Жәди Шәкенұлы: Бұл марапат маған тіпті де ауыр жүк арқалатқандай болды
Танымал жазушы, тарихшы, Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды орта мектебінің директоры Жәди Шәкенұлына Дүниежүзілік Шыңғысхан Акедадемиясының толық мүшесі – Академик атағы мен Шыңғысханның Алтын жұлдыз ордені берілді. Қос бірдей марапатты Монғолия мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісінің Білім және Мәдениет жөніндегі жауапты бас кеңесшісі Баясгах Эрхэмбаяр Қоянды орта мектебіне арнайы келіп, салтанатты түрде табыс етті.
Жәди Шәкенұлы «Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, қазақ әдебиеті газеті проза бөлімінің меңгерушісі, «Үн» журналының бас редақторы, Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
Қазір Қоянды орта мектебінде директор.
Ағамыздың қуанышын құттықтай отырып, арқа-мойын арасында аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Жәди аға, ең әуелі марапатыңыз құтты болсын. Жалпы аға марапатқа қалай қарайсыз?
– Маған марапат берілсе немесе мақтау айтылса, пенде ретінде іштей қуанатыным рас шығар. Шын мәнінде мен осы атаққа, марапатқа лайықпын ба, жоқпын ба деп жүгім ауырлай түскендей қиналатыным тағы бар. Көп алдында жүретін адамдар мұндайда қуаныш пен қайғыға тән жан тебіренісін еш сездіргісі келмей бәрін үнсіз көтеруге тырысады. Деседе біз пендеміз.
– Сіздің әдебиеттегі еңбектеріңізді білеміз. Осы жолғы марапат, аңдауымызша, тарихи зерттеу еңбектеріңізді негіз етсе керек, солай ма?
– Бір қызығы мен әдебиет пен тарих бойынша оқысам да, бүгінгі жоғары білім бойынша тарихшы есептелемін. Кандидаттық, докторлық қорғауға үлгермесем де жоғары катогориялы тарихшы санатыммен-ақ біраз тарихтың қатпарына үңіліп жүрмін. Халықаралық конференцияларда жасап жүрген баяндамаларымды біраз жұрт біледі. «Қытайдағы қазақтар» «Жәнібек батыр», «Оспан батыр», «Тәуелсіздік құндылығы», «Түркі-моңғол империясы және оның қазақ хандарын қалыптастыруының негізі», «Шыңғысхан әулеті және хан тұқымынан төре қою», «Шығыс Түркістан мәселелері», т.б. тақырыптарында жазған көптеген ғылыми еңбектерім оң бағасын алды. Жиырмаға тарта ғылыми кітаптардың құрастыру, редакциялау жұмыстарына қатыстым. 2015 жылы «Тәуелсіздік құндылығы», «Арманшыл бала» кітаптарым Көкшетау қаласында өткен Халықаралық кітап жәрмеңкесінде марапатқа ие болды. Бір бөлім еңбектерім түрік, қытай, моңғол тілдеріне аударылды.
Бүгінгі марапат пен дипломның берілуі осы еңбеңтерімнің аз да болса еленгені болар. Бұл менің жеке мақтанышым емес, қазақтың бір ұлына бұйырған осы республика халқының мақтанышы.
– Иә, Сіз әрі тарихшы әрі әдебиетшісіз. Бірақ бүгінгі отырған орныңыз өз мүмкіндігіңізі ашуға қол байлау болмай ма?
– «Сенде кеттің ауылдан, менде кеттім ауылдан; осынымыз ұят болды қауымнан, ұят болды бауырдан» деп Мұқағали айтқандай, бәріміз ауылдан кетсек, халықтың қара домалақ баласына кім ие болады? Кім өз өмірімен өнеге көрсетеді?! Менің ауылда жүруім көп адамның рухани өміріне серпін берді. Біздің мектеп спорт, өнер, білім жағынан ауданның алдыңғы қатарына өтіп, облыс, республикадан жүлделі орындар алып жүр. Қуанамын. Әрине жалғызсырайтын кездерім де көп. Есіме Семей даласының қырында жүрген Абайдың мұңы оралатын, шаршайтын шақтарым да мол.
– Сөйтіп жүргенде қаламыңыз тасада қалып қалмай ма?
– Бастабында өзімде солай алаңдайтынмын. Қазір басқаша, жазып жүрген дүниелерім бар. Қаламның қозғалысы тоқтаса, жүректің лүпілі тоқтайтындай алаңдайтын кездерім көп.
– Енді, міне, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі атағын алып, абыройыңыз асқақтады, шабыт сыйлады. Салмағын қалай сезінудесіз?
– Рас, бұл академиктік атақты алу тіптен ауыр жүк арқалатып кеткендей болды. Бұл атаққа лайықты саналатын менен басқа да мүйізі қарағайдай талай қаламгер, ғалым бар. Уақыттың таңдауы маған түсіпті. Тағдырдың үкімі шығар, көтересің. Енді жазбауға, зерттемеуге тіптен құқың жоқ, қақың жоқ. Айналаңда халық, төбеңде Аллаң қарап тұрғандай.
Қаламды қару етіп халыққа қызмет етуден басқа жол жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет. Еңбегіңіз елене берсін! Қаламыңыз халыққа қызмет қыла бергей!
Сұхбаттасхан: Ұларбек Нұрғалымұлы
namys.kz
2 пікір