I бөлім
Бала Жәнібек
Зеңгір көкті қан қызыл түске малындырған қашқын күн жүзі қызара заңғар тау артына жасырынды. Мөлдіреген бейкүнә аспанды қанға бөктіргеніне өкіне ме, соңғы рет болса-дағы көз ұшынан жер бетіне өртене сығалады.
Бердәулет үшін бүгінгі күн ғасырдан да ұзақ көрінді. Келіншегі босана алар емес. Таң азанынан бері толғатып жатыр. Көпті біледі деген ауыл кемпірлері жанынан шықпай, қолынан келген бар амалдарын жасауда. Бәрібір нәтиже жоқ. Қадиша әлі босанбады. Бағана ғана үй ішінен толғатқандағы құлын дауысы шығып жатыр еді, енді міне, сүт пісірім уақыт болды, меңіреу тыныштық. Бердәулеттен дегбір қашты. Бір кезде есік алдына құман ұстап шыққан кемпірге жанұшыра жүгіріп кеп:
– Не болып қалды? – деді. Жүзінде үрей табы бар. Дауысы жарықшақтана:
– Неге үні шықпай қалды? Бірдеңе болып қалған жоқ па? – деді.
– Уайымдама. Құдайға шүкір, жағдайы жақсы. Тек, толғағы қайтты. Енді тағы күту керек.
Қуанып кетті. «Тірі екен ғой». Әйтпесе, ойына небір нәрселер келіп-кетпеді десеңші. Тіпті, «өліп қалды ма?» деген күдік те сумаңдап еді. Сонда бір сәтте үсті-басын қара тер жуып кеткен. Не істерін білмей, жер-дүниеге сыймай алас ұрды. Осы уақытқа дейін дәл бұлай мазасыздапбап еді. Бір күн, бір түн болды, ұйқы көрмеді. Қалай ұйықтайды, егер ізін басар тұңғышы дүние есігін ашайын деп жатса? Ол осыны талай жыл зарыға күтті емес пе? «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген рас екен. Қадиша екеуі отау құрғалы бері бала иісіне зар болып келеді. Соңғы кездері өмірі сұрқай тартып бара жатқандай. Жорықтан үйіне қайтқысы келмейтін кездері көбейген. Үйі – үй емес, бейнебір қу мазар секілді. Керісінше, жолдастары отауларына асығып тұрады. «Балаларым мойныма асылып қарсы алғанда шаршағанымды ұмытамын» деп мақтанатындарын қайтесін. Сонда Бердәулет өміріне нала болып кетеді. Өзін тірі өлікке теңеді. «Е, Құдайым, ең болмаса бір бала бере көрші» деп көзіне жас алды. Сөйтіп, тоғыз ай, тоғыз күн бұрын Қадиша екеуі ұйқылы-ояу күйде әулие-әмбиелерді аралап жүргенде түсіне үстінен көз қарықтырар аппақ нұр шашырап тұрған қария кірген болатын:
– Жаратушы иенің бұйрығымен дүниеге ұл бала келеді. Ол елін қорғар батыр болып өседі. Бірақ, ныспысын өзің емес, аты қалың қазаққа мәшһүр батырға қойғыз».
Осылай деді. Түсіне енген ақсақал. Сөйтіп, көзден ғайып болды. Бердәулет «Уа, тоқтай тұрыңызшы» деп артынан жүгірмек болып еді. Дүниеге келгелі жатқан ұлы туралы көп нәрсе сұрағысы һәм білгісі келген. Өкінішке орай, болмады. Алғашында ол бұл кездесуді өңім шығар деп ойлаған болатын. Сөйтсе, түсі екен. Оянып кеткенде бір-ақ білді. Оянса, таң енді бозамықтанып атып келеді. Қара-сұр аспанда тек Шолпан жұлдызы ғана әлсіз жарқырап тұр. Дүние қара-көлеңке құшағында. Төңірек тып-тыныш. Тек, зауза қоңыз шырылы ғана естіледі.
Бердәулет қалың ойға батты. «О, Құдайым, түсіме расымен де Баба Түкті Шашты Әзіз кіргені ме? Жұрт айтып жатушы еді, егер түсіңде Баба Түкті Шашты Әзізді көрсең, онда тілеуіңнің қабыл болғаны. Ол түсіңе тек таң азанында ғана енеді. Таң азанында көрген түс – жай түс емес, аян. Аян деген аманат. Аманатқа қиянат жүрмесе керек. Бірақ, қай батыр балама арнайы келіп ат қояр дейсің? Жер түбіндегі ауылға батыр атаулы соқпағалы қай заман. Ең абзалы, хан ордасына баруым керек… Барамын… Ел аузында жүрген батыр дейді. Онысы кім? Қабанбай ма, Бөгенбай ма?.. Жә, жарар. Алдымен ұлым дүниеге аман-есен келіп алсыншы. Ары қарай көре жатармын».
…Түн шымылдығы түрілгенде әйелін толғақ қайта қысты. Кемпірлер қарашы үйге шара толы су ұстап ары-бері шабылды. Қайта шығады, қайта кіреді. Бәрі мазасыз. Бердәулет есік алдында тұра беруге ұялды ма, астындағы атын қамшылап, Сыр бойына шаба жөнелді. Ол жалғыздықты жек көретін, дұрысы қорқатын. Бірақ, кей сәттерде оңаша қалуға бейілді-ді.
Бүгін аспанда жұлдыздар қаптап кетіпті. Хан әскері секілді жер-дүниені жаулап алған жұлдыздарға қолбасшыдай, аспан төріндегі қалың қолының ортасында – бір шеті тістелген күлше ай алаңсыз ұйқы құшағында жатыр. Бейнебір «менсіз-ақ соғыса беріңдерші, ал мен кішкене демалайын» дейтіндей. Осы бойкүйездік меңдеген маубас ай түбінде жаздыгүні самауырыннан будақтайтын қара-сұр түтіндей бұлт шұбатылады.
Бердәулет атынан түсіп, томаға-тұйық ағып жатқан Сыр өзенінің жағасына отырды… Е, Жаратушы иенің құдіретінде шек жоқ қой. Дәл алдында ағып жатқан – өзен емес, кең дария. Мына жағасынан келесі жағасына көз жетпейді десе болады. Қарама-қарсы жағаны қалың өскен қамыс басып кеткен. Әлгі қамысы адам бойынан асады. Ит тұмсығы батпайтын ну ішіне кірген адам адасып кететін секілді. Жұрт айтып жатады, қамыстар арасында жолбарыстар мекендейді екен. Қарсы келген адамды бір асап қылғыта салады дейді. Бірақ, өзі осы уақытқа дейін бір де бір жолбарысты көрмепті. Адам деген көзімен көрмеген соң, естіген нәрсесіне сенгісі келмейді ғой. «Мүмкін бар болса бар шығар. Әйтпесе, ел бекерден-бекерге даурыға ма?» деп қоя салған. Қазір де «жолбарысты көріп қаламын-ау» деген үмітпен әлгі жағаға зер сала қарады. Әйтсе де, көзіне ештеңе ілікпеді.
…Қап-қара дария бетінде ай сәулесі нәзік қана дірдек қағып тұр. Әлденеден қорқып тұрғандай… Қорқу… Қорқыныш… Осы бір сезім бүкіл ауыл, ауылы несі, бүкіл қазақ атаулыны билеп алғалы қай заман! Соңғы жылдары өзі білетін алыс-жақын маңдағы ауылдардан күй қашты. Емін-еркін, бейқам отыру деген арманға айналған. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, көшпелі қазақтар: «жау бізді шауып ала ма? Шапса қашан шабады?» деп үрей құшағында жүретін болды. Ит үрсе, жылқы кісінесе болды, осы бір үрей бүкіл ауылды шарпып өтеді. Балалар да жалтақ болып өсіп келеді. Өткен күзде ғой, бір қол жоңғар бұларды жол-жөнекей жайпап өткен. Кездескен ауылды қырып барады екен. Дүние-мүліктерін ту-талапай тонап, қарашы ауылдарын өртке орап кетті. Байғұс кемпір-шалдар, әйел-балалар зар еңіреп қала берді. Сол оқиға есіне түсіп еді, кіжінгеннен екі көзіне қан толған Бердәулет жағада жатқан дәу тасты дарияға ерен күшпен лақтырып жіберді. Тас суға күмп етіп батып кетті.
«Құдай-ау, қашанғы бұлай жалғаса береді? Неге жауға есемізді сонша жібере бердік? Қарақұмда болған құрылтайдан соң, неге қайта біріге алмадық? Жұмылса жұдырық демей ме? Жау қорлығына қашанғы көне беруге болады? Шыдамда да шек бар емес пе?»
Түнгі тымырсықта Бердәулет толқындана ағып жатқан дарияға қарап ойға шомды. Ол мына дария жағасындағы талай зобалаңды көрген талдар астында ой құшағына сүңгігенін сезбеді. Осылай ой торына шырмалғаны сонша, таң атқанша міз бақпады. «Уақыт – емші» дейді. Бірақ, сол емші уақыт Бердәулетті еш емдемепті, керісінше, іштен тынуды, сол іште сыздаған жан жарасымен өмір сүруді үйретіп келеді. Жау қолынан қаза тапқан әкесін, туған-туыс, ет жақындарын ойласа, жанын қоярға жер таппайды.
«Түн артынан күн шығады. Кеткен кегімізді еселеп қайтарар күн туар… Қой, бұлай отыра бергенім жарамас» деп ауылына қайту үшін орнынан тұрды. Сол кезде бір сәтке тал-бұталарды сыбдырлата, жапырақтарды саудырата жел тұрды. Неге екені белгісіз, осы бір жел қойны-қонышын ақтара сумаңдағанда, қоңыр салқыны бетін лепкенде жаны жадырады.
…Жылқысы кісінеп сала берді. Қиялға беріліп кеткен Бердәулет «не болып қалды?» деп жанұшыра атына жүгіріп жеткені сол еді, тұрған орнында қаққан қазықтай қатып қалды. О, Тоба, дөнен атына тайыншадай мақұлық атылғалы тұр. Жоқ, мақұлық емес, жолбарыс. Кәдімгі, жұрт ауыздарынан тастамай айтатын жолбарыс. Өз көзіне өзі сенбеді. Адам иісін сезген жолбарыс та Бердәулетке бұрылды. Сол мезет ат иесі не істерін білмей сасқалақтап қалды. Арғы жағадағы қалың қамыс арасын мекендейтін жолбарыс бергі жағада не істеп жүр? Бірақ, айтпау обал, жолбарыс ерекше сұлу еді. Тұла бойында артық қырым еті жоқ. Жолақ терісі тектіліктен жалтырап тұр. Сұсынан адам түгілі, сайтан сескенетіндей. Денесі кішігірім аттай. Басы қазандай. Көздері мысыңды жаншып жіберердей зәрлі. Ақсиған тістерінің алмастай өткір екенін есік пен төрдей жерде тұрып-ақ байқады. Ат байғұс құлақтарын қайшылатып осқырына берді. Қашып кетейін десе ағаш діңіне байланған мойнындағы жібі жіберер емес. Егер, қаша алса… Алда-жалда жолбарыс жылқыға ауыз салса, қиналмай-ақ жұта салғалы тұр.
…Бердәулет пен жолбарыс көз арбасты. Бір-бірлерінен жанарларын тайдырар емес. Ат иесі де қайтпайды, жолбарыс та қайтпайды. Дегенмен Бердәулет сыр бере бастады. Бір кезде тізелері дірілдей жөнелді. Дірілдегенін қанша басайын десе де, денесі еркіне бағынудан қалған. Мұны жолбарыс байқаған болуы керек, өзімен көз арбасқан адамға бір қадам жақындады. Егер тағы бір қадам жақындаса, онда күні біткені. Денеге тисе пышақша тіліп жіберетін сояудай тырнақтарын жерге қадап бір атылса болды, парша-паршасын шығарады. Не істемек керек? Есіне қайдағы-жайдағылар түсе берді. Адам өлер алдында бар өмірі көз алдынан зулап өте шығады деген рас-ау! Тәй-тәй басқан сәби шағынан осы уақытқа дейін көргені көз алдына келді. Бұрындары сұрқай өміріне нала болып өле салғысы келетін кездері көп еді, қазір қанша жаман болса да сол өмірін қимай тұр. Жоқ, оны қазір бұл өмірде ұстап тұрған бір құдірет бар. Ол – баласы. Әлі дүниеге келмеген баласы. Мүмкін келіп те қойған шығар. Ол жағы Құдайға ғана аян. «Мен балама керекпін. Баламды жетім етпей өсіруім қажет. Ол үшін қазір мына тығырықтан тірі шыққаным жөн. Дегенмен, қалай? Қалай тірі шығамын?» Ішінен бар білетін сүрелерін күбірлеп оқи берді. «Уа, құдіретті Жаратушы ием, мен пақырды қолдай гөр!»
Баяғыда көпті көрген бір қария айтып еді: «Алла жаратқан аң өздігінен адам баласына еш себепсіз соқтықпайды». «Яғни, жолбарысқа мен тиіспесем, ол мені не қылсын». Осыны ойлаған Бердәулет жолбарыспен өзара түсінісуге тырысты. Қанша санасыз аң болса да, титімдей болсын түйсігі бар шығар? Бердәулет жолбарысқа ызғарлана емес, енді мейірлене қарады. Жылы жымия:
– Жолбарыс! Менде ешқандай арам пиғыл жоқ. Сенде де жоқ шығар. Бір-бірімізбен ырылдасып береке таппаспыз. Ең дұрысы, ымыраға келейік. Мен өз жөніме, сен өз жөніңе кет, – деп Бердәулет кері шегінді. Жолбарыс бұны түсінген болуы керек, ол да ат иесіне тісін ақситқанын қойып кері шегінді… Тағы шегінді… О, құдірет! Қазір көргені шын ба, өтірік пе? Жолбарыстан аман құтылғаны рас па? Иә, пірім, жолбарысты бекерге текті аң демесе керек. Шибөрі болғанда бұны ту-талақай етер ме еді? Жоқ, жолбарыс өйтпеді. Ондай деңгейге түспеді. «Сыйға – сый» дегендей, өзіне құрмет көрсеткен адамға ол да құрмет көрсетіп жөніне кетті. Сол кезде бір өлімнен қалған Бердәулет қуаныштан жерге жүрелеп отыра кетті. Жаратушыға іштей алғыс жаудырды. Сөйтіп, маңдайынан сорғалаған терді қолымен сүртті.
«Шынында да, әлгі жолбарыс бергі жағада не істеп жүр? Кең дариядан қалай өткен? Жолбарыс… Бекер емес. Құдай біледі, бұл да бір аян шығар. Әлгі текті аң таң алдында көрінді. Яғни… Бұйыртса, ұлым жолбарыс секілді жаужүрек болып өседі. Ләйім, солай болғай!»
Күздеуде бұйығып жатқан ауылы көзіне оттай басылды. Қыс түссе де, қар түспеген соң, бұлар қыстауға көшпеген. «Ел іші – алтын бесік». Өзінің алтын бесігі осы ауылы ғой, шіркін. Қайда жүрсе де, ауылын ешқашан есінен шығарған емес. Шығармайды да. «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде».
…Қарашы үй алдына Бердәулет жүрегі атқақтай әзер жетті. Небір сумақай ойлар санасын жаулап алды. Үй іші тып-тыныш. Ойы сан-сақа жүгіріп кетті. «Құдай-ау, бұл не қылған өлі тыныштық?» деп атынан түсті. Бірақ, ары қарай аяғы балшыққа тізеден батқандай жүргізбеді. Сол кезде үй ішінен әйелі шыққанда, жүрегі дір ете қалды. Қадиша күйеуіне күлімсірей қарады. Сол кезде Бердәулет байқады, келіншегі бұрынғыдай жұпыны емес, бүгін ерекше сұлу екен, толған айдай аппақ дидарынан нұр шашырайды. Бұрын қалай байқамады екен? Жүзінде кереметтей жып-жылы жымиыс. Кешегі қинала азап шеккенін ұмытып кеткен тәрізді. Қолында – әлдеқандай жаратылыс иесі… Баласы бар-ды… Бұл дүниеде ана болудан артық бақыт бар ма екен? Қадиша тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен тұңғышын емірене иіскеді. «Япырай, дүниеде ең сұлу әйел – балалы әйел деген рас екен-ау».
– Әкесі, балаңызды көрмейсіз бе? – деп күлімкөз келіншек күйеуіне қолындағы баланы ұсынды. Бердәулет жүрегі дүрсілдей, қолы дірілдей құндақты әзер ашты. Құндақта топ-томпақ, маңдайы кең, өзінен аумай қалған балпанақтай сәби жатыр екен. Сол уақта мұз қатқан жүрегіне жылу құйылды. «Мына жалған дүниеде әке болғаннан артық бақыт бар ма екен?» Көзінен жас ытқыды. Бұл қуаныштан шыққан ыстық жас-тын… Сасқанынан:
– Есімі кім? – деді.
– Сізді күттік қой, отағасы.
– Жоқ, – деді Бердәулет жұлып алғандай. – Атын мен емес, батыр қою керек. Батыр болғанда да, даңқты батыр қою керек.
– Құп, отағасы, – деді әйелі күлімсірей. Осы кезде аспанды жапқан қара бұлт шыдай алмай сыр берді. Жер дүниені кір-қоңынан арылтқысы келгендей мөп-мөлдір тамшылар тырс-тырс тама берді, тама берді. Десе де, Бердәулет ештеңені сезбеді. Шамасы, қазір аспаннан жауған жаңбыр емес, нұр болар…
* * *
Ауыл іші абыр-сабыр. Себепші – Бердәулет. Талай жыл көңілі еш көтерілмей, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, «мен осы тұяқсыз қаламын ба?» деп ішіне шер толып, жасына жетпей шау тартып бара жатқан еді. Бірақ, не нәрсені болса да Құдайдан шын тілесең қабыл болады екен. Шын жыласа соқырдан да жас шығады емес пе? Бердәулет жасы жер ортаға жақындағанда ұлды болды. Ұлы өзгелердей емес, алпамсадай ірі болып туылды. Көрген жұрт:
– Мынау ойын баласы ма, әлде нәресте ме?
– Бұл бала қырқынан енді шықты ма? О, Тоба, тіл-көз тасқа, – деп таң қалғандарынан таңдайларын қақты. Бердәулет болса, мәз. Өмірге осындай нар баланы келтіргеніне шаттанып тұр. Бұл дүниедегі нағыз бақыт – бала екен. Осы уақытқа дейін көргендері – қазір түкке тұрғысыз болып қалғандай. Баласы үшін бұл жалғанды тәрк етуге бар.
Қарашы үй іші «ат ұстар балаңның бауы берік болсын» деп шашу шашып келген қонақтарға толып кетті. Бәрі ата-баба әруақтарының ризығы үшін мол жасалған дастарханнан дәм татып, бір-бірлерімен мәз-мейрам боп қауқылдасты. Бәрі асқақ көңіл-күй буымен отыр. Төрде отырған Әбіл ақсақал:
– Ал, Бердәулет, ізіңді жалғар ұлыңды ең бірінші Құдай оңдап, одан кейін Қыдыр баба қолдағай! Тіл-көз, бәле-жаладан аман жүргей! – деп бата қайырды.
Тамаққа тыңқия тойып алған жұрт ат жарысты тамашалауға сыртқа шықты. Бүгін табиғат екеш табиғат та Бердәулетке қолдау көрсеткісі келгендей жер бетіне бар мейірімін аямай төгіпті. Күн жып-жылы. Оқтын-оқтын жылымық жел соғып қояды. Бір кезде Сыр бойынан торы атымен шауып келген бозбала:
– Уа, жамағат! Бүгін бесін ауа Сыр бойынан жорықтан қайтып келе жатқан Шақшақ Жәнібек өтеді екен, – деп шілдеханаға жиналған қауымға жар салды.
Жұрт «Шақшақ Жәнібек» дегенде сасқалақтағандары сонша, азан-қазан болып кетті.
– Ойбай, не дейді?
– Жәнібек батыр келе жатыр дей ме? Расында да атақты Шақшақ Жәнібек пе?
Ауыл тұрғындары үшін – батыр деген ханнан әсте кем емес. Олар ханды қалай қастерлесе, батырды да солай құрметтеген. Ауылға батыр келсе болды, той жасайды. Батыр қонған үй бір күнде-ақ байып шыға келетін. Бірі жылқысын, бірі қошқарын, енді біреулері дастархан, көрпешелерін апарып, батыр қонған үйге тастап кетеді.
Бәрінен бұрын Бердәулетте ес қалмады. «Шақшақ Жәнібек дейді… Уа, ол Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлардан бір кем түспейтін даңқты қолбасшы-батыр ғой! Құдай берді деген осы шығар!» Әйтпесе, азан шақырып әлі атын қоймады. Ат қояйын десе, Баба Түкті Шашты Әзіз айтқан сөз есінен кетер емес: «ныспысын батыр қою керек». Енді, кеш болмай тұрғанда Шақшақ Жәнібекті алдынан шығып күтіп алғаны жөн. Әйтпесе, батырды Сыр бойындағы өзге бай ауылдары қонақ етіп шақыруы мүмкін.
– Онда не тұрыс, батырды қарсы алайық, – деп шаруа Бердәулет қос серігімен бірге Сыр бойына қарай шапты.
Сонадайдан көздеріне әрқайсысы бір-бір күлтежал мінген оншақты сарбаз көрінді. Орталарында еңсегей денелі, атан бурадай біреу келеді. Кім екені бесенеден белгілі. Ол – Шақшақ Жәнібек еді. «Батыр десе батыр екен ғой, шіркін».
…Бердәулеттер жолдан шаршап келе жатқан нөкерлерді аттарынан түсіп қарсы алды:
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам. Уа, кімсіңдер? – деп батыр өзіне сәлем берген Бердәулеттерге зерделей қарады.
– Біз Сыр бойын мекен еткен Керей деген ел едік. Сіздің жорықтан аман-есен келе жатқаныңызды естіп, бір қуанып қалдық. Біз, қазақ, батырларымызды ардақтап өткенбіз. Осыны біле тұра сізді қошеметсіз жіберу бізге, бүкіл Керей жұртына сын. Ендеше, ауылымызға қонақ болып кетсеңіз деп қолқалап келіп тұрған жайымыз бар.
– «Түсі игіден түңілме» демекші, сәлем бергендеріңнен-ақ ниеттерің түзу жандар екеніндеріңді білдім. «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» дейді емес пе?! Арнайы келіп шақырып тұрсаңдар, біз қалай жоқ дейік?
…Ауыл жапа-тармағай батырға ұмтылды. Қолын алып қалуға. Батыр да өзіне дәл осындай қошемет көрсеткен, ыстық ықылас танытқан халқына дән разы болып, мерейі тасыды. Жұрт:
– Батыр-еке, үйге кіріңіз, – деп төрге шығарып, астына құрақ көрпе төсеп, жанына жұмсақ жастық тастады. Көп өтпей алдына бас салынған табақ тартылды. Ауыл тұрғындар дастарханды жағалай отырып, сыймағандары есіктен сығалап, батырға қайта-қайта тамсана қарай берді. Көздерінен: «Атақты Шақшақ Жәнібек шынымен де біздің ауылға қонақ болып түсті ме?» деген мақтаныш аңғарылып тұрды.
Сол түні талай әңгімелер айтылды. Дастандар оқылды. Жақсымен болған бір түн – бір ғасырға татығандай. Қонақ келмей, әбден кісікіиік болып кеткен ауыл тұрғындары бүгін бір серпіліп, жаз күніндей жасап қалды.
– Батыр-еке, сізбен бір дастарқаннан табақтас болдық. Бұл да болса біз үшін ғанибет. Еш пәлсінбей біздей жұпыны ауылға уақыт тауып келгеніңіз үшін көп рақмет! Енді біздің ауылды – «батыр қонған ауыл» дейтін болды. Шүкір, шүкір… Жәке, енді менің сізге деген бір қолқам бар еді, – деп Бердәулет Шақшақ Жәнібекке қарады. Үміт толы көзбен.
– Еш қысылмай айта бер.
– Атам қазақ: «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демеп пе еді?! Бүгін ұлым қырқынан шықты. Содан шама-шарқымша шілдехана тойын жасап, қуанышымды елмен бөлісіп отыр едім. Үстінен сіз түстіңіз. «Қуанған мен қорыққан бірдей» дейді ғой. Сіздің келе жатқаныңызды естігенде бізде ес қалмады. Не істерімізді білмей абдырап қалдық. Әйелім жүкті болар түні түсіме Баба Шашты Түкті Әзіз кірді. «Балаңның атын даңқты батырға қойдыр. Сонда ол да сондай даңқты батыр болып өседі» деп еді. Содан бері ойланып келемін. «Кімге қойдырамын?» Осы сұрақ ойымнан бір шықпай қойды. Тіпті, балам қырқынан шыққанша ат қоя алмадым. Бүгін, міне, сізді көру бақыты бұйырып тұрғанда, қалай қуанбайын? Қолқам сол, балама өзіңіз ат қойып берсеңіз.
Жәнібек батыр жанында отырған ата-ананың жүрекжарды қуанышына, балаларына деген асыл махаббаттарына тебіреніп кетті. «Балаңды сүйсең, осылай сүй». Зарыға күткен тұңғыш ұлдары болғасын ба, бала дегенде шығар жандары бөлек екен.
– Ал, Бердәулет, Қадиша, – деп Жәнібек батыр жүздері алаулап отырған ата-анаға бар денесімен бұрылып қарады. Шау тартса да, шалт қозғалады екен:
– Әкеліңдер, қане, балаларыңды, – деп гүр етті. Қызмет жасап жүрген келіндер зып беріп бала жатқан бесікті әкелді. Шақшақ Жәнібек бесікті қолына алып, көрпені ашты. Бесікте жұдырығын түйіп алған, ойын баласы деуге келетін балпанақтай нәресте қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр екен. Жәнібек баланы көргенде разы болды.
– Шілдехана жасап жатқандарыңды сезбедім де. Себебі, мына бала дауыс салып жылаған жоқ. Осы уақытқа дейін талай шілдеханада болып едім. Сонда қырқынан шыққан балалар жағы сембей жылап жататын. Соңғы кездері көңілімде: «келер ұрпақ майдаланып кеткен жоқ па?» деген күдік аралас кірбің жүр еді. Жоқ, мен қателескен екенмін. Оған қазір ғана көзім жетті. Ендеше, батамды берейін:
Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол!
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң есер бол!
Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол!
Жабылған жауды жапырып,
Шайқасқанда есен бол!
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!
Баланың бесігін көтергенде көңілім толды. Бесік емес, алтын толы сандық па дедім. Балаға өз атымды қояйын, аты Жәнібек болсын. Біреулерге атын ататып боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде алған бетінен тоқтатпа, – деп барып Шақшақ Жәнібек сөзді бір-ақ қайырды.
Сол мезет үй ішіне түндіктен бозамық жарық құйылды. Кеседей төңкерілген күмбез аспанды құланиек бозалаңда көрінер Шолпан жұлдызы нұрға бөледі.
* * *
Аспан төріне аралайлап күн көтерілді. Көктем күні. Жер-дүниені қымтап жапқан қар бусана еріп жатты. Бұл қыста Сыр бойында жас баладай бұйығып жатқан Керей ауылына қар қалың түскен еді. Қыс бойы көкбет аязы бет қаратпастай өктемдеп, бұрқасын бораны елді әбден басынды. «Ойбай, мына аязыңның беті жаман ғой. Алда-жалда қаһарлы қыс ұзаққа созылса, онсыз да жем-шөп жетпей арып-ашып жүрген мал байғұс қырылып қалғалы тұр. Иә, Алла, енді бір өзің жебей гөр» деп жұрт жандарын шүберекке түйген болатын.
…Наурыз мейрамы күн өткен сайын жақындап келеді. Ел қуанышты. Себебі, көктем жаңбырлы басталған. «Биыл ауа-райы жауын-шашынды. Яғни, шөп шүйгін болғалы тұр. Құдай қаласа, мал өткен жылдардағыдай жұтқа ұшырамас».
Бүгін ауыл еркектері бір-бірлерімен кездескен бетте қос қолдап амандасты. Емен-жарқын жағдай сұрасты. Әйелдер бір-бірлеріне игі тілектерін арнады. Балалар күшіктермен, қозы-лақтармен бірге жұқа қарға аунап ойнады. Үйлерінен сыртқа қалт-құлт етіп шыққан шал-кемпірлер тағы да бір көктемге іліккендеріне шүкіршілік қылып, күншуақта отырды.
– Әбеке, қалайсыз? – деп жұрт әбден қартайған Әбіл ақсақалға сәлем беріп батасын алмаққа ниеттенді. Әбіл «бұлар кімдер?» деп көзі бұлдырай өзіне сәлем беріп келген ауылдастарына ұзақ қарады. Тек, Бердәулет бауырына алып құшақтағанда ғана әзер таныды. Ол осы қыста жарық дүниені көруден қалып, төсекке таңылып жатып қалған.
– Ақсақал, аманбысыз?
– Шүкір, шырақтарым, – деп амандығын сұрағанына марқайып қалған Әбіл сөзін жалғастырды. – Құдайға шүкір, мал көкке ілініпті. Тоба, тоба… Биылғы қыстан аман шықпайтын шығармын деп ойлап едім. Қыс бойы жан алғыш Әзірейілді күтіп жаттым. Бірақ, әлі тірімін. Бір аяғым мына жақта, бір аяғым О дүниеде жатыр. Өліара деген осы шығар. Кейде «шайтан болып кеткенмін бе?» деп таң қаламын.
– Оу, Әбеке, сіз әлі жүз жасайсыз. Өліміңіз не? Сіз бізге, халыққа керексіз.
Мына сөзге көңілі босап кеткен Әбіл қария:
– Тоба, тоба! Қасықтап жинаған абыройымнан айырмаған Құдайға мың да бір тоба! – деп кемсеңдеп жылап жіберді. – Төсекке таңылып, сал болып қалсам да, сендерге әлі де болса қадірім бар екен.
– Әбеке, қойыңыз. Бұныңыз не? Сіз біз үшін әрқашан қадірлісіз.
Әбіл қария жауап қатпады. Тек, үнсіз жылап жатты. Бұрынғы еңсесін тік ұстайтын, еңсегей бойлы Әбілді бұл күнде кәрілік әбден меңдеген. Шүңірейген көздерінен жас тарам-тарам болып ақты. Ол соңғы кездері көңілшек болып барады. Адам қартайған сайын сезімтал келеді деген рас секілді. Әбіл төсекке таңылғалы бері, өткен күндеріне жиі көз жүгіртіп, ой таразысынан өткізетін болыпты. «Я, Құдайым, біліп-білмей жасаған күнәларым болса, кешіре гөр» деп күн сайын Жаратушыға жалбарынады. Ойлап қараса, дүниеге келгелі бері бір рахат көрмепті. Жастайынан тұлдыр жетім қалды. «Осыдан бұғанам қатсыншы» деп армандап, әркімнен зәбір көріп жүріп өсті. Бүйтіп өскені құрысын, Батыс Моңғолия маңында Шыңғыс хан заманынан бері келе жатқан ойрат деген ата жаулары Жоңғар хандығын құрды. Олар бастары піспей, әр жерде шашырап, бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып кете берді. Қазақ елінің бастары бір қазанға сыймайтын Үш жүзге бөлініп кеткендерін білетін жоңғарлар еркін, дөрекі қимылдады. Абақ-Керей Әбіл ауылы кіндік қандары тамған қасиетті Алтай етегінде күн көре алмады. Шындығында, арғысы озбыр ойрат, бергісі жоңғарлар, қара қытайлар күн көрсетпеді. Жоңғарларды қатыгез Батыр қонтайшы түкірігі жерге тимей басқарып тұрған кезде Әбілдер амалсыз ата жұрттарын тастап, Сыр бойына жөңкіле көшіп келді. Енді міне, отырыстары мынау. Абақ-Керей Әбілдер көресіні тек жоңғарлардан емес, өзге ру, өзге жүз қазақтарынан да көріп келеді. Мұнда өздерінен бұрын көшіп келген қандас Керейден өзге ешқандай ру, ешқандай ел бұлармен аралас-құралас болғанды қаламады. Бұларды кірме, қоңсы деп адам қатарына қоспады, жасыратын несі бар. Жоңғарлар тәндерін жараласа, қазақтар жандарын жаралады. Әбіл күйіп кетті. «Өзге болса мейлі екен, өз қазағымнан көресіні көрдік-ау… Өлсем сүйегім жат жерде қалатын болды-ау. Мені қойшы, бәрінен де келер ұрпаққа обал. Жат жерде дүниеге келіп, тау ұлдары екендіктерін ұмытып кететін болды-ау. Қайран, қу жалған-ай».
…Қадиша сүр етті қазанда қайнап жатқан ыстық суға салды. Таңертең күйеуі Бердәулет: «Балаларыма сүр етті асып бер. Іштері майлансын» деген болатын. Бұл болса: «құп, отағасы» деп еріне қарсылық білдірмей, қазан-ошаққа қойып кетті.
– Отағасы, отын таусылып қалыпты.
Бердәулет ұлын ертіп сыртқа шықты. Бұл күнде әжептеуір өсіп қалған Жәнібек әкесіне қолғанат болуға жарап қалған. Бірақ, ұлын көп жұмсай бермейді. Жұмысты өзі бітіруге тырысады. Осы уақытқа дейін ұлына дауыс көтеріп ұрыспапты. Жасы қырыққа жақындағанда көрген баласы болған соң шығар. Бердәулет қолына балтасын алып, дөңкені бар күшімен ұрып кеп жіберді. Дөңке қаққа айрылды. Қызығып кеткен болуы керек:
– Әке, мен де ұрайыншы, – деп Жәнібек сонадай жерден томпаңдай жүгіріп келіп әкесінің қолындағы балтаға жармасты.
– Қой, керегі жоқ, – деп Бердәулет балтаны Жәнібегіне бермеді. Қорықты. Бір жерін жарақаттап алса қайтпек? Онда өз-өзін ешқашан кешірмейтін шығар.
Ет пісірім уақытта үй алды отынға толып кетті. Бердәулет сол кезде барып қана отырып дем алды. Әбден шаршапты, маңдайынан пора-пора болып аққан терді сүртейін десе, қолдары көтертер емес.
– Әке, отынды қайда жинайын? – деді Жәнібек. Сол кезде Бердәулет: «әке дегеніңнен айналайын сол» деп елжіреп кетті.
– Әне бір бұрышқа жинай сал.
Ханнан бұйрық алған сарбаздай Жәнібек отынды томпаңдап жүріп, әкесі айтқан бұрышқа қаттап жинай бастады.
«Құдайыма мың да бір шүкір, осындай ұл бергеніне. Жасы үлкендер: «бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп отырушы еді. Тоба, ұлым саналы. Тіл-көз тасқа, еті тірі. Жер қозғалмаса қозғалмайтын сабырлы»…
– Тамақ дайын болды, келіңдер.
Бағаналы бері қарны ашқаннан қайраты қашқан Бердәулет:
– Балам, жүр, – деп орнынан көтерілді.
– Әке, отынды жинап бітіре салайын.
– Қазір тамақ ішіп келейік. Содан кейін жалғастыра бересің.
…Дастарқанда буы бұрқырап сүр ет тұр. Иісі мұрынды жарып барады… Өздері тойса да, көздері тоймай дастарқанға қолдарын қайта-қайта соза берді. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» деген осы шығар. Сол кезде бұл дүниеде қарны тойған Бердәулеттен асқан бақытты жан жоқ еді. Әйелі Қадиша әрқашан қас-қабағына қарап, айтқанын екі етпей орындап жүргені. Осы уақытқа дейін бетіне қарсы келіп көрген емес. Енді, қанша дегенмен де, текті жерден келген қыз ғой. Ұлы жүз сары үйсіннен шыққан Досымбек батырды бүкіл қазақ таниды десе болады. Қиын сәттерде жауға әруақ деп бірінші шабатын, ешқашан қорқу дегенді білмей өткен сол Досымбек – мына дастарқанда сызылып отырған Қадишаның бел әкесі. Батырдан туған қыз осал болмаса керек. Қос шетте ет жеп үш ұлы отыр. Төртіншісі бесікте жатыр. Бәрі шиеттей жас. Құдай етегіне беріп, Қадиша Жәнібектен кейін тағы үш ұл босанған. Құрсағында тағы бір шарана жатыр. Ұлдары құдды аузынан түсіп қалған секілді. Жәнібегі болашақта елімді қорғайтын батыр боламын дейді. Иншалла. Талабы биік, арманы асқақ. Өзге балалардай еркетотай емес. Кез-келген нәрсені ой таразысынан өткізіп барып істейді. Ең бастысы, дені сау. Аман-есен жанында отыр. Сонда Бердәулет өзінің шексіз бақытты екеніне тағы бір көзі жетті. Бірақ, осы бір тәтті сәтті сырттағы ащы айқай бұзып жіберді.
– Жау! Жау келе жатыр!
«Жау» дегенді естуі мұң екен, Бердәулет сыртқа атып шықты. Ауыл іші азан-қазан. Еркектері қару іздеп абыр-сабыр болып жүрсе, әйелдер балаларын жасыратын жер іздеп шапқылап кеткен.
Көз ұшында қара бұл секілді қарақұрым қол келеді. Жоңғарлар. Жай келмей, жер-дүниені жайпап жіберердей айқайлап келеді.
– Тезірек балаларды жасырыңдар!
– Жүр, Жәнібек, жүріңдер, – деп Қадиша балаларын жетектей жөнелді.
– Әкем ше? Ол неге бізбен жүрмейді? – деп Жәнібек артына қайта-қайта бұрыла берді. Тіпті, бір кезде анасына бой бермей, жүрмей қойды.
– Әке, бізбен бірге жүрсеңші!
– Артыңа қарама деймін, шешеңнің соңынан еріп кете бер, – деп Бердәулет ұлына қадала қарады. «Енді сені тағы көре аламын ба?.. Қайтемін енді, қу тағдыр». – Мен қазір өзім арттарыңнан қуып жетемін. Бар енді, кет деймін.
Бала бола да, Жәнібек бұл өзге сеніңкіремей: «Рас па? Бірақ, әкем ешқашан алдамайды ғой» деп шешесіне еріп, інілерін жетектеп, тоғайға қарай қашты.
…Қарулары барлар қаруларымен, жоқтары айыр, балталарымен жауды күтіп тұрды. Қашып үлгермеген әйелдер балаларын қазан-ошақ арасына, жер кепелерге жасырып әлек. Кемпір-шалдар Құдайдан дұға тілеп, сүрелерін саудыратып оқып отырды.
– Иә, Алла, бізді жаудан құтқара көр. Ең болмаса, балаларымызды аман қалдыр!
Жау астындағы қылқұйрықтарымен жерді дүрсілдете ауылға атойлап кірді. Киіз үйлерге от лақтырып, қазан-ошақтарды таптап өтті. Ауыл еркектері шама-шарықтары жеткенше жоңғарларға қарсылық көрсетті. Бірақ, ат үстіндегі бес қаруы түгел жау қара жаяу ауыл еркектерін шыбын құрлы көрмей, шеттерінен қырып салды. Бір жоңғар астындағы атын бүйірінен бір теуіп, балаларымен тоғайға қарай қашып бара жатқан Қадишаға қарай шаба жөнелді. Мұны байқаған шаруа Бердәулетте жан қалмады. Жүрегі дүрсілдей бұл да жүгіре жөнелді. Дегенмен, әлгі жоңғарға жаяу жүгіріп жете алмасын сезді ме, қолындағы қанжарын бар күшімен лақтырып жіберді. Қанжар жоңғарға емес, астындағы атына тиді. Өткір темір қарнына кірш етіп қадалғанда ат омақаса құлады. Үстіндегі жоңғар басымен жер сүзді. Бердәулет есін жинай алмай жатқан жоңғардың мойнын бәкісімен орып жібергенде, қан бұрқ ете қалды. Жоңғар мойнын ұстаған күйі өліп кетті. Мұны көріп тұрған өзге жоңғарлар Бердәулетті қоршап алды. Атты қоршауда қалған Бердәулет не істерін білмей:
– Еркек болсаңдар, бір-бірден жекпе-жекке шығыңдар! – деді. Әрине, уақыт ұту үшін. Бар көздегені – қатыны мен балалары алысқа қашып кетсе болғаны.
Бердәулет өздерін жекпе-жекке шақырғанда, жоңғарлар қарқ-қарқ күлді. Бір-бірлеріне: «мынау не деп тұр?» деп мысқылдай қарады. Сөйтіп, араларындағы бұқа мойын жуан біреу атынан асықпай түсті. Өзгелері оны қолпаштап жамырай жөнелді. Бұқа мойын жоңғар өз тілінде:
– Жекпе-жек дейсің бе? Сен қазақ піріңді танымай жүр екенсің, Қазір көзіңе көк шыбын үймелетемін, – деп қолындағы қылышымен Бердәулетке атылды. Бердәулет оң шетке қарай бұғып үлгерді. Жоңғар қылышымен бос ауаны сілтеп кеп жіберді. Ол қандай дәу болғанымен, сондай қопал екен. Мұны аңғарған Бердәулет бұқа мойынға бар пәрменімен атылып кеп, қолындағы бәкісін бура санына тығып, бұрап-бұрап жіберді. Сонда жаны көзіне көрінген жоңғар бар даусымен жер жарардай айқай салды. Артынша, бір сәтке есін жиып, Бердәулетті желкесінен шап беріп ұстап алды. Бердәулет өзінен екеу шығатын еңгезердей жоңғардан құтылмақ ниетпен ары-бері бұлқынды. Бірақ, дәу жоңғар қолындағы қазақты босатпай, қарнына қылышын тыға салды. Бердәулет аузынан қаны бұрқырай жерге сылқ етіп құлады…
«Қош, жарық дүние…»
…Осы шапқыншылықтан соң, араға біраз жыл салып Суан Рабдан бастаған жоңғарлар кезекті шапқыншылықтарын қайта бастап жіберді. Нәтижесінде, әлі етек-жеңін жинап үлгермеген қазақ ауылдары орасан шығынға ұшырады. Балқаштан жылжып келген жоңғарлар ең ақыры Түркістан, Сайрам, Ташкент қалаларын басып алды. Осы қалаларды жауға бермеуге тырысқан жүз мың қазақ жауынгері шайқас даласында шейіт болып кетті. Жойқын жоңғарларға шыбын құрлы тойтарыс бере алмай дәрменсіз күй кешкен қазақтар Талас, Арыс, Сырдария бойында қынадай қырылды. Аман қалғандары туған жерлерін тастап, беті ауған жаққа тарыдай шашырап кетті. Жаяу-жалпы үдере көшкен қазақтар жол-жөнекей аштан, қаталап шөлден, аурудан, арттарынан өкшелеп қуып жеткен жау шабуылынан тағы қоғадай жапырылды. Ал, итжандылар Алқакөлге жетіп бір-ақ құлады. Осылай жау жағадан алғанда, Еділ бойы торғауыттары, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандықтары етектен тартты. Мұндай қасіретті зұлматтан әбден азайып біткен қазақ жер бетінен ұлт ретінде жойылуға айналды… Ел күйзелді. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама… Үміт шоғы сөнуге айналды…
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Елім-ай, Елім-ай.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлілдеп жас келеді,
Елім-ай, Елім-ай.
Мына заман қай заман? Баяғы заман,
Баяғыдай болсайшы тағы заман,
Елім-ай, Елім-ай.
…Көк аспаннан топырақ, шаң борады,
Күні суық қаңтардан, қыстан жаман,
Елім-ай, Елім-ай.
II бөлім
Ер Жәнібек
Аспанды қара бұлт торлап кетті. Төңірек енді не жарық, не қараңғы емес, алагеуім көлеңке бір.
Бүгін үшінші күн. Арқа белінде ұрыс жүріп жатқанына. Екі жақ та алапат шығынға ұшырады. Енді, екі күн, екі түн тоқтамай соғысқанда не тамтық қалмақ? Ұйқы көрмей қан кешкен сарбаздар әбден болдырды. Қонтайшы Қалдан Серен бастаған құба қалмақтарға қарсы соғысуға еш құлшыныстары қалмапты. Қалмақтар да осал емес екен. Алғашқы ұрыста-ақ қазақ жеріне жеңіс үшін келгендерін, өліспей-беріспейтіндіктерін аңғартып қойды.
Абылай өзін тау астында қалғандай ауыр сезінді. Кешелі бері көңіл түкпіріне үрей ұялап алды. Бұрын мұндай күйді мүлдем бастан кешіп көрмеп еді. Тіпті, еңгезердей қалмақ батыры Шарышпен жекпе-жекке шыққанда да еш қорықпаған болатын.
«Бұл не? Еңсемді көтертпей қойған бұл не сезім? Қорқыныш па? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Неге екенін түсінбедім, бүгін бойымды тіктей алмағаным қалай? Соңымнан ерген жауынгерлеріме қай бетіммен қараймын? Қалай рухтандырамын? Қолбасшылары өлімтік күй кешіп тұрғанда, бұлар қалай соғыспақ? Жоқ, дәл мұндай жауапты шақта бұлай әлсіздік танытқаным жарамас». Сөйтіп, басындағы қара-қошқыл ойларды сілкіп кеп жіберді де:
– Бауырларым, – деп Абылай артында қарақұрым боп тұрған жауынгерлеріне бұрылды. Еш мүдірмей сөзді арыдан бастады. – Біз неше ғасырдан бері өздігімізден ешкімге тиіспей жай жатқан ел едік. Айналамыздағы көршілермен әрқашан тату-тәтті тұруды қаладық, кеудемізді аштық, жүрегімізді бердік. Бірақ, көрші қалмақтар бізді түсінбеді. Түсінгісі келмеді. Өкінішті. Көздерін шел қаптап әбден құтырды. Керей ханнан бері ешкімге бермей келе жатқан егемендігімізді күшпен тартып алмақшы. Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен жерлерді иемденіп кетпекші. Қаласа, иемденсін. Бірақ, ол үшін мына бізді, ешкімге басын иіп көрмеген құдіретті қазақтарды жеңіп көрсін, – дегенде рухтары асқақтаған жауынгерлер екілене жер тепті.
– Бауырларым, – деп Абылай сұлтан кілт үзілген сөзін қайта іліп әкетті. – Әнекей, ана қырда қалмақтар жатыр. Байқасаңдар, кешегі арындары қайтып қалған. Бірақ, әлі де болса саны бізден екі есе көп. Бірақ, біз үшін сол да сөз болып па? Екі күн бұрынғы ұрыста олар бізден төрт есе көп еді. Тіпті, Аңырақай шайқасында біз өзімізден нешеме есе көп жоңғарларды тас-талқан етіп жеңдік емес пе? Ендеше, бүгін де жеңеміз. Білесіңдер, бүгін шешуші айқас. Бүгін қол шайқасы емес, рух шайқасы. Қай жақ рухтан сынбаса, жеңіс сол жақта. Біз, қазақ – аждаһа болсақ, қалмақтар аждаһамен ойнағысы келген торғай. Қалмақтарға қазақпен ойнаған қандай болатынын көрсетейік. Алға, қанекей, – дегенде, қандары қызынған қазақ жауынгерлері қарсы қырда үймелеп тұрған жауға бар дауыстарымен «әрауқ, әруақ» деп айқай сап атылды. Мынандай рухты айқайдан аспан айналып жерге түсердей болды.
Қалмақтар да өздеріне қарай шауып келе жатқан қазақтарға қарсы шапты. Олар да жеңілгісі келмейді. Олар да ет пен сүйектен жаралған адам. Оларда да жүрек бар. Бірақ, мүдделері екі басқа. Қазақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін шайқасса, қалмақтар өзгенің тәуелсіздігін тартып алу үшін қолдарына қылыш алды. Суан Рабдан өлгелі бері қалың қалмақты асқан сауаттылықпен уысында ұстап тұрған Қалдан Серен қарсыласы Абылайдай жауға өзі бастап шаппай:
– Қасық қандарың қалғанша шайқасыңдар. Тек, берілмеңдер! – деп айқайлаумен болды.
Бір-бірлерімен бетпе-бет келіп шарт-шұрт етісіп қалған қос тарап қиян-кескі ұрысты бастап жіберді… Кім-кімді қылыштап жатқаны белгісіз. Екі жақ бір-бірлерін аяусыз өлтіріп барады. Аяқ астына өкіріп құлаған сарбаздарда есеп жоқ. Әлгіндегі көкпеңбек жер қою қара қанмен былғанып кеткен. Айнала өлік сасыды. Мына шулы қырғыннан дүние күңіреніп кетті. Аспанда қарғалар қарқ-қарқ етіп ұрыс даласын айнала ұшып жүр. Ағаш бұталарында ұрысты бақылап кәрі қырандар отыр. “Уа, жарайсыңдар, адамдар! Жарайсыңдар! Құдай сендерге сананы бекерге бермесе керек. Алған беттеріңнен таймаңдар! Бір-бірлеріңді қыра түсіңдер. Өлтіріңдер! Біз де көптен бері қызылсырап жүр едік.”
…Қазақ қолы селдірей бастады. Әлгінде ғана жауды жайпап жүрген Абылайды уайым басты. Астындағы атына жау қылышы тиіп кеткен болуы керек, жүрісі ақсаңдап шабандай бастаған. Бағанағы ор текедей ойқастаған қарқын жоқ. Қырсық шалғанда, оншақты ғана нөкерімен жау арасына кіріп кетіпті. Қалмақтар бұларды қоршап алуға тырысуда. Тез сытылып шықпаса, күні қараң. Егер Абылай қолға түссе, жауынгерлері тарыдай шашырап кеткелі тұр. Өзінен басқа қол бастар ешкім жоқ. Бір кезде аты жүре алмай, жер бауырлап жата қалды. Жаяу қалған Абылай қоршаудан босап шыға алмайтынын түсінді ме, енді шабуылдан қорғануға көшті. Нөкерлері қалың қалмаққа төтеп бере алмай шеттерінен өліп жатыр. «Біткен жерім осы шығар» деп Абылай тағдырына бой ұсына бергенде, көк тұлпар мінген бір аюдай алып, қабыландай шапшаң қимылдайтын жауынгер жолындағы жауды қылыштап, таптап өтіп жанына жетті. Сөйтіп, атынан жерге топ етіп секіріп түсті де:
– Тақсыр, мінекейіңіз, мініңіз, – деді.
Абылай не мінерін, не мінбесін білмей кідіріп қалды. «Апыр-ай, жүрек жұтқан бұл қай батыр?»
– Тақсыр, – деді әлгі қазақ. – Қазір сіздің не ойлап тұрғаныңызды айдан анық білемін. Бірақ, мен сіз бола алмаймын. Сіз мен болмайсыз. Мына жаудан қойша ығып, үдіре үріккен жұртты сізден өзге ешкім тоқтата алмайды. Егер қазір жау сізді мерт қылса, онда орныңызды ешкім баса алмас. Мені ойламаңыз. Мен көп сарбазыңыздың бірімін. Өлсем орным білінбейді. Сол үшін мына тұлпарды сізге бердім, – деп, іле-шала өздеріне жақындап қалған қалмақтармен қылыштаса жөнелді.
Тұлпарға қарғып мінген Абылай жан-жағына барлай қарады. Қараса, әудем жерде басшысыз қалған қалың қолы алды-артына қарамай қашып барады екен. Іші қыж-қыж қайнаған Абылай астындағы жүйрік тұлпарымен жау қоршауын еш қиналмай жарып өтіп, қашып бара жатқан қарақұрым қолының алдын бір-ақ орады.
– Астапыралла! Бұл сіз бе, тақсыр?
– Уа, бауыраларым, бұларың не? Қашқандарың қалай? Ұрыс енді басталды емес пе? Қане, естеріңді жиыңдар, – деп Абылай арыстандай ақырды. Алдарынан жасындай жарқ етіп, ғайыптан пайда бола кеткен хандарын көргенде қашқын жауынгерлер расында да сасқалақтап қалған еді.
– Тақсыр, кешіре көріңіз. Сізді мерт болды деп ойлап қалдық.
– Жарайды, ұрыста тұрыс жоқ. Одан да болар іске көшейік. Артымыздан жау өкшелеп қуып келеді. Қане, тезірек мына жерге топ-топ болып жиылыңдар. Найзашылар алдыңғы шепте тұрсын. Қазір жау келгенде найзаларыңды жерге тіреп отыра қалыңдар, – деп Абылай әр топты орын-орындарына қойды. Өз беттерінше ештеңе мандытпайтын, әбден нұсқауға үйреніп қалған сарбаздар хан бұйрығын екі еткізбеді.
…Қалмақтар «біз жеңдік» деген оймен бейқам ғана келесі қырға атойлап шыға бергенде, күтпеген жерден жойқын шабуылға тап болды. Садақшылар жебе атып, алдыңғы шептегі қалмақты жер жастандырды. Бас-көз демей бар пәрмендерімен алға қарай жылжығандары ұштары алмастай өткір найзаларға қадалды. Ары қарай жұдырықтай жұмылған қалың қазақ табан астында не болғанын түсінбей абдырап қалған қалмақтарды баудай қырды… Ат шаптырым уақытта қуғыншы қалмақтарды түгел қырып салған қазақтар қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан далаға қайта шапты. Қарсыластарынан мұндай жанкештілікті күтпеген қалмақтар ұрыс даласын тастап қаша жөнелді.
* * *
Ойынан қысылтаяңда жанын арашалап қалған қазақ шықпай қойды. Бойына ас батпай, ұйқы көрмеді. «Құдай-ау, әлгі қазақ кім болды екен? Әйтеуір, көзінен от шашырап тұрғаны есімде. Сөздері қандай ірі еді. Мір оғындай. Түр-тұлғасы хас батырдан бір кем емес. Құдай сананы да беріпті, кеңнен толғар, терең ойлы екені сөзінен білініп тұрды. Тұтас бір түменді басқаратындай қасиеті бар секілді. Япыр-ай, ол осы уақытқа дейін қалай көзіме түспеді екен? Өлігі ұрыс даласында қаза болған жауынгерлер арасында жоқ. Яғни, ол тірі. Ұрыстан соң еліне қайтып кеткен болуы керек. “Мен сізді қысылшаңда арашалап қалдым, жарылқаңыз” деп алдыма да келмеді. Онда тегін қазақ болмаса керек». Ақыры, толассыз ойдан әбден қажыған Абылай жұмбақ жебеуші қазақты ел ішінен іздестірді. Талай ауылдарға сұрау салдыртты. Бірақ, батыр мүлдем таптырмады. Құмға сіңген судай, ел ішіне сіңіп жоқ болып кетіпті. Әйтсе де, іздеген таппай қоймайды емес пе, көп ұзамай Абылай құтқарушысының дерегін білді.
– Уа, сұлтан, айтқан адамыңызды Сыр бойындағы ауылдан таптық. Аты – Жәнібек екен. Елі – Керей.
«Табылды» дегенде Абылай жас баладай қуанып кетті. Бірақ, онысын сыртқа білдірмей, түк болмағандай салқынқанды кейіппен:
– Тезірек алдыма алып келіңдер, – деді.
– Құп!
…Өзін сұлтан Абылай шақыртқанын естігенде Жәнібек ат-тонын ала қашты:
– Ол кезде астымдағы атым түгіл, ханымыздың амандығы үшін өз басым да құрбан емес пе еді? Бара алмаймын.
…Бірақ, артынша баруға бел буды. Сөйтіп, сол күні-ақ сай-сала, жон арқа, құба белдерді артқа тастап, арада біраз күн өткенде хан шабармандарымен бірге сән-салтанаты келіскен ордаға жақындады… Әудем жерден күн жарығымен шағылыса жылтырап тұрған еңселі орда көрінді. Орда жүз түмен жау лап қойса да ала алмайтын биік қорғанмен айналдыра қоршалыпты. Қорған басында садақ асынған жауынгерлер дәл бір құмырсқадай өріп жүр. Сақтықтары сонша, қорғаннан ұшқан құсты да өткізбейтіндей. Бәрінен бұрын қақпаны айтсайшы. Қырық адам жабылып жүріп әзер ашатындай. Осы уақытқа дейін хан ордасы тектес мұндайды көрмеген Жәнібек мына көрініске тамсана қарай берді. Мынандай құба даладан ертегіге бергісіз ғажайыпты тұрғызған шынымен де өзіміздің қазақтар ма деп таң қалды…
– Ассалаумағалейкум, тақсыр, – деп Жәнібек қолын кеудесіне қойып, басын иді.
– Уағалейкумассалам, батырым, – деп Абылай батырға зерделей қарады. – Иә, Жәнібек, өткендегі ұрыста мені көрнеу ажалдан арашалап қалдың. Олай болмағанда, мен қазір осылай отырмас едім. Сен туралы білгім келіп тұрғаны. Кімсің? Қайдан шықтың? Осы уақытқа дейін қайда жүрдің? Ал, батырым, баянда.
– Тақсыр, біз Алтай төрін мекен еткен, сонау бір жылдары ешкім бетіне қарсы келіп көрмеген моңғол қағаны Шыңғысқа тегеуірін танытқан Керей деген ел едік. Бірақ, қаған Шыңғыс қапияда ханымызды мерт қылды. Содан бізді көк есекке теріз мінгізген күйі күл төккен топырағымыздан қуып шықты. Сол тозғаннан әлі күнге еңсемізді тіктей алмадық. Білсем, ата жұртым сол Алтайда. Қазір Сыр бойында жасап жатқан жайымыз бар. Әкем – Абақты Керей. Оның ішінде жәнтекей руынан. Арғы атам Сүйіндік. Сүйіндіктен – Алты, Алтыдан – Сары, Сарыдан әкем Бердәулет дүниеге келген. Бірақ, бір өкініштісі, аталарым өз ажалдарымен емес, жау қолынан бақилық болды. Осыны ойласам, көкірегім қарс айрылады. Нағашы жұртыма тоқталсам, өз нағашым сары үйсін Досымбек, Өмірбет атты батырлар. Анам Қадиша Досымбек батырдың қызы. Ал, үлкен нағашым – қаракесек арғын Тыныбек би. Әкемнің бәйбішесі Ұлбосын жеңеше сол Тыныбек бидің қызы екен. Ал, Тыныбек бидің ағасы – аты Орта жүзге ғана емес, алты алашқа мәшһүр – Қазыбек би. Мен әкемнен айрылған соң, қаз дауысты би нағашымның қолында өстім.
– Апыр-ай, тағдырымыз ұқсас екен ғой. Мен де жастайымнан жетім қалып, Төле бидің қолында өсіп едім, – деді Абылай таңдана. – Иә, батырым, жалғастыра бер.
– Ержеткенде нағашымның батасын алып жұртпен бірге соғысқа аттандым. Міне, содан бері елім үшін қан кешіп жүрген жайым бар. Сіздің басқаруыңызбен қалың қалмаққа қарсы жасақталған қосында ат төбеліндей ғана жасағы бар Абақ Керейді бастап мен жүрдім. Бірақ, сіз мені байқамадыңыз. Мен де сізге жақындай қоймадым.
– Япыр-ай, сендей батырды қалай байқамадым екен, – деп сұлтан басын шайқады.
– Хан ием! Сізді осылай өз ханым деп атауға рұқсат беріңіз. Үш жүзді Әбілмәмбет хан билесе де, халық бәрібір сізді хан деп есептейді. Әрі осыған еш қалтқысыз сенеді. Ендеше, менің сізден үш тілегім бар еді. Бірақ, бұны менің емес, Керей жұртының тілегі деп түсінгейсіз.
– Іркілмей айта бер.
– Тоқ етеріне көшсем, Шыңғыс хан заманынан бері торғайдай тозы шыққан, өзге жұртқа мазақ болған бізге, Керей еліне оң тізеңізден орын берсеңіз деп едім. Егер солай етсеңіз, біз сізге өле-өлгенше разы болып өтер едік.
– Сендей ерді туғызған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік бола ма?! Ары қарай айта бер.
– Қалған қос тілек бір сарындас. Сарбазымызды жиып, сардарларымызды сайлап жау алдында ойқастасақ деймін. Сол үшін түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын ақ туымды белгілеп берсеңіз жолыңызда құрбанмын.
«Жастайынан жетімдік көріп, мен секілді би қолында өскен екен. Би қолында өссе, әр іске тереңнен бойлайтын болғаны да. Бұл түрімен тек Абақ Керейді бастап жүргені обал. Бар болмысын көрсете алмас. Ендеше, тілегін орындайын. Туын белгілетейін. Соңына бүкіл Керейді ертсін. Бекерге торда қамап ұстағаным жарамас. Қанша дегенмен де, ата жұрты Алтайда қалған тау ұлы ғой. Көк аспанда еркін самғасын»…
– Ақтабан шұбырынды, Алқақөл сұламада біз қарақан басымызбен қайғы болып, талай жерімізден айрылып қалдық. Тоналдық. Жем болдық. Енді ұлтарақтай болсын, жауға кеткен қасиетті жерімізді қалай болса да қайтарып алуымыз керек, Жәнібек. Егер олай етпесек, бізді ата-баба әруағы ешқашан кешірмейді. Өлі разы болмай, тірі байымас. Күн өткен сайын заман қиындап барады. Айналаның бәрі жауға айналды. Бұрынғыдай тек қалмақ емес, енді Ертістен ары аюдай орысың бар, Алтай, Тарбағатай тауларының артында қаптаған қара қытайың мен монғолың бар, Сыр сағасында Бұқар, Хиуаң бар, бәрі дұшпан. Көксегендері – жер. Ал, бізді жүні жұлынған тауықтай етіп жерімізден қуып шығу. Бізге өзімізден өзге ешкім бауыр емес. Жандары ашымайды. Енді, баяғыдай бос белбеу болмай, бір тудың астына біріксек ешкімге есемізді жібермеспіз, Жәнібек…
* * *
Түн ортасында оянып кетті… Қараса, үсті-басы шылқыған қара тер. Басы мең-зең болып тұр. Таза ауа жұтпаққа сыртқа шықпақ болды. Бірақ, төсегінен әзер тұрды. Біреу иығына ауыр жүк артып тастағандай.
Толықсыған ай жер бетіне сүт нұрын аямай-ақ төгіп тұр. Терістіктен гуілдей ескен қоңыр жел түнгі тылым тыныштықты бұзды. Жәнібек көк шалғынға жата кетті… Әлгінде түсіне аппақ қудай болып кеткен Әбіл ақсақал кірді. Бұған аса ренішті көзбен суық қарады. Денесі тітіркеніп кеткен Жәнібек: «Ата, ассалаумағалейкум» деп сәлем берген еді, атасы сәлемін қабыл алмады. Жәнібек сонда не істерін білмей дал болып қалды. «Бұнысы несі?»
Есінде, ес білгелі Әбіл ақсақал бала Жәнібекті өбектеп отыратын. Әкесі де ақбас Әбілді «сенің атаң» деп айтушы еді. Жәнібек өз атасындай болып кеткен Әбіл қарияға еркелеп өсті. Әбіл де Жәнібекті «айналайын» деп бауырына басатын. Бірде ақсақал көзі жасаурай: «Айналайын, Жәнібек» деп ішіндегі шерін ақтарған болатын. Сонда: «Жәнібек, кейін егер қалың еліңді бастай алатындай дәрежеге жетсең, мына Керей деген қазағыңды ата жұртына көшіргін» деп айтып жүруші еді. «Апыр-ай, ұмытқаным ба? Қарияның аманатына қиянат жасаппын ғой. Расында, күш-қуатым тасқындап тұрғанда неге елімді ата жұртқа көшірмеске? Әй, бірақ, бұған сұлтан Абылай қалай қарайды екен?»
Ойласа, бар өмірі ошақ түбінде емес, ат жалында өтіпті. Атақты Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбайлармен тізе қосып жауға шапты. Қателеспесе, он екі рет құба қалмақтармен арпалысыпты. Он екі рет дегені тек қалмақтарға қарсы соғысқаны ғана. Одан бөлек Орта Азия хандықтарымен, қырғыздармен, ең ақыры Мәнжур-Цин қытайларымен де жаға жыртысты. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын ол жауға есесін жіберіп көрмепті. Тіпті, Абылайдың ең сенімді батырларының біріне де айналды. Қосынды бастайтын дәрежеге көтерілді. Қалдан Серен өмірден озған соң, жоңғарлар арасында билікке талас басталды. Осыны шебер пайдалана білген Абылай жоңғар иелігіне кеткен Алакөл, Зайсан, Іле өңірлерін қайта қазақ қолына өткізді. Ақыры, 1752 жылы Лама Доржы бастаған қалмақтар қазақ жеріне сұғына енгісі кеп жорыққа шықты. Бірақ, оларды өзі бастаған Керей мен Найман қолы жау өтінде тосып алған болатын. Қазақтардан мұндайды күтпеген жоңғарлар күтпеген тұстан шабуылға ұшырағандарынан есеңгіреп қалды. Іле-шала Абылай қосыны шекелері тасқа соғылған жоңғарларға қырғидай тиді. Міне, содан кейін тас-талқан болып жеңілген қалмақтар қайта бас көтере алмай, іргедегі Мәнжу империясының соққылауынан ұлт ретінде жер бетінен жаймен ғана жойыла бастады.
Есінде, Ақтабан шұбырынды жылдары би нағашысының қолында жүрген. Сонда бір күні аш-жалаңаш оншақты қазақ Қазыбек биге пана сұрап келді. Әрине, би оларды еш қарсылықсыз өзінде паналатты. Бір ай дегенде тірі әруақ болып келген қандас бауырлары адам қатарына қосылды. Сол кезде олар Қазыбек биге қайта-қайта рақметтерін жаудырумен болды.
– Би-еке, сізге көп рақмет! Енді біз өз жөнімізбен кетсек деп едік.
– Айналайындар-ау, біздің сайын даланы озбыр жоңғарлар қаптап жүр. Олар сендерді көрсе тірі қоймайды. Тым құрыса, етек-жеңімізді жиғанша осында жүре тұрсаңдаршы.
– Би-еке, егер ренжімесеңіз, бізді жіберіңіз. Кіндік қанымыз тамған туған жерімізді сағындық. Елімізден бір айрылдық, енді туған жерімізден екі айрылатын жайымыз жоқ. Қазір біз бейбақтарға отанымызға жетіп-жығылудан өзге арман жоқ. Сонда өліп кетсек те, арманымыз болмас, – деп еді сол пақырлар. Сонда шау тартқан Қазыбек би жолаушыларға бөгет болмай:
– Ал, бауырларым, ендеше жортқанда жолдарың болсын! – деп ақ жол тілеп қала берді…
«Жоқ. Бұлай омалып отыра бергенім жарамас. Бар үміт менде. Әбіл атам О дүниелік болып кетсе, жаны жай таппай жүр екен ғой. Түсіме бекерге кірмесе керек».
* * *
– Тақсыр!
– Иә, Жәнібек?
Жәнібек сөзді неден бастарын білмей, дал болды. Бірақ, «айран сұрай келсең, табағыңды жасырма» демекші, Жәнібек:
– Тақсыр, жасырып қайтемін, соңғы уақыттары ішқұса болып жүрген жайым бар. Ішімді сары сағыныш қырнап барады. Ата-жұртыма деген сағыныш. Басқа жерде дүниеге келсем де, Алтай мені еріксіз өзіне шақырып тұратындай. Содан тайпа ақсақалдарымен «ата-баба ізі қалған ежелгі мекенге ат басын бұрсақ қалай қарайсыңдер» ақылдасып көріп едім. Көбісі қарсы болмады. Тіпті, кейбірі қуанғандарынан көздеріне жас алып жатты. Енді сізден рұқсат сұрай келген едім, – деп тоқ етерін айттты.
Абылай үнсіз қалды. Ширек ғасырға жуық уақыт қасында жүрген сыйлас һәм сырласына айналған батыры еншімді алсам дейді. Қандай ауыр еді. Қимайтын секілді. Жарты жолда атың өлмесін дегендей, досындай болған Жәнібек жарты жолда өз жөнімен бөлек кетпекші. Сол мезет Абылай өзін жапан далада жалғыз қалып қойғандай сезінді. Не істемек керек? Сұлтан көк аспаннан көзін алмай, қорғасын ой құшағында ұзақ тұрды.
– Жәнібек, ақыры шешім қабылдаған екенсің, мен қарсы болман. Тек, ағайыннан алыстап кеткелі жатқаның жаныма батады. Бірақ, лаж жоқ. Иә, аңсарың ауған Алтайға да жетерсің, арада бір ғасыр өткен соң, жат та болып кетерсің.
Жәнібек мына сөзден кейін ләм-мим деп тіл қата алмады. Үн-түнсіз тұра берді. Сезді. Сұлтан көшкелі жатқанына разы емес. Жүрегіне ауыр қабылдапты. Бірақ…
– Бір күнде үдере көшіп кетпей, жұртыңды асықпай орнықтырсаң дұрыс болатын секілді, Жәнібек, – деп Абылай батырымен қоштаспай кетіп қалды. Жәнібек те артынан қумады… Жан дүниесі әлем-жәлем күй кешті. Тіпті, көңілі босағаны сонша, көзінен бұршақтай тамшы жастар үзіліп түсе берді.
* * *
1760 жыл. Сыр бойынан Алтайға бет түзеген Керей елі ұсақ шоқылы ұлан-ғайыр даламен келеді. Бұл солтүстігінде Ерейментау, оңтүстігінде Бетпақдала жатқан қасиетті Сарыарқа белі. «Ақсақ құлан-Жошы хан» атты күйді дүниеге әкелген Кетбұғадай жыраулар өмір сүрген, тарихы тым тереңде жатқан кең өлке. Жерұйық іздеген Асан қайғы ең ақырында осындағы Ұлытауда жерленген деседі. Кезінде жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан тұңғышы Жошыға Сарыарқа төрінен ұлыс беріпті. Бұл жон арқалы, үстіртті далада ежелгі Қазақ жеріне билік жүргізбек болған парсы патшасы Кирді ажал құштырған сақтар, іргедегі аюдай алпауыт империяға алым-салық төлеуге мәжбүр еткен ондаған хандықтар өмір сүрді. Олар азаттық туынан айрылмас үшін жан-жағынан анталаған жаулармен талай арпалысты. Талай батыр азаттық үшін соғыста шейіт болды. Адам қаны судай ақты. Содан бері бұл өлке жел тұрса, сай-сүйегіңді сырқыратардай күңіренеді деседі. Бабалар сүйегі жатқан жерден шерлі қобыз үні естіледі екен.
…Әудем жерден көзіне жартастан диюдай төнген қап-қара көл көрінді. Балқаш! Ол Балқашты көргенде баладай қуанды. Балқаш атауының қайдан шыққаны жайлы аңызды есіне түсірді. Атасы айтушы еді, ертеде мыңғырған мал айдаған бір байдың Балқия дейтін айдай сұлу қызы болыпты. Ел-жұрт оны «Балқаш» деп еркелетеді екен. Әкесі Балқияны сәби кезінде өзі секілді бір байдың есерсоқ ұлымен атастырыпты. Бірақ, Балқия ол жігітті еш сүйе алмайды. Ол Ерден деген жігітті ұнатыпты. Бірақ, сүйгенімен бірге бола алмаған Балқия өзін қазіргі Балқаш шалқарына жартастан өз-өзін лақтырып жіберген көрінеді. Саумал жел, көл жағасындағы сыңсыған ну, байтақ дала қасірет күйін тартыпты. Содан бері көл бойын жағалай қонған жұрт айна бетіндей жарқыраған айдынды – «Балқаш көлі» деп атайтын болыпты. «Қазақ жері тарихқа неткен бай еді, шіркін».
…Уа, рас па, өтірік пе? Мынау көкпен таласқан Алтай тауы ма? Мезгіл күз болғасын тау айналасы тал-бұталардан саудырап түскен сап-сары жапыраққа көміліпті. Көгінде қанатын құлаштай жайған бүркіт самғап жүр. «Уа, Жәнібек, ел-жұртыңды ат жұртқа әкелдің бе, ақыры? Азамат! Бүгіннен бастап сен жай Жәнібек емес, Ер Жәнібексің! Осылайша бір белесті бағындырдың. Енді алда бұдан да биік белестер тұр, Ер Жәнібек. Алтай – ел шекарасы, шығыс қақпасы. Жан-жағың анталаған жау. Ендеше, еліңді, жеріңді қорғауға дайындал».
Бойындағы буырқанған сезімді тежей алмай, Жәнібек жер бауырлап жата кетті. «Уа, ата жұрт. Қадіріңді кеш білдім. Кешір мені. Кешір…»
Бір кезде тау басын жапқан қара бұлт тарс жарылды. Артынша-ақ, нөсер жаңбыр аспан түбі тесілгендей құя жөнелді. Мүмкін, тәкаппар Алтай кезінде өз бауырында тау текедей ойнақ салған халқымен қауышқанына жылап жатты ма, кім білсін…