Шежіре

Есет батыр мен Тұрсынбай батыр

images

Есет батыр Қожабергенұлы 1688 жылы Жамбыл ауданындағы Гүлтөбе жерiнде туған. 1772 жылы Түмен облысы Есет ауданында қайтыс болған.

Есет – Қожаберген жыраудың төртiншi баласы. Самарқанд медресесiн бiтiрген. Қазақ­қалмақ соғысында қол бастаған батыр болады. Есет татар, башқұрт, қазақтардың бiрiккен қолын басқарады.

Есет батырдың ерлiгi жайлы Дәстем сал, Жанкiсi, Тәтiқара, Үмбетей, Жанақ, Көтеш ақындар жырлап өткен.

Сiбiр татарлары билерi мен бектерiнiң өтiнiшiмен Әбiлмәмбет хан мен Абылай сұлтан Сiбiр татарларына басшы (шора) қылып жiбередi. 1746­1772 жылдар арасында татар аймағының шорасы (кiшi хан) болады. Қазiргi Ресейдiң Түмен облысында өзi басқарған елден ағатын бiр өзен Есет өзенi деп, бiр аудан Есет атымен аталады, орталығы – Есет қаласы.

Тұрсынбай  батыр

Балта Керей Тұрсынбай батыр Ертісбайұлы 1701 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Соколов (қазіргі Қызылжар) ауданындағы Атық тоғайында туған, 1800 жылы Ресейге қарасты Челябинск облысындағы Иткөл ауданында (шежіре деректері бойынша) қайтыс болған. Қазақ халқынан шыққан сардарлардың (әскербасылардың) бірі – Тұрсынбайдың атасы Атық XVII ғасырда батыр әрі әулие атанған. Әкесі Ертісбай да Орта жүздің белгілі батыры болған екен.

Тұрсынбай 9 жасында ата­анасынан айырылып жетім қалғанына қарамастан, отбасы шаңырағын күйзелтпей, інілері Есілбай мен Толыбайға қамқорлық көрсеткен. Өзі Түркістан түбіндегі «Қарнақ» медресесінде білім алады, хадимша хат таниды. Ол Әз Тәуке ханның асында (1719) Қоқан хандығынан келген Қоңыраулы Түйе балуанды жығып, бас балуанның бәйгесіне ие болады. 1718 жылғы жазда, Әз Тәуке хан қайтыс болар алдында, қазақ сарбаздары қазақ жеріне басып кірген қалмақ әскеріне қатты тойтарыс бергенде он жеті жасар Тұрсынбай үлкен ерлік көрсетіп, батыр атағына ие болады.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары інілері Есілбай мен Толыбай жау қолынан қаза табады. Тұрсынбай батыр жасақ құрып, жоңғарлармен күресте ерен ерлігімен көзге түседі. Оның ерлігін ақын Дәстем Қарабасұлы жырға қосқан. Тұрсынбай батыр жауға алдырмас небір ұтымды, айлалы тәсілдерді білген. Ол құралайды көзден атқан мерген, гүрзі, қылыш сілтеп, найза шаншуға шебер болыпты.

«Ақтабан шұбырындыдан» кейін ата жаудан кек алмаққа қазақ батырлары Абылай ханның ақ туы астына жиналып жатыр дегенді естіген Тұрсынбай да бес қаруын асынып жорыққа аттаныпты. Тұрсынбай батыр қазақ әскерлеріне басшылық жасап, әсіресе 1750­1780 жылдары Абылай ханның сенімді қолбасшыларының бірі болады. Сол тарихи кезеңде ол (1745 жылдан бастап) Шалабай (Челябинск) өңірінен қоныс алып, Таймас қарақшының шабуылын тоқтатып, қазақ пен башқұрт халықтарының туысқандық, достық қарым­қатынасын қалпына келтіруге елеулі үлес қосыпты.

Тұрсынбай батырдың ерлік істері жайлы Бұқар жырау, Үмбетей, Тәтіқара, Жанкісі, т.б. жыраулардың мұраларында көптеген мәліметтер бар. Қазақ халқының ержүрек батыры және білікті әскербасы ретінде Тұрсынбай Қожаберген жыраудың «Елім­ай!» жыр­дастанынан да орын алған.

 

Үш биден, менен бата алған,

Түйе балуан атанған

Балта Керей Тұрсынбай,

 Асқап батыр қатардан.

 

Он жетісінен мәлім Тұрсынбай –

Ертісбай ердің баласы.

Жас та болса ол шаһбоз,

Қазақтың үлкен панасы.

 

Дұшпан шошыр айбатты,

Көп батырдан қайратты.

Қалмақ тигенін естісе, 

Дей бер жауды жайратты.

 

С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романында да Тұрсынбай батырдың аты аталады (І том).

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

www.el.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*