Әдебиет

“Еліне ұран болған Ер Жәнібек” атты халықаралық прозалық шағармалар байқауы. Ақыт Үлімжі атындағы бас жүлде иегері Қанат Әбілқайыр

 C5A72027-A1460E4B.DBDA3C51

«Еліне ұран болған Ер Жәнібек»

атты халықаралық

прозалық шығармалар байқауына!

 

 

Қарға тамыр

(әңгіме)

– Ата, ата, Қазмойын қара үзіп бірінші болып келе жатыр…

– Ақсарбас, ақсарбас, ботақанымды Байтоқты бабамның рухы жебей гөрсін…

Сары даланың апшысын қуырған ат тұяғының дүбірі құлақ тұндырады. Қиқу салған дүйім жұрт пен ұран шақырған балалардың дауысы жер жарады. Алатаудың тау-тасы «Байтоқты, Байтоқты» деп жаңғырып тұрғандай.

Бәйге десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма?

– Жирен қасқа, жирен қасқам көрінбей ме, құлыным…

– Әй, Соқыр, көзің көрмейді екен, бәйге сенің не теңің?!

– Көзім соқыр болса да, көкірегім ояу, о несі тегі… Аяғымның астындағы көрмесем де, екі сәйгүлік баптадым. Ал сен ше? Тетір деген сойың бар. Өмірі бәйгеден атың келген емес…

– Пішту, мына жиырма аттан озып, Қазмойның жүлде алса, басымызға самауыр қайнататын түрің бар ғой. Менің атым озбаса, бұл бәйгені – менсінбегенім… Білдің бе? Әлі алда үш айналым бар…

– Ии, жүзіқара… Аламанда топ жарып, мерейіңді үстем етер аттың сыры осындай ауыл арасындағы шабыс кезінде мәлім болмай ма? Бәйгені менсінбесең, қаракеріңді қинап нең бар? Қара қатыныңның қойнында жатпаймысың, тиыш!?

Соқыр мен Тетір шалдың жұлдызы баяғыдан қарсы. Екеуі кездесе бітті, бір-бірін сөзбен сүйкеп, ашы тілмен түйреп отырады.

Ұран сала шапқан балалардың қарасы тағы да жақындап қалды. «Байтоқты, Байтоқты» деген қалың ұранның ішінде «Жәнібектеген» бір үн талып естілгендей болды. Соқыр шалдың жүрегі шым ете түсті. Бүгінге дейін бұл маңда Жәнібек деп ешкім ұран шақырмаушы еді ғой… Жоқ әлде, қалыс естідім бе?

– Ботам, құлыным, жирен қасқа, жирен қасқам қай тұста келеді.

– Ата, Қазмойын әлі алдыда… ал жирен қасқа төрт-бес аттың бел ортасында келеді.

– Үйй, мына бала миғұла десе, миғұла екен. Мана ғана оған қою шаңның ішіне кірме деп едім ғой. Қап, қап-ай-ә! Құртатын болды-ау, атты…

– Байтоқты, Байтоқты…

– Байтоқты, Байтоқты…

Ұлы жүз Сары Үйсін елінің шабандоз балалары бабаларының әруағын аспандатып, қалың көпшіліктің алдынан зу-зу етіп өте шықты. Соқыр шалдың құлағына тағы да сол «Жәнібек, Жәнібектеген» баланың дауысы талып жеткендей ме, қалай өзі?…

– Жирен қасқаның бабы Қазмойыннан бір кем емес еді. Кінә шабандоздан болды-ау…

– Әй, Соқыр немене тантып отырсың… Естімедің бе, Қазмойынның үстіндегі ана немерең сүйекке таңба басып барады.

– Ойбай-ай, тағы нені шығардың?!. Сүйекке таңба салғаны қалай?

– Мен сені тек соқырма десем, саңылау екенсің ғой. Құлақтан қалғаннан саумысың?! Бабаң Байтоқтының атын бір атап, бізге беймәлім Жәнібектің атын екі атап, шауып бара жатқан жоқ па, ана шіріген жұмыртқаң…

– Ой, сұмдық-ай! Құлағыма «Жәнібек» деп қиқу салған баланың үні естілгендей болып еді.

– «Естілгендей болып еді» дейді ғой. Сенің қай атаң Жәнібек деген ұранмен атқа шауып еді.

Соқыр шал не дерін білмей, тұқырып тұрып қалды. Бұл ел Сары Үйсіннің ырыс-несібесін арттырған Байтоқтыны ұран еткелі қай заман… Атам заманнан бері…

– Ата, ата, әне, әне… Қазмойын бұл айналымда да алдыда келе жатыр.

«Ой, Алла-ай, ой Алла-ай»… «Жәнібек, Жәнібек» деп ұрандаған өз немересі екенін даусынан енді ғана жазбай таныған Соқыр шал жүрелеп отыра кетті. Миы солқылдап, зың-зың етеді. Жүрегі құрғыры сыздап барады. «Бұ не мазақ? Жәнібегі кім? Бұ тексізге баяғыдан бері бабаларымыздың ұранына айналған Байтоқтының әруағы аз болғаны ма? Тақиясына тар келгені ме? Ең болмаса мұқым Сары Үйсінге белгілі Досымбек, Құрақ, Қошқар, Жандосай, Елемес, Тұрды, Жартыбай сияқты батырлардың есімін ұран етсеші… «Албанның Райымбек батыры бәйгеге өз атын ұрандап шауыпты» дегенді талай естіген. Егер де немересінің аты Рүстем емес, Жәнібек болғанда, бәрін кешер еді. «Сәбидің аузына Алла салған шығар» дей салар еді. Мынау жеті атаны былай қойып, он алты ата аралатсаң да, исі Үйсінге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұран ғой.

– Әй, Соқыр! Керең болмасаң, естіген шығарсың…

Соқыр шал кірерге тесік таппай, күмілжи берді. Қазаққа белгілі шежіреші Абайділдә қарияның тумасы емес пе еді?! «Ой, Алла-ай, баланың аузына ілінген бұл Жәнібек, қай Жәнібек?!»…

Бүкіл жұрт «бұл не дер екен?» дегендей анталап тұрғанын Соқыр шал енді аңдады. Сөйткенше болған жоқ:

– Ақсақал, немерең ұрандаған Жәнібек деген кім?

– Қай атаңыз…

– Сары Үйсін баласы бұрын-соңды мұндай ұран шақырған емес еді ғой, – деген сауалдар жан-жақтан жаңбырдай төпеп берді. Осы кезде қалың көпшілік ішінен Шәкі шалдың даусы саңқ ете қалды.

– Доғарыңдар түге! Өлексеге қаумалаған қарғалардай Соқыр шалдың түте-түтесін шығардыңдар ғой. Білсе, аузын буған танадай тұрар ма еді, осылай?… Әне, онан да бәйгені тамашалаңдар. Жәнібек деп ұран шақырған Соқыр шал емес, анау бала емес пе? Мұның сырын бәйге біткен соң, баладан сұрап білерміз…

Соқыр шал сұп-сұр болып, кірерге тесік таппай, ұяттан жарылып кетуге шақ қалып тұр. Өз аты ұмытылып, ошақтағы отқа күйіп, жанардан айрылғалы, Соқыр атанғалы міне жетпіс жыл болды. Осы жетпіс жылда дәл осылай қалың тобырдың табасына қалып көрген емес. Не де болса, Рүстемі бүлдірді. Шал енді Құдайдан бір ғана тілек тілей бастады. «Қазмойын бірінші болып келмесе екен. Бәйгеге ілінбесе екен». Ауылдасының аты озса, қуанатын қазақ еді. Енді өз кіндігінен тараған ұрпақтың топ жарғанын қаламай тұр.

– Ата, ата Қазмойын мәреге жақындап қалды. Әне, Рүстем ағам…

– Аты өшсін, аты өшкір ағаңның… Аға дейді ғой.

Соқыр шал басы ауған жаққа кетіп қалудың ыңғайын таппай, тыпырши бастады. Мына қалың көпшілік те «Жәнібек» деп ұран салған баланың бірінші келгенін қаламаған секілді тымырая қалысқан. Бәрі әлдебір сойқанды күтетін секілді…

Өзге аттардан оқ бойы озық келген Қазмойынның тізгінін Рүстем алдына жүгіре шыққан нағашысының қолына бере салып, аттан қарғып түсті. Нағашысы дереу Қазмойынға мініп, желе жортып, қалың қарағайдың ішіне сүңгіп кетті.

Рүстем атасынан ерекше мейірім күтіп, шалдың құшағына құлай кетуге асығып-ақ келген еді.  Соқыр шал қолындағы қамшымен баланы осып-осып жіберді. Рүстем шыр ете түсті.

– Әй, Соқыр бәйгеден келген атты құрмет тұтпаған, бәйгеде топ жарған баланы басына көтермеген қай қазақты көріп едің. Қысқарт!

Шәкі шалдың өктем үні мен саңқылдаған даусы бүкіл жұрттың назарын еріксіз өзіне аударып алды.

– Неменеге түтеп, қалшылдап отырсың. Немере сенікі болғанымен, бұл да Сары Үйсіннің тұяғы. Сенің сүйегіңе таңба түссе, менің де сүйегіме, осында отырған бар Сары Үйсін баласының сүйегіне таңба түскені…

Түкті де түсінбеген Рүстем бұл кезде еңкілдеп жылап тұрған еді. Он екі шақырым жер атқа шауып, онан кейін таяқ жеу оңай деймісіз.

– Жылама балам! Біз сенен бір жайдың қанығын білмекпіз… Ұранға қосқан Жәнібегің кім? Жеті атаңда Жәнібек деген бабаң жоқ еді ғой…

– Білмеймін. Нағашы атам ғой. Бағана бәйгеге шабарда: «Сен Жәнібек батырдың жиенісің. Жәнібек деп атқа қонсаң, бірінші болып келесің» деген.

– Мұның нағашысы кім еді?, – деді Тетір шал, біле тұра білмегенсіп.

– Құйысқанға қыстырылмай қоя тұр,  – деді Шәкі ақсақал кейіп. – Тәк, нағашым айтты де… О, онда бұл Өміржанның әлеметі болды ғой. Өміржан айтса, Жәнібек – Абақ Керейдің ұраны болғаны. Охо, әй қақпастар-ай…

Шәкі шал қарқылдап тұрып күліп жіберді.

– Бұ періштенің аузына Ер Жәнібектің аты түсіпті ғой. Бәсе…

Шәкі ақсақал ұртына тәтті кәмпит салып, сорып отырғандай тамсанып, біраз ойланып, тұрып қалды.

– Моңғолиядан көшіп келген кірме екі үйдің мерейін асырып, Сары Үйсін баласының намысын аяққа таптап, Керейді басқа шығарғаны-ай, мына шіріген…

– Әй, Тетір шал! Мына жерде шіріген жұмыртқа бар болса, соның нақ өзі мына сенсің… Тіліңді қысқартасың ба, жоқ па? Сені де Абайділда, Несіпбай секілді қазақтың тарихын бес саусағындай білетін сұңғыла қариялардың көзін көрді дейді ғой мына жұрт. Мен саған, саған ғана емес, бүкіл жұртқа айтам, Ер Жәнібекті үш жүздің басын қосқан Абылайдың, Абылай ханның өзі ардақтаған.

– «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деуші еді. Мына екі үй жаман Керей желкені ас етіп, жиенді ел етпек екен. Бердім, қидым баланы соларға…

Тек тұрмай Соқыр шал да киліге кетті.

– Соқырым-ау, сенің көзің ғана емес, көкірегің де «пітеліп» қалыпты ғой. Бұрын қалай байқамағанмын.

Шәкі ақсақал жүйелі сөз айтпай мына шалдардың бетін қайтару мүмкін емес екенін білді. Сөйті де, бір жөткірініп алып, ағытылып сөйлеп кетті.

– Балаң бәйгеге шапты. Аты озды. Байтоқты бабамның әруағына шүбә келтірмек емеспін. Сонда да өздерің ойланыңдаршы. Он тоғыз бала Байтоқты деп ұрандап, бір ғана бала нағашысы Жәнібекті аузына алды. Кім озды? Кімнің мысы басты? Қазақ «нағашы деген – нағыз жұрт» дейді. Мына баланың нағыз жұрты Керей елі болса, оны талауға, оны жерден алып, жерге салуға хақымыз бар ма? Керей, оның ішінде Жәнтекей тек Рүстемнің ғана нағашысы деп пе едіңдер?… Алты Алашты аузына қаратқан Абай жәкемнің өзі мына бала ұранға қосқан Ер Жәнібектің жиеншары емес пе? Абайдың бабасы Ырғызбай Ер Жәнібектің туған қарындасы Ермекті алғанын білмеуші ме едіңдер… Абайділдә ақсақалдың өсиеті тоттана бастағаны ма? Енді өздерің айтыңдаршы, Үйсінді былай қойып, исі қазақта Абайдан өткен бірің бар ма, Шәкәрімнен өткен пірің бар ма?

– Ақсақал, сіз тым тереңдеп бара жатырсыз. Абай мен Соқыр шалдың Рүстемін теңестірейік ендеше… Сүйекке таңба түскенін елдің бәрі түйсініп отыр. Сіз бізге мынаны айтыңыз. Мана мысалға келтірген Абай атамыз қалың Тобықтыны жерге қаратып, Ер-Жәнібекті ұран етіп пе еді?

– Пәлі, бұл қайсысың тағы… Сендердің осындай сөзуар екендіктеріңді неге білмей келгенмін. Бірің «Моңғолиядан келген екі үй – кірме» дейсің… Кеше ғана осы тұрған көпшілігің түбі Үйсін – Албан, Суан елімен қосылып, Қытайға бас сауғаламап па еді?. Ұмыттың ба, соны?!. Енді бірің Абайды Рүстем баламен теңгермек боласың. Несі бар, бүгін бәйгеден келген бұ бала ертең Абайдай ұлы тұлғаға айналса, мен таң қалмаймын. Ер Жәнібектің Әймен деген жалғыз қызы болғанын білесіңдер ме, сендер?

Шалдардың ешқайсысы тіс жара қоймады. Мана ғана ашуы бұрқ-сарқ қайнаған топтың жүні жығылып қалған секілді. Шәкі таразының басы өзіне қарай ауғанын аңдады.

– Ер Жәнібектің батырлығы, алғырлығы, шешендігі жайлы аңыз көп. Білем, мына жерде оны тыңдайтын құлақ жоқ. Өз Сары Үйсінін жете білмеген жұрт Алты Алаштың қамын жеуші ме еді?! Сол Жәнібек батырдың жалғыз қызы Әймен – Балқожа бидің бәйбішесі… Балқожаның баласы – Алтынсары, Алтынсарының баласы – Ыбырай. Біле білген адамға Ыбырайдың өзі Ер-Жәнібектің жиені… Қазаққа қаріп танытқан Алтынсарының Ыбырайынан асып туған ұлың болса, көрсет… Әйтпесе, кінәсіз баланы жүндеме…

Шәкі осымен әңгіме тәмам дегендей жерде солқылдап жылап отырған Рүстемді тұрғызды. Ал балам қолыңды жай, бата берейін…

– Әй, Шәкі сенен ешкім бата сұраған жоқ. Мына бір топ Сары Үйсінді қырық пышақ қылып, Керейдің сөзін сөйлемекті қайдан үйрендің?. Ер Жәнібектің мына саған туыстығы жоқ еді ғой.

– Тура биде, туған бола ма?

– Пах, шіркін! Сені кім би сайлапты…

Шәкі сөзден ұтылмау үшін тағы да сөйлеп кетті.

– Абайділдә ақсақал ар алдында ақиқатты ғана айтатын. Мен де жөн сөзге тоқтайтын адаммын. Артық кетсем, кешеуіл беріңдер… «Ер Жәнібектің мына саған туыстығы жоқ еді ғой» дедің бе, Тетір! Иә, Ер Жәнібектің маған туыстығы жоқ болғанымен, мына саған туғандығы бар. Жәнібек батыр сенің һәм мына Соқыр шалдың арғы атасы Досымбек батырдың туған жиені. Шежірені ақтарар болсам, Ер Жәнібектің өзі сенің нақ жиенің болып шығады.

Осы кезде Соқыр шал қуанғанынан орынан атып тұрды…

– Е, бәсе… Е, бәсе…

Жетпіс жыл бойы қара түнек ұялап келген жанарына сәуле құйылғандай жадырап сала берді…

«Япыр-ай, сонда Абай, Шәкәрім, Ыбырайлар менің жиеншарым болғаны ма? Ер Жәнібектің батырлық аңызын бала кезден естіп өстік. Сол кезде бұл батырдың Сары Үйсінге, Досымбек бабама жиен екенін неге қаперге алмағанбыз. Неге? Бабаларымыз «қарға тамырлы – қазақ» дегенді бекер айтпаған екен ғой. Бекер айтпапты.».

Шалдардың мәмілеге келе бастағанын сезген Рүстем ақырын жылыстап, топтан сытылып, саяқ кетті.

Санасында бір ой дөңбекшіп барады…

«Сары Үйсін бол, Керей бол, басқа бол… Онда тұрған не бар? Бәріміз, бәріміз бір қазақтың баласымыз ғой»…

Бала Рүстемнің ақылы жеткен осы ақиқатты Соқыр шал, соқыр шалдар қашан мойындар екен? Бұл сұраққа осы оқиғаға куә болған мына мен, иә мына менің өзім жауап бере алмаймын…

Қанат Әбілқайыр

 

Байқауды бағалау комиссиясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидахмет Әшімхан, Қазақстанның мәдениет қайраткері және М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жәркен Бөдешұлы, ақын, ұстаз Мұрат Шаймаранұлы. Әділқазылар алқасының төрағасы филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Кәкен Қамзин болды.

 

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*