14-15 тамыз күндері Алматы қаласында «Ер Жәнібек» халықаралық қорының басқосуы өтті. Кешке Астана қаласынан жазушы Ж. Шәкен, ақын Д. Кәпұлы, сонымен қатар «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті медицина ғылымдарының докторы М. Темірбаев, профессор Т. Кәкішев, Б. Бопайұлы, дінтанушы М. Бұлытай, бапкер Қ. Сүлейменов, журналист Қалман Зуқабатыр немересі, тарихшы Н. Базылхан, Т. Жеңіс, М. Омаров, Қадыржан аға сынды сыйлы қонақтар қатысты. Кеш барысында ұлтымыздың айтулы батырларының бірі Ер Жәнібек бабамыздың 2014 жылғы өтетеін 300 жылдық мерейтойының жай-жапсары, жоспары талқыланды. Жиналған қауым өзіндік ұсыныстарын ортаға салып, ер Жәнібек батырдың ерліктерін, қазақ халқына қосқан өлшеусіз үлесі жайында сөз етісті.
Батырдың үш жүз жылдық мерейтойына арнап насихаттау мақсатында арнаулы концерттік шара, Астана, Алматы қалаларында, Моңғолия, Қытай елдерінде ғылыми-пракатикалық конференциялар ұйымдастыру, Ер Жәнібек батыр жайлы баспасөз беттерінде жазылған дерек, ақпараттарды жинастырып кітап шығару істерін күн тәртібіне қойды. Сондай-ақ жетінші арна директоры Б. Жексенбайқызы батыр баба жайлы деректі фильм түсіруді бастап та кетті.
Жәнібек Бердәулетұлы – батыр, шешен. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарға белсене қатысқан. 1760 жылы абақ керейлерді Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырған. Есімі абақ керейдің ұранына айналған батыр, жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанарда нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек биден бата алады. Деректерге сенсек айтулы бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды ажалдан құтқарып қалып, өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарған екен. Сондай-ақ Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, сынды батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 1731 жыл Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін “Жәнібек асуы” деп аталып кеткен екен. Содан соң 1760 жылы Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырып, тұтас бір ұлысты аман алып қалған.
Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл абақ керейдің ұранына айналған “Ер Жәнібек” сексеннің үстіне шығып қайтыс болады. Батырдың Шіңгіл ауданда тұратын он бірінші ұрпағы Зардықанның үйінде сақталған қасиетті туын 1940 жылы Оспан батыр Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтеріп шығады. Ер Жәнібек туралы қытайдың Алтай аймағының қазақтары «Жәнібек батыр» деген тарихи жанрдағы екі сериалды фильм шығарған.
Қазір Алматы қаласының Алатау ауданында Ер Жәнібек атындағы қысқа көше бар. Батырдың зираты Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ деген жерде. Батырдың басына «Ер Жәнібек» халықаралық қорының және осы қордың айтулы мүшесі Қанат Сүлейменов сынды азаматтардың арқасында 2009 жылы қыркүек айында ескерткіш орнатылған болатын.
Әзірлеген Бопай ханша.