(24.06.1943 – 02.03.2010)
Берімбай Ысқақұлы 1943 жылы маусым айының 24-де Баян-Өлгий аймағының Улаанхус сұмынының Қызылтөбе деген жерінде дүниеге келген. Берағаң жастайынан білімге құштар, алғыр, зерек, жастайынан анасынан айырылып жетімдік тауқыметін тартып өсті.
Берағаң 1959 жылы Улаанхус сұмындық орта мектепті, 1963 жылы Архангай мұғалімдер техникумын бітіріп, 1964 жылы туған жері Улаанхус сұмынға бастауыш сынып ұстазы, 1964-1967 жылдары Өлгий 1-10 жылдық орта мектебінде бастауыш сынып ұзтазы қызметін атқарды. 1967-1972 жылы Улаанбаатардан Мұғалімдер жоғарғы университетін Орыс тілі мамандығы бойынша бітірген. 1972-1974 жылдарда Бугат сұмындық 8-жылдық орта мектебінің директор қызметін, 1974-1978 жылдарда 1-10 жылдық орта мектепте орыс тілі мұғалімін, 1978-1979 жылдары Украина мемлекетіне кәсіптік техника училище аудармашы-ұстаз болып қызмет атқарып елге оралды. 1979-1982 жылдары 1-10 жылдық орта мектепте орыс тілі мұғалімі, 1982-1995 жылдарда 2-10 жылдық орта мектепте орыс тілі мұғалімі қызметтерін атқарған.
Берағаң 1992 жылы Дүниежүзілік қазақтар құрылтайына қатысып, ақындар мүшайрасынан бас жүлде жеңіп алып марапатталған. 2002 жылы Дүниежүзілік қазақтар құрылтайына 2-ші мәрте қатысып, ақындар мүшайрасынан 1-орынды иеленген. Жазушы Құрманханның мерейтойының ақындар мүшайрасында бас жүлде т.б. мүшайралар жүлдегері атанған.
Берағаң ақын, сазгер, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ардақты әке, шахмат спортының шебері. Шахматтан Аймақтық неше дүркін жеңімпазы, диплом сыйақыларымен марапатталған. Берағаң жағымпаздықты білмейтін, көңіліне жақпағанын бетке айтатын, турашыл, шыншыл, адал болды.
2005-жылы атамекенге қазақтың елордасы Астанаға қоныс аударған. Қайталанбас дарын иесі 2010 жылы наурыздың 02-күні Астана қаласында дүниеден өткен.
Берағаңның «Сезім селі» атты кітабы жарық көрді. 20 шақты әндер, өлеңдер, «Жасындай жарқыраған Жәнабілхан батыр» поэмасы, «Тағдыр тәлкегі» ғұмырнамасы, «Арман-ай» поэма, «Зұлым» баллада, «Егіз ерлік» дастан т.б. поэма, дастандар авторы.
Берағаң еңбегін Моңғолия мемлекеті жоғары бағалап, ”Еңбек қызыл Ту”, ”Алтын Жұлдыз” ордендерімен, медальдарымен сыйланған.
Ақынның өзін төрт жол өлеңмен былай суреттеген:
Талады талай қасқыр пұшпағымды,
Ақынмын буырқанған күшті ағынды.
Ұстазбын сұрасаңыз іс-бабымды,
Берімбай ақын ағаң Ысқақұлы!
Алтын аймағым
Базыналы шуағым,
Бай-Өлгейім тұрағым
Құт мекені қазақ пен
Урианхай, Дөрвөд, туғаның.
Кернеген күй сыңғырлы ән,
Көркі көзді тұндырған.
Жасыл бағы жайқалып,
Малы өрісте мыңғырған.
Сайын дала, ну орман,
Құлпырады қыр алдан.
Зәмзәм-өзен, көлдері
Бұлағы мың бұралған.
Бақ, дәулеті тасыған,
Аңы қойдай жосыған.
Арасаны шипалы,
Май ағады тасынан.
Таулы жерден қырқадан,
Күнге жақын бір табан.
Шаттандырып көңілді,
Көкте құсы шырқаған.
Ұланқайыр Ұлысым!
Атамекен тынысым.
Жетпіс жылда асқақтап,
Арта түсті ырысым.
Сауық құрған халқы үшін,
Жалын-нұрың шарпысын.
Гүлденетін дер шағың,
Тамылжысын тал түсің.
Балаларым, базарым
(терме) әні, сөзі:
Берімбай Ысқақұлы
Сендерсіңдер, әкеңнің бар асылы,
Сендерсіңдер, әкеңнің жанашыры.
Балаларым, базарым, құлындарым,
Менің екі көзімнің қарашығы.
Сендер барда білінбес шаршағаным,
Сендер асқақ арманым, аңсағаным!
Сендер барда көңілім шалқып,тасып,
Қуанышпен әр таңды қарсы аламын.
Тегі мықты текті ұл-қыз телі өседі,
Сендер барда терезем теңеседі.
Мен жетпеген шыңдарға шарықтаңдар,
Сендерсіңдер әкеңнің келешегі.
Береке мен бірлікке жаны құрбан,
Бірге өледі –демей ме бірге туған.
Бірлікшіл бол, базарым, сендер барда,
Біздің үйде күнде той, күнде думан!
Жақсы бала әкеге шырақ еді,
Жанын үзіп жақсыға тұрады елі.
Жүрсең болды қадірлі азамат боп,
Жан әкеңнің атанып мұрагері.
Бақытым да, сендерсің байлығым да,
Ойнағаның ұқсайды тай-құлынға.
Сендер аман болсаңдар болды, жаным,
Жетсін, мейілі, жетпесін айлығым да.
Бақытым да, сендерсің байлығым да,
Ойнағаның ұқсайды тай-құлынға.
Шаттана бер, шалқи бер, шарықтай бер,
Асыр салып, базарым, айдыныңда.
Сендерсіңдер әкеңнің бар асылы,
Сендерсіңдер әкеңнің жанашыры.
Балаларым, базарым, құлындарым,
Менің екі көзімнің қарашығы.
Туған жерді аңсау әні , сөзі :
Берімбай Ысқақұлы
Жапырақ сарғайды,
Сағыныш сан қайғы.
Арманым ақ құсы,
Самғайды шалғайды.
Аңсатты өз елім,
Тауларым, өзенім,
Орманым, арманым,
Өртенді өзегім.
Қайырмасы:
(Арман, арман)2
Арман, арман,
Дүние жалған,
Сағындым елімді,
Сағындым жерімді,
Алыста қалған.
Туған жер тынысым,
Елжіреп тұр ішім!
Шағылдым! Сағындым
Қи, жусан иісін.
Тартқанда құшағы,
Бой кернеп күш-ағын!
Шыбыным ел жаққа,
Шырылдап ұшады!!
Қайырмасы:
(Арман, арман)2
Арман, арман,
Дүние жалған,
Сағындым қызығын,
Сағындым қымызын,
Кеңсірік жарған.
Сағындым ел ішін,
Биебау желісін,
Кең дала, шалқар бел,
Мал толы өрісін.
Ел алтын мекен ғой,
Аңырап жетем ғой.
Сағына білу де,
Зор бақыт екен ғой!!
Қайырмасы:
(Арман , арман)2
Арман , арман,
Дүние жалған,
Сағындым елімді,
Сағындым жерімді,
Алыста қалған.
Ердің құны елінде
Ердің құны елінде,
Жаңбыр құны жерінде,
Еттің құны сөлінде,
Аттың құны терінде,
Өсек құны ерінде,
бастың құны тілінде,
ғалым құны білімде,
залым құны түрінде,
Ұры құны көзінде,
Суайт құны сөзінде,
Жарлы құны төзімде,
Жастың құны сезімде,
Оқтың құны жезінде,
Жаман құны өзінде.
Сұлу құны өңінде,
Қаздың құны көлінде,
Шөптің құны шөлінде,
Бұлбұл құны әнінде,
Тойдың құны сәнінде,
Ойдың құны мәнінде,
Әйел құны жарында,
Оттың құны жалында,
Ақын құны дарында,
Сері құны бөркінде,
Пері құны көркінде,
Соғыс құны дұшпанда,
Қаптың құны тышқанда,
батыр құны ерлікте,
қазы құны билікте,
жалқау құны желкеде,
Шолжаң құны еркеде,
Малдың құны иеде,
Сөздің құны жүйеде,
Елдің құны бастықта,
Аштық құны астықта.
Түйе құны қияқта,
Жердің құны тұяқта,
Тірлік құны көмірде,
Судың құны өмірде,
Орман құны халықта,
Ақша құны нарықта,
Дала құны егісте,
Жайлау құны өрісте,
Тұрмыс құны сыйында,
Ақыл құны миында
қорқау құны тамақта,
мастың құны арақта,
сауда құны ұтуда,
даудың құны бітімде.
Жанның құны дәрігерде,
Аңның құны мергенде,
Қарттың құны жасында,
достың құны досында,
Құнсыз нәрсе болмайды,
бағалай біл, басында.
07.04.2004 ж.