Жаңалықтар

Қызылжар – 3. Жолай сұлу Көкшені көрдік…

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Путинді бір көрсем арманым жоқ

Осымен Қызылжардағы әлем қазақ жастарының футболы туралы әңгіме тәмам. Енді мүлдем, басқа кеп, мүлдем басқа әңгіме айтуға тура келіп отыр.

Қызылжардан таң ата таксиге мініп, Көкшетау қаласына бет алдым. Көкшетау – георафиялық тұрғыда солтүстікте орналасқанымен, Ақмола облысына қарасты қала. Мидай жазық даланың қақ ортасында Құдай-Тағала аспаннан тастай салғандай әйгілі Көкшесі тұр, тұмсығын көкке шүйіріп. Төсіне көздің тамшысындай сексен көлді сыйдырған сол сұлу өлкенің маңында (шамамен екі жүз шақырым қашықтықта) қазақ аса бір маңыз беріп, назар аудара қоймайтын томаға-тұйық Атбасар деген қала бар. Сол қалаға барып, бір күдікті жайды анықтап қайту керек болды.

Біз Қызылжардағы жергілікті халықпен сөйлесіп, ел мен жер туралы әңгіме сұрастыра бастағанда талай қызықты жайттарға тап болдық. Оның бәрін айтып, уақыт алудың қажеті жоқ шығар. Сонда да бірін тілге тиек ете кетейін.

Бізге гид болған қыздың арманы – өмірде Путинді тірідей көру екен. Неге десек, “Ерікті болып жүріп, Назарбаевты дәл қасынан көрдім, енді Путиннің Петропавлға келуін күтіп жүрмін” дейді.

Өзге елдің президентіне деген ессіз ынтықтық ненің белгісі? Әрине, идеологияда ақау бар деген сөз.

Бір олқылықты айтқан соң, жақсылықты да ұмытпаған жөн. Қызылжардағы әр дүкенде алған затыңа сол мезетте чек ұрылып жатады екен. Алматының өзінде дәл мұндай заңдылықты, жауапкершілікті көре бермейміз.

Тізгін тарту

Қош! Тізгінді бос қоя берсек, Қызылжардағы Абылайдың резиденциясы, өлкетану мұражайы, кітапхана мен мектептер туралы ұзақ толғауға тура келеді. Абылайдың ағаш үйінің тарихы, Бұқар жыраудың қолжазбасы, Мағжанның жайнамазы туралы жеке-жеке мақала жазуға болар еді. Бізден кейін де Қызылжарға баратындарға бірдеме қалсын деп, о тақырыптарды қаузамай-ақ қоюды дұрыс көріп отырмыз.

Жолай Қызылжардан қайтқан қазақ жастарының ән шығарғаны туралы хабар жетті.

Тыңдап отырып, жан-дүнием бордай езіліп сала берді.

“Қимай барамын,

Мидай даланың

Төсіне әттең,

Сыймай барамын!”…

Жігіттер Қызылжарды ғана қимай бара жатқан шығар! Мен мына ақпараттан кейін өз кеудеме өзім сыймай бара жаттым.

(Материал автордың өтінішімен ықшамдалды)

Қанат Бірлікұлы

Алматы – Астана – Қызылжар – Астана – Алматы

Abai.kz


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*