Жаңалықтар

Археолог күнделігінен үзінді

01.06.2013 ж. Бүгін еліміздің бас шаһары – Алматы қаласынан артынып-тартынып бір топ археологтар аттандық. Топ құрамында экспедиция жетекшісі, Арман Бейсенов пен топ жетекшісі, мен (Дүйсенбай Данияр) және ҚазҰУ Тарих факультетінің екі студенті Мұрат пен Нұрлан бар. Басты мақсатымыз – кезекті маусымдық далалық жұмыстарын жүргізу. Жалпы, экспедиция белгілі археолог А.З. Бейсеновтікі.IMG-20130913-WA0001

Жолсапарды жалғастырып, «Алматы-Қарағанды» бағытындағы жүрдек пойызға отырып, келесі күні таңертеңнен аса беріп, Қарағандыға кірдік. Одан ары межелі жерге жету үшін арнайы экспедицияның көлігімен (жүргізушісі – Оразбеков Н.) Қарқаралы ауданының Нұркен Әбдіров атындағы ауылға кештете жеттік. Ертеңінде арнайы үй жалдап, керек-жарақ, құрал-саймандарды жөндеп, ауылдық жерден жалдамалы жұмыскерлерді қарастырып ретке келтірумен бір күннің өзі өтті.

04.06.2013 ж. Таң алакеуіммен қазба жұмысын жүргізетін нысан – Бақыбұлақ қорымына келдік. Қорым деп археология ұғымында көне заманның бірнеше ескеркіштері орналасқан жерді айтады. Ежелгі дәуір адамының таным-түсінігі бойынша қорымдағы ескерткіштер (олар оба, қоныс, ғұрыптық құрылыс, тас мүсін түрінде кездесуі мүмкін) солтүстіктен оңтүстікке қарай қатар-қатар орналасады. Мен далалық барлау кезінде көріп жүрген жердегі барлық қорымдағы ескерткіштердің барлығы дерлік осы бағытта салынады. Сақ дәуірінде күнге табынған адамдар осы діни наным-түсінікпен салған болар деп ойлаймын. Ата-бабасы жерленген орынға тәу ету, табыну үшін олар оның батыс жағында тұрып күнге табынған болар. Табыну кезінде оның шығыс жағы әрдайым ашық болуы сол кездегі бұлжытпас өмірдің заңдылығы болуы да ғажап емес. Оған келтірер дәлелім, кейбір ескерткіштердің батыс жағында бес немесе сегіз үлкен тастан құралған ғұрыптық-табыну орындары кездеседі. Бұл ішкі пікірім, әлі зерттеу нысанасына енген жоқ. Сондықтан тек жорамал ретінде.

Экспедицияға алғаш келген екі  студентке алдымен археологиялық ескерткіштері туралы, олардың қай жерлерде болатыны тәрізді бірқатар ақпараттармен таныстыруды жөн көрген А.Бейсенов нысанға сипаттамалар жасады. Қорымда ерте сақ дәуірінің 15 шақты және қола дәуірінің 30-ға тарта ескерткіші орналасқанын, одан бөлек, осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш экспедиция (А.З. Бейсеновтың жетекшілігімен) қорымнан батысқа қарай жарты шақырым жердегі қонысқа қазба жұмысын жүргізіп ежелгі заманның тұрғындары қолданған тұрмыстық заттарды тапқан. Қоныс – ежелгі дәуір тұрғындарының тұрғын жайының орны. Қола дәуірінде адамдар қоныстарын сол заманның тұрмысына, табиғат жағдайларының қолайлығына қарай өзеннің немесе сулы жердің бойына салады. Ал одан бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген алғашқы көшпелі ерте мемлекеттің алғышарттарын қалыптастырушы сақ тайпаларының өзеннің бойына емес, табиғаттың қаталдығына қарай таудың күнгей беттеріне, яғни көктемде қар ерте кететін жерлерге орналастыратындығын атап өтті.

Мұратты жер атауы қатты қызықтырса керек, сөз арасында не себепті «Бақыбұлақ» деп аталуын сұрады. Жетекшіміз (А.З.Бейсенов) осы жер аталымына байланысты аңыз-әңгіменің бар екендігін айтып әңгімелеп берді. Баяғыда бұл жер Бақы деген кісінің қыстауы болса керек. Қыстыгүні қыраттарға мал жайып жүрсе алыстан үйіне бір топ салт аттылардың түсіп жатқанын көреді. Аттарының жүрісі суыт, әрі кілең сәнді киінген бейтаныс кісілердің тегін жүрмегенін бірден білген Бақы үйіне қарай тұра шабады. Жеткенше әлгі кісілер қайта шығып ары қарай жүріп кетеді. Үйіне кіріп әйелінен кімдер екенін сұрайды. Әйелі төрелердің келгенін және асығыс екендерін айтады. Бақы әйелінен «не бердің» деп сұрағанда, әйелі шәй дайын тұрмағандықтан бір кеседен айран бергенін, оны араластырып тұрып ішпей аттанып кеткенін айтады. Соны естіген Бақы: -Қап, қатын, құрттың ау, олар жақсы жайылымды жер іздеп жүр. Енді төрелер осы жердің жақсы жер екенін біліп қойды, – деп отыра кеткен екен. Сөйтсе, қыстыгүні айранның қою болғандығы соншалықты, қасықты тігінен тұрғанда да сол орнында тұра беретінін төрелер байқаған. Төрелермен жауласудың абырой әпермейтінін білген Бақы басқа жаққа көшіп кеткен екен. Бірақ жайылымы мол, бұлағы көп жерді халық «Бақыбұлақ» деп атап кеткен… Осы әңгімені тыңдап болған соң, барлығымыз биылғы жылғы алғашқы қазба нысаны қайсысы болатынын талқыға салдық. Шешім бойынша, өзге обалардан ерекшеленіп тұрған  2 «мұртты» оба кешенін зерттейтін болдық. «Мұртты» обаларды оқулықтан ғана оқыған Нұрлан оның құрылысына қызықты. Құрылысқа бір, маған бір қараған жүзінен сұрақтардың легі тұрғанын анық байқадым. «Мұртты» оба бүкіл Сарыарқа жерінде таралған сақ дәуірінің ерекше құрылысты ескерткіш. Ол батысында негізгі адам жерленген обадан және оның шығыс жағында  кішкене қосымша үйінділі обадан тұрады. Одан ары шығысқа қарай екі тастардан салынған тізбек – «мұртшалар» кетеді. Осы «мұртшаларға» байланысты ғылыми аталымға «мұртты» оба деп аталған. «Мұртты» обаның мұртының шығысқа қаратылуы, оның екі басында екі үйіндінің болуы, тас тізбектер ішінде күлдің қалдығы, жылқының жерленуі, сонымен қатар сынық ыдыстардың кездесуі обада діни мерекенің орындалатын дәлелдейді. Яғни, сол кезде бұл жер патриархалдық түсінік бойынша ата-бабасына табынатын, одан жәрдем сұрап жалбарынатын ғибадат орыны болған. Шығысындағы кішкентай обадан көбінесе қыш ыдыс пен жылқының сүйектері кездеседі деп айтып келе жатыр ем, қызықты болып кетті ме, Мұрат сөзімді бөліп жіберіп «неге олай, не себепті қойылады, онда мына жерде де бар шығар? Мұны міндетті түрде қазайық» деп айтып қалды. Жетекшіміз «сақ дәуірінде адамдар күнге ерекше табынғанын, адам жаны өлген соң күнге кетеді деген түсінікпен күншығыс жаққа қыш ыдыс пен жылқының мүшелерін қойған. Қыш ыдысқа тағам қойылған, о дүниеде ауқаттанады, ал жылқы адам жанын күнге жеткізетін «көлік» жануар ретінде діни наным түсінікпен қойылатынын айтты. Жылқыны тұрмыста көп пайдаланғандықтан, әрі жылдам жететін жануар болуы себепті күнге адамның жанын жылқы тез жеткізеді деп санаған ежелгі заманның адамдары. Мұндай деректердің Авеста, Ригведа сынды ежелгі діни кітаптарда кездесетінін, ал нақты дерек ретінде архелогиялық табылымдармен расталған. Ал шығысқа тартылған тас тізбектер – «мұртшалар» күнге апаратын «дәліз жол» қызметін пайдаланған. Осынау ескерткіштері бар мәдениет – «Тасмола» мәдениеті деп аталады. Ал, ғылыми айналымға археолог М.Қ. Қадырбаев енгізгенін айтты және екі болашақ жас мамандарға алдағы уақытта археологиямен айналыссаңдар, бұл ақпаратты әсте естен шығармаңдар деп кесіп айтты.  Бүгінгі күнгі далалық барлауымыз аяқталып үйге қайттық.IMG-20130913-WA0002

05.06.2013 ж. Бүгін қазба нысаны – «мұртты» обалар кешеніне  қазба жұмысын бастадық. Алдымен видео, фото түсірілімдер жасадық. Одан соң қазба әдісі бойынша төрт секторға бөлдік. Ары қарай қазбаны жалғастырдық.

10.06.2013 ж. Кілең орташа көлемдегі тастардан салынған тасты үйінді сәл қиындық туғызды. Ауыр, әрі қолайсыз. Оларды айнала қоршап қараған өсіп кеткен. Бірақ бар қиындық жеңуге болады, оларды да алдық. Әрине, 5 күн ішінде. Оның астынан тас құрылыс шықты. Тастарының шашылып жатқанына қарағанда тоналған болу керек. Бұл тонау іздерінің тарихы да бар. Сол заманда алтын заттармен қосып жерлейтін болғандықтан, кейін бағалы заттарды алу үшін тонайтын болған.

11.06.2013 ж. Негізгі обаны қазба тәртібін сақтап сол беті қалдырып, оның шығыс жағындағы кіші обаға жұмысты бастап кеп жібердік. Қазу барысында табиғи жерге қойылған қыш ыдысты таптық. Сынып қалған. Сол заманның дәстүрі бойынша әдейі сындырылатын болса керек. Түп жағы жақсы сақталған. Қазба жұмыстарын қайтадан негізгі обаға аудардық. Зерттеу барысында заттай деректерден қола жебе табылды. А.Бейсенов осы салада істеп жүрген тәжірибесіне сүйене отырып және жасалу пошымына қарап б.з.д. 6-5 ғғ. жатқызды. Сонымен қатар ортасынан бөлінген тастан жасалған ғұрыптық ыдыс табылды. Сол заман түсінігі бойынша арнайы сындырылып қойылатын болған.IMG-20130913-WA0003

12-13.06.2013 ж. Тас «мұртшалардың» бас жағы мен аяқ жақтарына қазба салдық. Бұл жерлерден сирек жағдайда болса да, қыш ыдыс сынықтары, күл қалдықтары (от жаққаннан) кездеседі. Тас тізбектердің барлығының үйінділері тік тұрған тастармен қойылған. Тізбектердің орта тұстарында кей шым баспаған жерлерінен тастармен төртбұрыш жәшік тәріздес қылып жасаған.

14.06.2013 ж. Негізгі «мұртты» оба кешеніне қазба бітірген соң оны батыс жағында және ОШ, СШ жағында орналасқан үш ғұрыптық құрылысты зерттеуге кірістік. Батыс жағындағы құрылыс 8 үлкен шой тастардан салынған. Ортасынан күл қалдықтары шықты. Биіктігі 0,35 м. Ал, СШ жағында орналасқан ғұрыптық құрылыс биіктігі 2 м болатын алып тақта тастардан тұрғызылған. Қойшылар тау басына тастан үйіп қоятын обалар тәрізді өткен заманның куәгері ретінде мызғымай тұр. Суыққа да, ыстыққа да төзіп. Батыс жақта орналасқан ғұрыптық орыннан айырмашылығы, бес тастан құралған.IMG-20130913-WA0004

15.06.2013 ж. Табылған заттарымыз аз болғанына қарамастан құрылысы жағынан, археологиялық тұрғыдан мол мағлұмат алдық. Бұрын зерттелген ескерткіштермен ұқсастықтарын қарастырдық. Ендігі мақсат – сонау ШҚО жерімен шекаралас жердегі Қарамола қорымын зерттеу…IMG-20130913-WA0005IMG-20130913-WA0008


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*