Жаңалықтар

Шаң астындағы шындық

Қытай Халық Республикасының мұрағат қорларындағы Қазақ елі өміріне қатысты деректер туралы сөз

Ұлттық тарихты зерделеу жөнінде өткізілген үлкен жиыннан кейін тарих саласында жаңаша сілкініс, жаңаша серпіліс орын алып жатқаны шындық. Соның бірі – қазақ қоғамына бейтаныс дүниелерді жарыққа шығару үшін тарихшы ғалымдарымыздың шетелдерге іссапарларға шығуы. Жуырда ғана Қытайдан орал­ған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошанмен әңгіме негізінен іссапардың нәтижесі туралы өрбіді.

– Қытайға барған сапары­ңыз­дың не­гіз­гі зерттеу нысаны ХV-ХІХ ғғ. Қазақ хан­дығының тарихы, Қазақстанның Ба­тыс және Шығыс елдерімен сыртқы саяси байланыстары екен. Еш қиындықсыз, ке­дергісіз жақсы барып келдіңіз бе? Жұмы­сыңыз қаншалықты нәтижелі болды?

– «Мыңжылдық көкжиек» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде Қытай Халық Респуб­ли­касының Бейжің және Сиань қалаларына археографиялық ғы­лыми іссапармен барып қайт­тық. Шығыстану институты ға­лым­дарынан құралған шағын топқа аталған институттың Азия және Тынық мұхиты аймағы бөлімінің меңгерушісі Бақыт Еженханұлы басшылық етті. Іссапар басталмас бұрын осы жолғы ғылыми сапарды екі бағытта жүргізу, яғни бірінші бағытта Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттарды жинақтау, екінші бағытта қазақ халқының этногенезі мен көне тарихына байланысты Қытай жерінде сақталған түрлі көне ес­керткіштерді жинау бойынша жұмыс істеу алдын-ала жос­парланған болатын. Осы екі ба­ғытта жоспарланған жұмыстың барлығы өз деңгейінде атқарылды. Қазақ тарихына қатысты аса мол мәлімет Цинь патшалығы мұ­рағат құжаттарында сақталған. Нәтижелі еңбектің арқасында «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар жинағы» деп аталатын көп томдық елге әкелінді.

– Бұл жинақта қазаққа қатысты қандай құжаттар бар? Таратыңқырап айтып өт­сеңіз?

– Қытайдың Бірінші тарихи мұрағаты мен Қытай шекара аймақтары тарихи-географиясын зерттеу орталығындағы Ву Юанфэн, Ли Шэн сынды ғалымдар құрастырған «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар жи­на­ғы» атты еңбек 2012 жылдың соңында аз таралыммен (бар-жоғы 50-60 данамен) жарық көрген еді. Бұл еңбектің ұзын саны 283 том. Бұған Бірінші тарихи мұрағаттың «Цзюнь цзи чу лу фу зоу чжэ» – «Әскери басқармада сақталған ұлықтар мәлімдемелерінің көшір­мелер қоры») деп аталатын­ қорында сақталған 72812 құжат (оның 8887-сі қосымша құжат саналады) енгізілген. Бұл жәдігерлер 1730 жылдың соңынан 1911 жылдың ортасына дейінгі жалпы саны 181 жылды қамтиды.

Айта кетерлік бір жайт, атал­­мыш еңбек Қытайдың дәс­түрлі тарихнамасына сай құрас­тырылғандықтан, оның бір ерек­шелігі – онда тарихта Қытай­мен қарым-қатынаста болған елдердің барлығы «Қытайға бағынған» деген тарихи тұжырымдаманы қолданған. Осындай себепке байланысты, еңбектің тақырыбы «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар жинағы» деп аталады. Соған қарамастан, ондағы құжаттардың ауқымды бөлігі Цинь патшалығының Қа­зақ, Бурут (қырғыз), Қоқан, Ба­дақ­шан сынды Орталық Азия елдері­мен орнатқан қарым-қатынас тарихынан сыр шертеді. Соны­мен бірге, онда аталмыш елдер­дің, әсіресе, қазақтар мен­ қыр­ғыздардың XVIII-XIX ға­сырлардағы тарихы, мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі және ішкі әлеуметтік жағдайы туралы аса құнды мәліметтер сақталған. Қытайдың Бірінші тарихи мұрағатындағы бұл құжаттардың қалыптасуы Цинь патшалығының жаулап алу мақсатындағы тарихымен, әсіресе, олардың Жоңғар хандығы мен Қашғарияны басып алу тарихымен тікелей байланысты болды. Цинь патшалығы XVIIІ ғасырдың 50-жылдарында көп жыл бойы Қазақ ханды­ғы­мен шай­қасып, әбден қалжыраған Жоңғар хандығын жойғаннан кейін, көп өтпей Қашғарияны да өзінің тікелей билігі астына ала бастады. Осы тарихи оқиға­лардың бары­сын­да Орталық Азиядағы басқа халықтар да алпауыт айдаһармен бетпе-бет келуге мәжбүр болып, онымен арадағы қарым-қатынастың бейбіт жолдарын қарастыра бастағаны мә­лім. Қазақ хандығы мен Цинь патшалығы ара­сындағы саяси-дипломатиялық және эко­номикалық байланыс осындай жағдайда басталды. Мұрағат құжаттарының қазаққа қатысты мазмұны былай болып келеді: Цинь патшалығы әскери күштерінің Жоңғар хандығының соңғы ақсүйектері болған Әмірсана, Қасақшира сынды тұлғаларды қолға түсіру жолында жасалған әскери шара­лар барысында алғашында Қазақ ханды­ғы­ның әскери күштерімен бетпе-бет келіп, кейін келе екі жақтың бітімге келуі; сол тұстағы үкімет пен армия қолбасшыларының қолданған саясатына арналған құжаттар; екі ел арасында ресми байланыстар орнатылғаннан кейін бір-біріне елші жіберуі мен екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық істердің құжаттары; қазақтар мен Орталық Азиядағы басқа елдердің қарым-қатынасы туралы құжаттар; Қазақ-Цинь экономикалық қарым-қатынастары, оның ішінде XVIII ғасырдың екінші жартысынан XIX ғасырдың басына дейінгі мезгілде екі ел арасында жүргізілген «жылқыға жібек» саудасына байланысты әртүрлі құжаттар; Қазақ елі мен жері туралы, қазақ ру-тайпалары мен олардың басшылары туралы мәліметтер; Қазақ жеріне қатысты географиялық мағлұматтар; Қазақ пен жоңғар арасындағы шайқастардан мәліметтер; Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін қазақтардың бұрын жоңғарлар басып алған атамекеніне оралуы және қазақтардың қолдарында қалған қалмақтардың Цинь патшалығына қашып кетуі мен бейбіт түрде көшірілуі сынды мәселелерге байланысты жазылған құжаттар; Цинь патшалығының құзырына енген кейбір қазақтардың ахуалы, Қытайдағы қазақтардың қалыптасуы, т.б. туралы мәліметтер бар.

– Іссапар барысында Қы­тайдың Бірінші тарихи мұ­рағаты тағы қандай құпия­ла­рын ашты?

– Осы жолғы іссапарда жоғары­да атал­ған көптомдықты елге жеткізуден тыс, Қазақ елі тарихына қатысты басқа да құ­жат­тарға тексеру жүргізу мақсатында қы­руар уақыт жұмсауға тура келді. Жұмыс нәти­жесінде, Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Уәли сұлтан сынды қазақ хан-сұл­тандарының хаттары анықталып, олардың біразы көшіріліп алынды. Елге әкелінген бұл құжаттардың біразы құжаттың ксерокөшірмесі, қалғандары қолмен көшірілді. Бұлар жоғарыда аталған көптомдық жинаққа енгізілмеген.

– Өзіңіз екі бағытта жұмыс істедік деп айтып өттіңіз. Енді екінші бағытта атқарылған жұмыстар қандай болды деген заңды сауал туындайды?

– Неше мыңдаған жылдық жазба тарихы бар Қытай елі өз көршілері туралы ең көп мәлі­меттерді қағаз бетіне жазып қалдырған ел ретінде танылады. Сол себепті, Еуразия даласын еркін қоныстаған қазақтардың тікелей ата-бабалары саналған көне түркі-моңғол тайпаларының мыңдаған жылдық тарихы туралы ең құнды деректердің көбі сол елдің тарихи жазбаларында, мұра­ғат құжаттарында және басқа тарихи жәді­гер­лерінде сақталған. Ең қызығы, Қытай елі тарихты қағаз бетіне түсіріп қана қоймай, өз елі мен өзге ел­дердің тарихын мәңгі тастарға бәдіздеп те отырған. Бүгінгі кезде олардың «тас жазбаларында» әлем елдерінде теңдесі жоқ жазба байлық қоры сақтаулы. «Тас жазбаларды» ашу мен зерттеу жұмысы ол елде ең қарқынды жұмыстардың бірі саналады. Бұл жұмыстардың қарқын алуы қытай тарихын, қытай мен көрші елдердің түрлі қарым-қатынасы тарихын зерттеуге серпін бере бастады. Соңғы уақытта ашылған жаңалықтар түркітану ғылымының тың тақырыптарын жазуға жаңа мүмкіндік беруде. Себебі, ес­керткіштердің біраз бөлігі түрлі тарихи кезеңде қытай жеріне барып, сол елде елеулі міндеттер атқарған, түркі халықтарынан шыққан тарихи тұлғалардың қабыр басына қойылған эпитафиялық ескерткіштер болып, ал, ол көне түркі халықтарының тарихынан тың әрі нақты мәліметтер беріп отыр. Бұл ескерткіштердің елеулі бөлігі VI-IX ғасырлардағы түркі халықтарының тарихынан сыр шертеді. Ескерткіштердің негізгі мазмұнында аталған нәрсе тарихи тұлғаның аты-жөні, туған және өлген жыл, айы мен күні, қай елдің адамы екендігі, түркі тайпаларының қайсы руынан шыққаны, әкесінің, ата-бабаларының өз елінде кім болғаны, қандай себептерге байланысты Қытайға келгені, Қытай елінде қандай міндеттер атқарып, империя үшін нендей үлес қосқаны және сол еңбектері үшін патшалық тарапынан қандай марапаттау, атақ пен шен берілгені туралы бірқатар мазмұндар жазылған. Бұл мәліметтер көбіне тарихи тұлғаның жеке өміріне қатысты жазылғанына қарамастан, бүкіл түркі халықтарының саяси, мәдени, рухани болмысын өз ішіне алған тұтас тарихын кешенді түрде зерттеуге көп мүмкіндік береді. Қазірге дейін анықталғанындай, ескерткіштер мазмұны жағынан Қытайдың ресми 24 тарихы мен басқа да тарихи шығармаларының ақтаңдақ беттерін толықтырып отыр, аталған ескерткіштердің еліміздің көне тарихын зерттеудегі деректемелік құндылығы, міне, осында деуге болады.

Қазірге дейін табылған мұндай дүниелердің біразы көк түріктер (бұлар ащына, ашыдэ, жчиши, биши сияқты Түркі қағанатының билік басындағы ақсүйек тайпалар), ұйғыр, сюэяньто, қарлық, шігіл және түркеш сияқты түркі тайпаларының өкілдеріне қатысты болып отыр. Ал ескерткіштердің тілі мен жазуы бұған дейін тек қана қытай тілінде болып келсе, үстіміздегі жылдың сәуір айында Сиань қаласынан қытай және руникалық жазумен көне түркі тілінде жазылған екі тілді Гэчо («Қара чор») ескерткіші табылды. Ол аталған ескерткіштердің деректік құнын жаңа деңгейге көтерді.

Бұл бағытта жасалған жұмыстар нәтиже­сін­де аталған эпитафиялық ескерткіштерден өзге, көне ұйғыр жазуымен түркі тілін­де жазылған бір топ жазбалардың табыл­ған­дығын айта кеткіміз келеді. Соның ішіндегі «Он оқ ұйғыр ханы және оның шекарасы туралы меморандум» деп атала бастаған көне ұйғыр жазуымен түркі тілінде жазылған құжат Х-ХІІІ ғасырдың еншісінде деген жорамал бар. Құжатта түркі халықтарының аталған кезеңіндегі тарихы мен тарихи географиясына қатысты ешбір жерде жазылмаған құнды мәліметтер көптеп сақталған.

– Ол жақтағы материалдар негізінен қытай тілінде шығар, осы жағы қиындық туғызған жоқ па?

– Қытай еліндегі көне деректердің ба­сым бөлігі көне қытай тілінде жазыл­ған материалдар болып келеді. Бұдан өзге руникалық жазбалар, көне ұйғыр жа­зуы­мен, соғды жазуымен, сирия жазуымен, тағы басқа да көне тіл-жазуда жазылған құ­жаттар көптеп табылып жатыр. Менің көне қытай және шағатай тіліндегі көне құжаттар бойынша деректанулық жұмыстар жасау мүмкіндігім бар. Бұған дейін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қытайдың ресми тарихнамаларындағы Қазақстанның көне тарихы мен мәдениетіне байланысты тұстарын аударып және оған деректанулық зерттеу жұмысын жасаған болатынмын.

– Жалпы, «Халық тарих толқынын­да» бағдарламасына өзіңіздің зерттеу ба­ғы­­тыңызға қатысты ұсыныс қостыңыз ба?

– Менің зерттеу бағытым тарих ғылымының маңызды мазмұны саналатын деректану ғылымымен тығыз байланысты. Тарихшы тарихтың өткен кезеңдерін тек тарихи деректер арқылы ғана тани алады. Ал тарихи деректер тарихи деректану ғылымының тікелей зерттеу нысаны болып табылады. Деректану тарихшылардың теориялық, әдістемелік және арнаулы даярлығын қамтамасыз ететін іргелі ғылым ретінде әртүрлі нақты тарихи мәселе мен тұтас тарихи үдерісті терең де тиімді зерттеуге көмектеседі. Жоғарыда айтылғандай, мен көне қытай деректері бойынша жұмыс жасап келемін. Осы бағыттағы зерттеудің кей тұсы көне қытай деректері негізінде протоқазақ тайпаларының тарихын анықтаумен байланысты болып келеді. Мұндай мазмұндағы зерттеудің хроникалық көрсеткіші көне түркі дәуірі мен моңғол дәуірлеріне тура келеді.

Ал мені көп толғандыратын мәселе, шығыс тілдерін меңгерген соңғы буынның ғылыммен айналысуының саябыр тартып бара жатуы. Олардың ғылыммен айналысуға құлықсыздық танытуының нақтылы себептерін жан-жақты зерттей отырып, жастарды ғылымға баулудың жолдарын кешенді түрде қарастыру керек сияқты.

– Бұл бағдарламаның сіздерге, яғни, тарихшыларға берері не болмақ?

– Бағдарламаның тарихшы­лар­ға, тарихшыларға ғана емес, тұтас Қазақстанның тарих ғылы­мы­ның дамуына берері өте мол. Ол Қазақстанның ұлттық тари­хының бір­тұтас бейнесін қалыптастыру мақсатында терең ғылыми-зерт­теулер жүргізу арқы­лы тарихымыздың ақтаңдақ беттерін толықтыруға үлкен мүм­кіндіктер тудыра алады.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*