Жаңалықтар

Шәкәрімнің қолжазбаларын қандастар сақтап келген

Отызыншы жылдары Зият Шәкәрімұлы Құнанбайдың ұрпақтарымен бірге Қытай асып, Тарбағатай, Алтай тауларын паналаған. Зият Қытай жерінде жүріп те, оқу-ағарту жұмыстарына белсенді қатысады. «Шыңжаң-Алтай» газетінде қызмет істеген жылдары, Алаш қозғалысының белсенділерімен қоян-қолтық араласады. Кейіннен 1936 жылы қызмет бабымен Үрімшіге қоныс аударады. Сонда ол тұңғыш рет өзінің құпиясын ашады.

  Көбен Асқарұлы, жазушы, ақын:

-Кәрім Дүйсебаев деген кісі болған. Қазақстаннан қашып келген. Осы адамға Зият: «Мен Үрімшіге кетіп бара жатырмын. Қазақ аз ол жақта. Сіз қалың қазақтың арасында отырсыз ғой. Мынау әкемнің қолжазбасы еді. Құдайға аманат, сізге аманат!», – деп тапсырып кетіпті.

Бұл құнды құжат Кәрімнің қолында көп тұрмайды. Ол да көп зиялының ізімен айдауға кетеді. Сезіктенсе керек, айдалардан бір ай бұрын асыл мұраны өзінің шәкірті, Қытай қазақтарының жазба әдебиетін қалаушылардың бірі Асқар Татанайұлына тапсырған. Асқар ол кітапшаны көзінің қарашығындай сақтайды. Бірақ ол жазбалар кейін жоғалады. Жылдар салып, кітапты Асқардың ұлы Көбен тауып алып, әкесіне қайта табыстайды.

Көбен Асқарұлы, жазушы, ақын:  -Әкеме әкеліп бердім. Әкем өзінің әкесі тірілгендей қуанды. «Апырай, жарықтығым-ай, сен өлмеген екенсің ғой»,- деп көзіне жас алды. Содан сақтап келдік.

«Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» мен өзінің өлеңдері жазылған Шәкәрім қолжазбасы жарты ғасырдан астам уақыт осы жанұяда сақталып келді. Бүгінде Көбеннің ұлы Ерлан оны Қазақстанға алып барды. Қазір ол құнды мұраны біздің ғалымдар зерттеп, анық-қанығын анықтауда. Ал Көбен ағамыз сан жылдар сақтаған кітаптың нақ Шәкәрімнің қолжазбасы екеніне кәміл сенімді.

http://kerey.kz/?p=4626


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*