26 мамыр күні, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана «Көрмелер залында» «Ер Жәнібек» атындағы халықаралық қоғамдық қордың және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен Омарғазы Айтанның «Құстар қайғысы» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. | Материалды көшіріп бассаңыз http://qazaqtimes.com/article/12466 сайтының гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз. Авторлық құқықты сақтаңы
Қазақ әдебиетінің классигі ақын, жазушы, драматург Омарғазы Айтанұлының дүниеге келгеніне 85 жыл толуына орай, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры жанынан «Құстар қайғысы» атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Жинақтың баспадан шығуына «Kelun-Kazpharm» ЖШС да қолдау көрсеткенін айта кетейік. 26 мамыр күні Ұлттық кітапханамен бірлесіп аталған жинақтың тұсаукесері өтіп, ақынның шығармалары оқырмандарымен қауышты. Қазақ поэзиясының асқар биігінің бірі Жәркен Бөдешұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаммедханұлы, «Ер Жәнібек» ХҚҚ-ның президенті Жеңіс Түркия және ақын Мұрат Шаймаран кітаптың тұсауын кесті.
Шарада ақынның көзін көрген замандастары мен ізіне ілескен інілері Омарғазы Айтанның шығармашылығы мен өмірі жайында сырларын жиналған қауымға бөлісті. Жәркен Бөдешұлы, Н.Мұхамметханұлы, Болат Бапай, Алмас Ахметбекұлы, Ермұрат Бапи, Бабақұмар Хинаят, Бақытбек Бәміш және басқа да әдебиет пен ғылымның өкілдері сөз алды. Қазақ поэзиясында ешкімге ұқсамайтын дара жолын салып кеткен ақынның бұралаң тағдыры, кешкен кешулері мен асқан асулары, биік парасаты мен асыл адамгершілігі, шығармашылығындағы бітім болмысы бөлек өрнек айшықтар туралы әңгімелер айтылды.Тұсаукесерге ақынның туыстары және Алматыдағы жыр сүйер қауым қатысты. Шара соңында Айтан әулеті жиналған қауымға дастархан жайып, марқұмның аруағына бағыштап құран оқылдыОмарғазы жырларын оқырманына қауышуына себепші болған “Ер Жәнібек” ХҚҚ-дың президенті Жеңіс Түркияға, ақынның туыстары алғыс білдіріп, иығына шапан жапты.Кітаптың баспадан шығуына еңбегі сіңген ақын Мұрат Шаймаран мен жазушы Қойшыбек Мүбаракқа Айтан атаның әулеті кітаптың сүйіншісін берді. Аталған жиын Омарғазы Айтанұлының өмірден озған күніне тура келді.