Шежіре

Мұсылманшылықтың мойымас жаршысы

Халқымыздың тарихында қилы-қилы замандар өтті. Соның бірі ХХ ғасырдың 40-жылдары Қытайдағы қазақтардың жер-суын тастап, белгісіз бағытқа үдере көшуі болды. Сол дүрбелең Халифа Алтайдың өміріне де тікелей байланысты. Сауатын алғашында әкесі Ғақып Қаракеленұлынан, кейін ауыл молдасынан ашқан оның өмірінің бастапқы кезеңі қуғын-сүргін, көші-қон азаптарымен өтсе, кейінгі ғұмырында діни ағартушылық, имандылық бағытында өнімді еңбек еткен. Сол арқылы Халифа Алтай мұсылман әлемінде ерекше орны бар тұлғаға айналды. Құран Кәрімді қазақшаға аударған қари да – Халифа Алтай. Биыл дін табиғатын терең білетін ғалым ғана емес, мұсылманшылықтың мойымас жаршысы атанған Халифа Алтайдың туғанына – 100 жыл.   

Дін қайраткері, жазушы Халифа Алтайды білмейтін қазақ кемде-кем. Адам баласын жатсынбайтын парасатты тұлғаның шарапатын көргендер көп. Оның арасында ғалым да, жазушы да, мұғалім де, дәрігер де бар. Тіпті, газетіміздің тұрақты оқырманы, қазақ тілі мен әдебиеті маманы Раиса Үмбетбаева да Халифа Алтай шаңырағынан дәм татып, батасын алған екен.

– Раиса апай, Халифа Алтайдың отбасымен қалай араластыңыз? Қандай да бір жақындығыңыз бар ма?  

– Ешқандай да жақындығым жоқ. Бірақ «Халифа Алтай Құран Кәрімді қазақшаға аударды» дегенді естігеннен кейін, «ол кім екен?» деген ой әр қазақтың ойында болды. Дәл сондай ой менде де болды. Көргім келетін. Содан  1993 жылдары ғой деймін, жерлес інілеріммен бірге Халифа Алтайдың кенже ұлы Аднан біздің үйге қонаққа келді. Бауырым: «Бұл жігіт Құран Кәрімді қазақшаға аударған Халифа Алтайдың кенже ұлы» деп таныстырып жатыр. Іштей қуанып кетіп, Аднанға: «Халифа Алтай атаны ел біледі, жұрт таниды. Мен де танысып, жақын араласқым келеді» деп ем, «Әрине, о не дегеніңіз!» деп келісе кетті. Сөйтіп, атаның отбасымен танысып, Бибәтіш апаның сіңлісіндей боп кеттім. 1994 жылдан бері араластығым үзілген жоқ. «Сіздер елге енді келіп жатырсыздар, менен не көмек болады?» деп қолұшын бергім келетінін айттым. «Біздерге ем-дом алу үшін емханаға көрінуге апарсаң жақсы болар еді. Оның үстіне орысшамыз да жоқ» дейтін. Содан ата мен апаны қазіргі Президент ісі басқармасы емханасына тіркеуге тұруға әкелдік. Оған бірден-бір ықпал етіп жүрген онколог-ғалым, профеcсор Сайын Балмұханов еді. Емханаға тіркетіп, керекті ем-дом алатын дәрігерлерге қаратты. Ауруханаға жатқызып, емдетті де. Барып тұрдым. Халифа Алтай ата «Самалдағы» екі бөлмелі үйді сол кездегі Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділовтің бергенін, Олег Рубин – кейіннен ислам дінін қабылдап, Әли қажы атанып кеткен азаматтың, қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші Мардан Байділдаевтың үйге қажетті тұрмыстық заттар мен жиһаздар алуға көмектескенін үнемі ризашылықпен айтып отыратын. Бір әңгімесінде «Сыр елін жақсы көремін. 1992 жылы 12 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының әкімі Жолдасбек Ердешбаев «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, құрмет көрсетті. Аягөз қаласы әкімдігі де қалыс қалмады» дегенін де талай естідім. 1992 жылы желтоқсанда жазушы, сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастаған азаматтар «Алаш» сыйлығының иегері болуына атсалысқан. Халифа Алтай атаның бір ерекшелігі, адамның жақсылығын ұмытпайды.

– Демек, ата мен апаның батасын алған жандардың бірі екенсіз ғой… 

– 1994 жылы Бибәтіш Шығысқажықызы апамның көзін көрсету үшін Көз интитутына апардым. Көз дәрігері, профессор Жанар Ғабиденқызы Мұстафинаға кірдік. Кабинетіне кіргеннен құшақ жая қарсы алды. «Апа, сіздің көзіңізді емдеуге бар күшімді саламын. Егер жатып емделем десеңіз, бізде намазхана бөлмесі бар» деп құрақ ұшты. Шынында да, сол кезде мемлекеттік мекемелерде намазхана бөлмесі болмақ түгілі, дін туралы ашық айта алмай, сыбырлап жүретін едік. Жазушы Ғабиден Мұстафин қызының нағыз ұлтжанды, текті екеніне көзім жеткендей болды. Сосын ол Бибәтіш апаға қарата «Халал тамақ жасап беруді бақылауға аламын. Сіз уайымдамай жатып, ем алыңыз» деді жылышырай танытып. Кейін Жанар Ғабиденқызын Мұстафа Өзтүрік қайтыс болғанда көрдім. Қазір 81 жаста  болса да, әлі күнге медициналық оқу орны ғылыми жұмыстарының кеңесшісі болып жұмыс істеп жүр.

– Халифа Алтайдың қандай қасиетін жоғары бағаладыңыз?

– Атаның еңбекқорлығына тәнті болдым. Қартайған шағында да, жатпай-тұрмай аудармамен айналысты. Аз сөйлейтін. Жазуын бітірмегенше орнынан тұрмайды екен. Ал Бибәтіш апамның қолы ашық. Үйге кім келсе де, атың кім деп сұрамайды. Дастарқаны үнемі жайылып тұрады. Сонда кімдер келеді дейсіз ғой?! Біреулер тура өзім сияқты «Құран Кәрімді аударған кісіні көрейік» деп келеді, енді бірі «намаз үйренейік» деп келеді. Былай қарасаңыз, намазды кітап арқылы да үйренуге болады ғой. Бәлкім, атаның өзінен үйренейік деген ниеті бар шығар. Әйтеуір қашан көрсем де, бейтаныс адамдар қона жатып жүретін. «Апа, осы сіздер шаршамайсыздар ма?» десем, «Жоқ, бізді сыйлап келгеннен кейін, білгенімізді аямаймыз, білгісі кеп талпынып тұрғанды қалай кеудесінен итереміз?!» дейтін елпілдеп. Осының бәрі тәрбиенің бастауы болды. Халифа Алтай атадан еңбектенуді үйренсем, Бибәтіш ападан адам баласын сыйлауды, құрметтеуді сіңірдім.

1995-97 жылдары Халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Сейітсұлтан Әйімбетовке кіріп, «Халифа Алтай атамыз елге келіп жатыр, осындай еңбектері бар, зейнетақы тағайындау жолы қалай болады, соған ақылдасуға келіп едім» деп едім: «Ол кісінің біздің елден алған атақ-даңқы жоқ, еңбек өтілі жоқ. Зейнетақы тағайындасақ та, мардымсыз ғана болады» деп жауап берді. Сонда Халифа Алтай атам: «Ойбу, шырағым-ай, сол зейнетақыны қоя салшы, керек емес» деп бас тартқаны есімде қалыпты.

– Бір әңгімеңізде 1997 жылы өткен Халифа Алтайдың 80 жылдық мерейтойы туралы айтып едіңіз. Атаға сый-құрмет өз деңгейінде көрсетілді ме?

– Иә, сол кезден бері бір дүние ойымнан шықпайды. Бәлкім, соның шет-жағасын айтқан шығармын. Халифа Алтайдың 80 жылдық мерейтойы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында  аталып өтті. Жан-жақтан құттықтаулар оқылып жатты. Кім екені есімде жоқ, бір ақбоз атты шығарып, «мынау сізге берген тұлпарымыз» деп Халифа атаны атқа мінгізіп, бір айналдырып шықты. Іс-шараның жалғасы мерекелік дастарқанмен аяқталды. Әлі есімде, «Қазжол» мейрамханасындағы мерекелік шараға «ҚазМұнайГаз» компаниясында басшылық қызмет атқарған Балтабек Қуандықұлы, Бақтықожа Ізмұхамбетов қаржылай көмек берді. Халифа Алтай ата үнемі жақcылық жасаған адамдарды ұмытпайтын. Өмірден өткенше сол азаматтарға алғысын айтып кетті…

Той тарқады. Ертесіне үйге келгеннен кейін: «Бибәтіш апа, кешегі атты кім берді?» деп едім, апам мырс етіп күліп жіберді. «Сол сұрақ бізге де жұмбақ болды. Ол цирктің жалға алған аты екен. Жұрттың көзіне көрсету үшін жүргізіпті ғой» деді. Шынымен де, сол жағы ұяттау болды. Ал сол ақбоз атты кім атады, бұл да жауапсыз қалды.

– Қазір Халифа Алтайдың есімі мектеп, көшелерге беріліп жатыр. Сіздіңше, қазақ елінде үлкен беделге ие болған тұлғаның еңбектері қаншалықты насихатталуда? 

– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Халифа Алтай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен атажұртқа қоныс аударды. Дін қайраткері ретінде оның 1991 жылы аударған «Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі» Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды. Бүгінде бұл кітап әр үйдің төрінде тұр. Халифа Алтай өмірінің соңғы кезеңінде біржола шығармашылық жұмыстармен айналысты. Айталық, «Бір жылдың 48 жұмасы мен екі мейрам құтпасы», «Қысқаша ислам тарихы» атты кітапты қазақшаға аударып шықты. «Ғибадатул ислам», «Құран әліппесі және имамның шарттары», «Иманшарт», «Ғылымхал» (Діни қағидалар), «Таңдаулы хадистер» секілді зәру тақырыптарда 11 діни кітап жазып, елінің рухани-діни кеңістігіндегі білімін толықтыруға ерік-жігерін сарқа жұмсады.

Ақыл-парасатымен жұртқа жаққан, халқына қадірлі, еліне шапағатшыл болған қария 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өтті. Қазақстандағы Ислам дінінің таралуына баға жетпес еңбек сіңірген Халифа Алтай есімі республика бойынша сыйымдылығы жағынан үшінші орын алатын Өскемен қаласындағы үлкен мешіт пен Алматы облысының Қырғауылды ауылындағы жаңа мешітке берілді.

Ал 2010 жылы 4 маусымда Алматы қаласы, «Дарқан» ықшам ауданындағы көшеге Халифа Алтайдың есімі берілді. Бірақ тақтайшаға Х.Алтай көшесі деп жазыпты. Соны қазақ тілі маманы ретінде «Х.Алтай көшесі» демей, «Халифа Алтай атындағы көше немесе дінтанушы Халифа Алтай атынадғы көше» деп дәлірек жазса да, сиятын еді. Аздап болса да мәлімет жазылса, жұрт ол кісінің кім екенін білетін еді деген ой келді. Осыны жергілікті әкімдік ескерсе екен.

– Халифа Алтайдың отбасымен қазір де араласып тұрасыз ба?

– Әрине. Апамның көзі тірі. Қазір 87-де. Алматыдағы «Самал» ықшам ауданындағы қара шаңырақта отыр. Жиі ауырады. Кәрілік те бар. Дәрігерді үйіне апарып, қаратамын. Ара-тұра дәрі-дәрмегін апарып тұрам. Батасын беріп жатады. Бұрын орысша түсінбегендіктен коммуналдық қызмет ақысын төлеуді маған тапсырып, «Мынау сенің арбапұлың» деп ақшасын беретін. «Алмаймын» десең де, тықпалайтын кеп. Кім қызмет көрсетсе де, ешкімнің қолын құр қайтармайды. «Уақытыңды бөліп, менің тірлігімді бітіріп жатқаның үшін неге ескерусіз қалдырамын» дейді.

Халифа Алтайдың 8 баласы бар. Түркиядағы бір ұлы қайтыс болды. Қалғаны өсіп, өніп жатыр. Бибәтіш апаның қолында ұлы Әбдірахим мен келіні Дариға бар. Халифа Алтай Құран Кәрімді Әбдірахим екеуі бірге аударды. Оның Құт деген баласы да отбасылы. Халифа Алтайдың Түркияда, Парижде тұратын ұл-қыздары, Норвегиядан немерелері 29 маусымда Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өтетін Алашорда мен Халифа Алтайдың 100 жылдығына арналған «Ұлттық сана және рухани жаңғырудың тектілік феномені» атты ғылыми конференцияға ат терлетіп келе жатыр.

turkystan.kz

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*