Жаңалықтар

Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы Моңғолияда тойланды

 

Жылқы жылы Ер Жәнібек жылы деп айтсақ артық айтқандық болмас. Қазақ еліндегі дүбірлі той, ұлы ас өз алдына, Германияда, Түркияда тойланған Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы Қыркүйектің 12-14 аралығында Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өтті.

Қыркүйектің 12-сі күні атаулы шара Баян-Өлгей қаласының мұғалімдер мектебінің мәжіліс залында «Ер Жәнібек және Моңғолия қазақтары» атты халықаралық ғылыми конференциямен басталды. ХVIII ғасырдағы Жоңғар хандығы мен Қазақ хандығы арасындағы қайшылық, екі елдің ішкі, сыртқы саясаты, қоғамдық дамуы, өзгерістері және осы дәуір тұлғаларының бірі Ер Жәнібек батырдың өмірбаяны, қоғамдағы рөлі, Ер Жәнібек батырға қатысты көзқарастарды ғылыми нақты деректерге сүйене отырып талқыланған ғылыми конференция өтті. Конференцияда Ер Жәнібектің батырдың өмірбаяны, тарихта атқарған ұлы істері, тарихтағы орны, батырдың қоғамдық саяси ұстанымы, ел мұраты жөніндегі көзқарастары ортаға салынып, нақты тарихи деректермен дәйектіленіп, талқыланды.

Ғылыми конференция Баян-Өлгей аймағының құрылтай төрағасы Ләззатхан Бұраңұлы, аймақ әкімі Бәкей Ағыпарұлы, Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, халықаралық “Ер Жәнібек” қорының президенті Мақсұт Темірбаев сынды ел ағаларының құттықтау сөздерімен ашылып, Ислам Қабышұлы, Шынай Рахметұлы, Хабсаттар Омарұлы, Мұқаметқазы Мұқамәдиұлы, Ахмет Тоқтабай сынды тарихшы ғалымдардың, жазушылардың ғылыми дерекнамалық баяндамаларымен жалғасын тапты.

IMG_0868

Баян-Өлгей қаласындағы тағы бір атаулы шара – қала орталығындағы даңғылдардың біріне Ер Жәнібек Бердәулетұлының аты берілгендігі болды. Сонымен бірге Келінтөбе деп аталатын қаланың кіреберісіне Ер Жәнібек батырдың еңселі ескерткішіне таған құйылып, тұсаукесер рәсімі өтті.

Тойдың бірінші күні «Алтайға ел қондырған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысының басталуымен жалғасын тапты. Аймақтық Ұлттық театрда өткен айтыстың бірінші күнінде сөз сынасқан ақындардың 12-сі айтыстың екінші күніне жолдама алды.

13-ші қыркүйек күні Өлгей қаласының орталық алаңында мерекелік жалпыхалықтық концерт ұйымдастырылып, аймақтық спорт кешенінде қазақ күресі, түйе палуан сайысы басталды. Қазақ Ұлттық театрында Халықаралық ақындар айтысының екінші айналымы жалғасын тапты. Айтыстың екінші күнінде әділқазылар алқасы айтыс ақындарына нақ майданда жеребе тартқызып, айтысты жалғастырды.

Айтыстың көркін қыздырған Қытайдың Алтай аймағынан келген ақын Қанатбек Зәйтоллаұлы, Байөлкелік ақын Ерлан Дәулетұлы, Шұғайып Сезімханұлы, Шіңгілдік ақын Ерболат Серғажыұлы сынды өткір тіл, орамды ой айтып, батыр бабамыздың рухы мен бүгінгі қазақ жұртының көңіліндегі түйткілдерін дәп басып жұрт көңілінен шығып, халық алқауына ие болды.

14-ші қыркүйек дүбірлі тойдың үшінші күнінде Ер Жәнібек батырдың рухына арналған ақындар айтысы мен жыр мүшайрасының марапаттау рәсімі Сарыкөл жайлауында өтті.

Батыр рухына арналып құран оқылып, ас берілген Сарыкөл жайлауына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, көкпар, қызқуар, аударыспақ, теңге ілу, бүркітшілер сайысы сынды ұлттық спорт ойындары өтті. Дөнен бәйге, аламан бәйге тойға жиналған жұрттың делебесін қоздырып, ұлы таудың төсін қиқуға толтырды.

Арнайы Баян-Өлгейден: Мейіржан Әуелханұлы

Суреттерді түсірген: Ерлік Ержанұлы


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*