Жаңалықтар

ЗҰҚА БАТЫР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Алматының іргесіндегі Нұр-Мұсахан мешіті маңында ұлт-азаттық көтерілісі жылдары бейбіт өмірі үшін күресіп, сол жолда шейт болған Зұқа батырдың 150 жылдығы атап өтілді.

Салтанатты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Ер Жәнібек» қоры тағы басқа да қоғамдық ұйымдар бірігіп ұйымдастырған. Бұл тойды ұйымдастыруға шетелде өмір сүріп жатқан исі қазақ ағайындарымыз да зор үлес қосқан Дүбірлі салтанатқа әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан Зұқа батырдың ұрпақтары келіп қатысып, батыр бабалары туралы естеліктерін айтты
Мен жас кезімде Зұқа батыр туралы көп әңгіме естіп өстім.Ол кісінің батырлығына тәнті болып, Зұқадай батыр бабамыздың ұрпағы екенімді мақтан тұтатынмын. Сонау Қытайдан Тахламакал шөлі арқылы Үндістанның Кашмиріне, одан Пәкістанға, ақыр соңы түбі бір Түркия мемлекетіне біздің ата-бабаларымыз ауа көшкенде бала-шағасының бейбіт өмір сүруін ойлады емес пе?!. Сондықтан біз алдыңғы буын аталарымызға ризашылық сезімімізді білдіреміз. Ал бүгін Қытайдан, Моңғолиядан, АҚШ-тан және басқа да мемлекеттерден келген ағайын-туғандармен табысып, ерекше сезімге бөленудеміз. Алматы қаласын екі-үш күннен бері аралау арқылы атажұртымыз Қазақстанның жақсы дамып келе жатқанына нақты көз жеткіздік. Ең бастысы, мұнда сіздер, шетте біздер аман болайық. Зұқа батырдың рухы қай-қайсымызды да жебеп жүрсін! деді Австрияның Вена қаласында тұратын бауырымыз Қызырхан Шолпан. Олар мұнда бір әулеттен оншақты адам Зұқа батыр тойын тамашалуға келіпті.
Тұсаукесер рәсімге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Мұхатар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиетші-ғалым Уәлихан Қалижан және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Батыр һәм қажы Зұқаның 150 жылдығына арналған салтанат одан әрі ақындар айтысы мен Алматы облыстық филармониясы әншілерінің өнеріне жалғасты. Ал түс ауа батыр баба рухына құран бағышталып, ас берілді.

Жомарт Молдахметұлы

“Айқын”


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*