Әдебиет

Төлеген Меллат: Батыр рухына (Зуха батыр Сәбитұлының 150 жылдығына)

 

Көрсеткен аят хадистен,
Терең сөйлеп жарысқан.
Пәту, дәлел беретін,
Ақылға жүйрік дәнышпан.
– Зуханың шабарманы, ақын
Рамазан Бұтақбайұлы

Өрнегіндей бұлттағы өшкін айдың,
Көзімді ашсам көрінер ескі қайғым.
Қарашыққа мөрленген қаралы күн,
Құрғатпайды кірпікті, кеш, Құдайым!

Қылғыған қауырсынын құмай жалған,
Жетпеген жетесіне жылайды арман.
Қара нөпір құс көрем қалғып кетсем,
Қара көпір үстінде шыр айналған.

Қара нөпір қамаған додасына,
Қара көпір қасірет моласы ма?!
Аққан қан арыз жазып ағашына,
Баһадүр басын берген жер осы ма.

Баһадүр басын берген неге бұлай,
Ұғынса екен ұрпақ пен соны елім-ай!
Азаттығын оранған ақырет қып,
Әруағымен алыптың жебе, Құдай!

Өскемен –өскен елде туған батыр,
Кекілін қара ертіске жуған батыр.
Сәлдесін сертке түйіп сәжде жасап,
Меккеде мүлгіп дұға қылған батыр.

Алаш деп ақ найзасын алған батыр,
Күзетте қос тізесі талған батыр.
Жеті пір жебеп өткен ер Сәбиттен,
Сарқыт боп сахараға қалған батыр.

Дос жүрек, қос білекке сенген ерім,
Кәуір мен кісәпірге төнген ерім.
Ел десе еміреніп, есі кетіп,
Ас түгіл басын кесіп берген ерім.

Кесімін келер күннің көрген Зуха,
Көтерді көрден басын өлген Зуха.
Алаштың аспанына атын жазды,
«Бір жарым ғасыр жасқа келген Зуха»!

Төлеген Меллат


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*