Білім / Кітапхана

Поэзияның алтын құндағындағы қос ақын

Сыр елі — поэзияың алтын құнағы. Кеше Қызылорда қаласының студенттер сарайында осы өңірдің жас ақындары, Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университеттің студенттері Мақсат Дауылбай мен Сұлтанбейбарыс Бақытбектің «Жүректің жауһар жырлары» атты жыр кеші болып өтті.
Аталмыш шараға қала қонақтарымен қатар осы өлкенің өлең қыратында ғұмыр кешіп жүрген барлық тұрғындары қатысты.
Рухан Қуат пен шабытқа толы кешті ақын Мақсат Дауылбай өзінің «Мен ұлыңмын, мұң сырын тауға ақтарған» атты патриоттық туындысымен ашты.

Мен ұлыңмын, мұң сырын тауға ақтарған,
Ерлер қанша жат жерде аунап қалған.
Қара жолмен қара жау қаптағанда,
Сара жолмен сарбаздар жауға аттанған.

Жүргізгенде әмірін уақыт өктем,
Дүниеден жез де өткен, жақұт та өткен.
Қара жолмен жетсе егер қара қайғы,
Сара жолмен бақ жеткен, бақыт жеткен.

Ел басына бұлт болып төнген күнде,
Баһадүрлер бұлқынған жөргегінде.
Кешегі батырлардың қасық қаны,
Бүгінгі бейбіт күннің өрнегінде.

Көтерген көк ту қылып қазақ атын,
Қазақ үшін қайғыға қажалатын.
Бес жүз елу жылдықтың басында тұр,
Кесек тұлға Керейдей қазанатым.

Қаһарман ер қашан да баққа қорған,
Алаш үшін, ар үшін атқа қонған.
Жәнібектің қайтпайтын қайсарлығы,
Қилы кезде қамалға қақпа болған.

Ұсақталса үлгерген ұлтын ұстап,
Жау қолында таланған жұртын ұстап.
Хақназардың өр рухы қанға сіңген,
Тамырымды қуалап жүр тыныстап.

Қиын күнде қылыш боп қайралатын,
Көзінен қырық күндік қайғы ағатын.
Қайратты елдің айбаты қашқан кезде,
Абылай хан арыстанға айналатын.

Қасіретім болса да жүре көрген,
Әз Тәукенің өзі емес, жүрегі өлген.
Он қайғыдан қайысып жаншылғанда,
Сүйегіңе сүйеніп түрегелген.

Талай бөрі ұлыған Айға қарап,
Бәрі аттанды келмеске, сайға қарай
Қазанаттар көкжиектен қол бұлғайды,
Қазақ қалды қайтадан қайғы арқалап.

Айналғанда күнім түн, түнім күнге.
Тарихты ашып, тағдырдан түңілгенде
Кене ханға айналғым кеп кетеді,
Хан Кененің жоқтығы білінгенде…

Жыр қанатымен еркін қалықтап, поэзияда өзінің ерекше өрнегін салмаққа ниеттенген жас ақын Сұлтанбейбарыс Бақытбектің де жауһар жырлары көпшіліктің көңілінен шығып, ақын көрерменнің ерекше ықыласына бөленеді. Автордың жыр мерекесінде «Хаос» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.
Жас ақын:
— Бұл менің жарыққа шыққан әзірге екінші жинағым. Бірінші кітабымды мектепте оқып жүрген кезімде шығарғанмын. Ал, бұл жинақта қалыптасқан кезеңімдегі өлеңдерім топтастырылған, — дейді.

Жыр кешінде, сондай ақ, Мақсат Дауылбайдың сөзіне жазылған әсем әндер шырқалып, залды ерекше әуенге бөледі. Кеш соңында Қаламын серік еткен қызылордалық қос ақынға гүл шоқтары сыйланып, көрермен қауым ерекше көңіл күймен тарқасты.
Дастан Қастай


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*