Шежіре

АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІНДЕГІ УАҚЫТ ӨЛШЕУДІҢ МАҢЫЗЫ

842750d6dfe5a14207656ee7251472df    

Қышқаша тарихи шолу 

Адамзат  өркениетіндегі уақыт өлшеу дегеніміз күн, ай, жыл, ғасыр, дәуір оқиғаларын жаңылыссыз, дұрыс есептейтін көп сатылы, күрделі  мәдени  құбылыс.  Көп сатылы болатын  себебі уақыт өлшеу немесе календарь мәселесі адам-қоғам-табиғат үштігі (триадасының)  арасындағы үйлесiмдi байланысын реттеуге арналған. Бұл дегенiмiз  жай  әншейiн уақыт  межесiн есептеу ғана емес, онан да ауқымдырақ. Ол – адамдар өміріндегі елеулі діни, қоғамдық, шаруашылық оқиғаларды реттеп, тарих жадысына  таңбалап тұратын болған.

Осылайша  адамзат санасы уақыт есептеу  жүйесі календарь атты  мәдениет үлгісін дүниеге  әкелді.

Календардың  түрі  өте көп. Айталық,  б.э.д. ҮІІІ ғасыр мұрасы  Қорған облысы Қазақ Кочердык  ауылынан табылған қола  семсердің  (кинжал) екі бетіндегі ұзыннан  қос қатар етіп  бейнеленген  жануарлар  бейнесі 20 күндік айды белгілейтін календарь болуы ықтимал дейді зерттеуші В.Н.Котов.

Жазу-сызу болмаған бағзыда адамдар таяқша,  тақтайшаға кертік (зарубка) жасап немесе жіпті түйіп (узелок) уақытты  белгілеген   календарларды Америка, Азия, Африка тұрғындары ерте дәуірде қолданды. Ахаменид патшасы І Дарий  жіпті  түйіп уақытты белгілегендігі жайлы  тарих «атасы» Геродот жазады.  Мұндай  «календарь» Гвинея, Полинезияда, Сібірде ХХ ғасырға дейін  қолданылған. Ағашқа керткен календарды Венгрия қыпшақтары мен финн-угорлар бертінге  дейін  қолданған. Қазақ есепшілерінің «кісе» деп атайтын қарапайым есеп құралын осы санатқа қосуға болады.

Осылайша календарь дегеніміз – күн-ай-жылдың тетелестік санын, арақатынасын реттеп отыратын, уақыт есебін жүргізуге пайдаланылатын ережелердің жүйесі болып  адам санасында орнықты.

Дегенмен, бүгінге жеткен ең көне «борыш  кітабы-календариум» 354 жылы Римде  жазылған. Ал, баспаханада басылған календарлардың шежіресі ХҮ ғасырдан  басталады. 1448 жылы неміс шебері Иоган Гутенберг  қабырғаға ілінетін астрономиялық табель-календарь басып шығарса, 1474 жылы оның  жерлесі  астроном Иоган Мюллер (Региомонтан) алғашқы журнал түріндегі 64 беттік календарь шығарған.

1897 жылы Орынборда орыс тілінде «Календарь для киргизов» атты 91 беттік жинақ шықса, қазақ тілінде «1923 жылдың қазақ календары» деген атпен Орынборда 146 бет көлемінде  кітап жарық көрді…

 

 

                       Ежелгі  Мысыр календары

 

Хатор атты әйел  құдайға арналып салынған храм маңдайшасында «Аспанда Сотис  жарқыраса, арқырап Ніл ағады  қайнар көзден» деп  жазылған. Египет абыздары Сүмбіленің (Сириус,  египеттерше  Сотис) алғаш көрінуі Ніл өзенінің таси бастауымен дәл келуін анықтады және оны жыл басы деп есептеді. Сүмбіленің екінші көрінуі 365 күннен соң  қайталанатындығын  байқап, олар бір жылда осынша күн болады деп есептеген. Жылды 3 маусымға (сезонға), 12 айға, ал айды 3 декадаға (он күндік) бөлді. Артық  5 күнді грек ғалымдары эпагомен (шолақ ай) деп атаған.

Ежелгі Мысыр  календарындағы 12 айдың аттары –тот, фаофи, атир, хояйак (бұл төртеуі су тасқыны маусымы) тиби, мехир, фаменот, фармути (егіншілік маусымы ), пахон, пайни, эпифи ебика (астық жинау маусымы). Апта ұғымы болмағанымен 30 күннің  жеке-жеке атауы болды. Бұл б.э.д 4236 жылы дүниеге келген алғашқы сотистік  календарь.

Сүмбіле жаз бойы 70 күн  көрінбей, тек 19-шілдеде көрінеді. Осы күнді жылдың  басы, Нілдің тасуының  бастауы  деген олар 19-25 шілде аралығында еңбек  істемей тасқын  бәсеңдегенше дем алатын. Осы күнді Сүмбіле  жұлдызы  орналасқан  шоқжұлдыз Үлкен  Төбет (Каникс  майор) атауымен  каникс атаған. Осыдан барып  каникул-демалыс ұғымы  туып, бүгінгі  мектеп  жүйесінде орын алған.

Жаңа жылдың басы тот айының алғашқы күнінде емес жыл  сайын 1 күнге өзгеріп тұрды. Оны Мысырда өмір сүрген  әйгілі грек  ғалымы Птолемей  «адасқақ» жыл деп атады..

Жыл басының  көшіп жүруін тоқтату үшін б.э.д. 238 жылы Мысыр патшасы ІІІ Эвергет арнайы декрет шығарып 3 жылды 365 күннен, төртіншісін 366 күннен болсын  деген үкім берді. Осылайша  жылдың ұзақтығы  365, 25 күнге тең  болды. Бірақ, жылды төртке  бөлгенде,  3 қалдық  қалатын  жылды високос жыл деп есептеді. Мұндай  календарды Эпиопия, Судан, Египет  тұрғындары арасында күні бүгінге дейін  қолданатындар бар.

Египет календары дәлсіздігіне қарамастан, зор тарихи роль атқарды. Ол осы күнгі дүние жүзілік календардың түп төркіні болып табылады.

 

                Вавилон, халдей және еврей календарлары

 

Тигр мен Евфрат аралығындағы – қос өзен Месопотамия жерінен  Аспан  құпиялары  туралы адамзат тарихындағы ең  көне 6000 жылдық жазба табылған. Онда салтанат құрған ежелгі мемлекеттердің ірісі  Вавилондықтардың астрономиялық білімі египеттіктерден әлдекайда жоғары дәрежеде екендігі дәлелденген. Аспанды  ұдайы  бақылап, байқалған  құбылыстарды  жазып отыру үшін әдейі арналып салынған мұнаралар – зиккураттар қызмет еткен. Кейбірінің  биіктігі  90 метр болғаны туралы өз көзімен көрген  Геродот жазып қалдырған.

Вавилон  абыздары (жрецы) бірқатар  жұлдыздардың көрінерлік орынын анықтаған,  көрінетін  үлкен 5 планетаға атау берген. Олар:  Набу-(Меркурий), Диьбату-(Венера), Нергал-(Марс), Мардук-(Юпитер), Нинутура-(Сатурн). Оған Күн-(Шамаш), Айды-(Син) қосып, аспан  Құдайларының атауымен  атап, жеті күндік апта ұғымын дүниеге әкелген. Онан бұрын адамзат бес  саусағымен (малая неделя), он саусағымен (большая неделя немесе  декада)  тәулік күндерін есептеп келген еді.

Жыл есебін вавилондықтар Айдың қозғалысы бойынша есептеді. Жаңа ай туатын кезде абыздар зиккураткаға  шығып, Синді (Айды)   бақылап отырған. Абыздар бір өліарадан екінші өліараға дейін 29,5 тәулік өтетінін анықтады. Бөлшек саннан құтылу үшін олар айдың біреуін 29, екіншісін 30 күн етіп алды және олар алма кезек  қайталанатын ретке  қойды. Осылайша 6 ай 29 күн, 6 ай 30 күннен, бір жыл 354 күннен тұратын  Ай календарын дүниеге  келтірді. Ассирия-вавилон немесе  халдей  атаулары бойынша  жылдың  басы көкек-(нисан) айы, онан әрі қарайғы айлардың реті айру, сивану, дуузу, абу, улулу, ташриту, арахсамну, кисливу, тэвэт, шабатху, адару деп аталды. Бұл атауларды олардан еврейлер  алды .

Күн  календары  мен  Вавилон (ай) календары аралығындағы 11,25 күн айырмашылықты  жою үшін Хаммурапи патша бұйрық беріп, он үшінші айды қосқан. Оны  «екінші  улулу» (қыркүйек) деп атаған. Бірақ, қай жыл 12,  қай жыл 13 айдан  болатындығын  патшаның өзі  ғана  білген. Халдей астрономдары  оған көмекке келіп, 11,25 күн айырма 8 жылда  90 күнге жететіндігін, ол 3 айға  тең екендігін ескере отырып,  әрбір  8 жылдың 5 жылы 12 айдан, 3 жылы 13 айдан болсын деп (354 х 5 + 384 х 3):8=365,25 тәуліктік Күн мен Айдың қозғалысына  негізделген аралас календарды  жасап шықты.

Халдейліктер  үшін тәуліктің  басы күн  батар тұс  делінді. Бір тәулікті 12 сағатқа, сағатты 60 минутқа, минутты 60 секундқа, секундты 60 терцияға, терцияны 60 квартқа бөлді. Күн әрбір екі тәулікте өзінің  диаметріндей қашықтыққа  жылжитынын анықтап,  бір жылда  12 зодиактың  үйірін толық айналып  шығады  делінді.  Сондықтан  абыздар шеңберді  360  бөлікке  бөліп,  әр бөлігін бір  градус-қадам (шаг) деп атады.

Ежелгі еврейлер болса вавилон календарын қолданған. Б.э.д 4 жылы аралас календарға көшкен. Еврей календарында жыл әр түрлі тәуліктен тұрады. Өйткені діни ереже  бойынша жыл басы  жексенбі, сәрсенбі, жұмаға  сәйкес келмеуі керек (бұл декиот ережесіне сай емес). 353-354-355 тәулігі бар жай жылдар, 383-384-385 тәуліктен тұратын «кібісе» жылдар деп аталды. Жылдарды  хасарин-кем, кесидаран-орташа, шаламим-тұтас жылдар деп  бөледі де  оған байланысты  айдың 29 немесе 30 күн  болуы  арнайы  ережемен  анықталады. Ұзақ  жылдар 13 айдан тұратын эмболисмик болды.

Еврей календарында апта  шаббат-сенбі күні  басталады. Ал тәулік кешкі сағат 6-00 – дан басталады. 1 сағат 1080 хелекке, хелек 76 рэгке бөлінді. Азаматтық жаңа жыл еврейлерде күзде 1-ші тишрде (қазанда)  тойланды.  Мұса  пайғамбардың тұсында жаңа жыл Египеттен таралған кездегідей көктемге нисан-апрельге  ауыстырылды. Бізге белгілі ай атаулары  мархэшван, кислэв, тэвэт, шват, адар т.б. Бұған  қоса адар алиф високос жылдары  қосылады. Айлардың тәулігі кезекпен 29 – 30 күнге  тұрақтады.

Вавилондықтар мен мысырлықтардың  озық мәдениеті  гректерге ауысты. Гректердің Архимед, Фалес, Гиппарх, Эвклид сияқты ғалымдары шығысты аралап, астрономия, календарь мәселесімен шұғылданды.

Кішкентай Грекияда  жүздеген  календарь  қолданылды. Б.э.д. ҮІ ғасырда  халдейліктер календарын  алды. Дегенмен ежелгі  Грецияда  Ай мен Үркер  қозғалысын  календарға  арқау еткен. Атақты Гиппократ: «Үркердің  таңертеңгі  бататын кезінен  жазғытұрымғы (көктемгі) күн мен түннің теңелуіне дейін  қыс  болады. Күн мен  түннің  теңелуінен Үркердің  таңертең  тууына  дейін  көктем  болады.» деп жазды.

Халдей  календарын  түзеткен Метон циклі  реформасын Афинада  ресми  жариялады. Ол цикл бойынша  19 жылдың  12-сі 12 айдан,  қалған 7-еуі  13 айдан тұрады делінген. Осыған арнап Афина қаласының бас алаңында 29-30  жерден тесік  шығарылған  мәрмар діңгектер орнатып, оған айдың  фазалары мен  шоқжұлдыздар суреттерін схема арқылы  қабыстырып орнатты.

Бұл аралас календарге  Калипп, кейін  Гиппарх түзету  жасады.  Ежелгі гректердің  дарынды астрономы Гиппарх (б.з.д. 160-125 жж) аспан әлемін бақылау практикасын математикалық теориялармен  ұштастырып, астрономияны нағыз ғылымға айналдырды. Гиппарх жұлдыздардың өз заманында дәл каталогын жасады, онда 1022 жұлдыздың, күн мен түннің теңелу нүктесінің жыл сайын аздап жылжып отыратынын, оның алғашқы орнына 26000 жылдан соң қайта оралып келетінін  дәлелдеп  оны прецессия  құбылысы  деп атады. Гиппарх   жылдың орташа ұзақтығын  365 тәулік 5 сағат 55 минутқа, синодтық ай  29 тәулік 12 сағат 44 минут 2 секундқа жалғасады дегенді есептеп тапты. Бұл қазіргі жыл есебінен күн 6 минут,  синодтық ай 1 секундтай ғана артық.

Оның  жерлесі Египетте  тұрған  Клавдий Птолемей  планеталардың, күн мен ай қозғалыстарының теориясын, оның тұтылуы жайлы, календарь мәселесіне жете  тоқталған 13 кітаптан тұратын  астрономиялық «Мегале  синтаксисті» атты еңбегін жазды. Оны орта ғасырда  арабтар өз  тіліне аударып «Альмагест» (ұлы  шығарма) деп атаған. Птолемей еңбегіндегі Жер  дүние  ортасы  оны  басқа  плнеталар айналады  деген  геоцентрлік  көзқарасты Николай Коперник   жоққа  шығарып, гелиоцентрлік системаны  ашты. Ол кейін  Кеплер мен Ньютон  заңдарымен  толық дәлелденді.

 

Рим календары

 

Рим календарында жыл 295 күннен, 10 айдан  тұрған. Жылдың  басы Марс  құдайдың  құрметіне апреиер-(апрель), келесі ай  майе онан кейінгісі ай  юнон деп аталған.  Жылдың соңғы 6 айы реттік нөмірмен (порядковый  номер) аталды: квинтилис-пятый, секстилис– шестый, септембер– седьмой, октобер- восьмой, новербер – девятый, десембер- десьятый. Мұндағы  соңғы 4 ай атауы  қазіргі  дүние  жүзінде кеңінен қолданылып  отырған  календарда  жылдың 9-12 айларының атауы  болып  қалды. Ақпанның 23 мен 24 аралығынада  қосымша  6 күн әр төрт жыл сайын қосылып  отырды.

Шын мәнінде он айлық жыл қолайсыздығын сезген римдіктер Нума Помпила  патшалығы кезінде (шамамен  б.э.д. жеті жүз жыл  бұрын)  екі айды  қосты. Янус құрметіне  январиус (январь), екіншісі февруариус (февраль)  айлары  қосылды. Осылайша  ай аттары  барлығы  латын  негізден туды. Рим календарында төрт ай  30 күннен, жеті ай  29 күннен, бір ай 28 күннен, ал бір жыл  355 тәуліктен тұрды.  Әрбір екі жыл сайын мерцедоний деп аталатын 22  күнен тұратын жаңа ай  қосылды. Ол 23 және 24 февраль аралығына  қосылып  есептелді, оны  понтификтер коллегиясы  шешті. Бұл  ерекше  құқыққа  қиястық  жасаған (злоупортеблять) понтификтер әрекетіне  Юлий  Цезарь тоқтау  қойды.

Біздің заманымыздан бұрынғы 46 жылы Римдегі жоғарғы өкімет билігін қолына алған әйгілі қолбасы, әрі  понтифик максимум (бас абыз) Юлий Цезарь календарь реформасын жасауға Египеттің Александрия қаласында тұратын грек астрономы Созигенді шақыртып алды. Оған Рим календарын түзеуді, уақыт есебін ғылыми негізге келтіруді, сөйтіп жаңа календардың жобасын жасауды тапсырды. Бұл календарь Юлий Цезарьдың атымен юлиан календары деп аталды. Юлиан календарында жылдың ұзақтығы 365,25 тәулік болып есептеледі. Жыл 12 айға бөлінді.Рим сенаты квинтилис айын Юлий Цезарьдың атымен атауды  ұйғарды. Кейін  секстилис айын  Цезарьдың  орнын  басқан Август Октавиан атымен атады. Квинтилис айы (бесінші ай) әу баста  31 күннен  тұрған еді. Ал сектилис айы 30 күн болатын. Бұл  император  Августың  мәртебесіне  сай емес деп  таныған Сенат  февральден бір  күнін алып,  оны август айына қосқан. Ал июль, август, сентябрь қатарынан  31 күннен болғандығы   ырымшыл  римдіктерді  шошытты. Сондықтан  сентябрьдің  бір күнін алып,  октябрьге қосты, ноябрьдің  бір күнін  декабрьге ауыстырды. Себебі  үш тақ санының  қатар келуі  жамандыққа   жорылатын. Осылайша қазіргі календарь  қалыптасты.

Юлиан календарындағы жылдың ұзақтығы тропиктік жылдың ұзақтығынан жуық түрде алғанда 11 минут 14 секунд артық (онда 365,24 тәулік орнына 365,25  тәулік алынған). Ол  жинала-жинала  128 жыл өткенде 1 тәулік, 384 жылда  10 тәулікке  жылжыған.

Алғашында  елеусіз болғанымен  бұл алшақтық ХҮІ ғасырдың  екінші  жартысында 10 күнге толып, дін  басыларын  абыржытқан. Күн мен түннің теңелуі 21 март емес,  10 күн бұрын келген, пасха мейрамының  мерзімі 35 күнге  жылжып кетуі әуре-сарсаңға  түсірген.

Сондықтан календардағы  дәлсіздікті  түзіп, 21 мартты  қайтадан  теңеу күніне әкелу үшін Рим  папасы Григорий ХІІІ 1582 жылы  арнайы  комиссия құрған. Әр түрлі  календарь түзетулерінің арасынан италиялық  математик,  дәрігер Алоизий Лилийдің  жобасын  мақұлдап, ресми  булла  бекітіп,тұтынуға бұйрық берген. Реформа 1582 жылы 4-октябрьдегі бейсенбіден тура  15-күнгі октябрьге  «секірген». Лилий жобасында  юлиан  календарындағы 400 жылынан  3 күн шығарылып тасталған және жылдың  номеріндегі ғасырдың саны 4 санына  бөлінетіндері ғана  високос жыл  деп есептелген.

Осылайша  григориан календары өмірге  келген.  Оны алғашында Италия, Испания,  Португалия 1582 жылы дереу қабылдаса,  Голландия, Бавария, Автрия 1583 жылы, протестандар 1700 жылы,  славян  елдері 1919 жылдары  қабылдаған.

Бұдан 1447 жыл бұрын христиан дінін басқарушы кардиналдар діннің бұқараға ықпалын арттыру мақсатында  жыл есебін Христос туған күннен бастап есептеу туралы қарар қабылданған.  Алайда бұл көп уақыт қолданылмай келді. «Христос туғаннан» басталатын жыл есебі шіркеулік документтерде тек 742 жылдан бастап қана кездеседі.  Ол Х ғасырда Рим папасының бұйрықтарында орын ала бастады, XV ғасырдан бастап Европа елдерінің бірталайында қолданылатын болды.

 

 

               Ежелгі үнді, славян және майя календары

 

Ежелгі  славяндардың календары да табиғат құбылыстары мен шаруашылық маусымдарына байланысты болған. Мысалы, 1056 жылы жазылған Остромир «Інжілінен», 1144 жылғы кітаптардан ескілікті ай аттарынан көруге болады. Славян  жерлерінің табиғаты бірдей емес. Осыған байланысты ай атаулары бірнеше түрлі аталуы мүмкін. Мысалы: март айы – сухий,  қар кетіп жер кебеді. Апрель- березозол. Май – цветень деген секілді.

988 жылы русьтар христиан дінін қабылдаған кезден бастап шығыс славяндар біртіндеп юлиан календарын қолдануға көшкен. Жыл басын гректер сияқты 1- сентябрьге келтірген.Алайда юлиан календары русьтардың бірталай аудандарында 1343 жылға дейін,тіпті кейбір жерлерде XV ғасырға дейін қолданылмаған.

Майялардың арнайы обсерваториясын да болған, ол «Қауырсынды жылан» («Пергантый змей») делінген пірдің құрметіне салынған. Күн мен түннің теңелуі кезінде (21 март пен 21 сентябрьде) обсерваторияның негізгі терезесінен түсетін жарық сәулесі бөлме ішінде отырған бақылаушы  абыздың дәл  алдына түсетін болған.

Майя астрономдары жылдың ұзақтығын 365,24 тәулік  етіп алған, мұның қазіргі нақты жылдан 0,0002 тәулік (яғни 1 секунд шамасында) қана кемдігі бар. Сонда майя календары ежелгі Египет календарынан 1200 есе, юлиан календарынан 40 есе, григориан календарынан 1,5 есе дәлірек болып шығады.

Майялар үш түрлі календарды қатар қолданған. Олардың бірінде жылдың ұзақтығы 260 күн болып 13 айға бөлінген, айларда 20 күннен болған.  Мұндай жылды майялар «цолкин» деген, ол қасиетті жыл болып есептелген. Діни жоралғылар үшін 360 тәуліктік 18 айдан, әр айы 20 күндік календарь болған. Оны «түн» деп атаған. Календардың үшінші түрінде  365 күн болған.Ол 20 күндік 18 ай және одан тыс 5 күннен құралған. Ондай жылды «хааб» деп атап шаруашылық үшін  қолданған. Майя астрономдары түн мен хааб жылдарын өзара байланыстырып, арнайы ережемен 52 жылда бір рет түзеп, жылдың орташа ұзақтығын  сәйкестіріп отырған.

Ежелгі Үндістанның абыздары – брахмандар да аспанды бақылап отырған. Олар Күннің, Айдың, бес планетаның, кейбір жұлдыздардың көрінерлік қозғалыстарын жақсы білген. Үндістанда әр түрлі календарлар қолданылып келген. Олардың ең бастылары: ай календары, аралас календарь және күн календары.  Жыл  ұзақтығын  365,35  тәулікке теңестірген. Ол  тропикалық тәуліктен 20,4 минутке ұзақтау.

Аралас күн-ай календарь туралы  «Сурья Сиддханта»  трактатында    жылды  365,25  тәулікпен есептеген. Бірақ осыдан 15 ғасыр өткенде көктем мен күзгі  күн мен  түннің  теңелуі 22 күнге  жылжып кеткен.  Сондықтан жылды  6 маусымға, 12 айға  бөлген. Маусымдар: весна, жаркий сезон, сезон дождей, осень, зима, холодный  сезон. Дегенмен,  ең кең  таралғаны  самбат календары  болған….

 

 

 

                                    Парсы  календары

 

Ежелгі Парсыларда жыл санаудың екі жүйесі болғанын анық. Мұның бірі –«қоныстану заманы», екіншісі «Сиявуш заманы». Сиявуш заманы қоныстану заманынан 92 жыл кейін басқаша айтқанда  б.з.д. 1200 жылдан басталады.

Парсылар жаулап алған Вавилон, Египет, Үндістан т.б. елдердің қалендарларымен танысып, оларды өз мақсаттарына пайдаланды. Күн құдайы Митраға,  аспан құдайы Азур-маздаға  табынған парсылар календарларын Күннің қозғалысы бойынша жасады. Тәуліктің басын Күннің шығуымен есептеді. Парсыларда календарь «мах и руз» есебі, яғни айлар мен күндер есебі деп аталды. Бертін бұлар арабтарға жұғысып, оларда  «муаррах» (календарь) термині пайда болды. Ежелгі соғдалықтар мен хорезмдіктердің календары жалпы алғанда көне парсы календарына жақын еді. Оларда Күн эклиптикасының қыста жылдам (186 тәулікте),  жазда  баяу (179 тәулікте)  «жүретіндігін» ескеріп  алғашқы  жарты жылдағы айлар 31 күннен,  екіншісі 30 күннен деп алды.

Атақты  Әбу Райхан  Берунидің (973-1048 ж)  11 кітаптан тұратын «Канон Мусуда» еңбегінің 2-ші кітабы  хронология мен календарь мәселесіне  арналады. Басқа  томдары сферикалық, жұлдыз астрономиясы,  затмение, планета, күн қозғалыстарын жүйелі түрде зерттейді. Еңбекте уақытты есептеу әдістері, жыл мен ай, апта мен күн есептері, көптеген эралар –замандар, әр түрлі календарларды  бір-біріне  алмастыру  таблицалары талданады. Күн қозғалысына негізделген Беруни календары 365 күнді бір жылға балаған. 119 жыл өткен соң, 120-шы жылға қосымша он үшінші ай енгізген.

Бұл қолайсыздықтан арылу үшін  атақты  селжүк сұлтаны Мәлік  шах  арнайы комиссия  құрып, оның  жетекшісіне атақты  шайыр, астроном, әрі математик Омар Хайямды тағайындайды. Шах 1076 жылы Исфаханда өз  заманындағы ең ірі обсерваторияны О.Хайям үшін салдырды. Комиссияға жүктелген міндет жжыл басы Наурызды дәлме-дәл күн мен түн теңелген  күнге дөп келтіру үшін Омар Хайям 366 күндік  кібісе жылды енгізді және 8/33 деген  формуланы енгізді. Оның мәні 33 күн жылының (солнечных лет) 8-і  кібісе (високос) және  әрбір 4 жыл сайын қайталады деген  шешім шығарды. Римдегі юлиан календарымен салыстырғанда өзгешелігі осы болды. Шынымен-ақ Омар Хайям календары 365 х 8/33 =365,24242 тәуліктен тұратын дүние жүзі бойынша ең дәлме-дәл календарға айналды. Себебі Хайям календарындағы орташа жыл мәні  тропикалық жылдан  небәрі 0,00022 тәуліктік айырмасы  болды. Ол дегеніміз  бақандай  4500 жыл өткенде жыл басы 1 тәулікке ғана жылжиды деген сөз. Осылайша Хайям каландары 1079 жылғы 15 марттан  қолданыла бастады және  бұл  заманды Мәлік шахтың  лақап атымен Жалел-ад-дин эрасы  деп тарихта атап  кетті.

Омар Хайямның «Наурыз-наме» еңбегінде жыл басының шығу тарихы, айлардың сипаттамасы, атауының мәні, календарь тарихына  арнайы тоқталған және  ол қазақ оқырмандарына  етене  таныс.

Омар Хайям календары  реформасын жалғастырған Ақсақ Темірдің  ханның немересі Ұлықбек өзінің «Задж-и Гурагани» («Гураган  таблицалары») еңбегін және ғалым Насыр-ад-дин ат Туси (1201-1274) «Елхан таблицасы» еңбегін жазды.

 

                              

                              Мұсылман  календары

 

Мұсылман календары  Ай фазаларының  өзгерісіне негізделген. Ертеде әрбір 24 жылдың 15-і  12 айдан, 9-ы 13 айдан тұратын (оны нәси деп атаған) календарь  болған. Кейін Мұхаммед пайғамбар(с.ғ.с.) нәсиді  есептен  мүлдем  шығартып  тастаған және Құран Кәрім аяттарында жылды  тек 12 аймен ғана есептеу туралы жазылған. Мұсылман календарындағы ай аттары мынадай: мүһаррам, мафар, раби І, раби ІІ, жумада І, жумада ІІ, ражаб, шаабан, рамадан, шаввал, зу-л-када, зу-л-һижа. Мұсылмандар жыл  басын, яғни жыл санау жүйесінің дәуірін хиджрадан  «Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшіп барған күнінен» бастайды. Ол григориан санаты бойынша 622 жылдың 16 шілдесі жұма күні.

Мұсылманның   әрбір 30 жылының 11-і 355 күннен, қалған 19-ы 354 күннен тұрады. Сонда хиджра жылының ұзақтығы (354х19+355х11)/30/ 354,37 тәулік болады, яғни   григориан  санатынан 11 күнге  кем. Сондықтан   хиджраның  34 жылы  григорианның 33 жылына сәйкес келеді. Кібісе (високос) жылдар мұсылман жылын 30-ға бөлгенде  қалдығы 2,5,7,10,13,16,18,21,24,29 болса кібісе жыл деп саналады және ол жыл 355 тәуліктен тұрады.

Мұсылман Ай хиджрасымен  бірге  Иран, Ауғанстан, Пәкістан елдерінде Күн хиджрасы да қолданылады. Ол хронологияны  хиджрадан   григорианның 622 жылынан  бастайды, бірақ 1 жыл 365/366 күнен  тұрады. Сондықтан да  Ай хиджрасынан бақандай  42 жыл  айырмамен «кешігіп» жүреді.

Мұсылман календары өзінің  уақыт өлшеудегі аса жоғары  дәлдігімен  ерекшеленеді. 30 жылдық   мұсылман  Ай  хиджрасы календарында жыл  басталатын  ай әр жыл сайын  0,012 тәулікке ғана ауытқып отырады. Яғни  2500 жыл өткенде  ғана жыл басы 1 күнге ғана  жылжиды  екен.

Түркі халықтарының арасына ҮІІІ–Х ғасырларда тарай бастаған ісләм діні қазақ қоғамының салт-санасына, мәдени өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Ай қозғалысына негізделген календарь  мұсылман календарымен өте ұқсас, тек 8 жылдық цикл (мұны «түрік циклы» деп атайды, мұсылман календары 30 жылдық цикл). Түрік  циклында  мұсылман жылын 8-ге бөлгенде қалдығы 2,5,7 сандар қалса  кібісе жыл деп танылады. Ісләм діні өзімен бірге жаңа тұрпаттағы жазу-сызуды ғана емес, күнқайырудың жаңа бір жүйесін ала келді. Ай есебіне негізделген араб күнқайыруын кейбір түркі халықтары бұрынғы орта ғасырлардың өзінде-ақ қолдана бастады. М.Қашғаридың сөздігінде орта ғасырлардағы ресми құжаттарда мысалы, Тоқтамыс ханның жарлықтарында, Қадырғали Жалайыри бидің шежіресінде жұмада әлаууел, рабби әл-аууел, ражаб, рамазан, сафар, зұлқыжа т.б. ай аттары бар. Қадырғали бидің айтуынша, түркілер екі түрлі күнқайыру жүйесін қолданған. Бірінші –арабша ай есебі, екінші –жұлдыз есебі.

Ел ішінде марқұм болған адамның жасын шығару салтында осы күнге дейін араб жүйелі күнқайыру қолданылады. Сондай –ақ ел арасында сапар айында ұзақ жолға шықпайды деген де ырым бар. Байырғы кезде сапар айында  сапар қашты ырымды да жасалатын болған. Ораза айт, Құрбан айт мейрамдары, марқұм болған адамның жасын шығару, т.б. діни салт-дәстүрлер арабша ай есебі бойынша өткізілген.

 

 

                          Ежелгі Қытай  календары

 

Қытайда  астрономия ғылымының  арнайы жолға қойылуы өте бағзыдан  бастау алады. Б.э.д 2137 жылы 22- қазанда болған   күн тұтылуын дәл айтып  бере алмағаны үшін  император Чунг Кан астронамдардың басын алдырған деседі. Б.э.д 11 ғасырда қытай астрономдары эксватордың эклиптикада қисаюын анықтайтын (наклонения) «гномон» атты вертикалды  стержень құралы көмегімен күн мен түннің  теңелуін, тоқырауын, жыл басын анықтап отырған.

Б.э.д  18-12 ғғ. Шань-Инь заманында 12 айдан тұратын 356  тәулікті жылдық календарь қолданған. Б.э.д. 1000 жылдары ай 29,5 тәуліктен, жыл 365,25 тәуліктен тұратындығын есептеп  Ай-Күн жән Күн  календарын қолданған. Ондай  календарь 12 жыл х 12 ай + 7 жыл х 13 ай = 235 ай  19 жылдан   деген  пайымға  тоқтаған. (Бұл Метонов  циклымен  бірдей). Айлар   туар айдан (новолуние)  басталған. Жыл басы Күннің  Суқұйғыш жұлдызына жеткен   кезеңінен, яғни қыстың  аяғы мен  көктем  шекарасына  дөп келген. Бұл Юлиан календарымен сәйкес, бірақ онан 150 жыл бұрын қытайда қолданылған.

Цин  империясы  дәуірінде (б.э.д.246-201жж) Күннің  эклиптикада орналасуына байланысты жылды 24 сезонға  бөлген шаруашылық календары қарапайым халықтың қолдануына аса қолайлы болды.  Б.э.д. 104 жылы Тай-чу-лидің календарь реформасы барысында  тропикалық  жылдың ұзақтығын, синодтық ай,  сезон  уақытын әлдеқайда дәл анықтауға қол жеткізді. Бір ай 29,530864 тәулік екендігін анықтады және ол  қазіргіден  небәрі 24 секундке ауытқиды. Бұл  тенденция ары қарай  Юань империясы кезеңінде де  жалғасты.

 

               Түрік халықтарының календары

 

Түркілік жыл санау жүйесін  осыдан 3 мың жыл бұрын  Алтай таулары мен Амур  дариясы аралығын мекендеген көне түрік,  ғұн тайпалары дүниеге әкелген деседі  кейбір ғалымдар. Көне түрік тілінде мүшел  ұғымы  «мүш»-он (десять), «ел/иыл»-жыл, былайша он жыл деген мағынадан туған  деседі. Алғашында 10 жылдық циклден тұратын  жүйеге кейін екі жыл қосылып 12 циклге айналған. Шығыс түріктердің Орхон руникалық жазба ескерткіштеріндегі Күлтегін балбалында: «Күлтегін  қой жылы он жеті жасында өлді … мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде бәрін алқадық»-делінген.

Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде  12 хайуанның  жылға аты берілуі туралы  қызықты  дерек  келтіреді. Онда түріктер  ұрыс-соғыс болған  уақытты естен  шығарып алып үлкен жаңсақтық  жіберген  себепті жыл анықтауды қолға алған  дейді. Үлкен Қаған аң аулауға  шығып адамдары жабайы хайуандарды Іле  дариясына қарай айдағанда сол судан 12 хайуан аман өтіпті.  Судан өткен реті бойынша 12 жылға ат берілді  делінген.

Көне  түріктердегі 12 мүшел жылдың басы: куску -(тышқан), уд-(сиыр), барс,  табышқан- (қоян), нек-(ұлу), жылан, жунд-(жылқы), қон-(қой), бічін -(мешін), тақығу-(тауық), ыт-(ит), лағзын-(доңыз). Түрік  халықтарының барлығында  бұл жүйе ұқсас. Тек ұлуды  ұйғырлар мен түрікмендер  балық (белиқ) жылы деп атайды,  Алтай-Саян түріктерінде (телеут, алтай) қой мен мешін жылының орны ауысқан.

Қазақтар туған жылы бір айналып келген  межесін 1 мүшел деп есептейді. Бала 13 жасқа толғанда алғашқы мүшелі делінсе, одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. Ол жиырма беске толғанда екі мүшел, отыз жетіге толғанда үш мүшел, қырық тоғызға келгенде төрт мүшел, алпысқа келгенде бес мүшел деп есептеледі. Қазақтың адам өмірін кезеңдерге бөлуіне байланысты қалыптасқан шартты түрдегі төменгі бөліністері мен мүшел санау үрдістері барлығы сайып келгенде, қоғам мүшесінің әлеуметтену жағдайын, яки, қоғамдағы орны мен мәртебесін белгілеу (инициация) болып табылады. Дегенмен мүшел жылы  қазақтар ырымдап аса  сақ  жүреді. Өйткені мүшелде адамның  пәле-жала, ауру, қасірет, сәтсіздікке  ұшыруы әбден ықтимал. Мүшел жылы садақа  беру, ата-бабалар рухына мінажат ету дәстүрі қазақтарда бүгінге дейін  сақталған.

Түрiк халықтарындағы ең  көне  уақыт санау  жыл  межесiн “иас”, “кыш” (жаз бен қыс) екi   маусымға бөлiп есептеген. Бұған Байкөл  көлiнiң  Ольхан аралынан табылған түрiк бiтiгiнде “аркар ай  бичин кыш” – арқар айы  қыстың шегi деген жолдар мысал бола алады. Бұл көне және орта ғасыр түрiктерiндегi календарь мәселесiн зерттеген  француз ғалымы  Луй Базиннiң  пiкiрiнше сол кездегi қыстың басы саналған. ХIII ғасырдағы түрiк жұрттарындағы ай аттары мынадай: хуби (үлес), улару (ұлар), көкегу (көкек), бугу (бұғы), қоша (қошқар), өүжин (бәбiсек), еури (ұя басар), құлан жуда (жұт), екү боран айы (үлкен боран) деп аталған (Bazin Louis. Les calendariers  turcs anciens et mediaevaux. Univ de Lille. III.1974, 579).

 

 

                                   

                                    Қазақ календары

 

Қазақ есепшілері белгілі бір жұлдызды күнқайыруға негіз етіп алуда үш түрлі шарттылықты ұстанған. 1.Бататын жұлдыз болуы (жұлдыздың батуы жылдың шығуы мен жылдың кіруін білдіретін ең басты астрономиялық меже болды). 2.Ол жұлдыз бен ай өзінің әр фазасында тоғысып отыруы. 3. Жұлдыздың бататын мезгілі айдың бір жаңасында сәйкес болуы.

Қазақтарда  Қамбар тоғысы  деп аталатын  календарь  жүйесі болған. Ол Қамбар  жұлдызының  (Арыстан) қозғалысына  негізделген.  Қамбар жұлдызы күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар жұлдызы көк жүзінде Аймен бес рет кездеседі, есепшілердің тілімен атқанда бес мәрте тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді. Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы, Қамбармен бес жаңасында тоғысуын бестің айы (желтоқсан), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар), бір жаңасында тоғысуын бірдің айы (ақпан) деп атайды. Әр тоғыстың арасы, шамамен, 28-29 күн болады. Қамбар тоғысы бойынша, сөйтіп, бес айды кемімелі тақ санмен атаса, қалған жеті айды жай сөзбен айтқан. Олар: аласапыран, отжақпас, құралай, жұтшашқан, т.б. тәрізді байырғы атаулар болуы ықтимал .

Қамбар тоғысына тән бірдің айы, үштің айы тәрізді атаулар Қазақстанның Шығыс өлкесінде, Алтайда, Шынжанда күні бүгінге дейін қолданылады. Туыстас қырғыз тілінде де токуздун айы, жетинин айы, қалған жеті айдың атауы: жалган куран (наурыз), чын куран (көкек), бугу (мамыр), кулжа (маусым), теке (шілде), баш оона (тамыз), аяк оона (қыркүйек) деп жай сөз тіркесімен айтылады.

Қамбар тоғысы бойынша жыл басын тойлау–айдың бірінші жаңасында басталады, яғни Айға тәу ету салты қатаң сақталады. Мейрамның аты Қызыр Ата мейрамы немесе ақтың мейрамы деп аталады. Түркі –Монғол ұлыстарын сонау ХІІІ ғасырда аралаған жиһанкез Марко Поло «ақтың мейрамы күні барша жан үстілеріне ақ киетін болған, бір-біріне ақ зат сыйлаған, бір–бірімен құшақтасып, төс түйістіріп көріскен» деген дерек қалдырған («Марко Поло» А., 1990, 102-б).

 Үркер  тоғысы–халқымыздың байырғы тұрмысында аса кең тараған күнқайыру болды. Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат–түрік» сөздігінде (ХІ ғ.) бұл атау Үлкер деп айтылады. Осы сөздің түптөркінін түрлі әр қырынан салыстыра тексерген ғалымдар (француз шығыстанушысы Л. Базен) оның түбірін үл және кер деп бөледі. Үл–деген көне түбір «бөліну», «оқшаулау» деген мағынаны білдірген. Үркер сөзі қазақ тілінде  үле, үл-ес, үле-с-тір деген сөздермен төркіндес болып шығады. Күнқайырудың есепшілер ұстаған мұндай негіздемелері ұқсас. Айырмасы Қамбар жұлдызына қарағанда Үркердің күн белдеуіндегі жүретін жолы әлдеқайда ұзақтау.

Қазақ қауымы үшін Үркер тоғысының бірнеше қолайлы жағы бар . Ескі жылдың шығуы мен Жаңа жылдың кіруі бұрынғыдай қыс мезгілінің аяғында (ақпан) емес, көктем мезгілінің соңына сәйкес келетін болды. Үркер мамырдың ондарыдан бастап, жаңа туған Аймен тоғысады. Бұны есепшілер бір тоғыстың айы деп атап, оны жылдың басы етіп белгілеген. Жыл басы тойланатын мейрамның атын Қымызмұрындық деген.

Майдың ондарында батқан Үркер шамамен қырық күн «жерде жатады» (аспанда көрінбейді) да, маусымның жиырмаларында туады. Ай өзінің жиырма үш жаңасында таң ағарып қалған сәтте Үркермен тоғысады (шілде айының ішінде). Бұл тоғысты жіті қадағалап жүрген есепшілер болмаса, жай адам көре бермейді. Бұдан кейін Ай жиырма бір жаңасында таң алдында Үркермен тоғысады. Бұл тоғысты есепшілер жиырма бір тоғыс деп атайды. Арада 27-28 күн өткен соң Ай өзінің он тоғыз жаңасында Үркермен тағы да тоғысады. Бұл–он тоғыз тоғыс деп аталады. Осы рет бойынша Айдың Үркермен тоғысуы кемімелі  тақ санмен есептеледі. Есепшілердің тілімен айтқанда –«Үркер таққа тоғаяды».

Үркердің тәуліктік қозғалысын астрономиялық меже етіп алып, түннің ұзақтығы, қысқалығы тәрізді құбылыстарды анықтады. Үркер қас қарая көрініп, таң атқанша батпайтын болса, ең ұзақ түн (қыс ортасы), ал түн ортасы ауа батып кетсе, күннің ұзарып, түннің қысқара бастағаны. Сөйтіп, есепшілер Үркердің жылдық жолына ғана емес (мысалы, Үркер батқан кезден келесі жылғы батқан кезге дейінгі аралық), тәуліктік қозғалысына да назар аударды. Осыдан  тәуліктегі уақыттың басталуын  межелеген.

Үркер тоғысының тағы бір артықшылығы ауа райын болжауға, жыл мезгілдерінің (солярлық уақыттың) қалай өтетінін жорамалдауға қолайлығы. Үркер есебі бойынша жыл екі мезгілге бөлінген. Үркер «жерге түсіп, көрінбей кеткен кез–жаз, ал Үркер көрінетін кезі–қыс. Көне түрік  жазбаларындағы  «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген жазудың мәні  осындай астрономиялық  эмпирикадан туған.

Үркер тоғысы да, одан бұрынғы Қамбар тоғысы да деректі ойлаудың деңгейінде жасалған және аса бір сирек ұшырасатын, басқа халықтардан қайталамасы (аналогы) кездесе қоймайтын ай жүйелі күнқайыру.

 

             Қазақтар Үркер мен Қамбар  тоғысынан  басқа  уақыт санауды да пайдаланған. Ол қайталап отыратын ауа райындағы құбылыстарға негізделген  фенологиялық  календарь  амал есебі.  Оны жыл бойы жауын-шашын, жел, боран, ыстық, суық т.б. қай кезде болатынына сүйеніп, шаруашылық ұйымдастыруға қолданған. Ол бәрібір  Тоғыс есебінің   көмегіне сүйенген аралас  уақыт санау жүйесі болып табылады.  Айталық, Киіктің матауы деген амал он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киік, ақбөкен, қарақұйрық, жайран т.б. қоңыр аңдардың текелері үйірге түседі. Ал, елік, құралай лағын көкектің басында өтетін 5-10 күндік салқында өргізеді. Үш тоғыстағы бұл амалды құралайдың салқыны дейді. Он бес тоғыста (қазанның аяғы, қарашаның басында) өтетін жауын-шашынды 5-10 күндік амалды есепшілер бұғының мойын жуары деп атаған. Бұл кезде бұғы маралмен насай топыр құрады. Марал қодығын көкектің аяғы, мамырдың басында ертеді. Таутекенің тауешкімен, құлжаның арқармен үйірге түсетін кезінде он үш тоғыста (қарашаның аяғы) өтетін амал теке бұрқақ (бұрқылдақ) делінген. Арқар мен тауешкі төлін майдың ортасы ауа өргізеді. Он бір тоғыстағы (желтоқсан) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (қаңтар) өтетін аязды күндері ай мүйізді алтын күн немесе ақпан тоқпанның аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер крещенские морозы) делінеді. Кейбір жылдары, мысалы ақ қоянның жылы қыс қатты болып, көпке дейін күннің сағы сынбай тұрады. Малға жайсыздау тиетін мұндай кездегі амалды «ай мүйізді алты күн, қаһарлы келсе–қатты күн, қырына алса-қырық күн» дейді. Бес тоғыстың бес жуары деген сөз орамы бес тоғыстағы (наурыз) амалдың (жауын–шашынды 5-10 күн) шаруаға жайлы өтетінін білдіреді.

Күнқайыру жүйесіне негіз бұл атаулардың мағына-мазмұнына табиғат құбылыстары, күн райы, көшпенді өмірдің тұрмыс-тіршілігін байқайтын сөздер арқау болған еді. Мысалы, жылдың бас айы-отамалы мерзімі жағынан мамыр айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні от «шөп» деген мағынадағы сөз екені үш шүбә тудырмайды. От–түркі тілдерінің барлығында дерлік кездесетін көне сөздердің бірі. Әдетте отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ал одан кейінгі ай-саршада көкорай шалғын өсіп, толады да, айдың аяғына қарай шөп басы сарғыш тартып пісе бастайды. Бұл айдың сарша аталуы да сондықтан. Ал тамыз сөзі «күйдіру» деген мағынаны аңғартады. Б.А. Куфтиннің тамыз сөзін «жағу», «тұтату» мағынасындағы етістік, одан тамыздық сөзі туындаған деуі қисынсыз емес. Бұл айда күн аптап болып, шөптің басы қурай бастайды. Тамыздан кейінгі ай–қыркүйек, әуелде қошқарға, текеге күйек байлана бастайтын кез дегенді білдірген. Желді немесе қазан –алғаш үсік жүріп, күннің суыта бастайтын шағы. Қазан парсы тілінде «күз» дегенді білдіреді. Қарашада жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды, ай атының «қараша» деп аталуы да осыған меңзейді. Желтоқсан кейде тоқсан деп те аталған. О баста күз айлары желдіден басталып, тоқсанмен аяталған.. Қаңтар – «күннің қаңтарылып байланатын, одан әрі тұқырып, қысқара алмайтын айы» болғандықтан айдың аты да осылай аталған

 

 Жұлдыз ай. Ай   санаудың бұл  жүйесі Күннің бір жылдық көрінерлік жолының  бойына орналасқан  12  зодиак  шоқжұлдызының көмегіне сүйенген.  Күн жүйесіндегі планеталар мен Ай да  зодиактар арқылы өтеді және олар көптеген халықтарда  жануарлардың атымен аталады.  Күн мен түннің көктемгі теңелу нүктесі Тоқтыда, күзгі теңелуі Мизамда, жазда Шаянда,  қыста Ешкімүйізге дөп келеді. Зодиак аттарының  әр халықта аталуы мен оның ай аттарына сәйкес  келуін былайша  кестемен  салыстыруға  болады.

              Зодиак шоқжұлдызының атауы

Ай аттары

Көне түріктерде

Орысша

Арабша

Арабша

Қазақша

Латынша

Қозы

Овен

Хамал

Мүһаррам

Наурыз

Март

Уд

Телец

Сәуір

Сафар

Көкек

Апрель

Ерентүз

Близнецы

Зауза

Раби І

Мамыр

Май

Кучық

Рак

Саратан

Раби ІІ

Маусым

Июнь

Араслан

Лев

Әсет

Жумада І

Шілде

Июль

Буғдай башы

Дева

Сүмбіле

Жумада ІІ

Тамыз

Август

Үлгу

Весы

Мизан

Ражаб

Қыркүйек

Сентябрь

Чадан

Скорпион

Ақырап

Шаабан

Қазан

Октябрь

Йа

Стрелец

Қауыс

Рамадан

Қараша

Ноябрь

Оғлақ

Козерог

Жеді

Шаввал

Желтоқсан

Декабарь

Көнек

Водолей

Дәлу

Зу-л-када

Қаңтар

Январь

Балық

Рыба

Хұт

Зу-л-һижа

Ақпан

Февраль

 

 Бесқонақ календарыежелгi шығыста қолданылған  календарь. Күн қозғалысына негiзделген жыл ұзақтығы 30 күннен тұратын 12 айға және ешбiр айға енбейтiн ескi жылдың соңы мен келе жатқан жаңа жылдың ортасындағы аралық қосымша күндермен есептейтiн жыл санау жүйесi. Кейiн «бес қонақты календары» қыпшақ, оғыз тiл тобына енетiн түркi халықтарының календарларына негiз болған. Орта Азияға ислам дiнi таралған соң астрономия ғылымының ғарыштап дамуы нәтижесiнде Беруни, Омар Хаяйм астрономиялық жылдың ұзақтығын (365,24 күн) ескере отырып, әрбiр төртiншi жылды “кiбiсе жыл” есебiнде бiр артық күндi қоса есептедi. Ай есебiне енбейтiн қосалқы күндердi қазақтар “балақ күн” немесе “қалыс күн” атауы  кiбiсе жылдар есебiнiң толықтыруына ұқсайды.

Айлардан тыс алынатын дербес ай санатына енбейтiн мұндай қосалқы күндердi күнқайыру жүйесiнде пайдалану көне жұрттарда (Мысыр,Соғды, Хорезмде) болған және оны көне Мысырлықтар “Құдайға құлшылық ететiн күндер”, парсыларда “андаргах” немесе “фәнджи” яғни ұрланып кiретiн, кетiктi толтыратын күндер деп атаған.

 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер.

  1. Селешников  С.И. История календаря и хронология, М.,      1970,
  2. Louis      Bazin. Les anciens calendaries mediavaux turcs, Universite Lille, III,      1974.
  3. Исқақов М. Халық календары.  Алматы, 1980
  4. БеруниАбу Райхан. Избранные произведения Ү том 1 часть. Ташкент: Фан,      1973.
  5. Поль      Кудер. Календарь.  Москва:АСТ      Астераль, 2004
  6. Цыбульский      В.В. Лунно-солнечный  календарь      стран Восточной Азии с переводом на даты европейского календаря. Москва,      1987.
  7. Қазақ  тілінің       фразеологиялық сөздігі. Алматы, 1977.  (Сөздіктің қосымшасы)
  8. Уәлиев Нұргелді.      Ай аттары  асылымыз // «Ана тілі».      Жылқы  жылы №5,8,10, Қой жылы №22
  9. Диваев      А.А. Месяца по киргизскому стилю с обозначением народных  примет // Известия  общества       археологии, истории и этнографии при Казанском университете. Т.      ХІІІ. Вып 4, Казанаь, 1896.
  10. Фиельструп      Ф.А. Из обрядовой жизни       киргизов  началда ХХ  века. Моква: Наука , 2002. –С.203-227.
  11. Қамбаров      Қ. Қазақтың  ұлттық күнтізбесіндегі      жылсанау  жүйесі // Егемен      Қазақстан. 1996ж. 30-қараша №233
  12. Сұлтаншәріп      Н.  Қазақ  күнтізбесіндегі  ай амалдары  // «Ұлттар  ынтымағы». Үрімжі. 1994 № 4. 34-44.
  13. Тюхтенева      С.П.Календарь 12-летнего цикла у       алтайцев // Проблемы изучения древней и средневековой  истории Горного  Алтая. Горно-Алтайск, 1990.
  14. Котов В.Н.Календарь      ранних  кочевников: семантика      Курганского кинжала // Интеграция археологических и этнографических      исследовании: Сборник научных трудов. Омск, 2003. С.207-209
  15. Константинов Н.А.  Народные резные календари // Сборник      музея антропологии и этнографии. ХХ вып. М.-Л., 1961.84-113

 

  Бабақұмар ХИНАЯТ,

                                                                                  этнограф-ғалым


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*