Шежіре

Сыр бойының керейлері

8450688d125e7d620c213fc65ea305e1_big

Ата қонысымыз Сібір мен Алтай тауларына тұрақтай алмаған керейлер соңғы 4-5 ғасырдың өзінде түрлі тепірештер көру себепті бірсыпыра ағайындардың қазіргі Қазақстанның Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарында орналасқаны мәлім. Ал Сыр бойына біршама керей бауырларымыз XVII ғасырда Бұхар жырау заманында, екінші рет азғантай бөлшегі XIX ғасырдың басында үш жүздің пірі атанған Марал ишан мен оның діни-қоғамдық қызметімен тығыз байланысты.
Дін ғұламасы Марал ишан Сыр бойы халқының өтінішімен біраз жыл өмірін Қармақшы атырабында өткізеді. Атағы Сыр мен Қырға, қала берді, бүкіл қазақ даласына мәлім бола бастаған Марал бабаға Арқа жұртындағы біраз керейлер шамасы жүз үйдей ишанның жанына көшіп барады. Бір ауыл болып Қараөзек алқабынан Керейлерге заңды қоныс алады. Тарихи қүжаттарды ақтарғанда, Марал бабаның ізін аңдып, осы кезден бастап ұлты қазақ Ресей тыңшылары  Орынбор, Перовск губернаторларына мәлімдеме жасап, Сыртқы істер министрлігіне хат жолдап отырған. Екінші жағынан, солтүстік облыстардағы қазақтың зиялы ақсақалдары, билері мен шешендері Марал ишанға ата жұртына оралуын, орыс миссионерлерінің қазақ балаларын шоқындыра бастағанын хабарлап, діни қолдау күтеді. Міне, осы кезде Марал ишан бірсыпыра ағайындарымен Әулиекөлге қоныс тебеді. Елге келген ишанды Орта жүз рулары Қызылжардың, Қостанайдың татар-башқұрттары да бірауыздан қолдап, Марал бабаны Батыс Сібір мүфтийі етіп сайлайды. Ишан діни үгітті кешенді жүргізіп, қазақтың батырлары мен билері Сартай, Бертіс,  Шақшақ т.б. ендеп келе жатырған Ресей патшалығына қарсы Ғазауат майданын ашады. Алайда, Ғазауат негізінен жеңіліс табады, дегенмен, патша өкіметінің қазақтарды шоқындыру саясаты біржолата тоқтайды. Марал ишан бастап халық қолдаған Ғазауаттың қаншалықты ауқымды, қанша уақытқа созылғандығын тарихшылар еншісіне қалдырайық та, Марал баба мен оның айналасындағы туысқандарына оралайық. Бірсыпырасы Қармақшы топырағына қоныстанып қалғанымен, өзіне еріп келген туысқандарына жергілікті бірсыпыра керейлер тағы да қосылып, шамасы 160 үйдей керейлер осы күнгі Әулиекөл ауданының Обаған көлі жағасынан Құмдыағаш деген жерге орналасады. Жаз бойы Сыр мен Қыр арасынан қатынас үзілмейді. Ишан ол жерде мешіт салдырады, медресе ашады, халықты имандылықты уағыздайды, дәрігерлікпен айналысады. Аңыз, әфсаналарға жүгінсек, 1841-1853 ж.ж. болуы мүмкін, ишанның тусіне Дәуіт пайғамбар кіріп, Марал бабаға фәни дүниемен қоштасу уақыты жақындағанын білдіреді. Қармақшы топырағындағы мәңгілік қоныс тепкен анасы: «Балам, сен де осы жерге келесің» деген сөзі есіне түсіп, ишан халқымен қоштасып, өзіне ерген 100 қаралы керейлермен Сырға қарай жылжиды. Қасиетті бабамыз шілде айында Алмат-Самраттың Аққумында Қарақай, Мамыр деген жерде Аллаға аманатын тапсырып, жуған денесін былғарымен қаптап, ақ нарға артып, түнде жүріп, күндіз екі жарым метр тереңдікке көміп, сегізінші күн дегенде Қармақшы маңындағы Қамыртөбесіне ақ нар келіп шөгеді. Сөйтсе, бұл орын анасының бейітінің тап қасы болып шығады. Осы жерге кейін күмбез үйтам тұрғызылған. Марал баба дүниеден өткен соң, бабаның орнын басқан Қалмұхамбет (Қалқай) ишан, оның балалары халыққа медресе-мешіттер ашып, имандылыққа тәрбиелейді. Егін шаруашылығымен, жеміс-жидек, бау-бақша өсірумен айналысады. Өмірінің жиырма бес жылын араб жұртындағы мәдениеті дамыған Шам шаһарында білім алып, 12 пәннен шатырхат алған Қалқай ишанның басшылығымен «Қарабөгет», «Байбол», «Ишан ауылы» (Тобағабыл ишан салдырған), «Қырғы» мешіт, «Қолаң төбе», «Қыш» мешіттері салынады. Марал бабаның өз кіндігінен тараған ұрпақтары, сондай-ақ, туысқандарының білімге икемі бар алғыр балаларын арнаулы қаражатпен Ташкент, Самарқан, Бұхара, Мазари-Шариф қалаларында білім алады. Бұлардың ішінде халық құрметіне бөленген Тобағабыл, Үндемес, Оспан, Омар, Алдажар, Әбдірахман, Сламхан, Әбдіхалық, Мамырбай, Сүлеймен, Асан, Қауыс, Әмит, Шәмші ишандар, Иманалы әулие атамыз, Бәжім, Жақып, Нұржан, Қошмағамбет, Шерәлі молдалар болды. Сондай-ақ, Марал бабаның оң қолы болған Төртқара халфені, Тобағабыл ишанға қол тапсырған, өкіл бала болған Алтынбай әулиені жергілікті халық күні бүгінге дейін аңыз қылып айтып отырады.

Қазақ даласына қызылдар қырғыны келгенде, олардың кесірі ишан ауылын да айналып өткен жоқ. 1932 жылы Қармақшы ауданының орталығында зауыт клубында қыркүйек айында жиырмашақты милиция күшімен айдап әкелген ишан ауылының 45 адамына сот құрылған. Іштерінде Ысқақ, Әбдіхалық, Әміре, Батырхан ишандар бар. Сотқа айдап әкелу сылтауы – 10-15 гектар жерге көктемде бидай тұқымы себілмеген, сондықтан ол жерге бидай шықпады. «Ишан ауылының Кеңес өкіметіне қарсы әдейі қастандықпен жасалған», – деген белсенді топтың арызы болған. Сот шешімімен Батырхан, Әміре ишандар атылуға, Әбдіхалық ишан 15 жылға, қалғандарына 5-10 жыл мерзімдік жаза берген. Сонда, Әміре ишан ұшып тұрып: «Сот мырза, Сіз Марал ишан ұрпағын соттайсыз ба, әлде бірге отырған кедей-кепшік Керейлерді де бірге соттайсыз ба?», – деп сұраған. Сот; «Жоқ, кедей-кепшіктерге тимейміз», – деген екен. «Ендеше, мына отырғандардың көпшілігі ишандық құрмаған Керейлер. Бұларды босатыңыз, өтірік десеңіз, мына отырған ауылдық Совет Дүкенбайдан сұраңыз», – деп Әміре ишан қарсыласып тұрып алыпты. Сот амалсыздан Керейлердің 33 адамын сол жерде босатып жіберген. Түрмеде отырған Батырхан ишан артта қалған ағайындарына хат жазып: «Балаларды жаңа заман ағымымен оқытыңдар, темір мен зауыт жұмысына жегіңдер», – деп қоштасқан екен. Сонымен, Сыр бойындағы ағайындардың жастар жағы оқуға құлшыныс білдірсе, бірсыпырасы Жосалы механикалық зауытына, теміржол мекемелеріне жұмысқа тартылады. 1931-33 ж.ж. ашаршылық нәубеті жергілікті халықпен бірге Керей ағайындардың отбастарына да оңай тиген жоқ. Бірсыпырасы ашаршылықтан көз жұмса, енді бірсыпырасы Өзбекстанға, Тәжікстанға (Жызақ, Кенимех, Каттақорған) қоныс аударады. Бірсыпыра жастар Қызылорда қаласына қызметке араласты.

Қараөзек ауылдық Советіндегі Керей отбасылары колхоз шаруашылығына араласып, Дүкенбай Қисықов, Жүніс Төлегенұлы, Сұлтанмұрат Бәжімұлы, Алмағамбет Ысқақұлы колхоз председательдері болып абыройлы еңбек етті. Әсіресе, Алмағамбет Ысқақұлы, Сұлтанмұрат Бәжімұлы ағаларымыз ірілеңцірілген колхоздарды басқарып, облыс бойынша алдыңғы орындардан көрінді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан қармақшылық Керейлердің 21-і елге оралмады. Бірсыпыра бауырларымыз атақты жүргізуші Сәбихан Бөлтіріков машинасымен Берлинге дейін барса, атақты барлаушы Қаби Асанов, взвод командирі Қараша Ермағамбетов, офицер Смағұл Ысқақов, Нұржігіт Нақыпов, Дәуітбай Сақтағанов, сержанттар Қайыржан Нұрғалиев, Жақсылық Кенжебаев, кіші офицерлер Дәуітбай Сақтағанов, Қарабай Мұқышұлы, Жүсіп Жақыпов, Әбдуәли Жаназаровтар өңірлерін орден, медальдарға толтырып оралды. Соғыстан танк әскерлерінің майоры шенімен оралған, кейін полковник шенінде зейнетке шыққан Ікірәмша Кәрімов туралы әңгіме тарқатуды бұл мақаланың көлемі көтермейді.

Соғыстан соңғы кезде бірсыпыра ағаларымыз облыс, аудан көлеміндегі басшылық жұмыстарда болып, ата-бабасына лайықты абырой биігінен көрінді. Әсіресе, Смағұл Ысқақов, Әлиақбар Татабаев, Әбдуәли Жаназаров, Нұржігіт Нақыпов, Хамит Ермағамбетов, Өтеп Мырзабеков, Бақытжан Бекішев, Исағали Жұмағұлов, Құдайберген Ермағамбетов, Әнес, Жүсіп Жақыповтар, Балтабай Майтанов, Тілеуберген Нақыпов, ағайынды дәрігерлер Қасымхан, Әлиасқар, Абдулла Омаровтар, Ғабит Бақырканұлы Бекішев, Ғалымжан Исағалиұлы Жұмағұловтар халық құрметіне бөленгендер еді.

Қысқаша айтқанда, Марал баба мен оның туысқандары халық қатарлы елге еңбек сіңіріп, абырой-атақтан кенде болған жоқ.

Бүкіл Түркі әлемінің әулие ғұламасы Қорқыт бабадан бастап, Қармақшы, Марал, Сейтпенбет, Жәрімбет, Алдашбай ахун, Ақмырза ишан, Әлібай-Оразмұхамбет, Мәдірайым ишандар біздің заманымыздағы Үбайдулла, Ешмағамбет, Шоқпар молдалар, Асан, Омар Мақсұмдар өмір сүріп, халыққа адамгершілік пен ізгілік насихаттаған, тілдерінен бал тамған, көмейлерінен жыр төгілген Балқы Базар, Дүр Оңғар, Сыр елінің Абайы атанған Тұрмағанбет, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, т.б. ондаған сүлейлердің Отаны Кете Шөмекей аталықтарының астанасы – қасиетті Қармақшы Сыр елінде Керейлер, міне 7-8 ұрпақтан бері жергілікті халықпен қыз алысып, қыз берісіп дегендей, құда-жекжат, нағашы-жиен, жекжат-жұрағат болып 2,5 ғасырдан бері тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Ағайындардың басы қосылған торқалы той, топырақты елім кездерінде Сыр бойылық Керейлер өздерінің шыққан елі Қостанай-Қызылжар деп біліп, ағайын-туыстарымен барыс-келіс көбейсе екен деген тілек айтады.

Қостанай педагогикалық институты жанындағы Аймақтық тарихи-зерттеу орталығы іске асырып жатқан Керей шежіресі шығуына үлкен қуанышымызды білдіреміз. Оқырмандарға, Керей ағайындарға айтарым, жасалған үлкен жұмыста кемшілік болмай тұрмайтындығы бұлтартпас шындық. «Көш жүре тузеледі» дейді дана халқымыз. Бірсыпыра анықтамалық ауытқушылықпен жіберілген осал тұстарына түсіністікпен қарар деп ойлаймыз. Төменде хал-қадірімізше, халқына қадірлі болған, елімізге елеулі еңбегі сіңген Сыр бойындағы Керей аталарымызға, ағаларымызға, замандастарымызға тоқталуды жөн көрдік.

Абдулла ОМАР Маралтегі

керей.кз


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*