Әдебиет

Жақсылық СӘМИТ атындағы арнайы сыйлық иегері Қуаныш ҚАППАС: Алтайда арман көп

415111_850378159_915_Sametuli_Jaksylyk   -Тарт қолыңды жауыз! Жеріме салған жезтырнағың жүрегіме сұққан қара найзаңмен бірдей. Бабамнан қалған байтақ далаға, атамнан қалған әппақ далаға араныңды ашқаның- жел сылаған маңдайымды, күн сүйген кеудемді басқаныңмен бірдей. Көшіп келген капірге, қаңғып келген Қытайға атамның қаны, анамның жасы тамған қасиетті жерді қолымнан бере алмаймын.

Бұл ашулы қарияның, ашынған қарияның сөзі.

– Тауда туып, тауда өскен; қарда туып, су кешкен; ел тәртібін, заң талабын танымайтын тоңмойын шал, жер мемілекеттікі, мемілекет менікі. Жер тіреген жасың, желкілдеген сақалың солқылдаған заңның садақасы. Хан айтады, құл көнеді. Тұрма алдыма, тоспа жолымды!

Бұл жер шапқалы келген, ел шапқалы келген сараяқ сақшының салмақты бұйрығы.

Әмір атқарылды, бұйрық  орындалды. Ата қонысын арамға таптатпаймыз деп жиналған жұрттың жігіттеріне жұдырықпен, әйелдеріне әпербақандықпен жауап беріп келе жатқан өкімет адамдары өктемдіктеріне көнбеген өр көкірек қарияны келіге тартардай көтеріп апарып, көрге атардай жерге ұрған. Бассыздыққа бағынбаймын деген қарияны, қамалдай алынбаймын деген қарияны қаражүрек қара Қытай құм толтырған қу тұлыптай қара жерге ұрған. “шыр” еткен сәбидің, “шу” еткен ананың үні естілді. Әруаққа жүгініп “елім” деген, таяққа жығылып “белім”   деген қария қатулана ұрандады:- Аттан елім, жеріңе жау шапты, аттан Керей, кеудеңнен кәпір қақты!…

Алтай -Алтай болғалы, басын бұлт шалғалы бөтеннің тепкісін, өктемнің от күшін көрмей өткен күні барма екен? Қанды ғасырларды қаралы тарихтың қойынна жіберген қарт Алтай қасиетті топырағы үшін қайта мінді тұлпарға. 2014 жылдың көктемінде, қара жердің қар көрпесі көпсігенде көрдік бұл көріністі. “Мемілекеттік міндетпен жүрміз”- деген мықтылар малшылардың бабасынан қалған, атасынан қалған, әкеснен қалған жеріне; қаны тамған, тері тамған жеріне таласқан. Бермейміз дегеннің бетін қайтарып, көнбейміз дегеннің көзін шұқыған. Жас баланы желкеден басып, жас жігітті кеудеден қаққан. Қарсы шыққан қарияны қол-аяғын қайырып көтеріп алып жерге ұрған. Билік білгенін істеген, күшті дегенне жеткен. Сәбидің жарасын, ананың наласын ескерген ешкім болмаған. Азаматтың намысын, қарияның қал-ісін сұраған адам болмаған.

Осы “төбелесте” таяққа жығылған қария, жетпістен асып жер таянған қария, сексенге тартып сырқат буған қария таяқтан мертігіп жатып, демі қысылып ентігіп жатып ел-жұртымен арыздасыпты:

– Көкбөрілер көктеген жер, өр тектілер өктеген жер; батырлардың бағы жанған жер, боздақтардың қаны тамған жер- Алтайда туып, Алтайда өскен; Алтайда қонып, Алтайда көшкен аяулы жұртым, ақыр заманның аз-ақ алдында, пақыр заманның тура қасында тұрмыз. Келімсектер кеудеге шықты, жердің құрты мойынға мінді. Күлің төгілген жерді, әруағың көмілген жерді берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алды. Техникамен тегістеп, темірмен қоршап малың жайылған маң далаңды, елің қонған ен далаңды өзіңе бұйыртпады. Капірдің десі, бөтеннің беті қатты болып тұр бүгін. Қазақтың сыйлы күнінде, Керейдің күйлі күнінде, батырлардың найзасы көкпенен жер тіреп тұрғанда, Жәнібектің ақ туы желкілдеп тұрғанда қай жауың келіп қан төге алып еді, қай дұспаның келіп кәр төге алып еді?! Жел жағыңнан жүрмек түгіл жеріңнің жетіне келіп жөтелуге батылы бармай демі сылғылып өліп кететін еді ғой аңдаған жауың.

Жетпіс жылдың алдындағы жорықта, Жәнекем туы және бір желбіреген жорықта жетіге келіп жер таныған бала болатынмын. Еліміздің еркелерін, көшіміздің серкелерін күйі келгенін күнде ұстап, күйі келмегенін түнде ұстап, қолын байлап, қалаған жеріне айдап кете берген. Атты, атпағанын тірідей көмді. Марқұмдардың мүрделері мүлдемге кетті, мәңгілік табылмады. Жау басынған, Қазақ жасыған сәтте Жәкемнің желбіреген ақ туы жігер сыйлады еліме.  Ерлер ереуіл атқа ер салды, егеулі найза қолға алды. Еліңді шабам дегендер есінен айырылды, жеріңді шабам дегендер жанынан айырылды. Ұлыңды құл етем дегеннің жігері құм болып кетті, қызыңды күң етем дегеннің айбары күл болып кетті. ЕрЖәнібектің ер немересіне көтерткен ту асқақ желбіреп, жасанған жауды жасқап желбіреп жеңістің шыңына, Алтайдың шыңына қадалған.

Осыдан кейін оғылан Оспанның, қабылан Оспанның қолында да ақ тудың айбары азайған жоқ, ажары қайтқан жоқ. Қаптап келген қара Қытайды, самсыған сарала Қытайды Алтайдан асыра қуып, өр Алтайдың, төр Алтайдың, ер Алтайдың егемендігі үшін қан төкті. Оспан шейіт болғанға дейін, Оспан озбырлардың тұзағына түскенге дейін Алтай даласы, Қазақ даласы қарақшылардан дін-аман тұрды. Ғасырлар бойы қанды жорыққа, қанды тарихқа куә болып келген ақбас Алтай осыдан жетпіс жыл бұрыс осылай бір сілкінген. Тұла бойына тола құжынаған қара тышқандарды жан-жаққа шашып дүр сілкінген.

Батыр Оспан бақилық болған соң, Жәнібектің ақ туы қолды болған соң Алтай даласы амалсыз жуасыды. Жауыз жау ақырып ала алмаған Алтайды, алысып ала алмаған Алтайды жымысқы саясат, жылмың күлкімен алды. Қан төгуден қорқпайтын Қазақ ар төгуден қорықты. “Уәде-құдай сөзі”- деп білген Қазақ жауына сенді. “Досыңмын”-деп келген жауына сенді. Күліп кірген, “көмекшің біз”-деп екі жеңін түріп кірген “жаңа досы” адалдықты арамдыққа пайдаланды. Алтайдың қолынан ақ туды алдап алған соң, “қасиеттеп сақтаймыз”-деп арбап алған соң Алтайды ақ ту көрген жоқ, ақ туды алтай көрген жоқ…

Ер Жанібектің батырлығына сүйініп, батылдығына сүйініп, даналығына сүйініп, даралығына сүйініп, “еліңді-ел етерсің”-деп, “жеріңді-төр етерсің”-деп Абылайхан ақ найзаға байлап берген ақ ту әлде қайдан келген ақ жыланның арбауында кетті. Абылайхан Жәнібекке ақ туды: “Керейдің мерейін үстем ет, Алаштың абройын асқақ ет”-деп берген екен. Бұл құрмет, бұл сенім Жәнібек бабама 18 жасында жүктелген. 1732 жылы болса керек, Қазақ ауылын қан жылатып, Қазақ даласын ат тұяғының шаңына көмген жеті басты жалмауыздай Жоңғар жорықшыларымен жан алысып, жан беріскен, қырғын салып, қан кешкен бір сәтінде Қазақ халқының қауқары қайтып, айбыны жасып шегіне бастаған көрінеді. Бар Қазаққа қайрат болған, бар жасаққа айбат болған Абылайханның тұлпары тұралап, батыр хан не алдыға шауып жауын жасқай алмай, не кейін шауып жасағын тоқтата алмай сәл сасып қалған сәтте, аш бөрідей жұлынған жас батыр аш күзендей бүгілген боз күлігін көлденең тартады:

-Құрметі күшті ханеке, жауың басты, жасағың састы, тұлпарың тоқтап айбатың қашты. Жас екен деме қайратыма сен, тай екен деме тұлпарыма сен. Жауға мені қалдыр, шегінген қолды менің көк дөненіммен барып тоқтат.

-Батыр бала, бетімнен қақты деме, басың кетер, қомсынды деме қыршындай жасың кетер. Жауға өзім, кеткен қолға сен бар!

-Ақыл сұрасар ауылда, жөн сұрасар жиында отырған жоқпыз, қазір аттаныңыз. Болмаса, хан басыңды хас жауыма бергенше өзім алып кетейін.

Жас батырдың тұрысқа тілі, қылышқа қолы барғанда хан батырдың қабыл алмауға батылы болмаған екен. Жауды жеңіп жайланғаннан кейін, Жәнібекті таптырып, бар тілегін айттырған екен:

-Керей деген елім бар, Алтай деген жерім бар. Керей шетке шашылды, Алтай жатқа бас ұрды. Тілек тыңдар хан болсаң Керейдің туын тігіп бер, белін буып бер. Керейді бастап ел етем, өзгемен терезесін тең етем, асқар Алтай даласын ата қоныс жер етем!

Жәкеңнің тілегі жерде қалған жоқ, Абылай айтқанында тұрды. Ақ туын алып, Абақты ерткен Керей Жәнібек күллі Қазақтың хас батырына айналды. Ұрсықан жаудан, у шыққан даудан елін аман сақтап ұлы даласын, ұлық мұрасын ұрпағына табыстады.

Ауыру қысқан ақсақалдың басын баласы келіп сүйеді. Терезеден Алтайдың асқар шыңына, ұшар құзына құмарта қараған қария найзадай тастың ұшында, Алтайдың күн батар жақ тұсында желбіреген жалауды, желкілдеген туды көрді. Тәуелсіздіктің туы, егемендіктің туы… Әттең, бірақ шекараның арғы бетінде тұрғаны өкінішті. Бөтеннің құлы болмаймын десең, жаттың тілін алмаймын десең сол тудың түбіне жетуің керек. Өз еліңде өзегіңнен ешкім теппейді, өз жеріңде басыңдағы бақ тепкілесең кетпейді…

Кетер мүмкін, егемен елге жетер мүмкін! Бірақ Ата қоныс Алтайды қайтеді? Туған топырағы Алтайды қайтеді? Бабасы аманат еткен, Ер Жәнібек аманат еткен ата мекенді кімге қалдырады? Кеше ғана “бір сүйем жерін бермеймін”-деп қан төккен қасиетті даланы қара құмырсқаға түгелмен тастап кете бермек пе? Жоқ, Жәкеңнің жоғалған туын тауып таулы Алтайға қайта қадар күн туа ма?…

“Еліне ұран болған Ер Жәнібек” тақырыбындағы прозалық шығарма байқауына

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*