Белгілі ғалым, қытайтанушы Нәбижан Мұхамедханұлы – Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастарын зерттеуде, қытайтану ғылымын дамытуда зор қызмет атқарып жүрген санаулы ғалымдардың бірі. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазіргі заман қытайтану орталығын» басқаратын ғалым халықаралық саясатқа әркез сергек қарайды.
‒ Нәбижан Мұхамедханұлы, Қытай билігі Орта Азия елдері мен экономикалық әріптестігін күшейте бастады. Cоған орай қоғамда үрейлену, абдырау пайда болды. Қазақстан Қытаймен арадағы қарым-қатынаста өз мүддесін қаншалықты қорғай алады?
– «Қытай қаупі» туралы ой-пікірлерге назар аударып жүрмін. Бұл біздің мемлекетте ғана емес, Қырғызстанда да, Тәжікстанда да, Түркіменстанда да туындай бастаған жағдай. Тіптен, әлеуметтік желілерде қытаймен қарым-қатынастың тиімсіз тұстарын баса айтатын оқымыстылар да бар екен. «Қытай қаупі» деген сөзді Қытаймен бәсекелес мемлекеттер үшін тиімді деп білемін. Мысалы, Қытай теңіз флотының күшеюі Тынық мұхитына қауіп төндіреді дейді. Өйткені қытай бұрын мұндай дәрежеде күшейіп көрмеген. Әрине, қытай өз тарихында Таң империясы, Мин империясы кезінде сан рет әлемдік деңгейге көтерілген еді. Сонан кейін, міне, сандаған бұралаң жолдармен әлемдік деңгейге көтеріліп отыр. Алайда ол қай тұрғыдан қауіпті болуы мүмкін? Қытайдан әскери қауіп жоқ, әскери күшпен ешкімді басып алмайды. Ал дамушы біз сияқты елдерге не керек? Инвестиция, технология керек. Қытайға біздің шикізатымыз қажет. Өзара алмасу болғандықтан, екі тарапқа да тиімді. Бірақ, қытайдың еуропалықтарға ұқсамайтын жері – Орта Азиядағы дамушы елдермен ынтымақтаса отырып, сол елдердің де мүддесін қорғауға мүдделі. Ынтымақтастықты сақтау өзіміздің ішкі дипломатиялық шеберлігімізге байланысты. Іргелес мемлекеттердің қарым-қатынасы тығыз болып келеді. Ал ынтымақтаспай, оқшауланып алып әлемде даму мүмкін емес. Әсіресе, Қазақстан сияқты елге тіптен қиын. Сондықтан бізге көп салалы саясат қажет. Ресеймен экономикалық, әскери, саяси қарым-қатынасты өте тиімді әрі берік ұстап тұрмыз. Қытаймен де ғылыми-техникалық және сауда-саттықта ортақ мүддеміз бар. Жалпы, дамыған елдердің экономикалық тәжірибесі бізге өте керек. Батыс елдері адамзат өркениетінде алдыңғы қатарда келе жатыр. Ең бастысы, әлемнің алып елдері елімізді мойындап, Тәуелсіздігімізге құрмет етуде. Бұл Қазақстанның саясаттағы ұстанымының өте тиімді және табысты болуынан деп білемін. Ал Қытаймен қарым-қатынас Қазақстаның экономикалық жағдайына оң әсерін беретін болса, оны тиімді деп бағалауға болады. Қоғамдағы «Қытай қаупі төніп тұр», «Қытайлар Балқашқа дейінгі жерін қайтарып алмақ» деген алыпқашпа әңгімелердің ешқандай негізі жоқ.
Әрине, кейбір қытайлықтың әсіре ұлтшылдығы бетіне шауып тұр. Іргедегі Ресейде де ондай сыңар езу, жүйесіз сөз айтатындар жетіп артылады. Бірақ біздің елде әрқашанда сақтану саясаты болуы қажет. Біздің ұлттық, мемлекеттік мүддеміз бәрінен жоғары тұруы тиіс. Ешқандай сырт ел сұғына алмайтын, араласа алмайтын, дербес ішкі саясатымызды орнықтыруымыз қажет. Қытайдың табысты сыртықы саясатының бірі «біз әр елдің таңдауына құрмет етеміз» дейді.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Шыңжаңдағы өңірлік ішкі саясаттың өзгеруіне байланысты, біраз пікірлер айтылып жатыр. Қазақ-қытай қарым-қатынастарының көбі қазақтар көп қоныстанған Шыңжаң жері арқылы жүзеге асырылып келеді. Шыңжаң Қытайдың тұтас бір бөлігі. Дегенмен бұл аймақтың әлеуметтік-саяси өзгешеліктері, түрлі қайшылықтары бар. Шыңжаңдағы лаңкестік және экстремистік топтардың арандатуынан сақтануға, қорғануға арналған, күшейтілген ережелерінің ондағы қазақтардың атажұртқа емін-еркін келіп-кетуіне, қарым-қатынасына тиімсіз тұстарының болып жатқаны рас. Бұл жағдайды орталық Бейжіңнің өзі де біліп отыр. Жақында Қорғас бекетінен Қытайға өттім. Баяғыдай апталап, айлап кезек күтіп тұратын жүк керуені, иін тіресе бекеттен өтіп, ары-бері сеңдей соғылысып жүрген адамдар жоқ. Біртүрлі салқындық бар. Қытайдың қиыр шығысындағы үш мемлекеттің аумағын шиырлап ағатын Амур өзеніне бардық. Саяхатшылар ағылып жүр, базары гүлденген, бір түрлі жайлылық сезіледі. Ешқандай да қатаң тексеру, қудалау жоқ. Кемеге мінген едік, Амурды бойлай жүзіп, Ресейдің аумағына дейін барып қайттық. Ресейлік кемелер де Қытай тарабына келіп-кетіп жатыр. Мамыражай тіршілік. Бірақ, Ресей сол аумаққа «шикізатты экспорттауға болмайды» деген заң шығарып қойған. Мәселен, Ресей өзінің шикі мұнайын Амур өзенінің жағасындағы қытайлар салған зауыттарда өңдеп болғасын ғана Қытайға өткізеді екен. Ресейдің есебі түгел. Бұл біздің елімізге де үйренетін тәжірибе.
‒ Қазақстанға 2018 жылдан бастап Қытайдың 51 кәсіпорны көшіріліп әкелінбек. Мұның да қоғамды алаңдатар тұсы көп. Сіздің пікіріңіз қандай?
‒ Біздің мақсат ‒ индустриалды мемлекет құру. Шикізаттан біртіндеп айығу. Сол үшін ірі кәсіпорындар керек. Ал қытай индустриясы әлемнің алдыңғы қатарына шықты. Олар қазақстандық шикізатты елімізде өңдеп, экспорттамақшы. Мысалы, солардың қатарында әйнек өңдейтін кәсіпорын бар екен. Бізде өңделген әйнектің экспортқа шығатын бағасы жоғары, ішкі нарықтағы құны халыққа қолайлы болуы шарт. Екіншіден, қытай кәсіпорындары келуінің саяси-әлеуметтік жағын да қарастыру қажет. Қытайлық индустрияның келуі қытай қаптады деген сөз емес. Келсе, қытайдың технология инженерлері келеді, жұмыс мерзімін аяқтаған соң кетеді. Біз бір елдің үлкен кәсіпорнын ала тұрып оның негізгі күші – инженерлерін келтірмесек, қалай игереміз? Қазақта білікті мамандар да жоқ деуге болмас, бірақ білікті мамандардың жетіспейтіні анық. Сондықтан қытайтанушы ғалым ретінде Қазақстанға көшірілетін қытайдың 51 кәсіпорнынан үрейленудің қажеті жоқ деп санаймын. Керісінше, біз тәжірибе жинақтап, өзімізді бәсекеге қабілеттілікке дайындауымыз керек. Бес миллион халқы бар Израиль мемлекеті соңғы технологияны ендіруден әлемдегі көшбасшы. Қазақтың да қарым-қабілеті, интеллектуалдығы жетеді. Тек қана ғылым мен техниканы игерген қазақ жастарын көптеп дайындауымыз керек. Біздің мамандар тек теориялық тұрғыдан көп оқытылады, ал практиканы сондай ауқымды өндіріс орындарында көру керек. Индустрия – адамның көзқарасын, болмысын өзгертетін құбылыс. Жалпы, адамның өзі даму процесі де болады. Мәселе соны қалай ашуда, игеруде болып отыр. Қытай индустриясының келуінің Қазақстан үшін тиімді тұстары көп. Әлбетте, Қытай мигранттарының көбейіп кету қаупін жоққа шығармаймын. Мұны еліміздің ішкі саясаты арқылы реттеуге болады.
‒ Қытайдағы қазақтардың білім алуы, саяси және әлеуметтік өсу деңгейі туралы айта аласыз ба?
‒ Қытайдағы қазақтар деп тарихи атақонысында отырған Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтарындағы қазақтарды айтамыз. Шыңжаңдағы қазақтар саны жағынан да, әлеуметтік, саяси ықпалы жағынан да үшінші орында. Қытай, ұйғыр, онан кейін қазақтар. Жергілікті басқару дағдысы бойынша үштің бірі қазақ болуы шарт. Бұл бұрыннан қалыптасқан жағдай. Ондағы қазақтың білім беру жүйесі, ғылыми, рухани ортасы қалыптасқан. Жасыратыны жоқ, бұрындары ұйғыр мектебі, қазақ мектебі бөлек-бөлек болатын. Қазір бәрі біріктіріліп, қытай тілді мектепке айналды. Қазақ балаларына ана тілі ғана қазақша оқытылады да, қалған пәндердің барлығы қытайдың мемлекеттік тілінде оқытылады. Оны заңдық тұрғыдан терістей алмайсың. Ұзын арқан, кең тұсау – Қазақстанда ғана бар. Басқа пәннің бәрін қытайша оқып, аптасына бір рет оқытылатын қазақ тілі пәнімен ұлтты сақтап қалу мүмкін бе? Яғни, қазақтардың қытаймен ассимиляцияға ұшырау процесі қарқынды жүріп жатыр. Тілдің өзгеруі, қоғамдық ортаның өзгеруі адамның ұғымының өзгеруіне әкеліп соғады. Шіркін, Қазақстан неге Қытайдың осы саясатын қолданбайды деп ойлаймын. Біз саны аз ұлттарға да мектеп ашып береміз. Тіпті, ұлт атауымен аудан құрамыз. Бірақ, қазақ билігі осындай жағдай жасағанымен, кейбіреулерінің мемлекеттік санадан гөрі, ұлттық оқшаулануы алаңдатады. Біз қытайдың ұлттық саясатынан үлгі алуға тиіспіз. Мемлекеттік тілде Қазақстанда тұратын барлық этникалық ұлт өкілдері сөйлемесе, біз онда қайтып біртұтас және мәңгілік мемлекет құрамыз?! Әрине, өз ана тілдерінде сөйлеуіне шектеу қою, адамдық тұрғыдан да, заңдық жағынан да ыңғайсыз. Бірақ, құндылығымыз, көқарасымыз біртұтас болмаса, мемлекеттік санамыз біртұтас болмаса, ел ішіндегі тұтастық қайдан келмек?!. Сондықтан диаспоралардың өкілдері ойлануы қажет. Қазақстан азаматы болсаңыз, болашағыңызды қазақ халқымен байланыстырсаңыз, мемлекеттік тіл – қазақ тілін игеруіңіз керек. Америкалықтар да қырық темірдің қылауынан құралған, бірақ америкалық сана күшті. Ол – ағылшын тілі арқылы жүргізілген ұлттық идеология мен біртұтас тәрбиеден туындаған. Мысалға, жақында еліміздегі дұңғандар Қазақстанға келгендігінің 140 жылдығын атап өтті. Байқасаңыз, қазақстандық дұңғандардың экономикалық жағдайлары жақсарған, әлеуеті көтерілген, әулеттері өскен. Олар енді өздерінің ғұрыптарын, мәдениеттерін іздеп, ұрпақ тәрбиесіне назар аудара бастаған. Ал, біз 70 жыл отарландық дейміз де, қазақ болудан безіп кеткенбіз. Салыстырып көрсеңіз, ұялатын тұстарымыз көп. Біз қазақтықтан қашқанда басқа біреу қабылдап ала ма? Әрбір азаматта ұлттық намыс, мемлекеттік намыс болуы керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында біртұтас ұлт болудың негізігі тетіктерінің бірі мемлекеттік тілді игеру екендігін атап өткен.
‒ Көші-қон мәселесі қазіргі таңда жүйелі түрде жолға қойылып жатыр ғой…
‒ Көші-қон саясатын қолдаймын. Біз бұл бастамаға мемлекеттік тұрғыдан қарауымыз керек. Қазақстан өзінің аумағын, тұтастығын біртұтас қазақ халқының күшімен ғана қорғай алады. Бұл тарихи шындық. Ішкі және сыртқы көші-қон саясаты негізінде Солтүстік облыстарға қазақтарды көптеп қоныстандыруды қолға алып жатыр. Тамаша, бастама! Ол өңірлер біздің байырғы және мәңгілік қазақтың мекені, елдің солтүстік аймағы маңызды болғандықтан шетелдегі қазақ та, оңтүстіктегі қазақтар да көшіп баруға тиісті. Білім саласындағы шетелдегі қазақтарға арналған квоталарды да солтүстік облыстарға бағыттау қажет деп білемін. Кемі 20 жылда, біздің ұлттық құрылымымыздың да сипаты өзгеріп, ұлттық қауіпсіздігіміз арта түседі. Қазақтың дипломатиясы бүгін үшін емес, болашақ үшін де қызмет істеуі қажет.
Әрине, шетелде де қазақ болып, еңбек күші ретінде өмір сүре бересің. Мемлекеттің иесі, тәуелсіз ұлт болып өсудің жалғыз жолы – Қазақстанда өмір сүру.
‒ Бүгінде он мыңнан астам қазақстандық Қытайда білім алып жүр екен. Бұның ел болашағына пайдасы бар ма?
‒ Біздің есебімізше 13 мыңнан астам қазақстандық оқиды. Жоғары оқу орындарынан бөлек, бастауыш мектептерге де барып білім алып жатқандары бар. Дипломатияда «жұмсақ күш» деген ұғым бар. Қытай дүниежүзіне өз саясатын осы тәсілмен жүргізуді көздейді. Ол дегеніңіз, мәдениет, тіл арқылы Қытайды дәріптеу, қытай мәдениетін қабылдату, менталитетін сіңіру. Қытайдың әлемдегі Конфуций институттары осындай мәдени-рухани қызмет арқылы «ұлы қытай арманын» жүзеге асыруда. Қытай төрағасы қайбір жылы Қазақстанға келгенде: «Жібек жолындағы елдердің жастарын Қытайда оқытуға 30 мың грант беріледі», – деп айтқан еді. Бұл оқудың екі жағы бар. Бірінші, осы мүмкіндікті пайдаланып, қытай тілін үйреніп, қытайды тануына және саясатын түсінуіне жол ашылады. Екіншіден, қытайлықтар кез келген білім алушыға өз көзқарастарын, құндылықтарын, өлшемдерін қабылдатып жіберді. Екіншісінен сақтану қажет. Жапонияның бір жазылмаған заңы бар. Шетелден жоғары оқу орындарын оқып келгендерді саяси қызметтерге тағайындамайды. Олар өндірісте, ғылымда, білім беру салаларында қызмет атқарады. Қытайда да аздап көріністері бар. Бір байқағаным, қазіргі қытай билігіндегі жас саяси буын батыс тілдерін өте жетік меңгеріп алыпты. Бірақ олар қытайлық құндылықтарды бірінші орынға қояды. Қытай тілін білген адам олардың мәдениетінің қуаты да, сауаты да күшті екенін бірден аңғарады. Қытайға тиген қыз да, оған үйленген жігіт те – қытайланады. Әлемде басқа ұлтқа өзгеріп кеткісі келіп тұратын бірден бір ұлт – қазақ екені шындық. Таңғаламын!
– Біздің елімізде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жігіттерді саяси билікке тағайындау үрдісі қалыптасып келеді. Бұны дұрыс деуге де, бұрыс деуге де болады…
– Біздің зерттеу институттарымызға шетелден оқып келген жастардың келгісі келмейді. Біріншіден, батыста оқыған жастардың көбі қалталы азаматтардың балалары, билікке немесе табысы жоғары орындарда жұмыс істегісі келеді. «Болашақпен» оқып келіп, қазақ ғылымын көтеріп жатқандар бар шығар. Бірақ, ондай азаматтарды өз басым әзірге кезіктіре алғам жоқ. Қытайда магистратура оқып келген жігіттерді орталығымызға шақырдым. Олар біз ұсынған сексен мың теңге айлығымызға келмейді. Бәріміз көріп отырмыз, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастарды үкімет билікке тартты. Олар бірден тәжірибесіз екенін аңғартып, қателіктер жасай бастады. Сондықтан билікке бару үшін оның ең төменгі сатыларынан өту қажет. Қытайдың кадрлық саясатынан үйренетін жеріміз – Қытайда кез келген адам министрлікке, басқа да саяси қызметке бірден келе алмайды. Тек ең төменгі сатыдан бастап үздіксіз қызмет атқарған, тәжірибелі мамандар ғана тағайындалады. Қоғамды басқару, адамды басқару – өте қиын. Оған талантты математик, химик болудың қажеті жоқ.
Қытайда Ресейді және Орталық Азияны зерттеп жатқан жиырмадан аса орталықтары бар. Қазіргі Қытай бізді өзімізден де жақсы біледі. Біздің елде мемлекеттік деңгейде қытайды зерттейтін орталықтар жоқ. Өткен жылы Қазақстандағы қытайтанушылар бірлестігін құрғанбыз. Қытай тілін оқытатын оқытушылар, зерттеушілердің басын қосып, ортақ мәселелерімізді шешейік, тәжірибе алмасайық деген ниет болды. Бір байқағанымыз, Қазақстанда да қытайтану ғылымы қалыптасып келе жатыр. Бірақ, бұған мемлекеттік деңгейде қамқорлық, қолдау, нақтылы саясат болуы қажет. Қытайдағы институттар мемлекеттік бюджеттен және арнайы гранттармен қаржыландырылады. Ал бізде тек гранттық жүйе. Ұтып алған қаржымыз өте мардымсыз. Магистранттарға 10-15 мың, қызметкерлерге 40-50 мың теңгеден ғана төленеді. Бұндай қаржымен нені зерттей аласың? Ал оның есебін өткізу тіптен қиын.
Дегенмен қаржылық қиындықтарға қарамастан Қытайды зерттеу біртіндеп жылжып келеді. Қазірге дейін орталықтан 7-8 кітап шығардық. Олардың басым көбі қазіргі заманғы қытайдың мәдениеті, экономикасы, тілі сынды тақырыптарға арналған кешенді зерттеулер. Бірақ барлық еңбекті жекелей демеушілер табу арқылы шығарып отырмыз.
– Өзіңіз басқаратын «Қазіргі заманғы қытайтану институтының» жұмысы қалай жүріп жатыр? Қандай қызметтер атқарылуда?
‒ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану мамандығы тұңғыш рет 1989 жылы ашылған. Алғашында қытай тілі әдебиеті және қытай тарихы бойынша білім берілген. Қазіргі кезеңде бүкіл республика бойынша қытайтану мамандығын дайындайтын бірден-бір жоғарғы оқу орны осы университет. Біздің кафедрамыз қазір бакалавриат, магистрант, докторанттарды оқытып, ғылыми атақ бере алады. Соңғы кезде біздің университетіміздің бағыты зерттеу университетіне қарай ауысты. Сондықтан қытайтану кафедрасының бағыты да тек қана бұрынғы синология ұғымындағы қытайтану әдебиетін емес, қытай тілі әдебиетін меңгерген, қытайдың тарихи мәдениеті, сыртқы саясаты, әлеуметтік-экономикалық бағыты негізінде толыққанды қытайтануды зерттеуде. Осы бағытта республика бойынша 130-ға жуық білімгерлер білім алуда. Бізден бітірген мамандар елімізде мемлекеттік қызметтерді атқарып жүр. Қытайдағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі де біздің түлек. Бұл бір үлкен бұрылыс. Сонымен қатар, оқу ордамыз дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы 800 университеттің ішінде 236 орынға көтерілді. Демек, ҚазҰУ-дың дамуына байланысты қытайтану кафедрасының институты да алға ілгерілеп келеді. Бұрындары оқытушылар құрамы жетіспейтін, ал қазір оқытушы құрамы толық, 20-дан аса оқытушы профессорлар бар. Қазіргі таңда Қытайдың 20-дан аса университетімен келісімшарттарымыз бар. Әр жыл сайын Бейжің университетінің профессорларын шақырып, біліктілігімізді арттырып, өзара тәжірибе алмасып отырамыз. «Жібек жолын жаңғырту немесе Бір белдеу – бір жол» стратегиялық саясаты бойынша біз Қытайдағы жоғарғы оқу орындарымен бірлесіп конференциялар өткіздік. Мысалы, 2016 жылы осында қытайдың 5 университетін Макао, Гонконг және АҚШ пен Ресейден келген мамандар «Бір белдеу – бір жол» саясаты негізінде ғылыми конференция өткіздік. Биыл Нянкинь педагогикалық университетімен бірлесіп «Жібек жолындағы мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастығы және болашағы» атты конференция өткіздік. Оған 5 мемлекеттен ғалымдар қатысты. Қытайдан бөлек, әлемде 10 мыңнан аса қытайтанушы ғалымдар бар. Оның 5 мыңдайы АҚШ-та, 1 мыңнан астамы Ресейде. Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықаралық саяси ықпалына байланысты қытайды зерттеуге деген қызығушылық дүниежүзінде артып отыр. Әсіресе, ол елге бәсекелес мемлекеттер терең зерттеуде. Өткенде «Қытайтану және қазіргі заманғы қытай» тақырыбына арналған дүниежүзіндегі ең білікті қытайтанушы эксперттер қатысқан конференцияға қатысып қайттым. Онда қытайдың «ынтымақтасып, ортақ жеңіске жетейік» деген концепциясы негізінде «Қазақстан-қытай қатынастарының жаңа кезеңі» деген баяндама жасадым. Қытайлар жақсы бағасын берді. Конференцияға Еуропадан келген қытайтанушы мамандар біздің баяндамамызды тыңдап, ортақ ойларының бар екендігін айтып, алдағы конференцияларына шақыратындықтарын айтты. Жалпы, бір мемлекетті зерттеу деңгейі мемлекеттік емес, жеке тұлғалардың зерттеулері негізінде өлшенеді. Біздің қазіргі Қытайды зерттеуіміз әлемдік деңгейден төмен емес. Әрине, қытайтану ғылымымыз жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл 2015 жылы 31 тамыз күні Елбасының Қытайға жасалған іс-сапарында Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен бірлесе қабылдаған декларацияда «Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жаңа кезеңі» деп көрсетілген еді. 2013 жылы Си Цзиньпинның Назарбаев университетінде жасаған баяндамасында «Жібек жолы экономикалық белдеуін ортақ құрайық» дегенді ұсыныс болатын. Сол жылы қазан айында Индонезияға барғанда «Теңіз Жібек жолы ортақ құрылысы» концепциясын жасады. «Бір белдеу – бір жол» – Қытайдың сыртқы саясаттағы жаңа концепциясы, басты ұстанымы. Қазір әлемде ғаламдану жүріп жатыр. Алайда әлемдік ортақ тәртіп бар. Әлемдік ортақ тәртіп дамыған мемлекеттердің қалыптастырған тәртібі. Дамушы елдер дамыған елдің тәртібіне үйлесуі керек. Үйлеспесеңіз орын жоқ. Тек қана соған сәйкестік тұрғысынан, мемлекеттік және ұлттық мүддеңізді сақтай отырып үйлесесіз. Қытай да әлемге жетекшілік еткісі келеді. Сондықтан ол әлемге жаңа бір концепция ұсынуы керек. Қытай айтады: «Біз қалыптасқан әлемдік тәртіпті өзгертуші емеспіз, керісінше толықтырушымыз» дейді. Қытай концепциясы дипломатиялық, экономикалық және саяси үдерістерді негіз етеді. Демек, қазіргі ғаламдануда қандай концепция жеңеді деген мәселе алып державалардың арасында бейбіт түрде жүріп жатқан бәсеке.
Қытайдың қазіргі ұстанымы әлемдік сәйкестікке ықпал ете ме? Бұған батыс қалай қарайды? Батыс Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуын мойындайды. Көптеген классикалық теория қытай ұғымына сай келмейді. Сондықтан жаңа бір теория керек болды. Батыстың классикалық теорияларында, тоталитарлық мемлекетте экономиканың еркін дамуы мүмкін емес деп есептейді. Бірақ, іс жүзінде Қытай экономикасы, үздіксіз дамып жатыр. Бізді бір сапарда қытайлар Синхай провинциясындағы ауылдарға дейін апарды. Қытай ауылының әлеуметтік-экономикасы дамып кеткен. Халықтың тұрмысы көтеріліп, инфра құрылымдары жетілгенін байқадым. Демек, дәл осы тұстағы «Бір белдеу – бір жол» әлемдік, яғни батыстық тәртіпке сай келеді. Бұл АҚШ тұрғысынан алғанда әрі сақтануға тұратын, әрі нағыз бәсеке екені анық. Бірақ, Қытайдың дамуы әлемдік экономикаға, әлемдік дағдарыстан шығуға, жаңа бір дамуға тиімді екенін мойындатты. Бұған әлем мүдделі. Шындығында, Қытайсыз әлем болмайды. 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл қытайдың инициативасымен сәйкес келеді. Біздің қазіргі халықаралық жағдайымыз қалай? Ең жақын әріптесіміз Ресей санкцияға ұшырап үлгерді. Оның ұшқыны бізге де тиіп жатыр. Қытай бағытында жұмыс жасау бізге өте тиімді. Екіншіден, қазақ-қытай экономикалық қарым-қатынасында өзара толықтыру факторлары бар. Қытайдың валюта қоры да, техникалық потенциалы да, өндірістік өнімдері де сұранысқа ие. Біздің табыс көзіміз – шикізат. Онда да энергетикалық шикізат болғандықтан, біз оны экспорттауға мүдделіміз. Қытай керісінше энергетикаға мұқтаж. Міне, осы тұста Елбасының саясатының тиімді тұстары өте көп. Менің баяндамамның тұжырымы: Елбасының «Нұрлы жолы» арқылы «Бір белдеу – бір жол» саясатындағы саяси ұстанымдары өзара сәйкестігі – Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын жаңа кезеңге көтерді. Оның нақтылы санды көрсеткіштері де бар. Қытай үшін Қазақстан Орталық Азияда өте маңызды рөл ойнайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Жәнібек Ғалым