Мырзан Кенжебай – 1947 жылы 31 тамызда Қызылорда облысының Арал ауданындағы Құланды ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тамамдаған. Әр жылдарда «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Қазақ мемлекетт, «Аманат» газеттерінде тілші, республикалық «Қайнар» баспасында редактор, «Таң-Шолпан» журналында жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Қазір «Мәдениет» журналында редактор болып қызмет атқарады.
Ақынның өлеңдері «Мерейлі мекен» ұжымдық жинағына енген. «Жоғалған өлең», «Жазым өтіп барады» жыр жинақтары жарық көрген.
Мырзан аға, сіз көп жылдары бойы «Жұлдыз» журналында М. Мағауинмен бірге әріптес болған екенсіз. Ол кісінің басшылық, редакторлық қырына берер бағаңыз қандай?
Мұхтар Мағауин ол – Мұхтар Мағауин, әрі тарихшы, әрі жазушы, білікті басшы да бола білді. Бір сөзбен айтқанда ұлт маңдайына біткен адам. Не жазса да ұлт үшін жанын салды. Біз бірге «Жұлдыз» журналында әріптес болдық. Журналға әдеби, ұлттық маңызы бар материалды реттеп уақытында беріп отырсаң болғаны, «жұмысқа уақытында кел» деп қатты талап қоймайтын. Осы үшінде ол кісінің үстінен орталық комитетке біреулер арыз түсірген кезі де болды. Ол кісі өсек-аяң дегенге құлақ аспай жүре беретін. «Жұлдыз» журналына жұмысқа тұрғанымның өзі бір қызық болған. Бір күні түстен кейін сағат үш шамасында телефон шырылдады. Тұтқаны көтеріп, Мұхтар Мағуин ағам екенін дауысынан жазбай таныдым. «Мен жеңгеңнің шайын ішіп болдым, қазір одаққа келе аласың ба ?» деді ол кісі. «Сіз шақырғанда неге бармайды екенмін» деп қуанып жүріп, жазушылар одағына кешікпей мен де бардым. «Өнер» бөліміне жұмысқа алғысы келетінін жеткізді. Ол кезде «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты басылымдарға жұмысқа тұру деген үлкен мәртебе болатын. Ахат Жақсыбаев деген жазушының айтқаны бар: «Жұлдызға жұмысқа тұру – бақыт» деген. Сөйтіп ертесінде әлі есімде 16 наурыз күні жауабымды айтып, бөлім меңгерушісі болып жұмысымды бастап кеттім. Содан кейін бір айтарым, жұрттың арасында Мұхаңды рушыл, жүзшіл деген алып-қашпа сөз бар. Өз басым Мұхаңмен қызметтес болғанда алып бара жатқан рушыл, жершілдігін көрмеппін. Ала қойды бөле қырқып рушылдыққа салынғанын байқамаппын. Әйтпесе Ақтөбелік мені неге жұмысқа алады?!
М. Мағауинді 1986 жылы «Қазақ әдебиетіне» редакторлыққа ұсынғанда, Шерхан Мұртаза бастаған аз-кем топ орталық комитетке М. Мағауиннің үстінен «ұлшыл, жікшіл» деп арыз жазып, қарсылық танытқан екен. Ұлт қамына бір кісідей қынжылып жүрген Шерхан Мұртаза сынды ағаларымыз неліктен жұмылған жұдырықтай болып бірлескеннің есесіне, бір-бірін қаралап, қудалауға әуес?
Шерағаңның кей сондай мінездерін байқадым. Ол кісі жұрт көзінше, теледидар алдында батырсынып көрінеді. Ашық айтсам, Шерағаң көбіне батыл адамның рөлін сомдайды. Бір ғана мысал келтірейін. Баяғыда «Жер сату деген не сұмдық?! Жер сату анасын сатумен бірдей, жер сатуға болмайды» деген сөзін өз құлағыммен естігенмін теледидардан. Оны тыңдаған билік жоқ. Біраздан соң «Жер сату» туралы заң қабылданып кеткеннен кейін, сөйлеп отыр: «Ертең мен пенсияға шыққаннан кейін, жерім болмаса қалай күн көремін, жердің сатылғаны дұрыс» деп аунап түсті. Жұрт «Шерағаң, Шерағаң» дейді ғой. Шын намысшыл, батыр болса алған бетінен, айтқан сөзінен танбауы керек емес пе?! Мұхтар Мағауин Құдайдан ғана қорқатын адам. Билік пен халыққа қатар жағып жүрген Шерханға Мұхтардың осы батылдығы ұнамай қалған шығар.
Мұхтар аға тарапына бағытттала «Көп болып бір адамды қаралау» тенденциясы 2002 жылдан бері үздіксіз жалғасып, тіпті «журналды жеке бас мүддесі үшін пайдаланды» деп елбасына ашық хат жазғандар да болды ғой…
Жазушылар арасында қырғын-қабақ («қырғи деген құс. Құста қабақ болмайды». ред. М.К) болады. Мұхаңнының кей ретте өзіне қарсы пікірлестеріне қарсы мақалалар жазған сәті болды. Бірақ тұтас журналды өзінің жеке бас мүддесіне пайдаланды деген өте қате пікір. Қазір мысалы «Қазақ әдебиеті» газетіне өздері туралы сыни пікірі бар мақаланы ешқашан баспайды ғой. Ал Мұхаң екі жақты көзқарастағы материалдарды журналға үнемі басып тұрды.
Қазір Жұлдыз журналын оқып тұрасыз ба? Бұрнағы журналмен айырмашылығы бар ма? Қазіргі редакторы Ұлықбек Есдәулет пен бұрнағы редакторы Мұхтар Мағауин екі көзқарастағы тұлға. Мысалы Шыңғыс ханға келгенде көзқарастары қарама-қарсы бағытта деген сияқты.
Қазіргі «Жұдызды» мүлде оқымаймын. Себебі әдеби сын жоқ. Бірін бірі мақтау ғана. Ұлықбектің Мағауинге қарсы келетіндей, тарих жағынан сын пікір айтатындай дәрежедегі адам емес. Ұлықбек пен Иманғали Тасмағамбетов екеуі бірлесіп «Ат жалындағы өркениет» деген фото-альбом шығарды. Этнография мен тарихтан Ұлықбектің білетіні сол. Сондан соң Егемен Қазақстанға жарияланған Сауытбек Абрахмановтың мақаласы бар. М. Мағауин «Бес ғасыр жырлайдыны» құрастырғанда орыстың ақыны Ю. В. Жадовская деген қызына тиесілі
«Су түбінде жатқан сөз
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады» деген жыр жолдарын Асан қайғыға теліп жіберген деп жазған. Бәрімізге мәлім Асан қайғы он бесінші ғасырда Ю. В. Жадовскаядан бұрын өмір сүрген жырау. Сауытбектің М. Мағауинге деген теріс пиғылын көрсету үшін қазақтың асыл мұрасын орысқа теліп бергені әсте дұрыс емес деп білемін. Қысқасы Мұхаң қазақта көзі тірісіндегілердің ішінде, өмірден өтіп кеткен замандастарының ішінде өзіндік орыны бар, сонау биікте көрініп тұрған биік тұлға деп танимын.
Сұхбаттасқан Бопай ханша