Жанымхан Ошан
ҚР БҒМ ҒК,Р.Б. Сүлейменов атындағыШығыстану институтының
аға ғылыми қызыметкері, т.г.к.
Қазақ халқы өз тарихын, тарихта өткен хандары, батырлары, абыздары, шешендері мен көсемдерінің есімін шежіре, тарихи жыр, тарихи аңыз түрінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруды дәстүрге айналдырған халық болып табылады. Сол себепті күні қазірге дейін біз өзіміздің тарихта өткен тұлғаларымызға қатысты төл мағлұматтарды аса мол асыл мұралар қорымызда сақталған ауыз әдебиет үлгілерінен іздеп таба аламыз. Мұның өзі ең бірінші қазіргі заманғы тарих ғылымы қалыптасудан бұрын қазақ халқының тарихы осындай ауыз әдебиет үлгілерінде сақталып, ұрпақтың ұлттық тарихи санасы сол негізде қалыптасып, жалғасып отырғанын көрсетеді.
Қазақ батырлары арасында Ер Жәнібекке қатысты жырлар мен аңыздар қоры ең көп сақталған батырдың бірі болып табылады. Қазірге дейін ел аузынан жиналып жарияланған тарихи жырлардың 7-8 нұсқасы, тарихи аңыздардың елуден астам нұсқасы анықталып отыр. Батырға қатысты мағұлматтар батырдың өзіне қатысты туған осынау аңыздар мен жырлардан өзге ұқсас дәуірде өмір сүрген қазақтың Абылай, Қабанбай, Бөгенбай тағы басқа бірегей тарихи тұлғаларға қатысты жырлар мен аңыздарда да кездеседі. Бұдан тыс батырға қатысты деректерді әр дәуірде өмір сүрген Құрбанғали Халид, Машһұр-Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайберді, М.Әуезов, Ақыт Үлімжіұлы, Асқар Татанайұлы қатарлы ғұламалар да өз еңбегінде ерекше ыждағаттылықпен жазып қалдырып отырған.
Ер Жәнібектің туылуынан дүниеден озғанға дейінгі бүкіл ғибаратты ғұмырындағы батырлығы, шешендігі, әділдігі, мәрттігі мен ерлігі сияқты жақсы қасиеттері мадақталған бұл жырлар мен аңыздар көбінесе Қазақ-Жоңғар соғысы дәуірінен сыр шертіп, батырмен бір дәуірде жасаған қазақтың көптеген тарихи тұлғаларының атын атап олар туралы түрлі мағлұматтар беріп отырады. Мұндай тарихи тұлғалардың қатарында сол дәуірде жасаған қазақ хандарының, батырларының, абыз-жырауларының, би-шешендерінің аты аталып, түсі түстеледі.
Ағымдағы жылы Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдық мерей тойын мемлекеттік деңгейде атап өту шараларының бір мазмұны ретінде жас ғалым Насихат Набиоллаұлы екеуміз «Ер Жәнібек Бердәулетұлы: тарихи жырлар мен аңыздар» атты жинақты құрастырған едік. Аталған жинақ «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті м.ғ.д. профессор Мақсұт Темірбаев мырза мен зиялы қауымның көрінекті уәкілі, белгілі кәсіпкер, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Жеңіс Түркияұлы қатарлы азаматтардың қолдап-қуаттауында баспадан шығып оқырман қауыммен бет көрісті. Төменде осы еңбектің мазмұнына жинақталған және бұл жинаққа енбей қалған тарихи жырлар мен аңыздарда кездесетін ХVІІІ-ғасырдағы тарихи тұлғалардың атын атап өтпекпін.
Аталған жырлар мен аңыздарда ең жиі аталатын тарихи тұлға ретінде Абылай ханды көрсетуге тура келеді. Онда баяндалғанындай Абылайхан қазақтың ханы, батыр қолбасшысы ретінде сипатталып, батыр қатысқан маңызды шайқастардың көбін Абылайханның ұйымдастыруы және тікелей басшылық етуі баяндалған. Жоңғарларға қарсы жорықты ұйымдастырушы қазақ хандарының келесі бірі ретінде Әбілмәнбет ханның аты да ерекше аталып, Әбілмәмбет қазақтың ханы, жорықтардың бас қолбасшысы ретңнде суреттелген. Сонымен қатар ұқсас мезгілдегі Қазақ ханы ретінде Әбілпейіз ханның аты аталған.
Ал енді қазақ батырларына кезек берер болсақ, Ер Жәнібек Бердәулетұлына қатысты аңыздар мен жырларда қазақ батырларының үлкен топтамасы сақталған. Бұлардың ішіндегі бүкіл қазаққа әйгілі батырлар қатарында: Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгембай батыр, Наурызбай батыр, Бағаналы Барлыбай батыр, қызай Есенгелді батыр, уақ Өтеген батыр, бәсентиін Малайсары батыр, сүйіндік Олжабай батыр, Шақшақ Жәнібек (Жәнібек Тархан, Қошқарұлы Жәнібек деп те аталған), шанышқылы Бердіқожа батыр, уақ Бармақ батыр (Бармақ батыр туралы Пекин қаласындағы Қытайдың № 1 мұрағат құжат қорында сақталған құжаттың бірінде: «Уақ тайпасының Бармақ батыры 500 отбасыны басқарады» деп жазылған), шекті Шыңғыр батыр (көбінесе «Ер Шыңғыр» деп атайды), бағаналы Жаулыбай батыр («Жәнібек» батыр жырында «Шұбар тулы Жаулыбай» деп атайды), қыпшақ Бәйгелді Бостан (аңыздың бірінде Ер Жәнібек: Жолдасын жолға қалдырмайтын Бәйгелді Бостаннан кейін ер тумайды деп болжағаны айтылады), найман Көкжарлы Барақ батыр (Барақ Шүркеұлы, Ер Жәнібек батырға қатысты жырлар мен аңыздарда «Көкжарлы Барақ» бірде «Найманнан батыр Барақ бар…» деп келеді), керей Жобалай батыр, мұрын Шегір батыр, найман Шыңқожа т.б. батырдың аты аталады. Міне бұлардың барлығы үш жүзге әйгілі батырлар болып табылады. Жырлар мен аңыздарда Ер Жәнібек батырдың осы батырлармен бірге жорыққа аттанғаны немесе көп шайқаста бірге болғаны баяндалған.
Бұдан өзге Ер Жәнібекпен бір дәуірде жасаған Абақ керейден шыққан басқа да бір топ батырдың есімі аталады. Олардың біразы соңғы кезде он екі абақ керейдің жекелеген руларының ұраны ретінде әйгілі болған. Бұл қатардағы батырлардан: Шеруші руының ұраны болған Байтайлақ батыр, көнсадақ руының ұраны болған Ер Жабай, жәдік руының ұраны болған Жантай батыр, жәнтекей руының ұраны болған Шақабай батыр, Шақабай батырдан бұрын жәнтекейге ұран болған Сәменбет батыр қатарлылар бар. Бұдан тыс жәнтекей руының батырлары ретінде Барақ батыр (кей жырлар мен аңздарда «Барақ би» деген атпен де аталды) мен Қотырақ батырлардың, жастабан Нұрәлі батырдың аттары кездеседі. Аталған дәуірдегі жәдіктің тағы бір батыры болған Қуандық батырды тарихи аңыздарда абақ керей тарихындағы Ер Жәнібек бастаған әйгілі алты батырының бірі деп сипаттаған.
Ер Жәнібек Бердәулетұлына қатысты аңыздар мен жырларда кездесетін тарихи тұлғалардың қатарында Бұқар жырау, Бегімысық әулие, Абақ керей шыбарайғыр Жәрке абыз, найман Соқыр абыз, қанжығалы Шомақ абыз қатарлы абыздар мен жыраулардың аты жиі аталып, олардың аузынан абыздық өнеге сөздер айтылады.
Бұдан өзге батырдың үлкен нағашысы деп баяндалатын Қазыбек биден өзге Бекболат би, Тіленші би, Абақ керей Тауасар би, Ер Жәнібектің өз нағашысы деп баяндалатын Сары үйсін Досымбек би қатарлы билердің аты аталады.
Аңыздар мен жырларда аталған дәуірде жасаған Жоңғар, Қырғыз және Цин елінің ел билеушілері мен батырлары да кездеседі. Бұл қатарда Қорылдай, Себан Раблан, Серін қалмақ, Еженхан деген тұлғалардың аттары аталады. Бұл жырлар мен аңыздарда «Садыр» есімді батыр кейде қырғыз батыры делінсе, енді бірде қалмақ батыры ретінде баяндалады.
Ал, Жәнібектің өз әкесі Бердәулет Сарыұлы, шешесі Ғазиза Сары үйсін Досымбектің қызы делінген. Кей аңыздарда батырдың анасының шашы ұзын болғандықтан ел адамдары оны «Шаше ене», «Шаше апа» деп атағаны баяндалған.
(Бұл баяндама 2014 жылдың 21 маусымында «Ел қорғаны Ер Жәнібек» атты Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Қалбатау ауылының мәдениет үйінде өткен ғылыми тәжірибелік конференцияда оқылды).