Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында Ер Жәнібек Бердаулетұлының 300 жылдық мерейтойы қарсаңында Баян-Өлгийдің орталығы Өлгий қаласындағы көшеге батырдың аты берілді. Болашақта Ер Жәнібек батырдың зәулім ескерткіші бой көтеретін жері белгіленіп арнайы ескерткіш тақта орнатылды. Бұл туралы Baq.kz сайты хабарлады.
Батыр туралы мағлұмат. Қазақ халқының тарихнамасы бойынша Бердәулетұлы Жәнібек 1714 жылы Сыр бойында туған.
Ер Жәнібек – Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жанатай, Өтеген, Райымбек, Баян, т.б. баһадүрлермен үзеңгілес тұлға. Абылай ханның бас батырларының бірі ретінде халық жадында терең зерделенген, ауыз әдебиеті үлгілерінде көп кейіптелген тарихи тұлға. Ер Жәнібектің өмірі мен ерлігі жайында ел аузында бірнеше толғау, дастандар мен аңыз-әфсаналар сақталған. Солардың ең көлемдісі Қытай қазақтарының рухани көсемі Ақыт қажы Үлімжіұлының «Жәнібек батыр» дастаны. Бұл дастан ҚР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек әдебиеттер мен қолжазбалар қорында сақталып, кейіннен қадым жазуынан қазіргі кириллица әрпіне түсіріліп, «Бабалар сөзі» жинағы мен ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі жарыққа шығарған «Қазақтың батырлық жырлары» антологиясына енген. Батыр жайында Бұқар жырау, Үмбетей жыраулардың жыр-толғаулары мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбалары біздің заманға жеткен.
Шежіре жөнімен таратса, Ер Жәнібектің үлкен нағашысы атақты Қаздауысты Қазыбек би, өз нағашысы Сарыүйсін Досымбет батыр. Өзі Абайдың атасы Өскенбайдың туған нағашысы. Өскенбайдың Ермек есімді анасы Ер Жәнібектің қызы. Аңыздың айтуынша, Керей елінің туын Ер Жәнібекке Қожаберген батыр-жырау аманаттаған деседі.
Ер Жәнібек 1792 жылы 78 жасында дүние салып, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы маңына жерленген. 2010 жылы ұрпақтары ас беріп, басына кесене-ескерткіш тұрғызды.
Аруағыңа болысқан,
Әділ билік қылысқан.
Қашпаған қандай ұрыстан,
Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Абылай сенің тұсыңда
Сол бесеуі болыпты-ай,
Кейі батыр, кейі би,
Тәңірім берген сондай сый…
Үмбетей жырау 18 ғасыр /»Бес ғасыр жырлайды» 1 том, «Ай заман-ай, заман-ай…» жинақтары/