеге есімін беру қарастырылған. Мәдени шаралардың қатарында Өскемен қаласында «Шығыс шынары» мүшәйрасын жариялау мен жас қаламгерлер арасында Алматы қаласында өтетін «Жәнібек батыр және оның заманы» атты прозалық шығармалар байқауы бар.

БАҚ.кз

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Ғабит МАДАЛИЕВ 
(фото).


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*