Тұрсынбай батыр.Тұрсынбай батыр. Соңғы жылдары қазақ арасында батырлар мен билердің көбейіп кеткендігі жөнінде әңгіме тарауда. Кейбіреулер қазақ қолдан батыр, би жасап жүр деп ел ағаларын, журналистерді, тарихшыларды кінәлайды. Шын мәнінде ғылымда батыр, би ұғымдарының анықтамасы берілген жоқ. Қырғын соғыста қалың қолды бастаған ер жүрек қолбасшы да батыр, азғана жылқысын барымташылардан қайтарған қайсар жігіт те батыр. Алқалы ортада ру аралық айтыстарда қара қылды қақ жарып, әділдігін шешіп берген данышпан да би, немесе ауыл арасындағы көрші-көлемнің талас-тартысын шешкен адамды да қазақ би дейді. Сондықтан да тарихымызда батырдың да, бидің де көп болғандығына таң қалуға болмайды. Оларды іріктеп, топқа бөліп деңгейлерін анықтау ғылымның алдындағы зор міндет екендігін айта кеткен жөн.
Қазақстанның солтүстік өлкелері сонау ықылым заманнан тоғыз жолдың торабы болып, оған әркімдердің қызыққандығын дәлелдейтін деректер тарихта өте мол. Бұл өлке сонау көне заманнан осы күнге дейін әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың, ру-ұлыстардың иелігінде болғандығы белгілі. Бұл жерден де талай батыр, талай ақын, халқына қалтқысыз қызмет еткен билер мен шешендер шыққан. Өкінішке орай, жазу өнерін дүниежүзі халықтарының көбінен ертерек игерсе де, біздің қазақ өз тарихын ұрпағына ауызша жеткізген.
Бүгінгі сөз еткелі отырған батырымыз Керей руының Балта тайпасына жататын Ертісбайұлы Тұрсынбай. Ол 1700 – барыс жылы көрші Ресейге қарасты қазіргі Түмен облысындағы Есіл ауданының жерінде дүниеге келіп, 1801 жылы сол Ресейге қарасты Челябі облысындағы Иткөл ауданындағы өзінің соңғы мекенінде 101 (жүз бір) жасқа келіп, ауырып дүниеден өтіпті. Тұрсынбайдың өзі қазіргі Ресей жерінде туып, Ресей жерінде дүниеден өткенімен Керей елінің мекені Қазақстанның Солтүстік аймағы екендігі белгілі. Қожаберген жырау «Елім-ай» аттты дастанында:
Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ен даласын.
Сауықшыл Орта жүздің Керейі едік,
Үш жүздің жат көрмеген еш баласын. –
дейді. Ал енді ол өзінің «Ата тек» дастанында ол былай дейді:
Атанған бабам Ғали- «Ашамайлы» ,
Өсірген мыңдап тайлақ құлын-тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып,
Ел болып, ерте кезден қанат жайды.
Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді мекен еткен Керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып, кеңес құрған би мен бегі.
Міне осы шумақтардан қазақ елі сонау көне заманнан қазіргі Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанның орманды даласын мекен еткендігіне көз жеткіземіз. ХVІІ ғасырдың соңында Сібір хандығы ыдыраған кезде қазақ жерлерінің көпшілігі Ресей меншігіне өтті. Міне содан бері талай жылдар өтсе де, халықтың тарихи санасында Сібірдің орманды даласы қалып қойған. Басына қауіп төнгенде ата-анасын, ата-қонысын, туған жерін іздейтін бала сияқты, кешегі ел басына күн туып, ауыртпашылық көрген ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақтың көпшілігі Ресейде қалған Сібір жерінен пана тапты. Көпшілігі осы күнге дейін сол жерді мекендеп жатыр.
Тұрсынбай батыр жөніндегі алғашқы деректі бізге жеткізген Сегіз сері бабамыз. Сегіз сері (Мұхамед Қанапия) Шақшақұлы тек әнші, күйші, ақын болып қана қоймай, өз елінің тарихын жақсы біліп, шежіресін қағазға түсіріп кеткен адам. Керей шежіресін одан кейін жалғастырған, жинастырған, хаттап, мұрағатқа тапсырған Тәшмұхамед Тәбиұлы Барлыбаев болған. Басқаларына қарағанда Керейдің Көшебе атасының шежіресі толық жазылған. Өйткені оның түпкі авторы Дәулен тархан Тауазарұлы жеті ұлттың тілін білген өте білімді, дана адам болған. Шежірені жалғастырушы Толыбай сыншы және оның баласы Қожеберген жырау да өз заманының озық ойлы адамдары еді. Міне сол шежіре бізге Мәлік Рамазанұлы, Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978 ж.ж.), Балғожа Кенжеғозыұлы (1902-1992 ж.ж.), Сейітқали Ыдырысұлы (1911-1998 ж.ж.), Елеуке Қалданұлы, Сағидолла Құлмағанбетұлы, Төлеш Әушаһыманұлы (1937-1994 ж.ж.), Әскер Балғожаұлы (1929-2002 ж.ж.), Ғазиз Сұрағанұлы арқылы жетіп отыр.
Сонымен қатар, сонау 1950 жылдан бастап Сегіз серінің өмірі мен қоғамдық қызметі туралы деректерді, шығармаларын, шежіресін жинап – зерттеген бұл күнде көзі тірі қария, драматург-жазушы – Нәбиден Әбутәлиев. Жоғарыда есімдері аталған шежіреші қариялармен кездесіп, олармен сұхбаттасқан және айтқандарын қағаз бетіне түсірген белгілі ауыз әдебиетін жинаушы ғалым Қаратай Биғожин ақсақал. Қарағанды педагогикалық институтының филология факультетінің түлегі Қаратай аға бүкіл өмірін Қазақстанның түпкір-түпкірін аралап, елдегі құйма құлақ, көкірегі ояу, көзі ашық шежіреші ақсақалдармен кездесіп, қазақтың белгілі қайраткерлері жөнінде өте құнды материалдар жинаған. Кейінде «Қазақ батыры» журналында қызмет етіп жүрген кезінде біршама мақала жазып, елге белгілі болды. Жасының ұлғаюына байланысты ол 2000 жылы Қызылжарға оралып, Сегіз сері, Қожаберген, Дәстем сал, Шал ақын жөнінде кітаптар жазуға және оны баспаға әзірлеуге ат салысты.Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Әйімжан ауылында тұратын шежіреші қарт өз жиған-түйгендерін өңдеп, баспаға дайындау үстінде. Төмендегі Тұрсынбай батыр жөніндегі мағлұмат, сол кісінің қолжазба қорынан алынды.
Өкінішке орай баспасөз бетінде, анықтамалық әдебиетте, тарихи шығармаларда Тұрсынбай жөнінде мәлімет жоқтың қасы. Тұрсынбай батыр кім? Ол қандай дәуірде өмір сүрген адам? Халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сақтау жолында ол қандай ерлік жасады? Одан ұрпақ қалды ма? Қалса олардың тағдыры қалай болды? Батыр қорғаған жер, қаны тамған ел бүгінде қандай халде? Міне, осы сауалдар ғылымда әлі шешімін таппаған. Дегенмен қолда бар аз ғана деректі пайдаланып, ХVІІІ ғасырдағы Тобыл өңірінде болған тарихи процестерге шолу жасап көрелік.
ХІІІ – ХVІІ ғасырдың басына дейін Сібір хандығының құрамында болған Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысының теріскей аудандары кейін келе Қазақ хандығының құрамы-на кірді. Ашамайлы Керейдің Балта, Көшебе, Тарышы, Сибан тайпаларына жататын үлкен ел тарихымызға талай марғасқа ұлдарын бергендігі мәлім. Ал енді Тұрсынбай батыр Балта Керей ішінде Қарасары аймағына жатады.
Ашамайлы-Керей Танаш тархан Фархадұғылының ортаншы баласы Болат баһадүр – Балта керейдің түп атасы. Заманында Балта Танашұлы Алтын Орда хандығының әйгілі әскербасыларының бірі екен. Ол ХІV ғасырда өмір сүрген ордабасы атағын алған әйгілі Балта баһадүрТанаш тарханұлының туған інісі, анасының есімі – Айша. Сегіз сері шежіресі бойынша Балта баһадүрдің он екі әйелінен қырық сегіз ер баласы болыпты.
Балта баһадүрдан өрбіген саны мол ұрпақ Балта керей деген үлкен ру болғанмен, қазақ-жоңғар соғысы жылдарында орасан көп қырылған. Сондықтан Балта тарханның қырық сегіз ұлының көбісінен ұрпақ қалмапты. Осы күнгі Балта керейлер сол Балта сардардың Ноғай, Мұхаммедәли, Мұстафа есімді ұлдарының ұрпақтары.
Тұрсынбайдың әкесі Ертісбайдан 14 баласы болыпты. (Барлыбай, Ерденбай, Жарқынбай, Тұрсынбай, Тынымбай, Туғанбай, Түменбай, Тіней, Өнербай, Наурызбай, Меңдіқара, Дәуқара, Шүйіншәлі, Игілік.) Ертісбайдың он төрт ұлы да жауынгер болғандығы мәлім.Соның ішінде ең батыры Тұрсынбай екен. Батыр деген атақты ол 17 жасында иеле-неді. Ауылдың ер-азаматтары соғысқа кеткенде, бір топ қалмақ келіп, жылқыға тиеді. Олар адамдарды тұтқындамақшы болады. Сонда кәрілерді, жас бала жігіттерді аттарға мінгізіп, қару асындырып, сол топты өзі бастап, 17 жасар Тұрсынбай үстіне сауыт киіп, қару – жарақ асынып, қара айғырға мініп, жауды қуып жетіп, ұран салып, зырылдауық тартып, жылқы-түйені елге қайырыпты. Ол сонда өзіне жабылмақ болған қалмақтарды асқан шапшаңдықпен бір – біріне қоспай, найзалап, аттан түсіріп үлгіріпті. Жекпе-жекте өздерін шыдатпаған соң, қалмақтардың тірі қалғандары зорға қашып құтылыпты. Содан бастап Тұрсынбайдың батыр атағы шығыпты.
1719 жылы жазда Әз Тәуке ханның асында шұбар аты бәйгеден келген жас жігіт Тұрсынбай Қырғыздан, Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарынан келген балуандармен күресіп, бәрін жығады. Сөйтіп, жеті балуанды жыққан Тұрсынбайға үш жүздің игі жақсылары «түйе балуан» атағын береді.
Тұрсынбайдың қандай батыр екенін Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жыр-дастанының бірінші бөліміндегі мына шумақтардан-ақ аңғаруға болады:
Үш биден, менен бата алған,
Түйе балуан атанған.
Балта керей Тұрсынбай,
Асқан батыр қатардан.
Шыққан тегін сұрасаң,
Ертісбай сардар баласы.
Жаста болса, ол шаһыбоз,
Қазақтың үлкен панасы.
Ақылы артық өзгеден,
Үш жүздің озық данасы.
Бағалаған ерлігін,
Орта жүздің баласы.
Дұшпан шошыр айбатты,
Көп батырдан қайратты.
Қалмақ тигенін естісе,
Дей бер жауды жайратты.
Сондай ерлер аттанса,
Жоңғардың құрыр шарасы.
Ішкерілей енуге,
Келе қоймас шамасы.
Тұрсынбайдың ерлігін әділ бағалап, оның көзі тірі кезінде Қожаберген, Дәстем сал, Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей, Жанкісі (Керей), Көтеш, Жанақ (үлкен), Шал, Салғара ақындар өлеңдер, дастандар шығарған екен. Алайда ол шығармалар біздің кезеңге келіп жеткен жоқ.
Тұрсынбайдың 17 баласы болыпты.(Айбек, Байбек, Бердібек, Бетжан, Бекмұхаммед, Ермұхаммед, Жанмұхаммед, Ташмұхаммед, Ахмет, Махмет, Әйкен, Бәйтен, Жайкен, Баймен, Таукен, Кешубай, Келден).
Тұрсынбай батырдың балаларының ішіндегі ең мықтысы Кешубай екен. Ол әрі батыр, әрі жан-жақты, үлкен қолөнерші кісі болыпты. Кешубай Құдайберді Атығай Құлсары Бөріұлы әулие – батырдың Назиха есімді қызына үйленіпті. Ол үш ұлды болыпты (Әлібай, Тәжібай, Сәлімбай).
Кешубайға әкесі Тұрсынбай енші бергенде, Тобыл өзені бойындағы Ұялысай деген жерді беріпті. Кеңес үкіметі жылдары бұл ауыл Киров атындағы колхоздың, кейіннен 60-жылдары Қаратал кеңшарының құрамына енді. Ирелеңдей аққан Тобыл өзені Ұялысай тұсында буырқанып келіп, ауылдан алыстап кетеді. Талының жуандығы білектей, жуасы жанға дауа, шөбі шүйгін, шиесі мен бүлдіргені балаларды мәз еткен қазақтың құтты қонысы талай марғасқаларды дүниеге әкелді. Кешубай ауылын халық «Батыр ауылы» деп, өз ағасы Уәли ханмен ренжісіп, бөлек кетіп, Кешубайға келіп паналаған Бақтыбай төре Абылай ханұлының ауылын «Төре ауылы» деп атаған екен.
Кешубай батыр Тұрсынбайұлы Еменәлі Керейдің Таз атасынан шыққан Киікбай шешен Айтуғанұлымен, Бәйімбет Атығай Шал ақын Құлекеұлымен құрдас, дос кісі болыпты. Бұл үшеуі соңғы кездескенде, бір-бірімен өлең арқылы қоштасқан екен. Тұрсынбайдың Бәйтен есімді ұлы өзінің серілігімен көптің аузына іліккен, ал Әйкен (ұлдары:Бегалы, Ералы, Мералы, Сералы) есімді баласы аңшы, құсбегі, әйгілі мерген болыпты. Оның басқа балаларының тағдыры бізге белгісіз. Қанжығалы Бөгенбай батыр әр жорықтан келген сайын Қаз дауысты Қазыбек биге сәлем беріп, ақыл – кеңес сұрап жүреді екен. Бөгенбай бір жорықтан елге оралған соң, өзіне сәлем бере келгенде, Қазыбек би: «Сенің де жасың жетпіс беске келіп қалды. Орныңа кісі дайындап жүрсің бе?» – депті. Сонда Бөгенбай: «Орныма Шапырашты Наурызбай, Жағалбайлы Төс, Қаракерей Найман Қабанбай – үшеуінің бірін ұсынбақпын!» – деген екен. Ол сөзді естіген Қазыбек би: «Саған ордабасылық мансапты кім берді?» – деп сұрапты. Сонда Бөгенбай қысылыңқырап қап: «Керей Қожаберген жырау берді», – деп жауап қайтарыпты. Бөгеңнің шындықты айтқанына разы болған данышпан Қаз дауысты: «Онда әлгі атаған үшеуінің бірін ұсынамын дегенің дұрыс емес. Ордабасылыққа Керейдің батырлары: Көшек пен Тұрсынбайдың бірін ұсын!» – деген екен. Бөгенбай оған келісетінін білдіріпті.
Алайда 1755 жылы Бөгенбай Шапырашты Наурызбайға хат жолдап, оны өз орнына ұсынбақшы екенін айтыпты. Сонда Шапырашты Наурызбай батыр: «Бөгең атаның маған жол бергеніне рахмет! Мен Жетісу өңірін халқымен қоса қорғауға жарасам болды, Ордабасылыққа жарамаймын. Ол қызметті атқаруға Көшек, Тұрсынбай, Қабанбай үшеуінің бірін ұсынғаныңыз жөн болады», – деп, жауап қайтарыпты Сонан соң Бөгенбай Шапырашты Наурызбайға жасаған ұсынысын әуелі Жағалбайлы Төс батырға, одан кейін Қаракерей Найман Қабанбай батырға ұсыныпты. Бірақ Төс те, Қабанбай да Ордабасылық қызметтен бас тартыпты. Соны Қаз дауысты Қазыбек би естіп, «Ордабасылық қызметті саудаға салғаны несі? Бөгенбай маған берген уәдесін аяқсыз етпесін. Тұрсынбайды үш жүздің әскеріне ордабасы етіп сайлатсын!» – деп, Ақшаұлына сәлем айтыпты. Оның үстіне, Қабанбай да, Төс те, Наурызбай да: «Ордабасылыққа Тұрсынбайды сайлатсын!» деп тілек қойған екен. Көшебе керей Көшек батыр Асқанұлы да Тұрсынбайдың Ордабасы болғанын хош көріпті.
Кей шежіреде 1755 – доңыз жылы жазда Алакөлдің жағасында хан, сұлтан, уәзірлер, шоралар, билер, бектер, батырлар бас қосқан құрылтайда Бөгенбай батырдың ұсынысы бойынша Тұрсынбай батырды боз биенің сүтіне шомылдырып, онан соң үстіне шымқай ақ киім кигізіп, көкірегіне құран ұстатып, ақ киізге отырғызып көтеріп, Ордабасы етіп сайлайды. Енді бір шежіреде Тұрсынбай сардарды 1758 – барыс жылы жазда Шығыс Түркістанды жаудан (жоңғар басқыншыларынан) тазартқан соң, аталмыш аймақтағы Сайранкөлдің жағасында жеңіс тойынан кейін құрылтай ашып, сонда үш жүздің әскерін басқаратын ордабасы етіп сайлапты.
Шығыс Түркістан жерінде Тұрфан асуы үшін болған 1758 жылдың күзіндегі соңғы шайқаста қазақ әскерін Тұрсынбай батыр басқарыпты. Сол үлкен ұрыста Тұрсынбайдың жақсы қолбасшы екенін сол кездегі ақын – жыраулар жырға қосыпты. 1771 жылы жазда Еділ бойынан шығыстағы жұртына қоныс аудару мақсатымен көшкен қалмақ шапқыншыларын талқандау кезінде де қазақ әскерін Тұрсынбай басқарыпты.
Сонымен қатар, Тұрсынбай басқарған қазақ әскері Қырғыз манаптары әскерін талқандауда ерекше ерлігімен көзге түсіпті. Қырғыз әскерінің масқара боп жеңілуі «Жайыл қырғыны» деген атақ алған екен. Ол жайында Бұқар жырау дастан шығарып, онда Тұрсынбайдың батырлығын ерекше жырлапты. Ол дастан қазақ тілінде жарық көрген жоқ. Кеңес дәуірінде орыс орта мектептеріне арналған 9-сыныптың «Қазақ әдебиеті хрестоматиясында» Бұхар жыраудың Тұрсынбай батыр туралы дастанынан орыс тілінде үзінділер берілді.
Ордабасы сайлар кезінде Тұрсынбайға көрсетілген зор құрмет оның алдындағы Бөгенбай батырға да, одан бұрынғы Батыр ақын Қожабергенге де көрсетіліпті. Әйтсе де, қазақтың ескі, яғни, Қазан төңкерісіне дейінгі тарихынан мағлұматы жоқ біреулер жоғарыдағы халық құрметін ханды сайлағанда ғана көрсетіледі деп қате түсінеді екен. Шындығында аталмыш зор құрмет ханды, бас уәзірді, төбе биді, шораны, әскербасыны сайларда көрсетілетінін естен шығармауымыз керек. Ол турасында белгілі драматург-жазушы Нәбиден Әбутәлиев өзінің 1995 жылы «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрген «Ордабасы Қожаберген» атты монографиялық еңбегінде тайға таңба басқандай етіп, анық жазды.
Тұрсынбай және оның Оразымбет, Үмбетей, Жанатай батырлар сияқты немере туыстары туралы дастандар мен тарихи толғауларды қарт әншілердің аузынан көп естідік. Біз есейген кезде аталмыш тарихи жырларды, тарихи толғауларды жатқа білетіндер қалмады.
Міне Тұрсынбай батыр жөніндегі азғана дерек осындай. Өкінішке орай, қол бастаған батырларымызды, ел бастаған билерімізді, сөз бастаған шешендерімізді рушылдықтан қашып осы уақытқа дейін мадақтай алмай келеміз. Әлбетте, Тұрсынбай жөнінде әлі де терең тарихи зерттеулер жүргізуіміз қажет. Ауыз әдебиетінің деректерін басқа да деректермен салыстырып, толықтырып, дәлелдер келтірсе нұр үстіне нұр болар еді.
Балта Керей ішінде Қарасары аймағына жататын оның ұрпақтары бүгінде сол Тобыл бойын мекендеп отыр. Тұрсынбай батырдың бүгінгі ұрпақтарының өтініші бойынша 2010 жылдың тамыз айында Меңдіқара аудандық әкімшілігі Боровской селосындағы үлкен бір көшеге Тұрсынбайдың атын берді. Әкімшілік алдындағы алаңға бабамыздың ескеркіші қойылды.
А.Күзембайұлы
Ордабасы Тұрсынбай
Қазақта Тұрсынбай қайда қыран,
Жаулары қорғады екен байрағынан.
Хас батыр Балта керей ішіндегі
Шығыпты Қарасары аймағынан.
Айтарын батыр баба айта алыпты,
Жасынан өжеттігі байқалыпты.
Он жеті жасында ол қалмақтардан
Елінің мал мен мүлкін қайтарыпты.
Төбеге көтеріп ел ақылды ұлын,
Сонда алғаш мойындапты батырлығын.
Үш ғасыр өткеннен соң елі, жұрты,
Көтеріп ескерткішін жатыр бүгін.
Ерлігі бабалардың бағаланып,
Кешегі көрінгендей жолы ағарып.
Ел үшін еткен ісі ерен ердің,
Жастарға үлгі-өнеге болары анық!
Қазақ пен қалмақ кеше қырқысқанда,
Төндіріп солтүстіктен бұлт дұшпанға,
Тұрсынбай қол басқарып жауға шапса,
Жеңіске жеткен Шығыс Түркістанда!
Елуге Тұрсынбайдың толған жасы,
Әскердің айбынды, асқақ болған басы!
Жеңісті тойлағанда ел Сайранкөлде,
Сайлапты Тұрсынбайды ордабасы.
Жеңісті жеңістерге жалғап дарын,
Жастардың қатайтыпты қанаттарын.
Тұрсынбай кейін үлкен шайқастарда
Қырғыздың қойдай қуған манаптарын.
Қазақтың сәуле қосқан нұр таңына,
Батырдың атағы өрлеп тұр тағы да!
Тұрсынбайдың есімі мәңгі жасап,
Сыйласын Алла бақыт ұрпағына!
Серікбай Оспанов.
kerey.kz