Әдебиет

Мағаз Разданұлы атындағы екінші орын иегері Ұлан БАПАЙ: Рухтың оралуы

                                  852

Абақтан Ер Жәнібек батыр шыққан,

Дұшпанның талай жерде туын жыққан.

Халықты батыр менен бай бастайды,

Қарсыласқан жауларын жерге тыққан.

Тең болып азғана ауыл қалың елге,

Именіп бәрі-дағы төмен бұққан.

Рухына құран оқып бағыштамай,

Ұрпағы не болады соны ұмытқан.

                          А. Апашбайұлы

РУХТЫҢ ОРАЛУЫ

 Бапай Ұлан.

Алтайдың  ту желкеңді тесіп өтердей шатырлаған найзағайына қосылып жер әлемді жуып кетердей сіркіреген қара нөсері онысыз да көңіл-күйі астаң-кестең боп жатқан Жәнібек батырдың ұйқысын шәйдай ашты. олардың Арқадан келгеніне бір жұма шамасы болған. Мұнда келудегі мақсат – жер шалу, ата-мекенге ел қондыру. Осыдан екі күн бұрын Алтайдың жон арқасындағы Ақсала жайлауына кеп тізгін тартып, ерулеп қалған-ды.

Найзағайдың жарқылынан анадайда тұрған балбалтастың бейнесі әлсін-әлсін көзге шалынады. Бірде мұңайған бейне таныттса, енді бірде «келдіңдерме әйтеу, ұрпақтарым» деп қуанып тұрған сияқты. Меңіреу тастар осылайша әлде ненің нышанын білдіріп жатыр. Батыр ұзақ ойға кетті…

Сонау жыл саналмаған замандағы біздің ержүрек ғұн бабаларымыз Байқалдан Сары өзенге дейінгі өңірді ен жайлаған ұлтанды ел екен. Дәуірдің де, дәуреннің басы-аяғы болады ғой. Уақыт өте ержүректер елі берекесіздік пен бақталастықтың кесірінен әлсіреп, жауларынан жеңіліс тауып, бытырап кеткен деседі. Күнбатысқа қарай шегінген ғұндардың ұрпағы Еділ жарты әлемді тітіретіп тұрған кезде атажұртына қайта айналу ойында болған жоқ. Өйткені, олар көлі десе көлі, көгі десе көгі мол, Еділ мен Жайықтың арасында туып-өсіп, сол жаққа бауыр басып кеткен. Тіпті содан ары батысқа қарай кетіпті…

Жәнібек қыран көзімен найзағай жарқылымен әлсін-әлсін көрініп жатқан Алтайдың қырлары мен жоталарын қырқа шалып, тағы да ойын жалғады.

Марқұс, Құршақұс, Туғырыл иелік еткен Орхон, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің алқабындағы ұлан-қайыр жер қайда?! Оны да қалмақтарға тастап, батысқа қарай тарта берген жоқпыз ба. Қайран Хангай, қайран Қарақорым, естігеніміз болмаса саған да табанымыз тимеді-ау.

Бабаларымыздың Шыңғыстан кейінгі мекені Алтай еді. Сыбызғының үніндей сылдырап аққан анау Ертісті бойлай мекен еткен ел, уақыт өте келе ежелгі үстіртті мекенге қайта оралуды ойламады. Оған деген махаббат болмады ұрпақтың жүрегінде.

Алтай да бізге бас-аяғы бес ғасырдай ғана мекен болды. Жоңғардан қашып Сырға кеттік. Байыз таппай Орға жеттік. Ел іргесі тынышталса да, Есілден бері өтпедік. Кешіре гөр балбал тастарым, саған арқамызды сүйеп отырар күн де алыс емес… Соңғы ойды түсінгендей қатар тұрған тастардың бірі езу тарттып, бірі басын игендей болды. Батыр амалсыздан көзін жұмды.

***                        ***                            ***

Таңертең. Көкжииектен күздің таңғажайып бір таңы сыз беріп келеді. Түнгі жаңбырдың арты қарға айналып, айналаны бір қабат қырбақ қар басып салған. Алтайдың қадау-қадау шыңдары ақ мамыққа оранып айбындана түскендей. Таңғы тыныштықта анда-санда сыртылдап жерге түсіп жатқан балқарағай бүрінің сыбдыры естіледі. Айналада сай сағалап екі-үштен бытырай отырған моңғолдардың киіз үйлері бұл өңірдің тіршілігін солғын көрсетіп тұрғандай.

Жортуылдағы ақсақалдар мен баһадүрлер кәнігі әдет бойынша батыр отырған үйдегі  таңғы шәйға жиналды. Дастархан басында тыныштық. Жерошақ жақтан бақыршының:

– Тамыз екеш тамызда қары толарсақтан жауатын мына таудың қай жеріне қызығып жүр деші, – деп күңкілдеген дауысы естілді. Көпшілікте үн жоқ.

–   Алтайдың қадірін осында ғұмыр кешкен бабаларымыз білмесе, арысы Сырда, берісі Арқада туған мына ұрпақ сезіне алмас-ау, – деп күрсінді Жәнібек батыр. Сөзін ары қарай сабақтай түсіп:

–    Алтайға келмейміз дейміз ғой, келем десекте, осыдан бірер ғасыр бұрын келіп бел алып алған, мына, ұранхайлар бізді Ертістен бері оңай өткізе қоймас.  Бүгінде қазақ даласының бір шеті Еділ бойында жатса, енді бір шеті осы Қара Ертіс болуы керек еді. Бүгін қамданбасақ кеш қаламыз. Түптің түбінде мына жатқан ұраңқай емес, басқа көршілер де тек жатпайды.

–              Ал, сонда ердік, келдік дейік, Артыңнан ерген жиырма мың түтін мына ұлтарақтай ғана Қара Ертістің бойына сияр ма екен, батырым, – деді Жабықбай сыздана сөйлеп.

–              Әрқайсысың бір-бір тауды мекен ететін жер қайда? Азғана елсің, берекең кетпесе Қалбадан Қара Ертістің басына дейінгі жерге қанша малың болса да сиясың, – деп нықтады батыр.

–Жәнеке, дүрыс айтасыз, аман болсақ елді Алтайға да әлкелерміз. Теріскейде орыс, түстікте шүршіт, қарсы алдымызда қалмақ. Ары қарай ұрпақтың күні не болар екен, – деді Қотырақ батыр.

– Берекесіне берік болмаса қай-қайсысы да тақымына басуға дайын отырғаны рас, әрине. Санымыз аз дегеніміз болмаса, біздің ұрпақ та ешкімге есе бере қоймас. Дініміз басқа болғанмен қойымыз қоралас отырған елміз ғой, қалмақтан қауіп жоқ. Қалған көршінің салты басқа сол көршілермен дастархандас болып, ас-суынан ауызына алып, дінінен безіп жүрмесе болды ұрпақтарым, одан басқадан алаңдамаймын.

Батыр тамағын керней түсіп ары қарай сөзін жалғады. Тек өнер-білімнен кенде қалмасы үшін ғана елдің сол көршілермен иық тіресе отырғаны керек бізге. Кешегі ойраттармен болған соғыста біз неге ұзақ жыл сарпалдаң болдық. Өйткені бізде олар сияқты от қару жоқ болды, жалаң қылыш, жалтаң найзамен жауға шауып, жанкешті күймен жеңіске жеттік, ол да болса Алланың сыйы, ер азаматтардың еңбегі. Заман қашанғы бұл күйде тұрар дейсіздер! тыныш күннің де ауылы алыс емес.

Ләйым солай болсын, –деп күбірлесті, тыңдап отырғандар шын көңілімен.

–              Біз үрім-бұтағымыздың мәртебесі үшін емес, болашақ тағдыры үшін күресіп келеміз, ендігі кезек жастарда. Жанторы, Барлыбай, Байқан сендердің болашақта ту тігетін жерлерің осы, – деп сұқ саусағымен жерді шұқып көрсетті босаға жақта отырған жас жігіттерге қарап.

Үй іші үнсіз тыныштық. Әдетте Жәнекең сөйлегенде арасында орынсыз сөз қыстыруға көпшіліктің батылы бармайтын. Енді олар осы сапардың түйін сөзін күтіп отырғандай.

.

– Атаным сай, атым сай,

Балтам сай да, тесем сай.

Ұлы Ертістен көпір салсам да өтем,

Кеудемнен жаным шықпаса,

Ежелгі мекенге жетем, –  соңғы сөзім осы деді батыр.

Жұрт осы бір  дуалы сөзге тоқтады.

 

***           ***              ***

Күн сәске шамасы. Киіз үй алдында бір топ адам қарсы бетке көз салып тұр. Батырдың айналадағы жұрттан кесербасы биік көрінеді. Орта жастан асса да иық пен жауырыны сомдала түскен. Әңгіме мұндағы елдің тұрмыс-тіршілігі жайлы болып жатыр.

Сөз арасында атқосшы жігіттердің бірі: – Қалмақтардың дені дұрыс па осы? Мынандай жайлауда тұрып қойларын тақыр жерге жайып жүргені несі?! – деп қалды.

–Жол болсын, балам, – деді батыр, бала жігіттің білместігіне нала, Төр жайлауға малшылар тек шілде, тамыз екі ай ғана отырады. Енді он күннен кейін етекке түседі. Бұл жердің шөбінің нәрлілігі сондай, – көрдің бе, әне, – деп қойларды көрсетіп, –құйрықтарын көтере алмай жүргенін. Сондықтан көшерден аз күн бұрын қойларды иріп, етін сәл болса да оязытады, – деп түсіндірді.

–Астапралла, астапралла, о заманда, бұ заман, қой жаратқан дегенді естісем құлағым керең болсын, –деп жатты біреулер.

–Ана тұрған жылқыларды көрдіңдер ме жонынан жарылардай боп тұрған, – деп сөзін сабақтай түскен батыр, көпшілікке қарап, – аталарымыз Алтайда Құлынембес деген жайлау болушы еді құлыны ембей тай болатынын ауыздарынан тастамай тамсанып отырушы еді, дәу де болса осы жер ме деп ойлаймын.

–              Дұрыс айтасыз, Жәнеке, анау өсіп тұрған қара қияқ пен сірік шөп басқа жерде оңай өспейді, ол да болса Алтайдың қасиеті, – деп батыр сөзін қоштады Сырбай ақсақал.

– Аңыздарда, сақ бабаларымыздың тұяғының дүбірі үш күншілік жерден  естілетін пырақ жылқылары осында өсірілген екен. Бұл шөпті екі ай жеген жылқы екі айлық жолға былқ етпейді деседі, – деп тұс-тұстан әңгіме көрігін қыздырып жатты.

***           ***              ***

    Алтайды бірер күн ерулеген соң жер шалған жортуылшылар Қара Ертісті көктей өтіп, Сауырға қарай бет алды. Бастарындағы керейі тымақтарының қамқалы тысы мен ат әбзелдеріндегі күміс түйіндері күн сәулесіне шағылысып жалтылдап сары даланың сағымымен жарысып келеді. Арғымақтар ауыздықпен алысып жұлқына алға тартады.  Қосар атты атойшыл жасауылдар үлкен топтан оза желіп  жол бастап келеді.

Жәнібек батыр аттың басын ірке тартып сәл кейінге қала бастады. Сыртынан қарағанда Алтайды қимай бара жатқандай. Артына қайырылып көз салған көпшілік, Батар күнмен таласа батырдың сом денесі мен балбалтастың алып көлеңкесі Алтайдың күнгей бетін жауып бара жатқанын көрді. Жақсылықтың нышаны деп жорыды, еңселері көтеріліп, желпініп бара жатты.

 

 

 

 

 

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*