Жаңалықтар

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысты

Мемлекет басшысы Астанаға әлемнің 39 елінен келген Дүниежүзілік құрылтайдың барлық қатысушыларына арнап сөз сөйледі.Елбасы алғашқы Құрылтай өткеннен бергі 25 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін және елімізде жүргізілген реформаларды атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, соның ішінде қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшуі, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларға ерекше тоқталды.

Қазақстан Президенті мемлекетіміз бен қоғам тарапынан қандастарымызды қолдаудың маңыздылығын айтып, «Отандастар» қорын құруды тапсырды.

– Қор Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, қандастарымызға қолдау көрсетудің тетіктерін анықтап, тиісті кешенді бағдарлама әзірлеуі қажет, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елшіліктерге Қазақстанға оралушылардың құжаттарын дайындау және оларға кеңес беру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Сонымен қатар, жастарға қолдау көрсету қажет. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есе көбейтуді тапсырамын. Үкімет шетелдегі қандастарымыздың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті іргелес елдерде мемлекеттік телеарналардың көрсетілуі мен мерзімді баспасөздің таралу мәселелерін пысықтау, қандастарымыз арасындағы дарынды және кәсіби мамандарды елге тартып, оларды бейімдеу тетіктерін қарастыру, еліміздің оңтүстігінен солтүстік облыстарына қоныс аудару бағдарламасына қатысқан азаматтарымыздың орналасуына жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту жөнінде тапсырмалар берді.

Елбасы сөзінің соңында Құрылтайға қатысушыларға Астананы аралап көріп, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін тамашалау жөнінде ұсыныс айтты.

Құрылтай соңында Мемлекет басшысы шетелдегі ағайынның Атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақырды.

– Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректеріңіздің төрінде ұстаңыздар. Қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан, – деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

kerey.kz

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*