Әдебиет

Қажығұмар Шабданұлы атындағы екінші орын иегері Мейіржан ӘУЕЛХАН: Арыстан көлі

1298643031-387

Арыстан көл

Мейіржан Әуелханұлы

(Ер Жәнібек Бердәулетұлының рухына)

Манаураған даланың алыс көкжиегінен құлаған күн сәулесі омыраулаған атша сай тағанын жауып бара жатқан көлеңкенің табанында тапталып қалып жатыр. Іңірдің түсін тау аңғарынан соққан жел суытып тұр. Айнала маңда ұйый бастаған қараңғылыты сол реңге үйірлесе қалған көз таратып жібергендей. Өрістен малдың да аяғын соза ыңыранып, күйіс қайтара бырдай боп жатып қалатын шағы.

Ауыл үйдің маңы мамыражай күйде балбырап тұр. Бейбастақ жүріс азайып, ит шулап, шым қопара жүрген желісі қатты атты кісінің өзі аяңдап өтердей тыныштық орнаған.

Кенет сонау кезеңнен қос қараның қылпы көрінді.

* * *

Тортөбел ақыры менің еншіме тиіпті. Оны атам айтты. Атамның айтуынша… Иә, мен атамнан басқа кісінің сөзіне сенбеймін. Әкем келем деген күні келмей, апам апарам деген жеріне апармады. Тек атам ғана айтқан сөзінің бәрін орындайды. Атам: «Тортөбел сенікі!» деді, болды. Ол – менікі. Оған енді ешкім де таласа алмайды. Бұрын оған атам да таласа алмайтын, енді атам оны маған берді. Енді атама да, маған да ешкім таласа алмайды.

Атам мені оятқанда күн әлде қашан көтеріліп кетіпті. Әдеттен өзге бүгін атамның жолға жиналып жатқаны мені елең еткізді. Баяғыдан қалыптасқан қағида – атам менсіз ешқашан ешқайда бармайды. Сол қағида бойынша тортөбел ерттеліп, атағашта байлаулы тұр екен.

Атаммен бірге шыққан көп сапарлар маған жер біткеннің бәрін таныс еткен-ді. Бірақ, бұл сапарда атам екеуміз бұрын мен мүлде барып көрмеген, жүрмеген жолмен белгісіз бағытқа жол алдық. Тек атамның қоңыр аяңына ілесіп, ырғай-талы мол қарағайлы аңғарды өрлеп келеміз.

– Мынау Ерейменті деген кезең, – деді атам мойынын бұрмастан. – Осының арғы жағы Бескөлдің жазығы деген үлкен сулы жазыққа ұласады. Сол көлдердің бірінің жағасында сен туылғансың.

Туылу дегенде менің есіме бірден былтырғы қыс түсті. Қыстауда жеңгеміз ұл тауып, сол баланың шілдеханасында мені «Кішкене құда» деп басымнан сыйпаған апаның қасындағы үкісі желкілдеген қызыл тақиялы қыз елестеді. Сол себепті де, туылу деген сөз маған жылы естіліп, құлағыма майдай жақты.

Мен туылып жатқанда әлгі тақиялы қыз менің шілдехана тойыма келіп, сол апасымен бірге мені қызықтап қарап тұрды ма екен деген ой келді маған.

– Сен дүниеге келген жылы, – деп атам кезең үстіне шығысымен атынан түсіп, алыс мұнарға күн сала қарады, – батыр ағаң келіп саған ат қойып еді.

– Қайсы батыр, ата?

– Жәнең, Жәнібек қой. Батырлықтың киесі осы балаға қонсын, айбаты асқан арыстандай болсын деп…

– Кие? Кие деген не, ата?!

– Е-е-е, балам! Жүре ғой, сол жұртқа барайық. Кие дегеннің не екенін сол жерде айтамын.

Үлкен сулы жазық шынымен де көркем жер екен. «Шіркін, біздің үй осы жерде болса ғой! – деп армандап келемін мен, – мына судың жағасында әлгі қызыл тақиялы қыз екеуміз су шашысып ойнасақ қандай керемет болар еді ә!»

– Ол кезде де дәл осындай жаз еді, – деп бастады атам әңгімесін, – ел іргесіне жау тиіп, үлкен атаң ауылы мен осы өңірдегі бар қазақ хан ордасына қарай ат сабылтып, қол құрап, ұлы жорыққа дайындық үстінде еді. Бір күні ауылға алыстан екі қонақ келіп түсті.  Үлкен апаң сары жез пешке от жағып, бүкіл ауылды аластап жатыр дегенді естіп, біз де сол шаңыраққа қарай беттедік. Ауыл үлкендері жиналған соң шоң апаң иек қағысымен қонақ жігіт келген бұйымтайын баяндай бастады. – Атам дәл осы сәтте іркіліп, атынан түсті де жақын тұрған жұртты нұсқады, – осы жұрт қой!

– Ата, біздің үй қай жерде отырды?

– Осыдан айғай салым жерде, балам, анау төменде.

– Сосын не болды?

– Жәнеңнің көздері от шашып тұр екен, ол сөз алғанда бәріміз сілтідей тындық. Жас жігіттің даңқы онда әлі шыға қоймаған тұс еді. Бір күні іңірде жас батыр үйінде ұйықтап жатып түс көріпті, түсінде даладағы түйелері үркіп айдалаға босып кетіпті. Түйе өзінен үлкен бәледен үркеді деп білетін ол ертесі түйесін үркіткен бәлені іздеп жолға шығыпты. Түйенің ізіне түсіп қуа-қуа жапан түзге тап болыпты. Тұман қарсы адым жерді көрсетпепті. Сөйтіп, келе жатқанда тігулі тұрған ақ үйдің үстінен түсіпті. Кірсе үй іші әлемде жоқ бұйымдармен безендіріліпті де, шаңырағы сонау зеңгір көкпен бой таластырып тұр екен. Сәнді төсекке шалқасынан түскен жас жігіт көк аспаннан ұшып келген айдаһардың шаңыраққа қонып, үй ішіне кіріп келе жатқанын көріпті. Еш саспай жата берген адамның маңайын бір айналып өткен айдаһар есіктен шығып кетіпті. Әудем уақыттан кейін үй сықырлап, теңселіп кетіпті. Төсекте жатқан батыр назар салып қараса, үлкен аю есіктен сыймай тұр екен. Аз-кем уақыттан кейін босағаны жапыра кірген аю адамның басы-көзін иіскеп, қол-аяғын түрткілеп көріпті де, қайта айналып өз жолына түсіпті. Біраз уақыт өткен соң үй тағы сықырлап, қозғалып есіктен бір арыстан ақыра кіріп, жігіттің бетіне төнгенде, арыстанның мұрты Жәнібектің бетіне тиіп кетіпті. «Тәйт!» деп сұқ саусағымен арыстанның маңдайынан шертіп қалуы әлей екен, сол жердегі салтанатты киіз үй де, арыстан да ғайып боп кетеді. Сонымен, батырдың өзіне ұстаз тұтып жүрген ағасының ауылына келіп, жеңгесіне осы түсін жорытпақшы болған екен.

– Үлкен апамыз не деп жорыды түсін? – деп сұрадым мен тағатсыздана.

Атам атын жетелеп көлге қарай жүрді…

* * *

Жүрісі суыт екі қылаң ауыл-үйдің көл бетіндей шымырлап жатқан тыныштығының ортасына «күмп» етіп түскен тастай боп, тынық күйдің шақ-шәлекейін шығарды.

Бағыттары бірден аңғарылды. Ұлы шаңырақ, үлкен үй. Жөн сұрасып, сәлем жоралғысы атқарылған соң, Қабанбай батыр жас жігітті бәйбішесінің ауылына жіберді.

Бәйбіше жолаушылардың бұйымтайын тыңдаған соң, сары жез пештегі мазадаған отқа қарап отырып, басын оқыс жұлып ап жігіттің жүзіне үңілді.

– Саған Алланың шапағат-мейірімі дарып, батырлық қоныпты. Бірақ… Бірақ, арыстанның маңдайынан нұқығаның болмаған екен. Өйтпегенде, босағада ілулі тұрған қылыш саған қалып, оны ұстаған адамның ұрқынан батырлық үзілмейді екен, енді батырлық тек өзіңде ғана қалады. Ұрпағыңда батыр болмайды. – деп жорыды. Дәл осы сәтте «шыр» еткен сәбидің дауысы тымық түнді тіліп түсіп барлық адамды елең еткізді.

Сары бәйбіше бас қонақты ертіп, сәби дүниеге келген шаңыраққа қарай аяңдады.

– Ал, батыр! Құтты қонақсың, сәбиге ат қой! – деді ана.

– Мен үркіткен арыстанның киесі саған қонсын! Аты – Арыстан болсын! – деп баланы жоғары көтерді жас жігіт.

* * *

Көлдік әлсіз толқыны балғын шөптің тұла-бойын теңселтіп, су жақтан ескен салқын жел кісі бойын сергітеді.

– Ата деймін, үлкен апамыз әлгі түсті не деп жорыды?

– Апаң Жәнібекті батыр болады деді, Жәнең түсінде өзі үркіткен арыстанның киесі саған келіп қонсын деп тілек тіледі. Батыр аталарыңның үмітін ақтап, елің мен жеріңе сен де қорған бол, балам!

Атамның жүзі ары бұрылып бара жатқанда сақалының дірілдеп, иығының селкілдеп тұрғанын көрдім.

Біз ауылға қайттық. Ерейментінің кезеңіне шыққанда Бескөлдің жазығындағы су менің көзіме сары далада сұлап жатқан арыстан сияқты болып елестеді.

Дәл сол мезетте кие сөзі маған бұрыннан түсінікті, өзім білетін нәрсе сияқтанып көрінді.

 


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*