Baq.kz- «Көшпелілер отты қару шыққанға дейін дүниенің дөңгелегін шыр айналдырған тарихтың дырау қамшысы болды» деп еді тарихшылардың атасы саналатын Геродот ақсақал. Артық-кемі жоқ, осы сөз жаһандық даму құбылысына берілген нақпа-нақ баға.
Ата шежіресін Адам ата-Хауа анадан бастап тарататын қазақ халқы тумысынан кемдік көрмей өскеніне тарих куә. Тым әріде, маймылтектес мақұлықтарда шаруамыз жоқ, ақыл-есі дұрыс адам баласы (homo sapiens) жаратылғалы бері 150 мың жылдық межеде көшпелі орта адамзат дамуының ұйытқысы болғанына археологиялық жәдігерлер мен тарихи дереккөздер куә. Әлбетте, еуроцентристік пиғылдағы ғалымдар бұған дейін әлемдік өркениеттің дамуына негізгі үлесті үндіеуропалықтар қосты деп келген. Бірақ, көне айғақтардың бәрі Адамзат өркениетінің бастау басы Алтай екенін дәлелдеп берді. Мұны еуропалықтар да түсініп, кейіннен түркілердің әлемдік дамуға қосқан зор үлесін мойындай бастады. Ғылыми әлем ондағы өркениеттің озықтығына бас шайқап, таңдай қағуларынан әлі тиылмай тұр.
Ал олар кімдер? Олар кешегі Түркілер, Сақтар, Ғұндар, Қыпшақтар… атауы мен өмір сүрген заманы өзгергенмен дүниетанымы, тілі, салт-дәстүрі… өзгермеген көшпелі бір халық. Соның бір бұтағы – бүгінгі қазақ! Тағы да сол Геродот шалға жүгінсек, ол былай дейді: «Көшпелілер тарихы – кеңістіктер зырылдап өтіп жатқанмен, уақыт қозғалмай бір орында тұрып қалғандай…». Яғни, көшпелілер жарты әлемді жаулап, үлкен кеңістіктерді бағындырғанымен, сол баяғыша, мың жылдықтар бұрынғы ата-бабаларындай тұрмыс кешіп, мал бағып, көшіп-қонып жүре берді. «АзиЯ»-ны жазғанда Олжастың айтатыны бар ғой: «Керемет, көшпелілердің тілі – осыдан мың жылдар бұрын сөйлеген бабаларының тілінен айырмашылық жоқ» деп.
Алтайдан шығып Ұлы далаға тараған түркілер ең алғаш болып жабайы атты ауыздықтап мінді, өндірісті игерді (алтын мен темірді игеру, өңдеу), ауыл шаруашылығымен шұғылданды (егін екті), қала салды.., ғылым мен білімді, өнерді дамытты.., өзге жұрттар жалаңбұт жүргенде ұлы империялар құрып, ат тұяғы жеткен жерлердің бәріне билігін жүргізді. Бүгінде мұны ғылыми орта түгел мойындады, әйтпесе мойндауға жақын.
Біздің айтпағымыз басқа. Осы ғылым, білім, өнер, өркениеті, бәрінен бұрын әскери технологиясы өзге елдерден ғасырлар бойы озық тұрған (көшпелілер дамуының озықтығын басқа елдермен, мәселен Русьпен салыстырғанда ғасырлармен өлшеуге болған) көшпелілер империясы 16-17 ғасырлардан бастап неге тоқырауға ұшырады? Бүгінгі ғылыми әлемді толғандырып отырған басты мәселе осы. Әртүрлі жорамалдар бар: мұны біреулер 15 ғасырдан бастап Еуропаның күрт дамуымен, енді біреулер көшпелі империяның өзара ауызбіршілігінен айырылып, көрінгенге жем болып, тоз-тоз болып кетуімен байланыстырса, енді бірі – әр халықтардың да шарықтау шыңы мен тоқырау кезеңі болады деген сияқты тарихи заңдылықтарға, т.б басқа себептерге балайды. Нақты жауап жоқ.