Жаңалықтар

«Еркеғали Рахмадиев – өз халқының мәдениетімен терең байланысқан композитор»

Еркеғали Рахмадиев Қазақстандағы музыкалық мәдениетте алар орыны ерекше Еркеғали Рахмадиев 1932 жылы Шығыс Қазақстан обылысы, Аягөз ауданы, Көктал ауылында дүниеге келген. Шығармашылығының көбі сайын дала келбетінің әсемдігімен қалыптасқан, туған халқының адамгершілігі, елдігіне қатысты жырланады. Оның әндік әуендері халық даналығының қайнар бұлағынан, оптимистік дүниетанымынан көрініс табатын лирикалық шынайылықпен толықтырылып, тартымдылығымен ерекшеленеді. Композитордың лирикалық поэзиясы өзінің өткірлігі, сезімдері мен эмоцияларының жоғары деңгейде құрылуымен сипатталады. Оның вокалдық-хорлық, оркестрлік, театрлық-сахналық, яғни үлкенді-кішілі формадағы шығармаларына лиризм тән. Бұған бірден-бір мысал Н. Шәкеновтың сөздеріне жазылған «Таң самалы» әйгілі әні мысал бола алады.

Көркем әдебиеттегі пафос тәрізді, музыкадағы шығармашылық ұранды Е.Рахмадиевтің музыкаларындағы лирикалық-эпостық бағыттарынан байқауға болады. «Вечер на Балхаше» хор поэмасынан, «Қамар сұлу» операсының лейт-тақырыбынан, осы операдағы Қамар мен Ахметтің дуэтінен, «Назов Абая» фортепияналық поэмасындағы қосымша партиядан, «Дайрабай» симфониялық күйіндегі лирикалық тақырыптан, «Алпамыс» операсындағы Жер-Ана мен Алпамыс дуэтінен, Алпамыс пен Гүлбаршын дуэттерінен және тағы басқа музыкалық шығармаларынан анық көре аламыз.

Композитордың музыкалық-эстетикалық концепциясы ауызша-поэзиялық және музыкалық фольклордың әсерімен қалыптасқан, ол композитордың стилі мен көркемдік ойлауына да айтарлықтай әсер еткен. Өмірлік ұстанымы мен мамандығы жағынан дәстүрлі мәдениеттің жалғастырушысы бола отырып, осы ерекшелігін тақырыптар мен сюжетті образдар таңдауда, оларды жүзеге асырудың композициялық шешімін анықтауда айқын көрсеткен болатын. Е. Рахмадиев өзінің жанрлық шыармашылығында фольклордың тұрақты және өмірге лайықты түрелін сақтай білумен қатар, оның қозғалмалы элементтерін өз шығармашылық қабілеті мен қарымына сәйкес икемдей отырып, әлемдік музыкалық мәдениеттің гармониялық және полифониялық жазуды тиімді тәсілдерін іске асыру, фольклордың жанрлық типтерін түрлендіру, музыкалық драматургияның заңдылықтарын қолдану тәрізді прогрессивті жетістіктерімен толықтырып отырғанын айта кеткен орынды.

Халық әндерінің барлық жергілікті, аймақтық және стилдік ерекшеліктерін жетік меңгере отырып, композитор ән шығару мен халықтық-кәсіби орындаушылықтың түбегейлі формаларын жандандыратын жоғары сапалы көркемдік үлгілерін жасады. Осы  тұрғыда Жетісу, Орталық және Батыс Қазақстанның ән айту дәстүрлеріне сәйкес бірнеше вокалдық туындылар жазып қалдырды. Оларға «Сәкеннің Жаңаарқасы», «Қарқаралы», «Жетісудың қыздары-ай», «Семей-Семей», «Ақан Сері», «Біржан сал», «Ау қызғыш құс», «Біржан сал», «Аспандағы бозторғай», «Ереуіл атқа ер салмай» сияқты әндерін жатқызамыз. Аталған әндерде халық рухының еркіндікке ұмтылысы мен қуаты берілген. Осындай әуелете орындалатын, мақтанышқа толы әндер концерттік сахнада дәстүрлі мектеп орындаушылары Қ. Байбосынов, Қ. Бекбосынов, С. Жанпейісова сияқты таңдаулы әншілердің репертуарында жиі орындалады. Опера жанрыны композитордың өз шығармашылық мақсатын барынша жүзеге асыра алған саласы. «Қамар сұлу» (1963), «Степное зарево» (1967), «Алпамыс» (1972), «Абылай хан» (1999) сияқты опералардың авторы болған композитор әрқашан қоғамдық, ұлттық маңызы бар мәселелерді сипаттап, жаңаша музыкалық-стилдік жетістіктерге қол жеткізді.

Еркеғали Рахмадиевтің заманауи музыкалық мәдениетке қосқан үлесін жоғары бағалаған замандасы, көрнекті орыс композиторы Родион Щедрин былай депті: « Оның туындылары Еуропа мен Азияның көптеген елдеріндегі, Америка құрлығындағы халықтың ерекше ықыласына бөленген. Еркеғали Рахмадиев – өз халқының мәдениетімен терең байланысқан композитор…оның музыкасы заманауи қазақ музыкасының бетке ұстар үлгісі…».

Е. Рахмадиев 2013 жылы Алматы қаласында дүниеден озды.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*