Жаңалықтар

ОСПАН БАТЫР ТУРАЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР

6d5e96c39b9dc1621ae1b13385398700

Ең алдымен Астана атты қазақтың осы көркем бас қаласының 10- жылдығына байланысты баршаңызды құттықтаймым. Бұгіндері Астана әлемнің аузында. Шілде айында бауырлас Түркия елінен бастап бүкіл дүниежүзі қазақтардың 10 жылдай қысқа уақытта осындай әдемі де, сәулетті қаланы қалай салып шыққанына таңдай қақа отырып сөз етуде. Өйткені, осыншама тез арада, осыншама көркем қала салу бұрынды сонды тарихта болған жоқ десек асырып айтқандық бола қоймас. Осындай табысқа қол жеткізуге мұрындық болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтен бастап еңбегі сіңген бүкіл азаматтарға алғысымыз шексіз.

Әсем Астана қаласының тойымен қабаттас біз бұгін бас қосып отырған ғылымый конференцияның да ұйымдастырылып отырылғаны құптарлық құбылыс. Өйткені сәулеттік, экономикалық және саяси жетістіктер ғылмый жетістіктермен бірге жүргізілгенде ғана баянды болары анық. Міне тұрғыдан алғанда еліміздің астанасының мерейтойымен бірге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті мен Астана қаласының әкімдігінің Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 10-жылдығына  арналған «Астана – мемлекеттік тілдің тұғыры» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясыны ұйымдастыруын жақсылыққа балап отырмын. Осы алқалы жиынды ұйымдастырушыларға да үлкен алғысымды білдіремін.

Менің бұгін сіздерге оқығалы отырғаным тақырым қазақ халқының өткен ғасырда ерлігімен атағы шыққан данқты қолбасшы, аты аңызға айналған Оспан Батыр туралы болмақ. 1899 – 1951 жылдары арасында қазір Шынжан деп аталып жүрген Шығыс Түркістан жерінде өмір сүрген Оспан Батыр туралы жарты ғасырдан астам уақыттан бері жазылып келеді. Ол туралы әсіресе шетелдерде маңызды зерттеулер жасалды. Қазақстанда соңғы жылдары Оспан Батыр туралы зерттеушілердің назарының көбірек ауғаны байқалады. Ол туралы естеліктер, романдар, мақала жинақтары жарық көруде.

Міне мұның барлығы, яғный көптеген зерттеулерге арқау болу, арналып шығармалар шығарылуы Оспан Батырдың жай бір тарихи тұлға емес екенін бізге аңғартса керек. Біз жоғарыда Оспан Батыр туралы жарты ғасырдан астам уақыттан бері жазылып зерттеліп келе жатыр деп едік. Демек ол туралы жүздеген, тіптен мыңдаған мақала, кітап жарық көрген болуы керек. Бірақ әлі де болса, ол туралы ашылмаған шындықтар, жазылмаған детальдар бар. Бұл заңды. Өйткені, тарих зерттеушілері арасында қалыптасқан ұйым бойынша, тарихи бір уақиғаның, немесе тұлғаның нақтылы зерттелуі үшін кемінде 50 жыл өтуі керек. Міне осы тұрғыдан алғанда Оспан Батырдың 1951- жылы өлтірілуінен кейін жаңа ғана 57 жыл толып отыр.

Оспан Батыр туралы алғашқы деректер 1950 және 1960 жылдарда Түркия қазақтарынан алынған еді. Өйткені онымен үзенгілес болған, тіпті қолға түсуінен аз алдын ғана сөйлескен адамдарының бір қатары шетке шығып Түркияға орналасқан еді. Ал енді біз бұгін сөз еткелі отырған соны деректер де осындай адамдардың біріне қатысты болып отыр. Ол 1940 жылынан бері Оспан Батырмен жолдас тіпті сырлас болған, кейін атап айтқанда 1953 жылы Түркияға қоныстанған Нұрғожай Батыр. 1950 жылы шілде айында Дарақты деген жерде жау шабуылы кезінде Оспан Батырдан айрылып қалған Нұрғожай Батыр, ер жүрек, мергендігімен атағы шыққан қайраткер еді.

Өрт алып жалындап жатқан кигіз үйге тайсалмай кіріп анасы мен қарындасын алып шыққаны үшін 11 жасында батыр атанған Нұрғожай, көрген білгендерін түрік ғалымы Проф. Гюльчин Чандарлыоғлына 1970-ті жылдарда баяндап берген еді. Ол, 2006 жылы Ыстамбұлда түрік тілінде баспадан жарық көрді. Кітапта Нұрғожай Батырдың 1940 жылдарда Ноғайбай, Ырысхан, Есімхан Батырлардың көтерілісіне қатысып алдынғы шепте жүргені әңгімеленеді. Кейін ол, Оспан Батырдың қозғалысының бел ортасында орын алды. Кітапта оның Оспан Батырдың жақын сырласы ретінде Монғолия және Кытай басшыларымен болған сөйлесулерде дипломаттық қызмет атқарғаны байқалуда. 230 бет көлеміндегі бұл кітапта өкінішке орай бір қатар адам аттары, жер аттары турасында қателіктер болғаны назардан тыс қалмауда. Өйткені Нұрғожай Батырмен сұхпаттасып отырып алған мәліметтерімен бұл кітапты жазған ғалым қазақ тілін, Нұрғожай Батыр болса түрік тілін жетік білмегендіктен кейде екеуара түсініспеушіліктер болған. Міне осы жағдайды көріп әтеген-ай демеу мүмкін емес.

Бақытқа орай жақын арада Нұрғожай Батырдың қазақша қол жазба естекіліктері табылып бұл әттегенайдың орны толатын болды. Төте жазумен 200 бет көмендегі бұл естеліктерде түрік тіліндегі нұсқасында болмаған деталдердің бар екені де байқалады. Нұрғожай Батыр бұл естелігін 1986 жылы қайтыс боларынан екі жыл алдын, атап айтқанда 1984 жылы жазып қалтырған екен. Баспаға қазақ тілінде дайындалып жатқан бұл еңбек биылдың соңында оқырмандарымен қауышпақ.

Батыр адамдар негізінде мерген болғанмен, көбінде шешен болмайды. Сондықтан олар көрген білгендерін толық әңгімелеп бере алмайды. Бірақ Нұрғожай Батырдың естеліктерінен аңғарғанымыз ол кісіге Құдай екеуін де аямай берген екен. Естелігінің тілі жатық және көптеген жайлардан хабардар етуде. Бұл жерде таң қаларлық нәрсе естелік, уақиғалардан 30 жылдай ұзақ бір уақыт өткеннен кейін жазылса да оқиғалардың кеше болғандай анық баяндалуда.

Мұның бізше екі себебі бар. Біріншісі әрине естелік иесінің, яғный Нұрғожай Батырдың зеректіғі мен шешендігі. Ал екіншісі болса Түркиядағы қазақи орта. Өйткені, Түркия қазақтары қаншалықты Ыстамбұл, Анқара және Маниса секілде үлкен қалаларда өмір сүрсе де өзінің қазақы салт-дәстүрлерін 1990-жылдарға дейін жақсы сақтаған. Әсіресе той, қонақ, жаназа, құда түсу, тілеу жасау секілді бас қосулар жиі болып тұрады. Осындай жыйындарда сары бауырсағы мол дастархандар жайылып ет желініп сорпа ішіліп отырылғанда ел азаматтары арасында әңгімелер қыза түсетін. Міне осындай дастархан басында Нұрғожай Батыр сияқты тарихи уақиғалардың бел ортасында жүрген кәриялардың, аталардың, апалардың әңгімелері басты орын алатын. Әсіресе 1970-тен 90- жылдарға дейін теледидар және басқа бұқаралық құралдардың бұгінгідей дамымаған кезінде осындай әңгімелер уақыт өткізетін бірден бір ұтымды құрал еді. Әрине ол кезде Қазақстан да тәуелсіз емес, Кытай да есігін айқара ашқан емес. Сондықтан ел сағынышы, жер сағынышы осындай әңгімелер арқылы басылуға тырысылатын. Міне осы себептен Нұрғожай Батыр күнде айтып жүрген бастан кешіргендерін 30 жылдан кейін де кешегідей естеліктеріне түсіре білген.

Біз енді сол естеліктерден уақытымыздың шектеуіл болуына байланысты қысқа бір екі үзінді берейік. Бұл жерде естеліктердің тіліне араласпағанымызды сол күйінде бергенімізді естеріңізге сала кетейік. Бұл үзінділерден қазақ халқының жалпы ұлттық қасиеттерін көруге де болады. Әдетте момын, басқа ұлт өкілдеріне қонақжайлы келетін қазақ халқы елін, жерін, намысын қорғауға келгенде қалай ер жүрек жауынгерге айналатынын байқауға болады.

І. үзіндіде қазақтардың өзінен күшті жауға қарсы шыбын жанын пида ете отырып дайындалатынын көрсетеді:

“Молла алғызып бүкіл әскерге жаназасын оқыттырдық. Жаназа оқыған күніміз 1940 жылы 3- айдың 19-ы күні еді. Дәл сол күні жылаған қатын баланың дауысы әлі күнге есімнен кетпейді. Бүкіл Алтай тауы дүрілдеп иман айтқандай бүкіл Сартоғайдан Жеті Аралға дейін соншама қашықтағы ағып жатқан Бурылтоғай өзені ақ қырау мұз жамылып ормандарды сүңгімен тұман басты. Шалқая сырығып ағып жатқан қос Шіңгіл өзені де аза білдіріп тұрғандай сезіліп ит ұлып ай тұтылып жылқы жай құйрығымен сүзіп алдығы күнде болатын ауыртпалықтардың барлығын көз алдымыздан өткізіп жатты. Біз тәуекелдің атын міндік. Иесіз иең жатқан қазақ, құрып алған мемлекетіміз жоқ, жинап қойған қорымыз жоқ, салып қойған қаламыз жоқ, тіпті осындай жағадайда жаратып аларлық жаратқан Құдай бізге економикалық негізде ғилмый табыстардарды жазбаған екен. Біздің економикамыздың негізін төрт түлік мал.” (Қолжазба 24-25 беттер)

ІІ. үзінді: қазақ халқының соғыс жағдайында ұйымдасу кабілетін көрсетеді:

“Күн бойы атыстық. Алдырмады. Ақшамнан кейін ұран салып төбенің төрт жағынан келіп бірақ қоршадық. Жауды түгел қырдық. Бір адам ғана қашып құтылды. 30 бес атар, 300 түйе және әскердің бүкіл азық түлігі, киім кешегін қолға түсіріп алдық. Сонымен қатар бірер мың әскери жабдық қолға түсті. Осы жерде бүкіл ел бастықтары жиналып кеңес ашып Соғыс Комитетін құрып шықтық.

Соғыс Комитетіне үш бастық Ырысхан, Есімхан Кәдірбай сайланды. Әскери азық түлік дайындауға Ақтеке, Ноғайбай, Салық Тәйжі белгіленді. Төрт жақты күзететін 400 адамдық қарауыл әскерлері белгіленді. Соғыс армиялары тізімделді. Саны анықталды. Он жақ қарауылды Сүлеймен Батыр, сол жақ қарауылды Мұса Мерген, артқы шеп қарауылы Шамғұн Мерген, алдыңғы шеп Үмітбай, Қаһарман мергендер басқаратын болды.

Ұйымдастыру істері аяқталғаннан кейін Жәнібектің туы сандықтан шығарылып ту тігіп ақ сарбас сойып тілеу тілеп мәуліт оқып хатым шығарып көк қасқа тай, ақ сарбас қой сойып бүкіл жігіттер бір тұтас әскери міндет өтеуге тізімделді. Ел адамдары қызыл қанға қол матырып бұзылмасқа серт білдірді.” (Қолжазба 29 бет)

ІІІ. үзінді: Нұрғожай Батырдың саяси оқиғалара баға беретін сарапшылығын көрсетеді:

“Тек соңғы нәтиже бізде қалды. Төрт ай ішіндегі үлкенді кішілі 47 соғыс болды. Оның ішінде жан түршігерлік 3 шайқас болып жау армияларынан жеті мыңнан астам адамын өлтіріп 4000 түйе 7000 ат, 7000-нан артық әр түрлі қару жарақ алыппыз. Қазақ қазақ болғалы жүргізілмеген соғыс болды. Оспан 14 адаммен Қарақора қарауылында 1700 түйені жүгімен бірақ түсіріп жаудын бір баталйон армиясын бірақ жойды. Орыс армиясына әкеле жатқан азық түлік бір тұтас қолға түсірілді. Орыс армиясының қалғаны азығы жоқ болып тау-таумен Сарсүмбеге қашып кетті.

Орыс пен Монгұлдарға арқа сүйеген бандит Шын Шы Сайдың тұмсығы таска тиді. Жеті мыңнан артық армиясынан айрылды. Енді Шын Шы Сай қару күшімен алалмағандықтан айырплан мен жер жерге қағаз тастап келісім жасауды талап етті.

Естіген білгенді тісін қайраған қаһарлы жауларды күшті менен тістіні кәрлі менен зарлыны біздің 47 реткі соғысымыз бандит Шын Шы Сайды жеті қабат жердің астына түсіріп жібергендей болды.

Жанқалтасынан саясат шығарып орыс менен монғұлға арқасын сүйеп дәуірлеп айқұлақтанып жердің мыйын шығарғысы келіп тұрған бандит Шын Шы Сай енді сұлу әйел бейнесіне кіре қалды.” (Қолжазба 66-67 беттер)

ІУ. Соңғы үзінді: Сол кездегі Кытайдағы қазақтардың атамекен Қазақстандағы саяси уақиғаларды байқап отырғандығын және Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсын секілді саяси жетекшілерді жоғары бағалап тіпті өздерінің де басшылары ретінде санайтынын көрсетеді. Сонымен қатар бұл үзіндіде Нұрғожай Батыр момын қазақ халқының еліне қауіп төңгенде қалай жыртқыш болып кеткенін тілге тиек етеді:

“Генерал Банкені он адамымен оңашада атып тастадық. Соңғы Ышқынты шайқасында  Генерал Разборов өлтірілді. Соңғы бітімде орыстар генералдарының басын сұрады. Генерал Банкенін сүйегін бердік. Разборовтың сүйегін бермедік. Өйткені ол соғыс қылмыстысы еді. Көктоғайдағы орыс елшілеріне Ырысхан, “Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың басын әкеліп беріңдер” деді. Бұл сөз сонымен тынышталып қалған еді.

Соғыста бізден шығын көп болды. Бастапқы кезде біз қызыл қолмен қарсы шықтық. Құрал жүре жүре қолымызға тиді. Түскен оқ құрал саймандар руларға таратып жастардың машықтануына беріп отырдық. Сөйтіп алдынғы  адам өлсе, артқы адам орнын басып отырды.

Соғысты соғыстан үйрендік. Жамандықты жамандықтан үйрендік. Уды умен қайтардық. Құтты Сұлубай айтқандай:

Аспанда айырплан бытырлаған

Қайласы бұл Қытайдың артылмаған

Біз қазақ малды баққан момын едік

Соғысты бұрын көріп жатылмаған.

 

Осы өлеңде айтылғандай біз соғыс өнерін соғыстан үйреніп алдық. Мал бауыздаудан қорқатын момын қазақтар жауды тырнағымен бауыздауды үйреніп алдық.

Бір кезде залым Мадарин Ырысханға “жауға біткен көзін бар, дауға біткен сөзін бар” дегендей, Ырысхан осы жолы жауға біткен көзінің пайдасын да, дауға біткен сөзінің пайдасын да көрсетті. Орыстар генералдарының басын сұрағанда оған да Ырысхан ұтымды жауап таба білді. Қазақтың ен соңғы бастығы Бөкейханның басын сұрады. Бұл неткен табылған жауап.” (Қолжазба 69-70 беттер)

 

Әбдіуақап Қара

Ыстамбұл-Түркия

 

 

 

 

 

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*