Түркияның Ақсарай қаласына қарасты Сұлтанханы ауданында қазақ тарихы мен мәдениетін таныстыратын саябақ пен музей құрылысын бастады. Сұлтанханы аудан әкімдігінің сондағы қазақтар үшін арнайы бөлген 3500 шаршыметрлік саябақта бетоннан салынатын киіз үй пішініндегі Қазақ музейінің іргетасы 15 қыркүйек күні қаланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпараттық агенттігі.
«Стамбұлдағы Қазақ білім және зерттеу қоғамының төрағасы Серқан Дініштүрік пен Сұлтанханы аудан әкімінің орынбасарлары Хасан Темел және Фатих Ағыр да қатысқан іргетасын қалау рәсімінен кейін құрылыс машиналары жұмысқа кірісіп кетті», – дейді Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара.
Қазақ білім және зерттеу қоғамының төрағасы, қандасымыз Серқан Дініштүріктің айтуынша, Сұлтанханы аудан әкімі Фахри Солақтың демеуші болуымен Қазақ саябағы мен музейінің құрылысы бір ай ішінде аяқтап Түркия Республикасының 94 жылдығы тойланатын 29 қазан күні тұсаукесері жасалмақ. Қандастарымыз Тарихи Жібек жолы бойындағы Ақсарай қаласындағы Селчұқ мемлекеті кезінде 1229 жылы салынған атақты Сұлтан Хан керуенсарайына 250 метр жақын маңдағы бұл саябаққа шетелдік туристтер көп келеді деп сеніп отыр.
Ғалым Әбдіуақап Қара музейде, әсіресе, Түркия қазақтарының көш тарихы мен мәдениетіне қатысты бұйымдар қойылатынын айтады.
«Осыдан 65 жыл бұрын, атап айтқанда 1952 жылы Пәкістаннан Түркияға қоныс аударған қазақтардан 60 отбасы Ақсарай Сұлтанханына қоныстанған болатын. Күн көрудің қамымен қазақтар кейін Стамбұлға және Францияның астанасы Парижге көшіп кетуге мәжбүр болған. Сұлтанханында 1968 жылы салынған «Түркістандықтар мешітін» 1974 жылы қазақтар жан-жақты жөндеуден өткізді. Ол қазірге дейін мұсылмандарға қызмет көрсетуін жалғастыруда», – дейді тарихшы.
Саябақ пен музейдің бүкіл шығындарын Түркия мен Франциядағы қазақтар көтеруде. 29 қазан күнгі тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы және Қазақстаннан мәдени орындардың өкілдері қатысады деп жоспарлануда.