Шежіре

Ақыт Үлімжіұлы. Жәнібек батыр

XlAzDNoIphw

Жазайын біссіміллә деп қисса бастап,
Керейдің аруақты бір ерін жаттап.
Жасымнан үлкендерден көп естіген,
Бұл өзі хикая еді жазса жақсы-ақ.

Жәнтекей Сүйіндіктен Алты тарар,
Алтыдан туған Сары ру болар.
Сарыдан Бердәулет пен Кірдәулет боп,
Бердәулеттен туған бір батыр ұл бар.

Дейді екен оның атын Ер Жәнібек,
Бұл жәйлі кеңес жаздым бір тәуір деп.
Ол бұдан екі жүз жыл бұрын өткен,
Көз көрген ісім емес дәл қазір боп.

Жазғаным, естігенім аңыз болған,
Сонша жыл керей елге маңыз болған.
Сөкпеңдер мен пақырды әлде не деп,
Демеймін мұның бірі табылды ойдан.

Бәрі де болған дейді білген қауым,
Білекпен, тілмен де ол түрген жауын.
Ат жалын тартқаннан-ақ көз жұмғанша,
Есінен шығармаған елдің қамын.

* * *
Жәнекең он алтыға келген жасы,
Бұлшық етті, Бура сан, зор тұлғасы.
Жауырынды, иықты, қас-қабақты.
Ер жүрек батырдың бар нышанасы.

Денелі, еңгезердей, сұңғақ бойлы,
Кеуделі, кеңнен толғар, терең ойлы.
Кішіпейіл, кең мінезді, кешірімді,
Ел тарықса табады ол тура жолды.

Тілеген еліне ерек берекені,
Түсінген жаудан келер әрекені.
Желбуаз жесір сөзге жан семіртпес,
Танылған жасынан-ақ ер екені.

Танылып өзі туған ел-жұртына,
Қондырып алғаннан соң елді ырқына.
Сары Үйсін нағашысын іздеп шықты,
Бірі деп үш жұртымның шыдар сынға.

Нағашысы — Досымбек, Өмір деген,
Үш жүзге танылған ер сенімменен.
Дулыға, сауыт киіп, қылыш асып,
Ел жауын бет қаратпай жерге илеген.

Бүкпеген сайыстарда ол тізесін,
Жан еді тектеп мәнді сөз білетін.
Жер шалғай жалғыз қыздан туған ұлды,
Күтетін туар кезді бір көретін.

Сексенге келіп аттан түскен кезі,
Ауылдан аттап шығып түстенбейді.
Тарайды өз алдынан елдің ісі,
Тебірменен тентекке күш бермейді.

Жәнекең осыларға бармақ болды,
Олардан бата, тәлім алмақ болды.
Күн туса ел басына зәуде ғалам,
Арқа тұтып, салмағын салмақ болды.

Жәнекең нағашымды көрейін деп,
Бір барып амандасып келейін деп.
Жүргенде жол жолдасқа Көбеш ерді,
“Жалғыз жүрме, мен ертіп жүрейін” деп,

Жол алды екі сабаз дара аттанып,
Тобышақ тұлпар мініп қанаттанып.
Секілді Жәнекеңнің түлек ұшып,
Қырандай жүрген кезі аяқтанып.

Жәнекең, Көбеш екеуі,
Осылай жүріп кетеді.
Жүрер жолы тым алыс,
Уақыт зырлап өтеді.
Атын екі тағалап,
Киімді неше шешеді.
Сырымалы кепештен,
Түгі тұтам өтеді.
Аты арықтап, өң тозып,
Тау асып, су кешеді.
Ай сегіз күн жол жүріп,
Сары Үйсінге жетеді.

Нағашы тегі толымды,
Досымбек пен Өмірді.
Жиенім іздеп келді деп,
Көңілі толып семірді.
Жиенін көріп қуанып,
Досымбек жылап егілді.
Нағашысын көрген соң
Жәнібек болды көңілді.
Нағашы жұртың кім еді деп,
Сұрайтын заң бар тегіңді.
Бөгенайлап білгіштер,
Ұқсаған байқар өңіңді.

Нағашы көзі қырағы,
Жиенін байқап сынады.
Ер жүрек батыр болар деп,
Жиенге көңілі тынады.
Ер тұлғалы келбеті,
Досымбекке ұнады.
Аман-сәлем жауабы,
Сары Үйсінге ұнады.
Сары Үйсіннің кісісі,
Сәлемге келіп шығады.
Аралытып ауылды,
Қадірлеп қонақ қылады.
Мұның бәрін сол ұлы ел,
Досымбек пен Өмірдің,
Қүрметі деп ұғады.
Сондай шақта бір жұмыс,
Елді қайран қылады.
Жәнібектен бір кәрі,
“Ұраның кім?” деп сұрады.
Жәнібек бұған сөз таппай,
Мүдіріп қалып тұрады.
“Абақ керей елі” деп,
Досымбек жауап қылады.
Ұрансыз елде береке,
Болмайды деп ұғады.
Ел басына күн туса,
Ұрандап жауға шығады.
Ұрансыз болса Абақ ел,
Онан да бір ұл туады.
Күні ертең соның есімін,

Елі ұран қылады.
Сол ұран — бойдың тұмары,
Сол ұран — ойдың шырағы.
Сол ұран — бүкіл халықты,
Бір төбеге жияды …
Деп кәриә толғайды,
Толғауында бар қайғы.
Жәнібекке бұл кеңес,
Жәйма-шуақ болмайды.
Жанын жердей бір жегі,
Ішкен ас бойға қонбайды.
Қайран елдің түңлігін,
Қайтып қана оңдайды!
Торғайдағы шиқылдап,
Шақырады торғайды.
Атқа қонса айғайлап,
Аты ұран неге болмайды?!
Осыны ойлап тықыршып,
Түнде үйге қонбайды.
Далаға төсек салғызып,
Далада жатып толғайды.
Түні бойы көз ілмей,
Түске шейін тұрмайды.
Бір күні түнде Досымбек,
Жиенін жайша барлайды.
Таңға жақын жанынан,
Көреді екі арланды.
Бірі бас, бірі аяқтан,
Жәнекеңді аңдайды.
Көк Бөрі дарып жүргенін,
Досымбек ұғып таңданды…

Жәнекеңнің тұлғасы,
Онсыз да оған ұнады.
Екеуі болса бірі осы,
Бірі болса өзі деп,
Досымбек, Өмір сынаған.
Кеудесі асыл, бөксесі
Жасық па деп жылаған,
Ақылы асқан дәнішпән,
Азулы кәрі арыстан,
Досымбекке жиеннің,
Басқа ісі түгел ұнаған.

Жәнібек сол жаз серуендеп,
Нағашы жұртта тұрады.
Күз басында қайтсам деп,
Көк бестіні сұрады.
Көк бестіні беруге,
Балалары қимады.
“Бермесең де алам” деп,
Жәнібек жиен тулады.
– Бір тайға тұрмас жиенді,
Жиен деме нағашы.
Дос-дұшпаның демей ме,
Тай құрлы жоқпа бағасы.
Осы сөз жетсе құлаққа,
Жаулардың қанар табасы …

Деген кезде Досымбек,
Ұлдарға кеңес салады:
— Сырты түк, іші боқ бір тай,
Жиенге шыны жарады.
Бермесең мұндай бір тайды,
Еліне не деп барады.
Көк бестідей жылқының,
Желіде бар ғой бараны.
Соның бірі күні ертең,
Жақсы ат болып жарайды.
Жиен назы қиын-ды,
Түскен екен жанары.
Бермесеңдер қолыңнан,
Еліңді ертең шабады.
Көк бөрі дарып жүр екен,
Есесін елден алады.
Осындай ер мінгенге,
Көк бесті шыны жараса,
Болмағаны арманы.
Деп Досымбек кәриә,
Шын көңілін шертеді.
Баласының кенжесі,
Сөзге көнбес ерке еді.
Соған тиген бәсіре,
Жылқы ішінде серке еді.
Оны күшпен зорласа,
Ол да тулап кетеді.
Ашуланып туласа,
Шорт сынатын морт еді.
Сонан қатты қиналып,
Көңілін ой өртеді.
– Балаларым көнбеді,
Қолқаң бір тай бермеді.
Сары Үйсінге тұлға боп,
Досымбек қалай келген-ді.
Деп кінәләп, жиенім,
Сөге көрме сен мені.
Тұғырдан түсіп отырмын,
Құрметтейді ел мені.
Іштен шыққан ұлдарым,
Қадерымды білмейді.
Ел шетіне жау келсе,
Ат ерттеп олар мінбейді.
Әкеге бала тартпаған,
Бұл заман сондай күн дейді.
Аттан түсіп отырмын,
Тағдырыма көнгелі.
Алпыс жылдық жолдасым,
Сауытымды бергелі.
Қалқан, найза, қылышым,
Есіңе салар шал мені.
“Ат тұияғын тай басар”
Ата сөзі бар ма еді.
Көк бестінің інісі,
Көк құнанды ал енді.
Осы болды, қарағым,
Нағашыңның бергені.
Разы болып атқа мін,
Айтпайды теріп ел нені.
Келер жылы Абылай,
Қол құрап жорық қылмақшы.
Жауынан кеткен қазақтың,
Кегін қайта қумақшы.
Жарақтанып, жабдынып,
Осыған барсаң тым жақсы,
Абақ та жатқан жалпақ ел,
Жауына жасау құрмақшы.
Он сегізге шығасың,
Сөзімді айтқан ұғасың.
Батамды бердім мен саған,
Белдескенді жығасың.
Бәлкім, осы шайқаста,
Ел аузынан шығарсың.
Армандаған мұратың,
Қабыл болар ұғарсың!

Қазақты үш жыл бұрын жауы шапқан,
Қан төгіп, малды жаулап ықсыратқан.
Айналып Алатауды, Арқаны асып,
Дайындық соған Абылай құрып жатқан.

Досымбек ұқтырған соң осы жайды,
Бергенін нағашының қабылдайды.
Нағашы кәрің төкпей бата бер деп,
Жәнекең шарт жүгініп қолын жәйді.

Бата алып, суыт жүріп елге келді,
Ауылдан алыс шығып жерді көрді.
Керей ел жасақ құрмай жатқан ел ед,
Көбі тайқып, біразы жөнге келді.

Көк құнан қыс айналып шықты дөнен,
Қысырдың сүтін беріп күтті Ерен.
Құндыздай жүні түлеп, шоқтығы өсіп,
Алды-арты дөңгеленіп болды берен.

* * *
Абылай жарлық шашты батыр төрең,
Жиылды төңірегіне көп пен көлем.
Үш жүздің атқа қонды бар саңлағы,
Белгісіз тынатыны арты немен.

Жосылған жарақты ерлер дүрмек құрды,
Бір толқып жүрген жерін сүрдек қылды.
Абақтан бар шыққаны он екі адам,
Жәнекең солармен бір жүрмек болды.

Жәнекең көк дөненді мініп алды,
Сауыт-сайман құралын іліп алды.
Сауыт киіп, сайланып, жарақтанып,
Сыртына түгі шығып айбаттанды.

Абылай бас қолбасы, әскер басы,
Мөлшері оның қырыққа келген жасы.
Хан болып, таққа мініп үкім сүрген,
Қазақтың сол тұстағы патшасы.

Жәй жатқан елін жау шауып кеткен,
Елін жаулап, малдарын алып кеткен.
Сол үшін бұл жолы ол кек алмақшы,
Жасақтанып жауына болып өктем.

Қалың қол жүріп кетті Алатауға,
Олжа алып келеміз деп жұртқа сауға.
Көтеріп Абылайдың алтын туын,
Ұран сап батырлары кетті жауға.

Абылай көк атты бір бала көрді,
Анықтап байқай алмай шала көрді.
Жәнекең көлденеңдеп өтіп еді,
Абылай көзін салып қала берді.

Көк аты тұлпар текті жылқы ма екен,
Баланың көрінеді сұрқы бөтен.
Көк атты көкжал бөрі мінгендей-ақ,
Абылай ойға батты бұған бөтен.

Бар еді қосынында нелер мықты,
Мінгені өңкей саңлақ, тым жүрісті.
Топ ішінен сыртынан байқап қалып,
Жәнекең мен дөненге көзі түсті.

“Япыр-ау, мынау батыр болар ма екен,
Болмаса ат арытар томар ма екен.
Бір сынап бүгін кеште көрейінші,
Сыныма батыр болып толар ма екен!”

Деп ойлап екі батыр шақырыпты,
Оларға берді былай тапсырықты.
Бүгін кеш қоналқамыз ағаш бейіт,
Деп сонда ол екеуін жасырыпты.

Баланы сол молаға жібертемін,
Моладан отын ал деп үйретемңн.
Аруақ боп барғанда оны шошытыңдар,
Байқайық батыр ма, өлез мұның тегі.

Ер болса танытар ол ер екенін,
Талабы қамал бұзар зор екенін.
Жаудан олжа алмаққа бара жатса,
Бармай-ақ біліп өлсін қор екенін.

Олжа үшін балалықпен бара жатса,
Жау емес өз қолыңмен жайқап таста.
Бірің ат, бірің сауыт олжа алыңдар,
Көзім түсіп қалып ед сол көк атқа.
Қос батыр елден озып кетіп қалды,
Барды да көрге кіріп жатып алды.
Ақшам сөне қалың қол шеру тартқан,
Молаға таяу жерге қона қалды.

Қалың қол түсіп жатыр су бойында,
Жарлығы Абылайдың тұр ойында.
Қақбас көпті көрген отағасы,
Жұмсады Жәнекеңді бір қиынға:

— Ей, балам, сенен жасы көрінбейді,
Жұмса деп тұрғандайсың өзің мені.
Қылтанақсыз далаға түнемекпіз, ханға бір қызмет
Қылар кезің келді.

Жолдағы ағаш бейіт молаға бар,
Қолыңа мықтылау бір арқан ап ал.
Ханға арнап тамақ істер отын әкел,
Осылай қызмет қылсаң сонда жарар.

Жәнекең сол молаға жетіп барды,
Түсе қап көк дөненді байлай салды.
Жүгініп отыра қап құран оқып,
Тұрды дағы моланы талқандады.

Қабырдан екі батыр қарғып шықты,
Айғайлап кең әлемді тар қып тіпті.
“Моламды неге бұзып жатырсың?” деп,
Ақ кебінмен ұмтылып салды күшті.

Жәнекең ол екеуін ұстады енді:
— Хақыңды құран оқып бергем, — деді,—
— Өлген аруақ сен түгіл, тірі Абылай,
Өлгелі аштан онда жатыр,— деді.

Сүйтті де ол екеуін лақтырды,
Көрмеді тырбынғанын лақ құрлы.
Отынды теңдей қылып өңгеріп ап,
Қосқа әкеп аттың басын бір-ақ бұрды.

Осы алғаш Жәнекеңнің байқалғаны,
Жүрегін қос батырдың қайтарғаны.
Жас бала екеумізді лақтырды деп
Арланып Абылайға олар айта алмады …

Өздері Абылайдан тайсақтады,
Жуымай аулақ жүріп жан сақтады.
Басқаға болған істі мәлімдеуден,
Қорынды, қорғалады, ар сақтады.

* * *
Мол қосын Алатауды сағалады,
Тау асты ормандарын саялады.
Түн жүрді күндіз жатып, кей шақтарда,
Ыстықта су бойына паналады.

Жәнекең жатса жалаң жататұғын,
Ұйқыға үш күн, үш түн бататұғын.
Қосынның алды жүріп өткен жерден,
Төрт күнде арты әрең асатұғын.

Жәнекең қатты ұйқыға батқан кезде,
Демалып бір түс көріп жатқан кезде.
Кеудесіне бір суық өрлеп келед,
Жылан көрді ол көзін ашқан кезде.

Қозғалса жылан оны шағып алмақ,
Қозғалмаса кім білер қайда бармақ?!
Аузын ашып Жәнекең жатып еді,
Жылан кірді ауызға ін деп барлап.

Дәл сол кезде басын ол қыршып алды,
Ирелеңдеп денесі шоршып қалды.
Жәнекең оның басын шәйнәп бүркіп,
Жаңғыртып күліп кетті Алатауды …

* * *
Бұл қосын Алатауды барлай жүрді,
Алды-арты бір-бірінен қалмай жүрді.
Жақсы ат мінген жайсаңдар топ алдында,
Жабы мінген кейбірі жандай жүрді.

Жәнекеңнің көк дөнені арындаған,
Аяңын желісті ат шалынбаған.
Сол үшін озып келіп бір түбекке,
Ер Жәкең белін шешіп дамылдаған.

Бір жатса үш күн, үш түн ұйықтар шағы,
Ол шақта сезінбейді ешбір жанды.
Жатады төрт борбайы төрт жағында,

Үстіне лыпа жаппай ұйықтар тағы.

Таңғы шақ ұйқы тәтті мезгіл еді,
Бір күш кеп Жәнекеңді езгіледі.
Сасық деп қолқа жарып кетіп барад,
Илектеп, домалатып жез бүрленді.

Байқаса байпаңдаған аю екен,
Болғанда ғажайып алып екен.
“Тұрыстық бермей” келіп түрткілеп жүр,
Аң болса да сұмырай залым екен.

Жәнекең тыныс алмай жатты бір дем,
Аю да бұл ойынға батты бірден.
Алаңсыз кезінде бір ақырып ед,
Қара Аю тапжылмастан қатты мүрдем.

Жәнекең оны келіп сүйреп көрді,
Өңгеріп көк дөненге жүрмек болды.
Сол кезде арттан жеткен бір тобына,
Сауға үшін қанжығаңа іл деп берді.

Оларға айтты: — мен мұны ұрғаным жоқ,
Терісінен тебендей жырғаным жоқ.
Бір ақырған үнімнен шошып өлді,
Одан басқа бұған қас қылғаным жоқ,—

Деді де көк дөненмен жүріп кетті,
Жорықтың бағытына бұрып кетті.
Сойғандар қара аюдың ішін жарып,
Айтқаны бұл баланың дұрыс депті.

* * *
Аузына Алатаудың қосын келді,
Дабырсыз тау сағалап тосын келді.
Соғысты ертең сәрі бастамақ боп,
Жауына Абылай хан хабар берді.

Абылай хабар берді Хан Суанға,
Келіп тұр қазақ қолы кек алғанға.
Қайтарса бар шығынды айыбымен,
Тимейміз тыныш болар біткен жанға.

Болмаса тұрысатын жерге келсін,
Жөн айытпақ сауыт киген ерге жосын.
“Ысқырып атқа киікте обал болмас”
Суан Хан екіден бір жөнге көнсін.

Дегенде Суан қатты ширығыпты,
Салам деп Абылайға қиғылықты.
Таң ата қалың қолмен қарсы шауып,
Аламын деп жариялапты бір биікті.

Түнімен жаудың қолы жиылыпты,
Кейі атты, кейі жаяу үйіліпті.
Кейбірі үйлерінде отыра алмай,
Орданың маңына кеп тығылыпты.

Сайланған қазақ қолы атқа мінді,
Садақ тартып, найза ұрып сапқа кірді.
Кек қуып, кезенген қол тисін бе оңай,
Таң ата жаудың қолын қойдай қырды.

Жаулары қамын жасап болмай жатып,
Қазақтар қырғын салды ойбайлатып.
Жауы қашып, орынын қазақ басып,
Өктем күшті сәт-сағат тұрды аңдатып.

* * *
Бозамықтап таң атты,
Таң астына қараса,
Будақ-будақ шаң шықты.
Шаң астына қараса,
Қисапсыз көп жау шықты.
Араласып екі жақ,
Қызыл қанға малшықты.

Садыр шықты бұрқырап,
Жосыды қан сырқырап.
Долан жирен астында,
Ілгізбейді оққа зырқырап.

Он сегізде жасы бар,
Отау үйдей басы бар.
Қазақтан барған ерлерді,
Жер қалмады жасырар.

Садыр шықты ақырып,
Аруағын судай сапырып.
Қазақтан барған батырдың,
Айдады бәрін жапырып.

Найзасын сілтеп ұрып жүр,
Жүрген жағын сырып жүр.
Қарсы келген батырдың,
Шырпыдай көрмей қырып жүр.

Жаудың қолы басты ғой,
Қазақтың қолы қашты ғой.
Ақтангерге оқ тиіп,
Абылай хан жаман састы ғой.

Жәнекең айтты барайын,
Найзамды қолға алайын.
Садырменен кезігіп,
Бір шайқасып қалайын.
Садырды жер құштырып,
Долан жиренді алайын.

Көбеш:
— Тоқтай тұршы, ой, батыр,
Емес мынау той, батыр.
Өзің оқыс боласың,
Барма бұған қой, батыр.
Жәнібек:
— Садырменен алыспай,
Ақсүңгіні салыспай,
Іздеп келген жауменен,
Бір шайқасып қалыспай,
Тұрғыны алып атыспай,
Тұрыстық бермес тақыстай,
Босқа қайтсам ұят қой,
Қызыл қанға батыспай! …

Қылыш алды қынынан,
Айын емес, шынынан.
Шу дегенде көк дөнен,
Жомырланды қырынан.

Жәнекеңнің мінгені,
Бөктерлігі көк дөнен.
Келе жатқан Садырға,
Тұра қалды көлденең.
Ителгідей ілісті,
Түрікпендей тұрысты.
Бурадайын шайнасты,
Бұқадайын тіресті.
Айғырдайын алысып,
Сарт-сұрт етіп қалысты.
Бірінші қару жұмсалып,
Шашақты найза салысты.
Дарытпай найза қағысып,
Аңдасты да алысты.
Жұлқысқан екі арыстан,
Намысына қарысты.
Садыр сонда ілгізді,
Ерлігін елге білгізді.
Шауып келіп шанышқанда,
Көк дөненнің көтіне,
Жәнібекті мінгізді.

Ерге мініп алады,
Ашумен қайраттанады.
Шұрқылтайың осы-ау деп,
Садырға найза салады.
Садырды жер құштырып,
Долан жиренді алады.
Айбаттанып аттанып,
Айғайлап ұран салады.
Өлтірдім деген Садырды,
Дауысы жер жарады.

Долан жиренге мінген соң,
Қосынға таман қайтады.
Абылай жаяу жүргенін,
Жәнекең көріп байқады.
Көк дөненді қосарлап,
Көлденең әкеп тартады.

Ханның алдын Жәнекең,
Қосарымен орады.
Дөненде болса мініңіз деп,
Ханға талап қояды.
Атынан түсіп, қүрметтеп,
Аттандырмақ болады.

Бірақ, оған Абылай,
Басын бір-ақ шайқады.
Қараның атын мінбейтін,
Қараны тең деп білмейтін,
Төрені Жәкең байқады.
Жол-жосын қуар шақ емес,
Елдің іші тағы емес.
Жау ішінде жүргенде,
Бұлай кергу бап емес.
Мұны жауы сезгенде,
Қаптап бәрі келмей ме.
Қазақтың ханы қолды боп,
Яки мерт боп өлді деп,
Қылмай ма елді шерменде.
Соны ойлаған Жәнекең,
Әмір қылды зары өктем,
Абылай ханды жөндеуге:

— Мынау атқа мінбесең,
Меніменен бірге жүрмесең.
Өлтіріп жауың кетер, — деп,—
Қазақты сайқы етер деп
Мұндай қаран күн туса,
Сүйектен намыс өтер деп,—
Бұл атаққа қалмаймын,
Жауға сені салмаймын.
Жауға сені бергенше,
Ондай қорлық көргенше,
Қылышымды қандаймын! —
Деп Жәнібек шамданды,
Қылышына қамданды.
Сұрқын көрген батырдың,
Ханда тақат қалмады.

— Сабыр, батыр, сабыр! — деп,
Дөненнің жалын тартты хан.
Жәнібек оны қорғаштап,
Жеткізіп салды қосына.
— Қауымың аман тұрғанда,—
Деді ханға,— шошыма!

Соны айтып ер Жәнекең жүре берді,

Жауларын ықсыратып түре берді.
Аттан басқа олжадан оймақ алмай,
Қосқа кірді бел шешіп түнегелі.

Абылай қосқа келіп тыным алды,
Шақ қалды жан алуға мығым жауы.
Сол үшін өз адамы қылыш кезеп,
Қиюғада аз қалды шыбын жанды.

Әйтеуір не болса да болды аман,
Сейілді басқа төнген бұл жамандық.
Ат беріп арашалап алып шыққан,
Ендігі кезек болды сол баланы ұқ.

Мінгені сол баланың долан жирен,
Аты ғой ол кәдімгі Садыр мінген.
Садырды алып, құтқарған сол,
Оң болар сол баланың жөнін білген.
— Ей, шабарман, сен қазыр атыңа мін,
Саған бір ерек жұмыс тапсырамын.
Көк дөненді майданда берген біреу,
Кез келді тапсыратын ат-тұрманын.

Жетектеп көк дөненді барып келші,
Иесі балаң жігіт тауып келші.
Атыңды хан қолынан алыңыз деп,
Шақырып оны осында алып келші!

Жетектеп көк дөненді ол аралады,
Жылқыда мұндай тұлпар санамалы.
Аралап қос біткенді жүргенінде,
Жәнібек атын танып жағалады.

— Танысаң ханға барып атыңды ал,
Бұл жайлы ханның саған айтары бар.
— Ханға несін барамын бір тай үшін,
Келмеді деп ханыңа бар да айта сал!

Бармаймын шақырсада ханнан не алам,
Не айтпақ ханың маған шақыртқанда? —
Дегеннен соң бар деп ел айтып еді,
Деді ол:
— Оң тізесін берсе барам!

Хан менің елім үшін тізе берсін,
Өз басым бір құрбандық түзде өлетін.
Елімнің терезесі елмен тең боп,
Түтіні кез туса екен түзелетін! —

Деген соң шабарманы кетті қайтып,
Батырдың ханға арнаған сөзін айтып.
Қалдырмай тілегенін сөйлей берді,
Бұлжытпай айтқанының өзін айтып.

Хан айтты:
— Неге ертпей келдің мұнда,
Ерлігін көрсеткен ол осы сында.
Батырға кішілік қып ертіп әкел,
Сұраған оң тіземді бердім шында.
Әуелі ол Садырды алды жекпе-жекте,
Онан соң ел қорғады шығып шепке.
Оны десең хауіптен мені ап шықты,
Оғаштау сөйлегені тұрса да есте.

Сол үшін өзім барсам керек еді,
Демесін бетыр мені елемеді.
Орданың ісі иені бұрылтпады,
Ертеңгі жұмыстары жеребелі …

Шабарман жетті қайта желдей өшіп,
Тізе бүгіп, тәзім қып жерді құшып:
— Хан өзі сізді келіп көрмек еді,
Бұрылтпады орданың ісі қысып.

Өзің жүр, жолың кіші, батыр бала,
Талабың орындалды сәтін сала.
Хан сізге оң тізесін бермек болды,
Кеп тұрмын сол хабарды айтуға да.

— Тілегім орындалса барайын деп,
Хан берсе оң тізесін алайын деп.
Атына мінді дағы жүрді солай,
Кездесіп хан сыйына қалайын деп.

Ордаға таяу келіп аттан түсіп,
Ибамен ханның келіп қолын құшып.
Қисайып оң тізеге жата кетті,
Келгендей дымы құрып, мұрттай ұшып.

Жатып ап, елін, жөнін баяндады,
Абақтың бар жайына аялдады.
Бірі деп Алты арыстың түлеп өскен,
Сол орынын әпер деп тамамдады.

Абылай бұл сөздерге мақұл деді,
— Бердім бұл тілегіңді ақыр, — деді,
— Керейді өзің жиып басқара бер,
Ордаға сүйеніш боп батыр,— деді.

Сол кезде ханға ақылшы,
Тіленші деген би еді.
Бұл жұмыстың жөн-жәйін,
Елден естіп біледі.
“Жерден шыққан жетіген,
Мынау неткен қу еді.
Шыға сап алса оң тізе
Ертең бәрін түреді,
Керей деген аз ғана ел,
Көш соңында жүреді.
Етектен келіп түсті алып,
Нендей орда тігеді.
Бір қулығы болмаса,
Басқа жоқ па тілегі.
Бүйте берсе кәрібоздың
Шайылмай ма жүрегі.
Уығы жоқ орданың,
Шаңырағын не тірейді?!
Деп кәрленіп Тіленші,
Абылай ханға кеп еді.
Естен кіре ереулеп
— Абылай! Абылай! — деп еді,
— Сұлап жатқан тізеңде
Мынауың кім? — деп сөгеді.

Абылай оны аңғарды,
Айтқанында мән бар-ды.
Батырға қылған сыйымды,
Қызғанды деп таң қалды!
— Мұның өзі серім ғой,
Қамал бұзған ерім ғой,
Тіленші би, нең кетті?
Еркелеткен өзім ғой.
Мұның өзі керейім,
Жаңа туған мерейім.
Жаста болса бас болған,
Жәнібек атты өренім.
Берерім бұған көп әлі,
Орны да мұның жоғары.
Бұзам деме Тіленші,
Мен істеген жораны.
Тілегін бердім батырдың,
Майын берем атының.
Ақ ту бердім қолына,
Елім деген қақыңның.
Өзіңе бердім бес қару,
Дулыға, сауыт таңдап ал.
Адалдық үшін төс қағу,
Батырдың серті ханға адал.
Сыйларым бұған көп әлі,
Қызметі мұның жоғары!…
Деп Абылай батырды
Ұшпаққа бір шығарды.

Сол кезде тұрып Жәнібек,
Көтеріп басын алады.
Сөйлеуге жылдам оқталып,
Назарын ханға салады.
Қанға толып кеткендей,
Жалын атқан жанары:
— Рұқсат берсең, хан тасыр,
Бір тіл қатып қалайын.
Сөз кезегі кеп еді
Кезегімді алайын!
Өзіңіз берген орынмен
Бағаңызға болайын.
Елім үшін, сіз үшін
Есейейін, солайын.
Қорлығы шер боп кетпесін
Тіленші деген томардың!
Деп батыр тіленгенлі Абылайдан,
Тұтанып кетті батыр қоз боп жанған.
— Ал, — Деді Хан Абылай, — тілегіңлі,
Батырым, алдыңа әр кез бөгеу салман.

Жәнібек:
— Ей, Тіленші, қу аршам,
Қайдасың жауға ту алсаң?
Ер болсаң осы шайқаста,
Қайдасың қайрат шығарсаң?!
Жауын жеңіп елімнің,
Бодауын терімнің,
Қалауын алып көңілдің,
Тізесіне ханымның,
Не кетті сенің құласам!?
Жөнімді менің сұрасаң,
Он екі керей Арыспын,
Азуым кере қарыспын.
Тезге салсаң түзелмес,
Ағаштан шыққан шалыспын.
Жылқыдан туған мүкіспін,
Неге кеп маған бітістің?
Пенде де жоқ өштігім,
Қойда қоңыр тоқтымын.
Елім үшін айқасқа,
Құрбандық үшін кеп тұрмын.
Ел иесі ханымнан
Жеңілді деп жауыңыз,
Қорғалды деп тауыңыз,
Қайтты деп елге малыңыз,
Қуанды деп кәріңіз,
Үлкен-кіші бәріңіз,
Сүйінші сұрап кеп тұрмын!

Пышақ салма жетесіз,
Қансырап онда кетесіз.
Хан сөзіне таласпа,
Туылған жансың некесіз.

Өз әкеңді сұрасаң,
Бекболат деген құл еді.
Шешеңді менен сұрасаң,
Сары Үйсіннің күңі еді.
Олжалап ап Досымбек,
Шу аяқ күң қып жүреді.
Теңім деп танып Бекболат,
Нағашымнан тіленді.
Сауғаға сонда берген-ді,
Туылған содан сен деді.
Сен маған мұнда сұстанар,
Хан алды қайран жер ме еді?
Бердәулет пен Досымбек,
Бекболат пен тең бе еді!
Жаныңды сақтап Тіленші,
Қыздырмастан сен мені,
Жоғал мына ордадан,
Тұрмасаң қазір өлгелі!
Сыбағаңды отырмын,
Сілейтіп мен бергелі …

Бұл жолғы соғыс солай тынып еді,
Кек қуған қазақ жеңіп шығып еді.
Қайтарып шабындыда кеткен кегін,
Қазақтар олжаға мал жиып еді.

Олжалы қосын қайта көшіп еді,
Олжа мал жерге сыймай жосып еді.
Жәнібек аулақ жүрді мына олжадан,
Жүрегі бір себеппен шошып еді.

Жағалап бір өзенді ел кеп қонды,
Бірер күн сол арада еру болды.
Жәнекең өзенді өрлеп жуынбаққа,
Түбіне бір бәйтерек келіп тұрды.

Отырды беті-қолын жуайын деп,
Шомылып бір тынығып шығайын деп.
Қаруын шешіп ағаш басына ілсе,
Бір қыз отыр суға енді құлайын деп.

Ол қызға жалт қарады батыр сонда!
— Япырау қалай түстің мұндай торға?
Перизат секілдісің күн тимеген,
Жолықтың қалқатайым нендей зорға!?

— Жау шапты елімізді жақын күнде,
Болмады сонан бері тыным бізге.
Жан тәтті жан сауғалап жалғыз өзім,
Келіп ем осы араға кеше түнде.

Жөн білмей жөн айтуға болмас еді,
Ағат сөздің орны толмас еді.
Жөніңізді білген соң жөнімді айтам,
Жаушылықта әйел ер олжасы еді.
— Бәрекелді, перизат, сөзің өктем,
Айтқыздың-ау атымды не бір күшпен.
Менің атым Жәнібек, ұлтым қазақ,
Сырласайық, перизат, жерге түссең!

— Жәнібек болсаң саған айтарым бар,
Қылыш үсті серт берер жәй, шағым бар.
Алдымен уәде берсең сөйлесемін,
Болмаса кезім емес ер сағынар.

— Уа, бәле, перизатым, тілегіңді ал,
Екі айтса ердің жүзі болмай ма қар?!
Өкінбе не тілесең бердім саған,
Болмасын көңіліңде зәредей зар.

— Ендеше ер деп ұғып сырымды айтам,
Имандай өмірдегі шынымды айтам.
Өлімге бекініп ем неше күндей,
Тіршілік қымбат екен жолы қайқаң.

Сүйгенім Садыр еді өмірлігім,
Серт еткен бір көтермек өмір жүгін.
Ол кетті елі үшін болып құрбан,
Мен қалдым текпісінде шөгір күннің.

Сол үшін мен тірліктен кешіп келгем,
Не таппақ тәлейсіз жан несіп көрген.
Кезіктің бақ пен сордың бірі боп сен,
Әуелі тілегіме жосық берген.

Соғыста әйел олжа жеңгені үшін,
Кім бұзбақ жеңімпаздың мұндай күшін.
Болар ем ерге серік, езге ақылшы,
Замандас жүрек сөзім мұны түсін.

Қор қылма қорға теліп жанымды ұқсаң,
Болайын мәңгі адал жар мені құшсаң.
Қадір білмес түскенше жан қолына,
Ризамын қара жер қазір жұтсаң.

Зорласа атағы зор әлде кімдер,
Тілемен маған сәтке жақсы күн бер.
Басымды сол заматта шауып таста,
Салмай-ақ өміріңе қырсық шідер.

Өкінбен өз жолыңа жанды берсем,
Жасаман енді тірі қанды көрсем.
Қылыш жүзі серт болсын осы айтылған,
Тірліктің не сәні арды берсем!

Серттесті осы сөзге екеуі де,
Ағаштан қыз толықсып түсті жерге.
Жәнекең алақанмен қағып алып,
Сұлуды құшырлана құшты белге.

Екеуі қолтықтасып қосқа келді,
Бұларды қосын көрді, дос та көрді.
Деген соң ер Жәнібек қыз әкелді,
Абылай көрейін деп қосқа кірді.

Сұлуды көрген жерден көзі тұнды,
Болғандай сәт сағатта өзі жынды.
— Сауға батыр, сауға бер біздерге,— деп
Жан төре қызды сұрап бір-ақ тынды.

— Хан тақсыр, мыңы сіздің, бірі біздің,
Серті бар қызға берген ініңіздің.
Беріп ем қылыш үсті қиын бір серт,
Жанына рақым қыл сорлы қыздың.

— Ей, батыр, бізге сауға бермедің бе,
Ханыңды қыздан абзал көрмедің бе!
Қолдағы шүйкебастың сөзін бұлдап,
Ханыңды көп алдында жерледің бе?!

— Алыңыз, ой, Ханеке, қаласаңыз!
Қалаулы керегіңе жараса қыз.
Мен оған берген үшін баста бір серт,
Айтылған албырттықпен арашамыз, —

Дегенде, “Дат тақсыр” деп қыз жүгінді,
Сылдырлап шолпылары тез бүгілді.
— Датыңды айт!— деп Абылай,— рұқсат бере,
Ел болмас қыздың сиқы тез білінді.
— Берсең айттым датымды,
Ел біліп қалсын затымды.
Олжа да болса әйел зат,
Додаға салма қатынды.
Суға да түсіп жоқ болмай,
Келіппін ер деп батырды.
Оның да күні дәл қазір,
Қыз менен төмен пақыр-ды.
Сертінен тайып сағатта-ақ,
Салыны түсіп шатылды.

Мерт болып ерім сайыста,
Жеңіліп ем соғыста.
Басымнан бағым тайған соң
Барып ем бытқыл жынысқа.
Елімнен қалса бір тоғыз,
Қосылып соған бір ғұмыр,
Туайын бір ұл деп едім,
Әперер елдің кезегін.
Елімнің кегін алатын,
Табанға жауын салатын.
Бағайын деп ем бір ұлды,
Садырдың жалғар санатын.
Жеткізбей құдай тілекке,
Қасірет салды жүрекке.
Қасірет табын бойлатып,
Жеткізді ғой сүйекке.
Тоғайға сонан кіргенмін,
Құтылмасымды білгенмін.
Жастығымды ала жатпасқа,
Жанымды шытқа түйгенмін.
Сол кезде келді Жәнібек,
Долан жиренді танып ек.
Кек алар кезім келді деп,
Сол шақты ойлап тауып ек.

Батыр аңғал алдайын,
Кеш кеш батқанша арбайын.
Түнгі тыныш төсекте,
Қанжарымды қандайын.
Садырым үшін кек алсам,
Болмас еді арманым.
Деп түсіп ем сәтті кез,
Амалым қанша алдандым.

Берген өзің датымды,
Сөзімді айттым ақырғы.
Садыр ердің жоқтығын,
Осындай ездер ортасы,
Жүрегіме батырды.
Елі үшін майданда
Жан берген Садыр батырды.
Жоқтығың сенің осында
Кетірді-ау езге хақыңды.
Найзаңның сабы сынбаса,
Жау мінер ме еді атыңды,
Құл құрлар ма еді затымды!?
Деп зарланып тұрғанда,
Абылай хан ақырды:
— Алдырып ердің бетінен,
Қоймаңдар мына қатынды.
Сайысып жеңген Садырды,
Қорлайсың неге батырды!
Білетін болсаң ақылды,
Былғайсың неге атымды?!
Мынадай көңілі нәжіске,
Былғатпаңдар шатырды.
Сұраған датын берер ем
Сұрамады ақыры.
Қастыққа басып қар,
Кек алам деп шатыды.
Кек алмақшы сылқымға,
Ұрыңдар қырық қамшыны.

Дегенде Ер Жәнібек қылыш алды,
Тереңнен қыз да ышқына тыныс алды.
Жарқ етті алмас қылыш жай отындай,
Қыз басы босағаға түсіп қалды.

— Қосайын Садырыңа бара бергін,
Келеді қыз жаныңа жаза бергім.
Егер сен жер бетінде тірі жүрсең,
Жоқ екен ел мен ерге маза бергің.
Сұлу қыз осылайша қаза тапты,
Батыр да, хан да оған жаза арнапты.
Жанекең Абылайдың қосына әкеп,
Сауғаға беріп кетті жирен атты.

Осы екен Жәнекеңнің сапары алғы,
Ерлігі елге тапқан шатағы әлгі.
Шығыпты он екі рет зор шайқасқа,
Бәрінде жаудан кегін қайтара алды.

Жазбадым мұның бәрін қазір мақтап,
Жазғаным тек біреуі тәуір нақтап.
Ол кезде Сырда жүрген керей елін,
Келіпті Жакең кейін Алтай бастап.

Жанекең сексен жастан асқан екен,
Жауға жебір болыпты, досқа көсем.
Ақ туы ұрпағына мұра боп жүр,
Тәуап қыл ерім онан нұсқа көрсең.

Атыңнан айналайын аруақты ерім,
Бір кеңес өзің жайлы толғап корем.
Күй болған дөненінде кек тұлпарың,
Кәрібөз болған еді саңлақ перім.

Қазаққа Қап тауындай қорған болдың,
Жауыңа жасын төсер зордан болдың.
Шайқаста тізеңді имей, дауда бермей.
Еліңді Алтай бастап ордан келдің.

Бар қазақ қасиетіңді ұғар болды,
Атыңды атап жауға елің шығар болды.
Шешендігің, ерлігің сәйкес келіп,
Аруақты атың еліңе ұран болды.

Осымен тамамдалды жазған хатым,
Қазақққа ұран болған батыр атын.
Дұға қыл мұны оқыған жамағаттар,
Алтай керей ақыны Ақыт атым.


1 пікір

  1. Pingback: Ақыт Үлімжіұлы. “Жәнібек батыр” дастаны(аудио)

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*