Ер Жәнібек Бердәулетұлының туғанына 300 жыл
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек.
Ормандай көп орта жүз
Одан шыққан төрт тірек»
Бұқар жырау
Қазақ тарихында ерекше із қалдырған атақты үш Жәнібек бар – Әз-Жәнібек хан, Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы және керей Жәнібек Бердәулетұлы. Жәнібек хан 15 ғасырда қазақ хандығының уығын тігіп, шаңырағын көтерсе, шамамен 1693 жылы өмірге келген Шақшақ Жәнібек 10 жасыннан бастап жоңғарға қарсы жорықтарға қатысып, Ордабасыдағы жиыннан кейін орта жүз қолбасшыларының бірі болған. Бұл – «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыраған қазақ халқы есеңгіреген, бас біріктіруге мұрсаты келмеген кезең еді. Осы қиын-қыстау заманда, 1714 жылы Ер Жәнібек-Жәнібек Бердәулетұлы өмірге келген. Руы – абақ – керей. Қазақ ауыз әдебиетінде Керей Жәнібек батырдың жастайынан ұрысқа араласқаны, Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болғаны, 1729 жылғы Аңырақай шайқасында омыртқасы сынған жоңғар әскерін індете қудалауға ат салысқаны, осыдан бір жыл бойына толастамаған ұрыстардың бірінде 16 жасар Жәнібек батырдың Абылай ханға астындағы көк дөненін беріп, құтқарып қалғаны, Шу өңіріндегі ұрыста қырғыздың Садыр деген батырын жекпе-жекте жеңгені жайлы, т. б аңыздар өте көп. . . Бізді Жәнібек батырдың сол кездегі саяси аренадағы орны қызықтырады. Тарихшылар арасында Керей Жәнібек батырдың халықты Сыр бойынан қозғауына қатысты екі тұспал бар, бірі:
Керей, қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымақпен жебелеп.
Енді алдыңнан шығайын,
Жауған күндей себелеп.
Ақмырзамды өлтірдің,
Ақ сойылмен төпелеп…-деп келетін Бұқар жыраудың «Керей қайда барасың?» жырына сүйеніп, көшу астарын арғын мен керей арасындағы жанжалдан іздейді. Ал, екінші тарап «Керей Қожаберген жыраудың шәкірті саналатын,
Мақтады деп сөкпе жұрт,
Орта жүз қалың керейді.
Жырламауға хақым жоқ
Көпке қорған мерейді, -деп жыралған Бұқарда «Керей қайда барасың?» деген жыр болмаған, бір пысақайлар жыраудың «Садыр қайда барасың?» деген жырын бұрмалаған!» деп, Ер Жәнібектің ісін Ресейге бодан болғысы келмегендігімен байланыстырады. Расында да:
Садыр, қайда барасың,
Сарысуды көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп… деген жолдар «Керей қайда барасыңмен» ұқсас. Сондай-ақ, Тәуке ханның «Жеті жарғысына», салт-дәстүрге сай опат болған бір азаматтың құнын төлеудің орнына бір қауым ел үдере көшті, немесе, қашты деу аса қисынға келе қоймайды. Ал, екінші мәселе бойынша ойланар тұс көп?!
Баршаға белгілі Бас қолбасшы Әбілқайыр хан Аңырақай шайқасынан кейін өзін үш жүздің ханы етіп сайламаған ел ағаларына өкпелеп, ат құйрығын кесіседі. Ал, 1731 жылы еліміздің батысына көптеген бекіністер салып, кіші жүздің жайылымын тарылтқан, Жайықтың арғы бетіне өтуіне тиым салып, қонысынан айырған Ресей патшайымымен келіссөз жүргізуге мәжбүр болады. Бұл кезеңде кіші жүзбен қатар орта жүздің де біраз бөлігі Әбілқайырға бағынышты еді. Соның ішінде Керей руы да болғаны, Әбілқайырдың бұл руға ұлы Ералы сұлтанды билеуші етіп тағайындағаны тарихтан белгілі. Әбілқайыр хан бастаған қазақ ақсүйектерінің достық пейіліне патша аса иліге қоймайды. Мынау 1742 жылдың 19 қазанында, яғни, Әбілқайыр хан екінші мәрте адалдыққа ант бергеннен кейін шыққан жарлықтан үзінді: «Е. И. В. подданным киргис-кайсацким ханам, султанам и старшинам и всему тому народу, коцующим близ Яицкого казачья городка и ниже онаго подле и вблизости от реки Яика. Я надеюсь, что во всем киргис-кайсацком народе, особливо же старшим и лутшим людям небез-известно, коим образом в бытность мою при Орской крепости Абулхаир-хану, Ералы-султану, Джанбек-тархану и другим знатным старшинам и народу объявлены высочайшие Е. И. В. указы, чтоб киргис-кайсакам поблизости к Яицкому казачьему городку не кочевать, также и ниже онаго и нигде за Яик не переходить. . . » (Е. И. В –Елизавета патшайым). Ол кезеңде кіші жүздің Сырдарияның төменгі саласымен Жайыққа дейінгі аралықты қоныс еткені белгілі. Ал, керейлер Сыр мен Шу өзендерінің аралығын жайлаған. Батыстағы шұрайлы өлкеге орыс мұжықтарына бұйыруы, жайылымдық жердің тарылуы қазақтың көптеген руларының ығысуына әкеп соқтырды. Ералы сұлтан билеген керейлердің бір бөлігінің жылы орнынан қозғалуына осы жағдай ықпал етуі мүмкін. Ер Жәнібек бастаған көштің Есіл, Нұра өзендерін бетке алуында да көп сыр жатыр. Капитан Гаврил Лилингрейн жазбаларына сүйенсек Жәнібек батырмен жақсы қарым-қатынаста болған Абылай сұлтан «Петропавл бекінісінен 500 шақырым жерде, Нұра өзені жағасында орда тіккен» еді. Абылайдың бас батыры Қаракерей Қабанбай да 1728 жылдан бастап Нұра бойын мекен еткен. Хан мен батыр иелігіндегі атыраптан Ер Жәнібекке ілескен абақ-керейге де қоныс табылады. XVII ғасырдың алғашқы жартысы қазақ даласындағы саяси жағдай аса шиелініскен кезең еді. Жоңғармен жағаласып шаршаған, Қытайдың құйтырқы саясатынан мезі болған қазақты Ресейдің бодан етпек болып, жерімізге ендей кіріп, бекіністер сала бастауы, отарлаушының ығыны жығылушылар табылуы сұлтан-батырларды екіге жарып, қазақ елінің ішкі саясатына қатты әсер етті. Бұл оқиға І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында жақсы сипатталған. Әсіресе Көкжал Барақ сұлтанның бодан болуды қаламай «жеті кесілсе де кесірткедей әлі бар» жоңғарды одаққа тартпақ болғаны, қазақтың көптеген руларын осыған иліктіргені тарихи факт. Себебі, жоңғарға бірнеше жойқын соққы беріп, ұйыса бастаған, өзінің де тегеуірінді ел екеніне көзі жеткен қазақтың арасында дәл осы уақытта бодандыққа түсуді қаламайтындар баршылық еді. Ер Жәнібекте солардың санатынан. Егер осы тұспал тарихи деректермен растаса Абақ-Керейдің, олардың би-сұлтандарының, соның ішінде 30 жастан енді асқан Ер Жәнібектің геосаяси ойындарға өзіндік көзқарасы болғаны, қазақтың бір бөлігіне ықпал ете алған саясаткерлік тұлғасы зорая түседі, «жауды өкшелей қуған, жапырған батыр» дегендей шолақ ойлардың аясы тарылып, батыр болу үшін білек, жүрек, ақыл үштігіне жүгіну керектігі алдыңғы планға шығады. Бүгінде дәл осы көзқарас кез келген батыр мен рудың тарихын қарастырған кезде кемшін түсіп жатады. . .
1741-60 жылдар аралығы Қазақ хандығы үшін аса ауыр кезеңдердің бірі болды. Шүршіт айтағымен жоңғар қайта кәріне мініп, Абылай сұлтан тұтқынға түседі, Орта жүз жері толығымен жау қолына өтеді… Кей тарихшылар «Жау Ресеймен одақтасқан кіші жүзге ғана тисе алмады» дейді. Бірақ Хәлел Досмұхамедовтың еңбегінде: 1741 жылы Әбілқайырдың бастауымен кіші жүзден 28, орта жүзден 28 сұлтан қатын патшаға ант берді-делінген. Демек, орта жүзді аямаған жоңғарды “Ресеймен дос болғандарға батпады» деу бекершілік. Оның үстіне 1749-57 жылдар аралығы Ресеймен арадағы қатынас аса шиеленіскен еді. Жайық бойындағы, Арқадағы қазақтар орыс әскерімен жиі соғысып, бекіністерін қиратумен болды. Жазалаушы казак әскерлерінің атамандары Петерборға шағым түсіріп, Ресейдің Сыртқы істер коллегиясы 1755 жылдың сәуірінде казактарға қазаққа жау есебінде қарауға рұқсат беріп: «зачинщиков ловить, отдавать русским командирам и наказывать «по разсмотрению вины плетьми и кошками, а ежели чья вина тяжчее… таких и кнутом, как то здесь действительно и чинится» деген мағынада Жарлық шығарған. Сондықтан «орыспен одақ болу қазақты қалмақтан құтқарып қалды» деген пікірлерге де үстірт қарауға болмас. Турасын айтқанда Жоңғар империясының құлдырауына Ресей де, Қытай да ықпал еткен жоқ. Оларға қазақ пен жоңғар жемтік қана еді. Жоңғар мемлекетінің іргесі сетінеуіне 1745 жылы Қалден Серен көз жұмып, ордада тақталас басталуы ықпал еткен. 2 жыл қалмақта тұтқында болған кезінде жоңғар нояндарының арасынан өзіне одақтас тауып үлгерген, олардың ортасындағы тартыстыың әр сәтін қалт жібермеген Абылай сұлтан осы өліара тұсты қазақ үшін өте ұтымды пайдаланады. Қазақ әскері жоңғардың берекеті кеткен жасағына бірнеше мәрте соққы беріп, Абылай бастаған осы жорықтардың бәріне дерлік Ер Жәнібек қатысады. Бұл кезеңде жоңғарлардың қазаққа сес көрсетуге шамасы жоқ еді, Абылаймен де, Цин империясымен де достасып үлгерген қалмақ сұлтаны Әмірсана шүршіт әскерінің көмегімен Дабашы ханды өлтіреді де өзі таққа отырмақ болады. Бірақ Цин империясының мақсаты басқа еді. Жоңғарларды екіге жарған империя 1755-57 жылдар аралығында қалмақ ордасын толық күйретеді. . «Арыстан мен Айдаһардың» көшпелі халықтарға деген зымиян саясатын жете түсінген Абылай сұлтанның қазақпен ғасырдан аса жауласқан жоңғардың билеушісі Әмірсананы Цин қуғыншыларына бермей, ол бастаған қалмақтарды Еділ бойына қарай өткізіп жіберетіні осы кезең. Әмірсана 1757 жылы көз жұмады. Цин империясының қазақпен арадағы буфферлік мемлекет болған жоңғарға шүйлігуіне қонтайшының әлсіреуі, қазаққа үнемі шабуыл жасап, берекетін алып отыратын әлеуетінен айырылуы себеп болған еді. Оған қоса Ресей шеңгеліне түсе бастаған қазақ жерінен керегінше уыстап қалу туралы амбициясы да оянды. Қалмақтан енді азат етілген жерді өзгенің уысына қайта бере салуға қазақ хан-сұлтандарының да ықыласы болмағаны анық. Оған қоса бұл кезде Ресей қазақ жерінің солтүстік-батысы мен солтүстігінен 200 шақырымға бойлай еніп, бекіністер салып орта жүздің де тынысын қатты тарылтып, халық тығыздығы артты. Сондықтан қазақ руларының шығысқа қарай жылжуын Абылай мен оның қол астына жиналған батыр-сұлтандардың стратегиялық жоспары деп қарастырсақ дұрыс болар. Уақыты да тура келеді-1760 жыл шамасы. Әйтпесе, «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар. . . » демекші, өзі соғыста атын беріп, жанын сақтап қалған, Абақ-Керейді қайта бір ту астына жинауына мұрсат берген Абылайдай сардардан сонша жырақ кету Ер Жәнібек үшін оңтайлы емес еді. Ал, орыстың уысында кеткен жердің орнын жоңғардан босаған аумақпен қайта толықтыру, өз бабаларының байырғы мекеніне орнығып, қазақ шекерасын кеңейту орта жүз рулары үшін үлкен міндет болған десек, қисынға келеді. Алайда, Қазақ елінің шығысы да үлкен территориялық тартыс аймағына айналды. Жоңғарды күйреткен Цин империясы Өр Алтайдың батысы мен солтүстігін толық билеуге ұмтылса, Ресей патшасы Қара Ертістің жоғарғы саласынан бастап тағы 10 бекініс салуға шұғыл кіріседі. (1763 жылдан 1830-жылдарға дейін салынған Бұқтырма, Көкпекті, Сергиополь т. б. бекіністер). Тағы дейтін себебіміз Петр I патшаның жарлығымен осы 18 ғасырдың алғашқы жартысында-ақ қазақтың шығысына бірнеше бекініс салып үлгерген еді: Семей (1718), Өскемен (1720). Сөйтіп жоңғардан босаған аумаққа бергі тараптан керей секілді қазақ рулары ұмтылса, солтүстіктен жарты ғасыр ішінде Ертістің арғы-бергі бетін жайлап қалған Ресей әскерлері ентеледі, оңтүстік-шығыстан Цин кірді. Алтай баурайы үш халықтың тартысына түсті. Әсіресе, ресейлік жазалаушы әскер мен оларға арқа сүйеп көшіп келген қарашекпенділердің қарқыны қатты еді. Жоңғардан босаған жерлерге де қарашекпенділер жедел еніп, болашақта бекініске айналатын деревнялар сала бастайды. Тіпті, ата қонысына ұмтылған қазақтарды шұрайлы жерлерге маңайлатпау үшін кіші жүзге қолданған тактиқаларын қайта жандандырып: «Қазақтар Ертіс бойына 10 шақырым жоламасын!» дегендей бұйрықтар да шығарылады. Сондықтан қазақтар көбіне Зайсан көлі бойына, Көкпектіге, Шар маңына қоныстанды. Қалың қазақты бастаған Ер Жәнібекке бұл өлкеден үлес алу оңайға тимегені, Керейдің Қалба етегіне орнығуын, басқа рулардың қоныстануын Абылай хан назарда ұстағаны анық. Себебі, Абылай бастаған қазақ би-батырлары бұл өлкені қайтаруға бар күшін салып, көп келіссөз жүргізген. Ең әуелі, 1758 жылы, экономиқалық байланыс орнатып, Қытаймен сауда-саттық жасау жөнінде келісім жасалады. Осы керуенді Абылайдың өзі бастап келмегені Қытай императорының назарынан тыс қалмайды. Үрімші әміршісі Нысан императорға «. . . Сол жылдың (1758) жетінші айында қазақтар сауда жасауға келуі керек еді, ешкім келмеді. Адам жолдап едік ол (Абылай) өзі келе алмайтынын, керуенді бас батыры бастап келетінін айтты. . . » деп жазады. Бірақ Үрімшіге Қаракерей Қабанбай батыр да бармай, екі ай кешіккен керуенге ұлы Едігені басшы етеді. . . Император Сяньлунның 1773 жылы Абылай ханға жазған хатында «Сіздің елшілеріңіз «ежелгі мекеніміз» деп сөз еткен Тарбағатай мәселесіне келер болсақ, заң жүзінде біз оны сіздерге қайтара алмаймыз» деген жолдар бар. Шығыс үшін үлкен күрес жүргізілгеніне бұдан артық дәлел болмаса керек. А. Аристов 1810 жылы Аягөз өзенінің оң жағалауында қоныстанған рулардың тізімін жазыпты, олардың арасында 300 үй қызылбөрік, 1500 үй шапырашты, 60 үй жалайыр 120 үй қаңылы, 100 үй жаныс, т. б. бар. Осылардың барлығы 1785 жылға дейін, яғни, Абақ-Кереймен іркес–тіркес шығысқа қоныстанған екен. Тартысты өлкеге Ұлы жүз руларының да жетуі Абылай ханның осы маңға қазақты көп қоныстандырып, жерге ие болып қалсам деген саясаты болғанына тағы бір көз жеткізетіндей. Демек Жәнібек батыр секілді бір рудың тағдырына жауапты тұлғаларға үлкен міндет жүктелген.
Арқадан ауғаннан кейінгі 20 жыл ішінде Ер Жәнібектің Абылаймен байланысы үзілмегені анық. Мұны Абылай қайтыс болғаннан кейінгі әрекетінен байқауға болады. Абылай ханның жалпы қазаққа ортақ шарттарын керейлер арасында қатаң ұстанған Жәнібек Бердәулетұлы 1781 жылы хан қайтыс болғаннан кейін, елді ымырада ұстау үшін билікті орталықтандыруға күш салып, төре сайлауды ұсынады. Қазақ хан-сұлтандары арасында қырғиқабақ орнауы осыған итермелеп,
Батыры бар ел жаудан қорықпайды.
Шешені бар ел даудан қорықпайды,
Төресі бар ел ханнан қорықпайды, – дейтіні осы шама болса керек. Ақсақалдар батыр ұсынысын құп алып, ақылдаса келе Ұлы Жүз ханы Әбілпейізге қолқа салуды жөн көріп, Тауасар би бастаған 17 адам Түркістанға, хан ордасына аттанады. Әбілпейіз Абақ-Керей ақсақалдарының сөзін құп алып, тоқалы, қырғыз Орманбет манаптың қызы Тұмар ханымнан туған 12 жасар Көгедай сұлтанды қосшыларымен шығысқа жолдайды. 1785 жылы тұтас керей Көкпектіге жиылып, Көгедайды сұлтан сайлайды. Бірақ, ел амандығы төре сайлаумен тына салмасын Ер Жәнібек жақсы түсінгенін, оның негізгі мақсаты араны үлкен Қытай империясымен келіссөздерді жүргізіп, Абылай ісін жалғастыру екені көп өтпей белгілі болады. Әбжыландай сумаңдаған казактар бүйірден «шағып» маза бермегеніне қарамастан, «айдаһармен» дипломатиялық тіл табысу саясаты жалғаса береді. Сөйтіп, 1790 жылы, 17 жастағы Көгедайды жанына адам қосып, Бейжіңге аттандырады. Бұл кезеңде Абақ-Керейдің бір бөлігі жер шолған батырдың сүрлеуімен, қазірде «Жәнібек асуы» атанатын өткел арқылы Алтайдың қытай мен моңғолға қарасты бетіне өтіп үлгерген еді. Көгедайдың гүң дәрежесін иемденуі Алтайдың арғы-бергі баурайындағы қазақты қытайлық қалың әскердің қылышынан сақтады, Абақ-Керейлердің атақонысқа орнығып, азда болса тыныш өмір сүруіне мүмкіндік берді. Ақ патшаның халыққа қатты тигенін ұтымды пайдалануға ұмтылған қытайлар өз меншіктеп алған аумаққа көшіп келген қазақтарға мінез көрсете қоймады. Өстіп:
Күлтелі күрең тұрғанда,
Ер азаматым тұрғанда,
Көптігіне бағынбаймын.
Атаным сай, атым сай,
Балтам да сай, тесем сай,
Қара Ертістен көпір салып өтем,
Кеудемнен жаным шықпаса,
Ежелгі жерге жетем –деген Ер Жәнібектің, онымен бірге тұтас қазақтың ұлы арманы жүзеге аса бастағандай болады. Тарихи деректерде «1790-1791 жылдар аралығында Цин империясының билеушісімен кездесіп, гуң дәрежесін иемденген, 39 жыл Абақ арасында төрелік етті» делінген Көгедай есімі де қазақты байырғы мекеніне қоныстандырған тұлға есебінде сақталды. Бұл – қырғи-қабақ екі алыптың қарым-қатынасын дөп басып, есептей білген Жәнібек батырдың саяси көрегендігінің мысалы. 1792 жылы 78 жастағы білікті саясаткер, жүректі батыр, абыз Ер Жәнібек көз жұмады. Батырды Ортабұлақ деген жерге жерлейді.
Осылайша, тарихи деректерден, Ер Жәнібек өмір сүрген уақытта қалың қазақ Алтайдың арғы-берге бөктеріне текке қоныстанбағанын, “рулық-тайпалық санадағы, бас сауғалауды ғана білген халық” деген жалалы бағадан әлдеқайда ойы терең, көзі алысты шалған бабаларымыз жатқан ұлтарақтай жер бермеуге ұмтылғанын байқаймыз. Алтайдың осы күні Қытай мен Моңғолияға қарасты бөлігіне қазақ рулары 19-ғасырдың орта шеніне дейін көшіп, қоныстанған. Соған дейін Қытай императорлары қатты тізе батырмай, Көгедай гүңнің ұрпақтарына ерекше дәреже беріп, жылы қабақ танытып келеді. Алайда 1864 жылы Ресей мен Қытай Алтай баурайын қылдай бөліп алады да, қазақ халқының арманы адыра қалады. Сан ғасырлық соғыстарда шыңдалған, Абылайдай ақылгөй ханның Ұлы мақсаты санасына Жәнібектей батырлардың зерделі сөзімен сіңірілген қазақ азаттық күресіне шықты. Ол күрес ғасырға жуық толастамады. Азаттығы, жерінің тұтастығы үшін жанқиярлыққка барды. Осы Ұлт азаттығы жолындағы соғыстарда үнемі Жәнібек батырдың ақ туы көтерілуі көп нәрсені аңғартса керек. 1867 жылы атақонысты жатқа бұйыртпау үшін Көбеш батыр Ер Жәнібектің туын ұстап көтеріліске шығады, 1868 жылы Ер Жәнібектің немересі Нәкі батыр ақ туды ұстап, Сауыр керейі «қызылаяқ» атайтын отаршыларға қарсы ұрыс салады. Тіпті, 1940 жылы Есімхан, Ноғайбай секілді бірнеше батыр бастаған қалың қол да осы ақ ту астында айбынданған екен. Жәнібек батыр туы соңғы мәрте 1943 жылы Оспан батыр бастаған көтеріліс кезінде аспанда желбірейді. Бұл кезде батыр байрағын ұрпағы Зарықхан ұстаған екен.
Қорыта айтқанда Ер Жәнібек тек батырлығымен емес, Қабанбай, Райымбек, Наурызбай, Бөгенбай, т. б батырлармен қатар қазақ елінің жер бетінде сақталып қалуына зор үлес қосқан, сол кезеңдегі ішкі-сыртқы саясатта халық есесін жібермеуге үлес қосқан қайраткерлігімен де қадірлі болған- тұлға. Бірақ ол туралы тарихи дерек аздық етеді. «Қазақ тарихына» батырлардың саяси қайраткерлігін, хан пәрменімен олар жүргізген келіссөздерді зерттеп, ұрпаққа жеткізетін жаңа тармақ қосылса бұл олқылықтың орны толар еді.
Серік Әбікенұлы
Республиқалық қоғамдық-саяси
әдеби-көркем безендірілген «Парасат»
журналының Бас редакторы