Шежіре

Нәпіл Базылхан, түріктанушы ғалым: Түрік бітік – біздің табиғи болмысымыз, етене жақын жазуымыз

– Нәке, бүгінде 200 миллионнан астам кісінің арғы тегі боп саналатын ата халықты қалай атағанымыз дұрыс, түрік пе, жоқ түркі ме? Оқырманға түсінікті болу үшін сұхбат барысында дәстүрлі түркі деген атауды қолдана берсек қайтеді? Сөзіміздің басын осыдан бастайықшы…

– Ата халық дедіңіз. Ендеше, атамыздың атын «түркі» деп шолақ қайыруға әсте болмайды. «Түркі», «түрк», «түркология» деген – Кеңес Одағы кезінде біздің ақсақал ғалымдарымыз ойлап тапқан «ғылыми» жасанды атаулар. Ата-бабаларымыз 1300 жыл бойы түрік деп аталып келді. Енді оны «түркі» деп мазақтаудың қажеті жоқ. Сол байырғы атауы 1300 жыл бойы өзгермеген-ді. Оны өзгертіп атауға біздің ешбір құқығымыз жоқ. Әңгіменің басы Түрік Елі туралы болғандықтан, оны дұрыс атау керек. Алашордалықтар да ешқашан олай атамаған. Тіптен түрік әлемінің атақты ақыны Мағжанның жырларында «түркі» деген сөз жоқ. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар», «Арғы атам – ер түрік» дейді …

– Алайда «түбі бір түркі» деген сөз де қазір құлаққа әбден сіңісті болып кеткен сияқты…

– Нәке, бүгінде 200 миллионнан астам кісінің арғы тегі боп саналатын ата халықты қалай атағанымыз дұрыс, түрік пе, жоқ түркі ме? Оқырманға түсінікті болу үшін сұхбат барысында дәстүрлі түркі деген атауды қолдана берсек қайтеді? Сөзіміздің басын осыдан бастайықшы…

– Ата халық дедіңіз. Ендеше, атамыздың атын «түркі» деп шолақ қайыруға әсте болмайды. «Түркі», «түрк», «түркология» деген – Кеңес Одағы кезінде біздің ақсақал ғалымдарымыз ойлап тапқан «ғылыми» жасанды атаулар. Ата-бабаларымыз 1300 жыл бойы түрік деп аталып келді. Енді оны «түркі» деп мазақтаудың қажеті жоқ. Сол байырғы атауы 1300 жыл бойы өзгермеген-ді. Оны өзгертіп атауға біздің ешбір құқығымыз жоқ. Әңгіменің басы Түрік Елі туралы болғандықтан, оны дұрыс атау керек. Алашордалықтар да ешқашан олай атамаған. Тіптен түрік әлемінің атақты ақыны Мағжанның жырларында «түркі» деген сөз жоқ. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар», «Арғы атам – ер түрік» дейді …

– Алайда «түбі бір түркі» деген сөз де қазір құлаққа әбден сіңісті болып кеткен сияқты…

– Түрік әлемі – үлкен әлем. «Түбі бір – түрік» деу керек. Егер шындыққа келсек, Түркістан дегенді біз «Түрікстан» деп жазуымыз керек еді. Алайда байырғы түрік тілінің, қазіргі қазақ тілінің заңдылығына қайшы құбылыс мұнда бар. Ол «-кст-» үш дауыссыз қатар келіп тұр. Бұл – бізге жат көрініс, араб-парсы тілдерінің әсер-ықпалы. Демек, бұл байырғы түрікше «Түрік» + парсыша «-стан» деген екі сөз біріккен «бұдандасқан» сөз болып отыр. Қысқасы, «Орыс+стан», «Үнді+стан», «Моңғол+стан», «Америк+стан» дегенмен пара-пар. Осман империясының орнын басқан Түркие Республикасы да (өздерін «Түркие жұмхұриеті» дейді ғой) парсы-араб тілдерінің әсерінен алыстап кете алмай, елі де, халқы да «түрк», «түркие», «түрклер» болып аталып қалды. Маған салсаңыз, оны қазақшалап Түркия демей-ақ, Түрік Республикасы, түрік халқы, түріктер деу жөн. Еуразиядағы түрік тектес жұрттың барлығын «түріктер», «түрік халықтары» деген дұрыс. Біздің қазақтар да – түрік баласы. Аталмыш халықтарды зерттейтін ғылымды да түріктану деген оңды. Осылай атасақ, адасып, шатасып кететін жан шықпас, ешкім кем болып жатқан жай жоқ қой деп ойлаймын.

– Анадолы түріктері түркі халықтарына ортақ тіл етіп түрік тілін жасағысы кеп онсыз да жанұшырып жүр. «Түрік» атауымен түркология ғылымы солардың саяси ұпайын түгендеп беріп жүрмей ме?

– Мен саясаткер, саясаттанушы емеспін. Өз пікірім мынау – Хұн империясының ізін баса VII ғасырда Түрік Елі күллі түрік тілдес ұлыстарды ұйыстырып, алуан түрлі халықтарды тұтастырып, империяның көк туын берік те бекем етіп қадап, қаһарлы да қатаң саяси-әскери тәртіп орнатты.

Ал Анадолы түріктері – біздің оғұз тектес ағайындарымыз, сол байырғы туыстас этностарымыздың бір бөлігі ғана. Батыс әлеміне барып тірелген қара шаңырақтан тым алыстап кеткен бауырларымыз. Оларда Осман империясы рухының сарқыншақтары бар. Этникалық құрамы жағынан қазір Түрік республикасы да – көпұлтты мемлекеттердің бірі. Біздегідей тілдің аянышты жай-күйі жоқ. Ол жердегі барлық ұлт, ұлыс өкілдері бір ғана қазіргі түрік тілінде сөйлеседі. Олардың саяси мүддесі неде? Мәселенің түбі неде? Түрік халықтарының ортақ тілі деген әңгімеде. Оған ең лайықтысы – қазіргі қазақ тілі. Алайда бізде, республика көлемінде қазақ тілінің қолданыстық өрісін кеңейтуден қорқып, үрейленіп жүрміз. Оған басты кінәлі жерлерді атағым келеді. Біріншісі – теледидар, радио бағдарламалары. Қазақтілді бағдарламалар бар болса да, бар екені белгісіз, тіпті жоқтың қасы дерлік. Орыстілді бағдарламалар тым басым. Аттап бассаң, орысша ғой. Мысалы, радио болсын, интернет болсын бәрі-бәрі – орысша. Балаларға, жасөспірімдерге арналған қазақша арналар бар ма осы? Ал мемлекеттік мекемелер, жекеменшік кәсіпкерлердің ақпараттық кеңістігінен бастап, ресми хат алмасу, хат жазысуда, қарапайым күнделікті тірлікте, автобус, такси… деп айта берсең, толып жатыр.

– Қас таңба мен сегіз бұрышты түріктің нышаны деп белгілеп жүрміз. Осы қаншалықты негізді? Бұдан басқа да таңбалар бар ма?

– Қас таңба мен сегіз бұрыш арбаның дөңгелегін меңзеген таңбалар болып табылады. Көшпелілер тұрмысында таңбалар ерекше орын алған. Бұл – ұзақ әңгіме…

– Жақсы, ол туралы оқырманды кейінірек жан-жақты хабардар ете жатармыз. Жуырда сына жазуды компьютерге салып, арнайы шрифт жасап шыққан екенсіздер, құтты болсын!

– Көп рақмет. Бірақ «сына жазу» деу дұрыс емес. Әрбір заттың өз атауы бар ғой. Біздің түріктануда «сына», «ойма», «руникалық жазу», «тас жазу» және т.б. деп қате аталып жүр. Көне түріктер біздің ата-бабаларымыз асқан сұңғылалықпен ойлап жасаған төл тума жазуын «түрік бітік» деді. Ол ежелгі таңбаларға негізделді. Сонымен қатар фоно-морфемдік заңдылықпен ықшамдалынды. Көне түрік бітік – 40 таңба-әріптен тұратын, төл таңбалар графикасына негiзделiп, әлiпбилiк дәстүрдiң буындық-әрiптiк (дыбыстық) қос жүйесiмен жасалған фоно-морфемдiк (дыбыстық-мағыналық бөлшектерге негiзделген) алфавит. Түрік Елінің ресми жазуы болып табылатын түрік бітіктің жасалу болмысындағы ғылыми негізді құндылығы мен кемеңгерлігін мақтанышпен атауға болады. Өйткені бұл көптеген түрік тектес этностардың тілін бір емлеге, бір тәртіпке ықшамдай білген «әмбебап» жазу болды. Бұл – көшпелі далалық өркениеттің бірден-бір асыл қазынасы. Қазір көптеген түрік тілдерінде сол байырғы атауы «жазу» деген мағынада «битиг», «бичик» және т.б. сөздері де сақталынған.

Қазіргі заманда техникалық мүмкіндіктер аса кең. Түрік бітіктің таңба-әріптерінің арнайы бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет ғалымдары – физика-математика ғылымының докторы, профессор Қазизат Ысқақов, Гүлзада Сержан және т.б. білікті мамандар жасады, бұл күрделі істі нақты іске асырды. Сонымен бірге түрік бітіктің аса көп ақпараттық мәліметтердің интернет веб-сайтын да жасадық. Оны www.irq.kaznpu.kz мекенжайынан көре аласыздар. Осы мамандарымыз жасаған түрік бітіктің бағдарламасы түріктану үшін үлкен жетістік болған деп ойлаймын. Тіпті де өте ұтымды әрі жақсы, сапалы жасалды. Ол азаматтарға да айтар алғысым көп, Тәңір жарылқасын дегім келеді. Мұндай іс дүниежүзінде бұрын-соңды, тіптен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалмағанын тағы айтқым келеді. Енді кез келген адам компьютеріне сол бағдарламаны орнатып көне түрік бітікпен танысуға, жаза беруге болады.

– Ата жазуымыздың қыр-сырын бір кісідей білесіз. Өзіңізге белгілі, еврейлер әлдеқашан «өлі тілге» айналған иврит тілі мен көне әліпбиін қайта тірілтіп алып, игілігіне жаратып отыр. Қазір түрік зиялыларының арасында ортақ түрік идеясы көтеріліп жүр. Бар түрікке ортақ етіп осы жазуды алуға бола ма?

– Болғандай қандай! Керемет болар еді! Түрік бітікпен жазу – біздің ата дәстүрлік табиғи болмысымыз. Бізге етене жақын таңба-әріптеріміз деген сөз. Егер осы жазуға көшетін болсақ, барлық түрікке бір ғана жазу қажет болады. Ол жазуды қолдансақ, таңба-әріптер де үнемделеді, уақыт та үнемделеді. Тіпті бірте-бірте бір ғана тілмен сөйлесер едік. Бұл жазу аса күрделі қытай, жапон сияқты иероглифті жазу емес. Өркениеттен қалып қоямыз деген үрей де бар кейбір зиялы қауымда. Түрік бітіктің өзі дайын тұрған таңғажайып өркениет емес пе?! Оған көшу үшін тек қана батылдық керек. Қорқып, үрейленіп, «орыс мәдениетінен, әлемдік латыншадан қалыс қаламыз» деп шошитын ештеңе де жоқ. Ол жазуларды онсыз да үйреніп жүрміз ғой.

Қараңызшы, біз көне түрік бітіктен кейін араб графикалық жазуды, одан – латын, одан кейін кириллицаны қолдандық. Енді қайта латынға көшейік деген де ұсыныстар бар. Жазуды өзгерту дегеніміз – күнделікті киім ауыстырып киетіндей, оңай шаруа емес. Ол үшін әуелі жазуды қолдануға лайықты тілдің кеңістігі бар болуы керек. Біздің жай-күйіміз – күрделі, қостілдіміз, тіпті енді үштілді болуға ұмытылып барамыз. Біз көп тілді меңгеруден қорықпауымыз керек. Бірақ ана тілі – сан ғасырлар бойы қалыптасқан, қанға сіңген, ұлттың ұлттығын көрсететін айрықша маңызды этноәлеуметтік құбылыс. Бізге керегі – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Бір негрдің немесе жапон, қытайдың қазақша сөйлеуі емес, қазақтың қазақ тілін жетік меңгеруі, ұлт болуы бізге аса маңызды. Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген еді. Тарихта тілін жоғалтқан талай жұрттар болды. Мысалы, Қытайдағы Ішкі моңғолдарды, Манжұриядағы манжұрларды тілі жоғалған ел деуге болады. Ресейде қаншама түрік ұлыстары ана тілін жоғалтқанын кім біледі?..

– Жойылып бара жатқан түркi халықтарына араша түсудің жолдары бар деп ойлайсыз ба?

– Бар, әрине. Патшалық Ресейдің XIX ғасырдағы санақ, түгендеулерінде «200-ден астам түрік тілдес ұлттар мен ұлыстар бар» делінген екен. Қазір қаншасы қалғандығы бізге беймәлім. Оларға барып тектеп жатқан ешкім жоқ. Ұлтты сақтап қалу дегеніміз – ұлттық генофонды сақтау деген сөз. Қазақ даласы барлық түрік жұртының қара шаңырағы болғандықтан, дәл бүгіндері оларды өзімізге қоныстандырып қана сақтап қала аламыз. Басқа жолдары да бар ғой. Жалпы, ұлттығын сақтап қалған ұлыстардың, шағын мемлекеттердің тәжірибелерінен үйренетін жайттар көп деп ойлаймын.

– Бір кездері көне түрік ескерткіштерінің дүниежүзі бойынша орналасу картасын дайындап жатыр едіңіздер. Аяғына жеткізе алдыңыздар ма?

– Иә. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштерін түгендеу, каталогтау ісі күрделі болса да, негізінен, аяқталды. Жалпы, картасы дайын болған. Дегенмен тағы да жаңадан табылып жатқандары бар. Мысалы, Моңғолиядан 2008 жылы көне түрік бітік жазулы музыкалық аспап табылды. Оны да картаға енгізу керек.

– Бір ғалым ағамыз «түркологияның ең жемісті дәуірі Кеңес кезіне тиесілі, қазір көне түркі мен қазақтың арасындағы байланысты зерттеп жүрген адам жоқ» деп еді. Шынымен де, Тәуелсіздіктен кейінгі түркологияның дамуы қалай болып жатыр? «Шіркін» дегізетін жастар бар ма?

– Кеңес Одағы дәуірінде түріктану ғылымы жүйелі түрде дами бастағаны рас. Ол да – заңды құбылыс. Алайда ол «түркология» саяси астыртын мүддені көздегендіктен, тек қана «Советтік» түрік халықтарын «советтендіру» мақсатында қаржы-ақшаны аямады, қаржы болған соң, жазылмаған тақырып қалмады, іс солай болды. Оның үстіне бірде-бір түрік халықтары өз тарихының нақты шындығын біле алмай, білсе де, жаза алмай кетті ғой. Жазғандарын қудалап атып, жоқ қылды. Түрік халықтарын білімсіз надан күйінде ұстағысы келді. «Мынау – сенің тіліңнің грамматикасы, мынау – сенің тіліңнің сөздігі, мынау – сенің бар жоқ мәдениетің, мыналар – сендердің түріктанушы ғұламаларың» деп қорытындылады. Кеңес Одағының кейінгі кезеңдерінде (70-90 жылдары) түріктану саласы ғылыми ізденіс емес, атаққұмарлардың әлегі мен рубльдеп айлық алудың ойыншығына айналды. Сол себептен де Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болған алғашқы жылдары сол баяғы «тәтті кәмпиттің кеңселік түркологтары» түріктануды әбден әлсіретіп, қожыратып бітірген кезі болатын. Бір ғана мысал, Қазақстанда «көне түрік археологиясы» деген аты-затымен жоқ болды, көне түрік бітіктану саласын айтпай-ақ қояйық. 1954 жылы «Қазіргі қазақ тілі» (академиялық грамматикасы) жазылды да, одан кейін ол іс тоқтады. Түріктану деген кең ауқымды сала түрік тілдерін «фонетикалап» зерттеуден-ақ ары бармай қалды, тіпті «түркология» деген тілді зерттеушілердің меншігіне айналғандай. Өткендегі жақсы-жақсы жетістіктерді жоққа шығарып отырған жоқпын. Енді сол «кеңестік түркологияның» шала-жансар қалдығынан егеменді Қазақстан өз түріктануын қалыптастыруы керек. Сондықтан 1991 жылдан бері қазақстандық түріктану саласы «енді ғана ер жетіп» келеді деп ойлаймын. Жеткен жетістіктер де мол. Жетіспей жатқан істер де көп. Бізде түріктану орталықтары көптеп ашылды. Менің ойымша, қазақстандық түріктанудың стратегиялық бағдарламасы қажет.

– Әңгімеңізге көп-көп рақмет!

Iзгі тілек

Көне түрік бітік жазуын үйрену тым ауыр іс емес. Таңба-әріптерді жаттау әркімнің-ақ қолынан келеді. Арғы аталарымыздан қол үзіп қалмау үшін сол мұраларды белсенді насихаттап, түрік халықтарын жұртқа танытып жатқан газеттеріңізге айтар алғысым көп!

Әттең…
Ұлттың рухын көтеретін, өзіміз жасаған тарихи тақырыпта жазылған кинофильмдер, балаларға, жасөспірімдерге арналған мультфильмдер қазіргі ғаламдану заманында біз үшін ауадай қажет болып тұр. Тіпті тәрбиелік маңызды компьютерлік ойындардың бағдарламаларын да жасауға болады ғой.

Датым бар!
«Тәңірі текті бек ұлдарды құл болғызбай,
Сұлу қыздарды күң болғызбай,
Ішер асын мол еттім,
Киер киімін кең еттім,
Кедейді бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым,
Жақсылап тыңда!
Ақылмен ұқ!» – дейді бітіктастарда білікті қағандар мен асыл бекзаттар. Көне түріктердің әлемдік тарихи сахнасындағы асқақтаған биік кезеңі болатын. Осындай биіктіктен біз де көрінуге ұмтылайық демекпін.

 

Мақсат Әділхан

«Алаш айнасы» газеті 19 маусым 2009 жыл

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*