Шежіре

Көгедай

АбақкерейБатыры бар ел жаудан қорықпайды.

Шешені бар ел даудан қорықпайды.

Төресі бар ел ханнан қорықпайды.

                   Жәнібек Бердәулетұлы.

Жоңғармен соғыс аяқталып, қазақтың біріккен қосынының тарап, әр ру өз жүйесін күйттеп кеткен жағдайда, Алтай мен Сауырдың Ресей мен Қытайдың мемлекеттік саясатына тартылуына байланысты бұл өлкеде қоныстану үшін Жәнібек бастаған Абақ Керей қауымы бірқатар түйінді мәселелерді шешуі қажет болды.

Біріншіден, бұрынғыдай бытыраңқы рулардың жай ғана жиынтығы болмай, бір орталыққа топтасқан қауымға айналды. Ол үшін  рулардың саны он екіге жеткізіліп, олар бір атадан тараған қаны бір туысқандар деген қағида насихатталды. Бұрын Найман мен Керей теңдес, бірақ Шыңғысханның қырғынынан азайып, тозып кеткен Меркіт руын қатарына алып, Жастабанмен қоныстас болып келген Сарыбас әулеттерін және Найманнан қосылған Құлтайболатты (Шимойын деп те аталады) жеке рулар ретінде қарастырып, ноқта ағасы Ителі руы деп бекітілді.

Екіншіден, елдің басқару жүйесінің тұрақтылығы, ру аралық қайшылықтарға тосқауыл болу үшін билікті бейтарап тұлға хан тұқымы төреге беруге шешім қабылданды. «Төресіз ел, төбесіз зияр болмайды» деп, Тауасар би бастаған 17 адам Түркістанға Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіздің ордасына оның бір баласын сұрауға аттанады. Әбілпейіздің кіші әйелі қырғыз ханы Орманбеттің қызы Тұмар ханымды үш ұлы Көгедай, Сәмен және Жабағыны 2 құл, 1 күңі, күтуші, қызметкерлері, қожа-моллаларымен 17 үйлі ауыл Абақ Керейге көшін келеді. Келесі 1785 жылы Көкпектіде салтанатты түрде 12 жасар Көгедайды төре сайлайды. 1790 жылы күзде Көгедайды алып керейдің ел басқарған атақты адамдары Бармабай, Шұбаш, Байқан, Жанторы, т.б. бір керуен болып, Қобданы басып, Бежинге барып Қытайдың патшасынан Көгедайға гуң мәртебесін алып 1791 жылы оралды. Көгедай осыдан кейін 39 жылдай негізінен Зайсан өңірінде тұрақтанып, Абақ Керейді басқарып, бұл өлкеде елдің қоныстануында, осы бағытта Қытаймен арадағы қатынастарды реттеуде елеулі рөл атқарды.

Үшіншіден, басқару жүйесінің құқықтық қалыптамалары заңдастырылған қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы Жеті жарғы заңдары мен шариғат қағидаларына негізделген «Абақ Керей ережесі» бекітілді. Бұл ережеде отбасының, үйлену, некеге отырудан бастап, әлеуметтік қарым-қатынастар, қылмысты істерді шешу жолдары түгел қамтылды. Елтірінің дауынан ердің құнына дейін алаштың ойына орнап, қанына сіңген, көкірегіне жазылған ежелгі дәстүрлі дағды, заң жосындары негізінде шешім тауып отырды.

Керейдің негізгі шоғыры Қалба, Қызылсу, Шар төңірегінде ірге теуіп, бас-аяғын жиып, күнделікті тұрмыс қамынан бастап басқарып реттеп, сол заманның талап – үрдістеріне сай тіршіліктерін құрды. Мал басы өсіп, төбесі көрініп тұрған ата-қоныстары Алтай-Сауырды аңсай берді. Жоңғар хандығы тарихи деректер бойынша 1757 жылы жойылды деп есептеледі. Бұған дейін-ақ Түкібай, Бәйімбет батырлар жылқыларын тебіндетіп Сауырға жол салған екен. Олардың ізін ала ол жаққа Жәнтекейдің бірер ауылы қоныстана бастаған көрінеді. Бұл кезде Сауырдың ресми иесі Торғауыт уаңына Меркіттің ел басшыларының бірі Бесік Көкшеұлы сый-сияпат беріп Сауырдан қоныс алады. Іргесі сөгіле бастаған, түтіні сиреп, мал басы жұтаңдаған жоңғарлықтарға бірде сауғалап, қалап, бірде тізе батырып, араласа қоныстанып, Сауырдың Мұзтауына, жазық көл жағасы мен Көксеңгір бойынан Ертіске дейін ентелей ене бастады. Бұндай қалмақпен қонысты болған жұрт Шұбар Керей атанған.

Бұл кезде Жәнібек батыр жұртымен Батыс Қалбадан жылжымай, ел іргесінберік ұстап, сақтап отырды. 1760 жылы Қалбадан Жәнтекей ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көше бастады. Бұлармен қатарБұқарбай бастаған Ителілер, Қожаберген бастаған Шұбарайғырлар жылжи жылжи кішкене тау Маңыраққа жетіп тоқтады.Кейіннен Маңырақ тауы, Үйдене өзені бойын Меркіттер мекен етіп, оған қонысты болып Жастабан руы орналасты. Көпұзамай Кендірлік бойы мен Сартеректе Самырат руы мен Сәмембеттің Түкібай ауылдары, Көктал, Майшілік пен  Қуталда  Ителі руы қоныстанды. Бұл кезде жоңғар хандығы жойылып, бүкіл аймақ Қытайға қарасты жер болып есептелді. Сондықтан Бежинмен арадағы дипломатиялық қатынастарды реттеу, Көгедайды Абақ Керейдің билеушісі реьінде және Ежен патшасының гуң дәрежесіндегі өкілділігін заңдастыру Алтай-Сауыр өлкесіне қайта қоныстануға жол ашты. Бұл әрекеттерге кедергі болатын баспалдақтарды айналып өтіп, Керей жұрты Қытайдың орталық билігімен есептесетіндей тоқтамға қол жеткізді. Бежин жағы да Абақ Керейдің ішкі істеріне араласпай, мемлекет шекарасының амандығы мен батыс іргесінің тыныштығына баса назар аударды.

Тілеуберді Сайдулдин,

Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі,

Зайсан ауданының құрметті азаматы


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*