– Бауырым, сен, оқыған-тоқыған, көзі қарақты қаратаяқтың бірісің ғой,– деп сыншы белгілі ақын қазасына қатысты іске басты сезікті ретінде өзінен жауап алмаққа көшпек ойдағы тергеушіге кенеттен қарсы сұрақ тастады. – Мына қылмысты қоя тұралық, ана Ереймендегі мұқым қазақ жиналған дәу бұлдының асындағы қылмыс неге ашылмай қалды, айтшы, қане?
– Иә, иә! Арқаның құрметті атының өлімі туралы аңыз туған, сөзден сұлу сарай соққан Ілияс та жырлаған, ғұннан туған Мағжан да зерттеген, аспан-қыр аза қылған қазақ атының басы атанған қылқұйрықтың қазасы ғой қозғап отырғаным, – деп, қарт қаламгер еркін көсіле, тура тартып, сөз легін топан судай ағытты.
– Ұғып тұрмын ойыңды. Кінәлінің аты аталған, барша жұрт оған қарғыс жаудырған ескі істің қандай қатысы бар дәп осы арада, демексің ғой, тергеушім? – деген ел ағасы тосыннан туған шабуылдан сәл тосылып, бір мезетке абдырап қалған тергеушінің есін жиғызбай, сөз кезегінің қарсы жаққа ауып кетпеуі үшін жанталаса, бір тоқтамай, сөзін әрі шұбыртып, ананың есіл-дертін жетекке ала-мала жөңкіле жөнелді.
Дегенмен, мойнына ат өлімі қойылған адамыңды тек аңыз айыптайды. Нақты дәлел жоқтықтан ат жалын мекен еткен ақын да: «Айғақсыз әлсіреп тұр айқын қылмыс» деп қорқытқан. Айқын қылмыс ашылмай, кінәлі жаза тартпай, әлеуметтік әділдік орнамас.
Әнмен лағынет оқыған өткен күнге, «Сол сұмдық қайтып қырда болмасын!»– деген қазақ сөзінің дүлдүлдері Ілияс та, Мағажан да жалған айып азабын тартты, тозақ отын кешті. Жүйріктерге жала жабылды, жазаланды. Аттары аталмады, жазбалары жабық жатты, қаламы қоса қамалды.
« Өзгеге ұғындырмас өзі бұзбай,
Сыншыдан сақта құдай сортаң тұздай.
Шатасқан шалдуардан жиіркенем,
Елімнің ескісінен сөз айтқызбай», – деп, Ілияс «Құлагер» поэмасының алғы, кіріспе сөзінде ширығып, шарқ ұрып, бекер толғанбаған.
«Толғану» Ілиястың өресі биік, өрісі кең шығармасының құлақ күйі іспеттес, өмір шындығының шымылдығын сыпыра, серпе ашып, сыртқа сыр шашып, дүбір салып тұр. Адақтап жалғыз шапқан зыр-зыбыл жүйрік аттай…
– Әңгімені тым әріден бастасақ, сөкпе, жарқыным. Шатасқан шалдуар сыншы жоқ қазір. Біз айта қалсақ, ескерілмей қалған ескің жаңадай жарқырар, құлпырар небір қыр-сырымен. Жанарыңды тек тайдырма, жүр, жаным, бізбен бірге бол,– деген кәрі тарланның ыңғайына көшкен тергеуші басын изей берді.
– Тәуекел, кеттік. Тыңдаушы, оқырман, сен де отырма құр босқа. Саған да тікелей қатысы бар істің басында жүр, бірге баралық. Өз көзіңмен көр. Өз жан-жүрегіңмен есті, сезін, ұқ!
Адам жанына жайлы аяңмен ақырын-ақырын басып аңыздағы асқа аттанайық. Бәріміз де, елмен бірге қайтқан аттарға көз салайық. Анау аптап ыстық аспан астында, ебелек қымызы да, ересен қызығы да мол, аста-төк аста алысқа айдалған аттарды сарыла күткен көпке оралайық та…
Әне, қара, қара.. құлдырап Қусақ көлге ойыса қайтқан қырғын-жорық аттардың шаңы көз ұшында ақ шүйке боп көріне бастады. Міне, осыдан- ақ шамала, қарағым, 1323 ат айдалған Қызқашқан жақын жер еместігін.
Пай, пай, шіркін-ай! Жазық жерге шыға, аттар бір аңқыды десеңізші. Тұяқ сілтестері тау бауырынан соққан желдей. Желге мінсең жеткізбес кілең зылт жүйрік. Арқаның арқалы аққу арғымақтары. Әне, қара, тау төсін дүсірлеткен, дүбірлеткен төрт күлік Ерейменге таласа тартты-ай, атқан оқтай ағызып! Қусақтың кер жол асқан кезеңін артқа тастап құлдырай ұшқан, әбіре сымдай есілген Құланы шекесінен қағып өтер ақбоз атты, қара киімді айбалталы жендет те, мінеки, ат көрінбес Жыландының бұлди көк өзегінде күтіп жатқанын көзің көріп тұр…
Өзектен өткен аттың алды баран болмай қылаң болып, астың арты қалған соң ылаңдалып, жатыр рулар тарап алды-артына қарамай, ат өлімі туралы арқасына аңыз артып, Ақан қалды зар илеп Құлагердің қу басын құшақтап, ботадай боздап, бебеу қағып соры қалың жалғыз жан….
Ел айтуында, қазақта жылқы сату, сатып алу бақытсыздық саналған. Ақан жиырма бесінде қызығын көруге дөненінде сатып алған Құлагер ақын-серіге балмен бірге қайғы күйігін де татқызды.
Жас күнде қызылға қолды көп сермеген отсыз көңіл суып, әсіре қызық ол да тозды. Көңіл жайлауынан ел ауды, жан мен тәні пенде өзі тілеп, қалап алған азап отында жанды. Ат ағашпен атбесікке ала жөнеліп барады әне, мақтан, атақ, қызық пен қызғаныш. Жалған, қу жалған, кімдерді адастырмадың сен… әлде пенде дүниені алжытты.
Тергеуші алдында отырған ақсақал сыншының қосқан аттармен қоса шауып, бәйгі атындай аңқылдап күй кешкен жүзін көрген соң, шөлін бассын деді ме, сырлы зерен шараяқ толы салқын қымыз ұсына бере: «Тағы бір ат өлді ғой, сол жолы»,– деп ақыры бұл да әлемде барлығын аңғартып, ақырын ғана тіл қатты.
– Кімнің? Қай ат? Жыландының бұлдиында ұры балтаға жалғыз баран басы ғана ілікті ғой?– деп тіл біткен тірі жанға таңдана қарай қалған аға сыншы, жалма жан аңыз жолдарын еске ала, зор дауысымен аңырата жөнелді:
Қандатып қарсы алдында Құлагерді,
Қоймастан Ақан атқа жылай берді…
Жыласын, сөйлеп қалсын соңғы сөзін,
Қылалық біз әңгіме былайғы елді…
Дәп осы сөздің тұсында аң қаққан аңшыдай елге танымал тергеуші енді өз кезегін қапысыз сезген, томағасын сыпырған бетте көкке өрлеген көк бүркіттей түйіліп, шүйіле түсті сыншыға: «Дұрыс- ақ. Сіздің айтқаныңыз болсын енді, Ақан мен Батырашты қойып, былайғы елді – сіздің ісіңізді сөз қылсақ», – дей бере, ол қолма-қол сөз тізгінін, әңгіме ауанын ауыздықтап ала қоймақ әрекетін бастады.
«Сөз қыларлық, ештеңесі жоқ та ғой», – деп, жаңа ғана басында бұрқ етіп бір бұлдыр ойлар бұлқынғандай болған көзел сыншы да жалтара жауап беріп, жорта түсінбеген түрге еніп, түлкі бұлаңға салып баққанмен, тергеуші де қоймай қақпайлап отырып, әңгіме барысын бір ізге түсірем деп әлектеніп-ақ бағуда. Әдебиетші тас түлектей қомданып, уәж- дәлелін шеп құра іштей тізе бастады.
– Иә, із болғанда, онша анық та емес, көмескі. «Тасырға тапсырма берген нағыздың өзі» деген қауесет таратып жіберіпті бір әумесер. Сөзі ұзын, білімі қысқа өңшең басбұзар. Заманың да мына бір Үркеккер.
Тергеуші «Тағы да бір ат өлді» деп салды, ә. Төбеден қойып қалғандай төтеден қойылған сауал деуге тым біртүрлі аяқ алысы бөлек, бүлік сұрақ. Бұл сыр-жұмбақтың шешуі сонда не? Не деді, құдайым- ау, жаңа? «Өлді!», «…өлді!»… Кім өлді, әлде, не өлді?
Бір уақыт терең ойға шомып кеткен сыңайлы сыншы, судан жаңа атып шыққан балықтай, ақтың күмісі мол шалған бұйра шашын бір сілкіп тастап: «Кәне, бауырым, сәл сабыр ет. Сүрлеуде сүрініп жүрмейік, аяғымызды анық-анық басуға тырысайық, сөзге қалмайық. Әңгіме басындағы аңыздағы Керейлердің Ереймен мекеніне оралайықшы бір, кім, кімдер өліп еді өзі?»,– деп ұмытылмас, ұтылмас ұстамды ұстаздығы ұстай қалып, тергеушіге басалқы сөз айта, жай, баппен, жылы-жұмсақ даусымен алғы жырын әрі жалғады..
Иә, дәп солай.. Ас тұсында Ақан сері – отыз үште. Қарт Сағынай өліпті тура тоқсан төртте. Өмірден өткенінше сөзден қалмаған бұл да бір айтқыш екен дүр шешен. Дария Керей жайын нәннің асын бермек оймен қыс бойы бар қазаққа сауын айтып, жар салған. Жаз шыға, 1876 жылдың шілдесінде жан-жақтан жер қайысқан қалың қазақ қара құмырсқадай қаптады:
«Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,
Кереку, Баян, Семей, Торғай -бәрі.
Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап шөкті Қаратауы».
Көрші қырғыз ағайындар жетті, Алатаудан бері асып. Арқаға Балқаш, Арал теңіздері аққанда аударылып, аста мынау Ақан елінің аты аталмады. Ақанды би менен бай ортаға алып:
– Жарқыным, жалғызбысың?
– Елің қайда? – деп жатыр жабырласып жөнін сұрай.
«…Еліңе сауын айттық біздер ұдай,
Тоймадық келісіңе сенің мұндай.
Жетелеп жалғыз атты жеке кепсің,
Ешкімді Қарауылдан жолдас қылмай».
Ас. Алты Алашқа арыс ұлы сауын айтқан Ұлы ас. Ата Қазақ қауымының бір қауышатын кезі. Сүттілер мен құттылар, бай-бағлан тай жүзген сабаларын сарыкүйік қымызға толтыра, терек безді, қына белді піспегін орғытып билетем деп, кей бай мырза алты ай алыс жолға қарамай, бәлен келді дегізем деп, түйелі көшпен артынып-тартынып, әлем-жәлем жарқырап жетіп жатыр.
Айыр қалпақты, айырбалақ шалбарлы шонжар, мырза биің мұрақты, астағы игі жақсының сұрауы сұрау-ақ, заңды. Сері келсе сән-салтанатын асырып, жолдас-жора, достың бәрін жинап. Жараспай ма, жатса бәрі, қан жайлауда асыр салып. Жасыл жайлау кетер еді мәңгі Жерұйыққа айналып.
Төре төлеңгітсіз, хан нөкерсіз жүрмес болар. Туыс жұрт Қарауыл қалды неге хабар- ошарсыз? Ақан сері елсіз жүр. Жалғыз. Жылқының саяғындай. Неге? Жау айбынар, қасы қаймығар досы болмады жанында. Ел батасын алмай аттанған ба Ақан алыс жолға?
Қазақ ұранды халықтың дәстүрінде бәйгіге түспек оймен асқа ат өксітіп келгендер шыншырлы балуанын, асты арпадай асар мешкейін, көкпарға түсер көк бөрісін, жамбы атар көз мергенін ерте келуге міндеттейтін шарты бар. Жөнді жауап естімеді Керейің де, жарылқап, жарытпады әнші Ақаның да:
«…Елі емес, Көкшетаудың аты келді,
Не керек онан басқа?– деді Сері.
Құлагер – қосатыным, атым – Ақан,
Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!», – деп қатқыл дауыспен, күн шытыралы кемер белдікті, баспа шекпенді, бұрмалы Ақан сері бұзау тіс қамшысын алды-арты бірдей сұлу, оюлы ақ күмісті ерге шірене тірей, басқа әңгімеге жол жоқ дегендей, өзін баулап, менмендікпен қиқарлана қысқа қайырды.
Ақан келді, болды ғой, орта толды, қызбақ енді ойын- думан, артық сөзді жиып қой, қосатыным мойнында үкі тұмары бар, шомылған айдын көлде аққудай сылаң қаққан, бауырынан жараған Құлагер, сын-сипатына, халқым, қарап той.
Шешесі сұңқар, әкесі тұлпар, соққан дөненінде сегіз арқар, топтан озған жүйрік, кілте жібек құйрықты, салбырап саптаяқтай төменгі ерін. Бәйгіге жүз шақырым айдағанда, жүруші еді ауыздықпен тоқтата алмай. Қой мойын, қоян жақты, бота тірсек, қыл сағақ, сандал кер. Тұрушы еді тоғыз шелек суға қанбай. Бір жолдың өзінде ердің құнын әперген: жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тайтұяқ. Па, шіркін! Қаншама пайда, ен табыс, мол байлық. Ақан көмекейі бүлкілдеп сынын келістірген сәйгүліктің дабысы-ай..
Ойпыр-ай, бас білмейтін бала емес, Ақан астың көркі ел екенін елемегені ме? Аспан асты адаммен әдемі. Асқа асыққан елден көз тұнады. Көк шалғынның шұрайлы, шөбі шүйгін телегей теңізінде шайқалған көк күймелер. Арынды, ағынды, сарынды, торылы жылқы тобышақты барттал тартқан жұрт. Алалы жылқы, ақтылы қойлы, мейіздей қатқан кілең әйгілі атқа мінген өңшең қаракөк шынжыр балақ, ығай мен сығайы, бетке ұстар атқа мінері.
Төрт ошақ қазып, төбел бие соймақ сұлтан-төрелер. Ақ боз атты, асаба тулы ақсүйек, сары сайран жерде сейіл-серуен құрмақ сандалкөкті сейіт, сауыр. Ала балталы аламан азамат. Оқыранған, кісінеген, шұрқырасқан, иіскелескен, осқырынған, үріккен, тулаған үйір-үйір жұнттай жұмыр жалдылар. Атқа мінген адамзат Арқаның тамаша табиғатына тамсана, рахатқа бөлене, ра болысып, әмра тауып, танысып, той-думан, әзіл-ойын салған көп. Аяңшыл тұғыр жасық атты ауылда тастап, жақсы атқа бірдей біткен жорға, бүлкіл, бипыл, сылқым жүріске салуда. Бұлбұлдай тәтті үнді, сыңғырлаған күміс күлкілі, күндей көркем, құс төресі аққудай сыланған, тоты құстай құлпырған қызғалдақ қыз-бозбала, жігіт-желең, қыз-қырқын сұлу даланы ән мен күйге бөлеп, Сағынай асын айт пен тойға айналдырмақ ойда.
«Көкшетау жер жаннаты жеке біткен, Бұл сұлу кең далада бойын күткен»,– деп Ілияс суреттеген сұлу Көкшенің елі келсе, асты тіпті аспандатып, көркейтіп, жердің бетін әрлендіріп жіберер еді. Алты Алашқа ас иесі сауын айтқан ала қыстай, мөрін басып хат та жазған әйгілі әр азаматына. Арқа жұрты күткен алты Алаш бауырын сағына. Күтеміз деп мәпелеп Сағынайдай атасының асында. Ас десе, аяқты мал, дәмелі аттың бірі қалмас, жалғыз ат бір өзі шауып бәйге алмас.
Жеке келген сыры аңыздағы келесі жыр жолында жатпасын: «Кеңесіп келісе алмай қалың елмен». Келіспеген, кеңеспеген. Шамырқанған, шамданған өрен жүйрік, аңғал Ақан сөзінен алдағы егес, жүгенсіз өзімшілдік, қиянат қылаң етіп, шаң беріп, шарпи өтті. Сері де: «Алыс жер, апарма!»– деп қақсап еді, Қараймын енді қалай ел бетіне», – деп зар илемей ме ақырғы сөзінде?! Асығыс айтылған, оқыс атылған ағат, оғаш сөз от мінездерді қоздырды, арзан намыс, ашу-ыза, ерегіс, егес тудырды, шаруаға залал, жүрекке тік, көңілге теріс келді. Шалғай жерде шалағай, шалжақ сөзден шатақ туды, жиын бұзылды. Асығыс жалған адамға аял бермей, өткенге өкіндіртіп те үлгертпейді. Қара қасқа жарлы, дүниеқоңыз да болмаған өнерпаз Ақан бұл жолы бәйге десе делебесі қозған дүбірге қызған жүйріктей аталы асқа бармай тұра алмады. Азамат та, дилы ат та – дом жарау. Дой даланың додасына екеуі де шыдамаққа сірә серттескендей. Делибаштық ойда жоқ, өзгеге дес бермек емес. Ас иесі де жолынан жығылмады. Асқа Ақан келді деп, басы биік ақ шоқының жазық бауырындағы көк иісті майсаға ақ орда ақынға арнайы тігілді. Керей елі бұл үйге торқалы тон, туырлық, ыдырыс, сырмақ, текемет, былғары бір бұлдысын, алаша мен дебіске, әшекейлі, жөрмелеген небір асылын масатыдай құлпырған өнер затын аямай төседі. Хан көтеріп, сән бере, салтанатын асырып қызыл жалау оқалы, ала тулар байлады, байрақ, бұңшық шашақты тақты.
Асқа әсерлі әнді әуелеткен небір айыр көмей, жез таңдай да жиналып қалыпты. Ақанның ақ ордасында ән дүкені барған сайын қызуда. Домбыра мен қобызға, абырға мен адырна қосыла жетігенді жетелеп, сыбызғы, сырнай сайрайды. Әнді ерттеп, күйді мінген өнердің бекзада-бектері әуеннен әуен, әуезден әуез асыра талдырып, тамылжытып, үзілдіріп, дүрілдетіп, көркем әннің небір көкесін шырқауда.
Үй толы қиғаш қас, ақша маңдай, құмырсқа бел, нәркес көз, оймақ ауыз, ақ тамақ, сүмбіл шаш, мың бұралған, жібектей оралған, бойы сымдай, мүшесінде бір мін жоқ хор қызындай, әзілі жарасқан, назымен күлдірген, даусы қудай саңқыған алқа қотан отырған жас, уыз қыз, нағыз балғын, қас арулар уайым-қайғысы жоқ ақынның да есін мүлдем тандырды, бәрін ұмыттырды.
Беу, дариға-ай, ғашықтық, жастық оты ішіне түскен, бір күйіп, бір жанған, бар дүниені ұмытқан, алабұртқан адуын, ақпа ақын, әнбоз Ақанның аузынан тату-тәтті тыныштықты тіліп өткен, бөде үйді бөріктірген, сары сүргін салған, қу қырғын үйірген, тезі қатты азап, ауыр ақы, ащы жас, әреке әкелер өктеген үкім сөз де шығып кетті. Сол заматта шаттық мерекесі, татулық шырқы бұзылды:
«Естігем бұрын даңқын
Көк неменің,
Алтайдың жүйрігі онан
жоқ дегенін.
Жолықпай иесіне жүрген болса,
Осы жол Көкшолақты бөктеремін».
– Қап, құдай-ай, сарғайып таң атып, үйге көктен нұр төгіліп, ақшуақ құйылып, сәуле кіргенде, ақсүйек пен алтыбақан, қызойнақ тарқар сәтте, жан жадыратар таң сәрінің салқын лебі соққан мезетте мына бұйынтақ сөзімен Ақан сері мүлт кетті-ау. Адам шаппайды, ат шабады ғой, иесінің зәрдей ащы тілі ақыры асыл аттың жолын кесті.
Қазақ нағыз һас жүйрікті әңгі құлан үйірін құлдырата қайырып сынаушы еді. Сағынай асы қазақ жылқысына сынақ – ақсақ құлан боп кезікті. Жүйріктердің жолы ауыр. Сөзді де, көзді де көтере алмас. Қайран Құлагер, қайтейін, көмбеге жетпей нәзік нұрдай жұтылдың..
Адам қызғанышынан, күйкі тірліктен қайран Құлагер Сағынай асында көк қасқа боп шалынды. Құлагердің қу басы құрыш тұяқтыға құлпытас боп орнады. Құлагерсіз кешегі тағы құлан, ақша киік, асыл арқар, кер марал, көк бұғы, семсер мүйізді бөкен жарысқан шексіз, шетсіз мидай жазық қу медиен сипатқа енді. Сағынай асында тапқан сары уайым ақынды ұршықтай үйірді, шыркөбелек айналдырды, қайғы-қасіреті құйындай есті, зырылдауық заман зәрін төкті. Еңку-еңку жер шалған кездерді еске алып жылаған қария Ақанды кім жұбатып, кім еңсетті?!
«Құлаға бөктерілер Көк»- деген сөзін жел аяқ бір қу ауыз жеткізгенде, жатпақ қалай тыныш Батыраш та, жайдақ атқа мінгендей жұлқынып, жетпей ме алып ұрып, ерін бауырына ала тулап, аттан салып ойын қызған қызыл үйге:
Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің,
Осы аста абирым басқа, – депсің.
Өзіңе өз аузыңмен бәйге әперіп,
Атыңды өзгелерің қоспа, – депсің», – деген ақшолағы иығында, алтын жығалы зау арлан Бегайдардың Батырашы Ақанға жете бере тепсініп, серінің бетіне аш бөрідей қаңғырып, елсіз-жұртсыз келгенін, кер кезбелігін бірден баса, дүрсе бас салды.
Ал, Батыраш кім еді соншама, Арғынның Ақанына асқақ сөйлер, абыройына таласар? Аңыз былай дейді:
Алтайда ұрпағы бар Бегайдардың,
Бұлар да бір биігі біткен нардың.
Баласы Бекайдардың Батыраш бар –
Өр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың…
Иесі Батыраш бір кеппе кеуде,
Ұр-көппе, томырық мінез, намыс бермес.
Осы аста сағы сынып, бағы тайса,
Ол өзін дайын тұр «өлдім» деуге.
Шын өлгені де. Бәйгені, қайран Құланы құлатып алса. Жығатын Құлагерді жолына қақса қазық? Құлагер жай кетпей, жасындай аққан артында аңыз аты қалсын деп бұйырды ма Алла тағала.
Батыраш та болмады қасарысып. Құлагерді құлату, ас иесі, саған да тиімді, кінә сенде дегендей, бүкіл маңайына қырғидай тиді:
Аулақ тарт, аттың басын Алтайымнан,
Келмейтін Керей- серей бақайымнан.
Жала қып, барымтаға бәйгемді ұстап,
Жеріңді көріп тұрмын бата айырған.
Неткен көк мінез! Зер салсаңыз, ұрыншақ та, ұр да жық та көрінбейді. Ашық айтса, аусар демеңіз, ақыл-ойлы, алпыс екі айлалы адам. Мың құбылды. Бәжі басқандай бажылдайды-ай кеп. Шошай адамдай шошынған түрге енді. Аяр адам ажырға ілгізбек емес, мойнын айыптан ала қашуда. Аяғы ыза сырыққа аттап баспақ емес. Аңқаусығанмен, ақақу- сықақуыңа да келіспегі жоқ. Тісін қайрап, жаға жыртпақ, жер қайысар қол шығармақ, соғыс ашпақ, басын қорғалап, ойы жоқ және қашпақ. Әдеп, әдетті былай сыпырып қойып: «Жала жаптың!», –дейді Керейге. Бата айырдың деп айыптауда. Қорқыта, қауіп- қатер төндіре өршеленеді. Құран ұстап, хасам ішіп, кебін киіп, қазулы көрден аттаудан тайынбас дүлей, делебесі қозған түрінен жан шошырлық. Зікір салып, аруаққа сыйынар кепшігін даңғырлатып, қобызын аңыратар нағыз жаннан безген бақсы сарыны естіледі даусынан. Үзеңгі қағысып, шалқақтап, өкшелеуде. Жайдарылық, сыпайылық адырам қалған. Өктем. Кекірейген. Әумесерліктен аулақ. Құбылмалы, бипыл қаққан кемел қулық. Шаршы топта шалқақтаған шабыскер. Өлермен өжет. Кербез, керім, келбетті дауылпазға ұқсайды. Арын арашалап, ақталып қалмақ, ақсынбақ. Кескекті ерсініп өзгенің мойнына ақ бұрғы артып, ақсарағат – әділ би атанбақ. Сөз саптасы, тіл төркіні солай қарай бастайды. Айыпкерден айыптаушыға айналуда. Ас иесінің өзін жазықты қылып қиғылық салып, қинайды. Ер-тоқымын бауырына алды. Айылын жимады. Айып-анжы төлеп құтылмас іс қылғанын біліп тұрғаны ма, әлде. Алғау ат емес, ай тұяқ алмауыт атқа обал қылғанын ел кешірмесін сезді. Шыркөбелек айналдырды. Баурап, билеп-төстеп алмақ. Барын салып, сермеуде. Есесін жібермес ер. Ел шапса да алмақ. Қиқу салды. Керегеге таңа ма, мұқам, дыбаға тарта ма, сарпастау қыла ма, бір өзі бәрін біліп-шешпек. Көлденең сөз деп кергиді. Жолбарыстай долданған. Тартынбай, айқастан тайынбай сөйлейді. Төпеп берді. Жүгенсіз кетті. Жын буған бақсыдай бүлінді, зіркіл қақты. Зілді, зәрлі сөз төкті. Үш жүзбен бірдей жүз жыртысты. Жүрісі суық, кезеңді жауға кезіккендей. Көкке көтерілді.
Ненің күші?. Рас, аты ең алдында келді. «Құлагерді өлтіріп, бәйгіні ұрлап алдың», – деп, айыптасаң, дәлелде дейді. Бұнысы – орынды. Заңды. Бұлтартпас дәлел, айғақ жоқ. Батыраштың алынбас қамалы – дәлелі. Сотқа бер, биге жүгін, қазыға сал, арысқа түс. Дәлел тап. Әлемге әйгілі ет. Оған шейін күнәсіз, кінәсіз ақ жанмын. Саусағымды қанатып, аққу құс – Құлагер-Ақан қанатына оқ атқан емеспін. Сарытоқым ұры жүрер сары жолдан аманмын. Ащы айқайы құлақ жарар, тіпті, Құлагер қазасы күйік болып түскендей ішіне. Батыраш та қазақ баласы ғой, іштей Құлагерді мерт қылғанына өкінуі де ғажап емес. Қыларын қылып алып, қабырғасы қайысып тұр ма қылмысынан?
Бар қазақ ісі расқа шықса, Батыраштың қылығын дұрыс деген жоқ. Қарғап-сіледі. Қарғыс қағаз бетіне жазылды. Жатталды, қатталды. Дуайпат аталды. Егей төстің ежігей мұңы ел есінен сейілмеді. Құлагер Сағынай асының Егей аты емес-тін. Алаштың ақ малы болатын. Құлагер – қазақтың қазынасы, алтын түп қазаны еді. Сөз ұрпақтан ұрпаққа ұласты. Сүйекке мәңгі қара таңба басылды. Өлгені деген осы емес пе адам атының?!
Домбай, домбыт сөз жерге қаратты. Саңлақ күліктің сорына улы сөздер төгілді. Таң қылаң бере баран аттың түні туды. Қанды балта алдын ала сайланды. Құлагер қастандық қазығынан қаза тапса, иесі кейін қайғыдан өлді.
Тұл тұлпар да соңғы бәйгі түні елеңдеп, елегізіп, тыпыршып бір орнында тұра алмаған. Шыңғырған түсінде Құлагері, сезіпті өлерін аттың Ақан сері. Көрсе Ақан түсінде ат өлімін, бұл бәйгеге Құланы қосты неге? Қиды қалай өлімге? Олжаға қызықты ма? Тағы да бір торыны таң асырып мінермін деді ме? Аягөз өсіп келеді, ақ саңдақ жүйрік Құлагер, құрбандықсың. Құлагердің жолдасы да оны анық өлімге айдады.
Әуел баста Құлагердің дабысын естіген жұрт оны Ақаннан қалап та, сатып та алмаққа әрекет қылды. Ақан көнбеді. Кісі құнын, сұлу басын ұсынса да, келіспеді. Асқақ Ақан «аһ» ұрарын аңдамады. Қимады, қинады, қызыл көз қызғаныш отын одан сайын лаулатты, қоздырды, қызығын қызғыштай қорғады. Тарпаң, шадыр күндестік күш сынасуға бекінді. Сайдолланың асында Кетеберкөк жүйріктің иесі Барақбайға да, Құлагердің шылауынан ұстамақшы болғанын көрген Ақанның тілі тиеді, рас болса.
Ақан тілі түгіл, қолы да тиеді елге. Оның өзінде, ер болса – жөн, қыз балаға. Ақан басқаға ұзатқалы жатқан Ақтоқтыны Құлагермен ала қашқанда қыз бұл қылығына разы болмаған соң Ақтоқтының сүбесіне сапыны сұғып алып, бір томардың қабағына тастап кеткен. Ақтоқты тірі қалып, берілген күйеуіне барғанда Ақанның айтқаны:
Ақтоқты, кеткенің бе шыныңменен,
Бал бердің талай жерде тіліңменен.
Сарымида басыңды кесіп алып,
Өмірімше даулассамшы құныңменен..
Дарияның қайранындай, қалқа бала,
Зарланып ән шырқаймын уайыммен».
Ақанның өзі еді ғой Ақтоқтыдан айнып, Ұрқияны алып қашып, сонымен отасқаны. Өкпелі Ақтоқты ұзатылғалы жатқанда сөз салған Ақанға көңілін бұрмады. Көңіл бір қалған соң, махаббатта зорлық жүрмейді. Сарымида Ақтоқтының басын кесіп алмағанына өкінген Ақан ақыры Құлагердің басын Ерейменде кесті. Басқа – бас. Құлагердің қазасына ат салысты. Ел бұлбұлы ел атын аттырып алды. Ақтоқты – адамзаттың сұлуы, Құлагер – қылқұйрықтың сұлуы. Сұлулық киесі кешпеді қызбалыққа салынған ақынды.
Маңдайда қиылып тұр сенің қасың,
Дариға, он алтыға келген жасың.
Жан-тәнім, ақыл қошым, берер едім,
Менікі болса сенің жалғыз басың.
«Менікі». Меншік. Меншіктеу. Ие болу. Иелік ету. Жалғыз басын алса ырза, көңілі сонда көншімек. Бұл жолға бар-базарын бағыштамақ. Мені жоқ мендік.
«Не керек бұл өмірде тірі жүріп,
Жар етіп Базарымды тартып алмай».
Тартып алу. Берсе – қолынан, бермесе – жолынан. Азуы алты қарыс Ақан қара күшке, тізеге баспақ. Өзімшіл, өркөкірек. «Көңілден кетер емес нәпсі буы». Құмарлық пен ғашықтық. Серілік пен жігіттік. Меншіктемек бар сұлуды. Меншік міндеттейді. Құлагер меншік малы болғанмен, жүйрік жылқы болған соң, бар қазаққа қылқұйрық баласы ретінде құнды ғой. Ақан біле білсе, Сағынайдың асында Қазақтың Құлагерін, сетер атын қайдағы бір қазақтың бір жұттық, кебеже қарын, мес құрсақ көп байының бірімен айтысамын деп жалған намыспен құрбандыққа шалды.
Ілияс қапыда қазаға ұшыраған мал патшасын Қазақтың Құлагері депті.
Қазақтың бір аты – Құлагер. Құлагер – қазақ. Қазақ – Құлагер. Қапыда кеткен. Батыраштары өлмеген қазақтың бір аты – Құлагер. Құлагердің шын бағасын білмеген кедей көңіл өзін артық адам санаған ба, қалай?
Талайға улы тілінің дәмін таттырған пенде Ақан өзін қалай бағалаған, соны тыңдайық:
«…Қағысқанды қыламын под надзором,
Патшаның мизамындай мен де сотпын».
Аз-кемі жоқ. Сот. Патша заңындай. Өзі – заң, өзі – сот. Қағысқанды қазықтай қақпақ. Мықты тоқпақ. Атығай мен Қарауыл арасындағы жесір дауында Қожамбеттің Ақанға айтқан сөздері:
«…Түбіңе Ақтоқты қыз жетіп кеткен,
Оны да бетке басар жақындарың.
Бір күнде болып едің Ақан сері,
Жолдасың – осы күнде жын мен пері.
Алты ай жаз бір қорада жалғыз жатып,
Қисық ағаш болыпты мекендерің…
Ақан, сен сау күніңде болдың көсем».
Ақан – көсем. Біліп айтқанның сөзі. Ақан әлі де аттан түспеген, сөзден қалмаған. Орда бұзар отызда. Оқтаудай жараған жылқы мінген, бәйгікерге үкілеп тұмар таққан озық кеуде. Айдарлы, айбарлы, албырт. Өз шағындағы мұзбалақ. Туыс-жұрағатын жусатып- өргізген. Тегеурінді, қырағы. Жүген-құрық тимеген. Шарықтау шегіне жеткен кез. Ұшқыр. Саналы, сауатты. Ақыл, қайрат қос-қабат. Сертке соққан серінің семсері. Сегіз қырлы, бір сырлы. Мұқалмаған, тасқа түсіп, жер соғып қалмаған, жарқ еткен, тік шыққан, шабыттап ұшқан, тоят іздеген бақытты жас қыран. Бұлтқа ұялаған бидайық. Ән тәңірісі. Жігіттердің төресі. Жұпар кіндік. Жақсы қылып жаратқан жан сәуле мен төрт түлік жалғыз Ақжігіттікі. Хан сұлулыққа, ақ ажарға табынған. Мұның өмірі сол сұлулыққа табынған мұң мен зар, былай жазған ақын Мағжан:
Серінің қолқасы бар бір басыңда,
Күн сәулең елес беріп тұр қасымда.
Өмірің өткіншідей өте шығар,
Қызықты көре алмасаң дер жасыңда.
Табиғат та қазасына көңіл айтқан қайран Құлагер бәйгіден бас тартпай, қазасына шапқаны иесінің де өлетінін сезгендігі. Ненің қызығын көп көрсең, түбі күйігін тартпай кетпейсің, дер кезінде бойыңды жиып алмасаң. Қу толғай бастанды. Құлагер қастандық қазығынан қаза тапса, иесі күйіктен өлді. Неткен күйік? Ақсүйек Ақан – алдымен адам..
…Шырқырап Ақан отыр ат басында,
Шығарып шерлі даусын құлындағы.
Ат шіркін, елге дәулет, ерге санат,
Ат шіркін, елге қайрат, ерге қанат.
Жарлының жалғыз аты жазым болса,
Қалмай ма жарымжан боп, жерге қарап?!»
Ақан жалғыз атты жарлыға да, қолбасыға да жатпайды. Ақын, әнші, сері, ат жетектеген жалғыз жан. Салт атты, сабау қамшылы. Халық оны аяса, Құлагердің жолдасы деп аяды. Жылқы ру, тайпа, ел меншігі еді кезінде. Жылқы құрыды – еркіндік жыртылды. Бостандығы мен құқығынан айырылды жылқы елі. Адамның ардақтысы, жалғызы аты еді. Ақан бұл жолы атын аямады. Морт кетіп, мерт етті шыныққан шын жүйрікті. Жалғыз қазық жолығар жолға айдады. Ебі кеткен елдей екі айырылды. Құлагердің қонысы тарылды, отты өрісі бітті, сағы сынды. Әлде әйтеуір бір өлетін малдай қарады ма? Біле тұра қауіп барын, неге қосты жануарын? Құлагердің селдей аққан жасына қарамады. Есіл мал есер көңілдің құрбаны болды. Егіз қозыдай көрінуші еді сырт көзге, неден есі шықты иесінің. Жебелей сөйлеген жұрт жай-жайына тарқасты. Мақтау жел сөз – жанға қас. Қолдан ұшқан ақ сұңқар қайтып келіп қонбайды. Ақкөңіл аңғал ақынның сезім-жүрегі жасанған жау торып жүргенін, тасада тұрып оқ атып, құр құдыққа тастарын сезбеді ме? Екі ортада жал-құйрығы төгілген, шаңына ілестірмес, топ жарған үкілі пырақ қатігез пышаққа ілікті. Дүние боқты қай қайраткер қарпып тауысқан. Атақ пен байлыққа қызықты ма? О да ғажап емес. Қоқан-лоққыдан қорықпасын көрсетті ме? Жалғызын жауға салған жазықты жаза тартты. Араздықты қоздырмай, жарыстырмай жарастырар, ат қосқандарға ой қосарлық ағайын да табылмады аста. Табылса да, тыңдар ма еді, бірі – би, бірі – сот. Қазыға салар саясаткер қайда?!
Қалай айтсаң да, Ақан аттың өлерін білді, біле тұра саудаға салды. Баспа-бас қызға бермесін балтаға жықты. «Айғайшыл, ат әперген баққа құмардан» несі артық, болмақ жанның бағы тайды.
Батырашпен кетісті, тілі тіле тартты, көсіп жіберіп, жанды жеріне тиіп кетті, кәрі әкесін байталға мінгізіп шаптырды. Ашуға жол ашты. Асты ала тайдай бүлдірді. Бас бәйгі түгіл, аяқ бәйгі, аяқ табақ аталмады. Талғанда тіреу, сасқанда сүйеу боларлық деп әспеттеген ояз да, Оқас би де ойран елге, өлген атқа қарамай, өз жөндерімен кете барды.
…– Ойпыр-ай, Ақа, астағы халық қайда? – деп, тергеуші самайын сипай берді.
…– Халық дейсің… Көптің құн кеспек, тоғыз айып тартқызбақ, қара бет, жүзі қара атандырмақ көпірме көңіл-сезімі Қусақ көлдің көбігіндей жылдам басылды, айтқанға көніп, айдауға жүріп қалған қазақ рулары тым-тырақай тарап, аббар көшті. Үні өшті. …Аңызы да, ақиқаты да – сол, жарқыным. Енді, біздің қылмысқа келейік. Жауабым, міне, дайын, – деп, сыншы тергеушіге сынай қарап, – Іздегенің осы шығар, замандасым, – деп, «Өлі жанның өлі сөзі» атты жазбасын ұсына, «әңгіме осымен бітті» қылып, орнынан тұрып кетті.
Марат АЗБАНБАЕВ.
Шежіре