Қазақстан мен Жапонияның арасы жер мен көктей. «Күншығыс елінің» мəдениетінде дəстүрлі жəне инновациялық аспект басым. Әлем бойынша жапон тілін жүз қырық миллионнан астам адам еркін меңгерген. Ал біздің елімізде 18 миллион тұрғынның қаншасы ана тілінде жетік сөйлейді ? – бұл жағы беймәлім.
Орта ғасырда жапондар өз мəдениетін Қытайға қарап қалыптастырды. Ал бертін келе, жеке мемлекет ретінде негізі қаланып, дербестігін ұтымды пайдаланды. Ежелде жапон лингвистикасы қытай, еуропа және үнді тіл білімдерінің құрсауында болғанмен, ұлттық болмысынан ажыраған жоқ. Яғни жапон тілі мемлекеттік қана емес, ұлттық дәрежеге ие. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, жапон билігі батыс мəдениетіне сүйенбей, ұлттық мəдениетін əлемге белсенді түрде таратуға көшті. Жауапты шешім және сындарлы саясаттың арқасында олар халықаралық аренаға көтерілді. Қазіргі таңда әлемдік үрдіске ие «глобализация» термині жапондар үшін таңсық емес. Олар үшін глобализация атауы «локализация» ұғымымен егіз: сөз жүзінде емес, іс жүзінде әрекет ету және өзге елге ықпалын күшейту. Мұндай жүйе билік пен білім саласында ғана шектелмейді. «Асахи симбун», «Иомиури симбун», «Japan times», «Tokio TV» сынды БАҚ құралдары мен ақпарат агенттіктерінің бағдарламаларында ұлттық құндылықтар анық сипатқа ие болғандықтан, туған тіл тұғырынан түспейді. Сондай-ақ, ХХ ғасырда әлемде белең алған батыстық, еуропацентристік «модернизация» кезеңі аяқталып, Жапония жаңа «мəдени кезең»-ге аяқ басты. Әр сәтті жөнді жүзеге асыра білетін жапондар өнердің түп тамыры – поп-мәдениетті және медиа-өнерді таратуға көп көңіл бөліп келеді. Олардың түсінігі бойынша, мәдениет – көзге көрінбейтін рух. Ал поп-мәдениет – жапон танымын ғаламдық деңгейге жеткізетін бірден-бір құрал. Оны шын сезініп, мотивация алу керек. Медиа-өнерді дамыту – жаңа заман талабына сай жүргізіледі. Кей елдерде экономикалық үрдіс қалыптасқанмен, медиа мәдениет түсінігі таңсық. Ал жапондар іс-әрекет пен ақыл-ойдың үйлесімділігінен техникалық революция ғана емес, этика-эстетикалық тәлім, мәдениетте резонанс туғызып үлгерді. Ата-баба дәстүрін кейінгіге эволюциялық жолмен қалдыру – мемлекет имиджінің қалыптасып, ғаламдық дамуға жол бастайды. Демек, көне тарихты танытып, өнерді өрге шығару арқылы «ұлттық код»-ты регрессіз сақтауға болады.
Жапонияның тұғырлы тіл, жүйелі заң мен мәнді мәдени саясаты ғана емес, рухани байлығы да үлгі аларлық деңгейде. Жапондар жемқорлықты жүгендеген халық ретінде әлемге белгілі. «Мұсылман елміз» деген халықтарда дамыған ұрлық-қарлық, жемқорлық, зорлық-зомбылық сынды адамгершілікке жат әдеттер мұнда атымен жоқ. Жапон таным-түсінігіндегі синтоизм және буддизм философиясы бойынша, адам баласы «ақ қағаз»-дай болуы тиіс. Пәлсапалық тұрғыда, буддизмдегі негізгі ақиқат: адам жанын жамандыққа әкелетін дүние – оның қате көзқарасы, арам ой және дүниеқорлық. Аталған қасиеттерден арылу арқылы адам жарқын өмір сүре алады. Тілді дәріптеу өз алдына, мұнда жымқыру орын алмас үшін бірнеше қағидалар қарастырылған. Мәселен, жапондар тек қазаққа тән «баланы жастан» ұстанымының ұстынын қашырмай, тарихи жыр-дастандар арқылы адамгершілік, батырлық ұғымдарын қалыптастырады. Екіншіден, мектеп жасындағы балаларға арнайы сабақтар өткізіп, заң жобаларымен таныстырады. Ертедегі самурайлардың ар-ождан кодексі түпнұсқасында оқытылады. Бұл ретте бір қабылданған заңға өзгерістердің енгізілмейтіндігін және барлық пенде үшін заң бірдей екенін де тілге тиек еткен жөн. Жапондар үшін бастауыш мектеп – білім алудың негізі. Яғни сәби кезінен ізгі қасиеттерді ұғынып өскен бала, дәріс кезінде негізгі қағидаларды бойға сіңіреді. Үшіншіден, ересек жапондарда «қоғамға қызмет» түсінігі бар. Бұл дегеніміз – «біріміз бәріміз үшін» деп ұрандау. Демек, Жапонияда еңбектегеннен еңкейгенге дейін ұлттық тұрғыда рухани тәлім-тәрбие беру мәселесіне жіті көңіл бөлінеді. Бұл елдегі білім беру жүйесі – Азия халықтары үшін эталон десек те болады.
Жапония жаһандану кезеңінде гомогенизацияға яғни тұлғалық өзгеріске ұшырамай, динамикалық түрде жан-жақты дамыды. Олар өздерінің ұлттық манга, анимэ жəне видео-ойындары арқылы шет халықтарының назарын аударып келеді. Жапон жастары басқа тілге қызығушылық танытқанмен, өзгенің тілімен ойламайды. Туған тілінде ойлап, еліне қызмет етеді. Яғни бұл – заңның жүйелілігі мен ұлттық ерекшеліктердің жоғары екендігін жəне темірдей тəртіптің үстемдігін білдірсе керек (тəртіп диктатуралық жолмен емес, адамгершілік, рухани жолдармен қалыптасады). Бір артықшылығы, Жапония билігі жергілікті тұрғындармен қатар, шеттен келген қонақ, келімсектерге жапон тілін меңгеруді міндеттейді. Мұндағы жүйеде ішкі жəне сыртқы мəдени саясат өте қарқынды дамыған. Екі саясатта да жапондар «жұмсақ күш» (soft power) пайдаланады. Яғни еш қару-жарақсыз ел мəдениетін əлемге таныту. Мысалы, 2001 жылы қабылданған «Мәдениет пен өнерді тарату туралы» заң арқылы əдеби, тарихи ескерткіштерін дəріптеп келеді. Таяу Шығыстағы елдерде, Сүрияда дамыған мемлекеттер тарапынан жиі орын алатын қарулы қақтығыстар кешегі кезеңде қалып қойды. Жаһанданудың жаңа талабына сай, «суық соғыс» ұғымы тарих қойнауына кетіп, «жұмсақ күш»-ке дағдыланған жөн. Бұл жөнінде Самюэль Хантингтон өзінің «Өркениеттер қақтығысы» еңбегінде атап көрсеткен болатын: сыртқы күштің әсерінсіз мәдени, рухани, жапондарша айтсақ, «көзге көрінбейтін рух» арқылы өзге елді жаулап, санасына өз тарихын сіңдіру. Осындай жолдар арқылы да «үнсіз бағындыру» саясатын жүргізуге болады. Сөзіміздің жарқын мысалы: белгілі жазушы Бернард Шоудан «сіз чех бола тұра, неліктен ағылшын тілінде жазасыз?» – деп сұрағанда, ол «ағылшындар менің елімді жаулады, енді мен өз туындыларым арқылы ағылшын халқын жаулаймын!» – деп жауап берген. Демек, жоғарыда айтылған Жапония жүйесінің ықпалы бүгінде орасан. Заман талабына сай.
«Күншығыс еліндегі» 5 артықшылық:
1. туған тілдің үстемдігі;
2. көне мəдениеттің (поп-мәдениет) ұмыт қалмауы
3. ұлттық кодты сақтау;
4. мемлекеттік беделді арттыру;
5. медиа-өнердің дамуы.
Байқағанымыздай, Жапония техникалық дəуірлеу ғана емес, ұлттық ерекшеліктердің сақталуы арқылы да жанданып келеді. Ал білім жүйесінің деңгейі айтпасақ та белгілі. Бүгінде мемлекеттің негізгі мақсаты – жапон тілін халықаралық деңгейге жеткізу. Алдағы уақытта ағылшын тілімен қатар жапон тілін меңгеру міндетті болса, еш таңқалмаймыз. Себебі, жоғарыда көрсетілген артықшылықтарға сай келешекте Жапония «ұлы держава» болуға шын лайық.
Еліктеуде дес бермейтін өзге қоғам, үндемей үлкен іс тындыратын мемлекеттердің жақсысын үйрене ала ма? Бұл – уақыт еншісінде.