Білім

Қайрат Ғабитханұлы: Қытайдағы қазақтардың жазу тарихы.

Бүгіндері ҚХР Шыңжаң өлкесінде тұратын қазақ, ұйғыр, қырғыз халықтары араб жазуы негізінде жасалған А. Байтұрсынұлының төте жазу әліппесін қолданады. Десе де ондағы түркі тілдес халықтардың өз жазу тарихында бұған дейін кирилл жазуына көшпек болғаны, латын әліпбиін де 20 жылдай қолданғанын біреу білсе біреу білмейді. Ондағы Қазақ жазуы реформасының барысы қалай болды? Қазақ әліпбилері қалай жасалды? т.б. осындай мәселелер мұндағы зиялы қауымды қызықтыратын болса керек. Сонымен бірге бұл тақырыптар біздің отандық тіл білімінде қарастырылмаған тың нәрселер болғандығы себепті төменде біз Қытай елінде жарық көрген еңбектер мен тарихи дәлел фактілер негізінде осы мәселелерге жауап іздеп көрмекпіз.

А.Байтұрсынұлы әліпбиінің қолданысқа түсуі

Ісләм дінінің түркі тілдес халықтарға таралуына байланысты Х ғ. бастап көне түркі жазуының орнын араб жазуы біртіндеп иелене бастады. М.Қашқаридың «Түркі тілдер сөздегі» т.б. әлемге әйгілі шығармалар осы жазумен жазылды. Араб жазуы 28 әріп және бірнеше шартты белгілерден тұратын дауыссыз дыбыстарды негіз еткен әліппе болатын. Ұзақ жылдық қолдану барысында түркі халықтары осы әліппеге парсы жазуынан да таңбаларды қосып қабылдап, өзінше жазу дәстүрін қалыптастырды. Бұл бүгіндері ғылыми әдебиеттерде шартты түрде «Кітаби тіл», «Шағатай тілі» немесе «Орта Азия әдеби тілі» делініп, осы тілдерді жазуда қолданылған «Шағатай жазу емлесі» жазу дәстүрі болатын. Бұл жазу дәстүрі А. Байтұрсынұлының жазу емлесі жарыққа шыққан XX ғасырдың басына дейін қолданылды. Түркі тілдердің табиғатына сай келмейтін 1000 жылдың жазу дәстүріне түбегейлі реформа жасаған А.Байтұрсынұлының емлесі тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың рухани өміріне зор өзгерістер әкеледі. Бұл туралы белгілі ғалым Р.Сыздықова: «Сөйтіп, А.Байтұрсынұлының реформалаған араб жазуы өз кезеңінде қазақ мәдени дүниесінде үлкен роль атқарған, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба дүниелердің дамуына, баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет еткен, прогрес­сивтік құбылыс болды. А.Байтұрсынұлының бұл тәжірибесі сол кезде өзге түркі халықтары, мысалы, өзбектер мен татарлар үлгі етіп тұтып, олар да өз жазуларына реформалар жасай бастады» [1, 18], – дейді.

1924 жылы Орынборда өткізілген қазақ-қырғыз зиялыларының тұңғыш сиезінің 15 маусымындағы мәжілісінде араб графикасы негізінде жасаған А.Байтұрсынұлы әліпбиі ресми қолданысқа енетін болып бекігені, сонымен бірге осы негізде, қырғыз, татар, өзбек, ұйғыр қатарлы туысқан түркі тілдес халықтарда бірінен соң бірі өз әліпбилерін жасағаны белгілі. Бұл өзгерістер әрине тез арада көшілес жатқан қытай жеріндегі қазақ, қырғыз, үйғырларға да әсер етпей қоймады. Осы тұста ХХ ғ. 20, 30 жылдары Кеңес одағында болып жатқан түрлі саяси науқандар, атап айтқанда ұлт-азаттық қозғалыс, байларды кәмпескелеу, ашаршылық т.б салдарынан Қытай жеріне бас сауғалап өткен зиялы қауым өкілдері Байтұрсынұлы әліпбиін Шынжаңдағы қазақтарға ғана емес, ұйғыр, қырғыз қатарлы түркі тілдес халықтарға да таратты. Осы жылдары Алтайда Кәрім Дүйсенбайев « әліппе астары» деген кітап шығарса, Шәуешекте «жаңа әліпби», Құлжада «әліпе» кітаптары жарық көрді. Содай-ақ, қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі өңірлерінде әр түрлі курстар ашылып сабақтар өтілді.

Осы ғасырдың 30 жылдарына дейін Қытайда тұратын қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар, өзбек қатарлы түркі тілдес халықтар өз жазуларында араб, парсы әліппесі негізінде жасалған дәстүрлі «Шағатай жазу емілесін» қолданып келген болатын. Мәселен, 1910 жылы наурыз айында бүгінгі ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында «Іле уалаятының газеті» жарық көрген. Газет төрт беттік болып сол кездегі шағатай жазу емлесінде Ілеге аралас қоныстанған қазақ,ұйғыр, өзбек, татар қатарлы ұлттарға түсінікті тілде шыққан [2, 65]. 1930 жылдардан бастап Шыңжаңда ұлттық тіл-жазу мәселелріне көңіл бөлініп, сол кездегі өлкелік үкімет жағынан қазақ, ұйғыр тілдерінде жаңаша оқулықтар жазу, баспадан шығару ісі қолға алына бастады. Десе де бұл кездері А.Байтұрсынұлының ықпалы бұл жерлерге жете қоймаған болатын.

1933 жылы 12 сәуірде Үрімшідегі Жин Шурын үкіметін құлатқан саяси өзгеріс Шынжанның осы заман тарихындағы ірі оқиға болды. Билікті шеңгеліне алған Шың Шысай үкіметі бұл тұста сыртқы жақта Кеңестер Одағымен достасу саясатын қолданды. Бұрынғыдай емес, жергілікті халықтардың оқып білім алуына, өз тілінде газет-журнал, кітаптар шығаруына өз мүддесі үшін азда болса көңіл бөле бастады. Қазақ, ұйғыр жастарынан Кеңестер Одағына 300-дей оқушы жіберіп кадр тәрбиеледі [3, 133]. Олардың ішінде тіл-жазу, баспасөз саласының өкілдері де болды. Сонымен бірге араб әліппесі негізіндегі ұйғыр, қазақ жазуларының баспа әріп қалыбы мен баспа машинасын Кеңестер Одағынан алдырды. Бұл шаралар Шыңжаңның жер-жерінде игі ықпал жасады. Жергілікті қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар халықтарының мәдени-ағарту ұйымдары әр жерде құрылып, олардың бастамасымен мектептер ашылып, сауаттандыру жұмысы қолға алынды, ұлттық тілде газет-журналдар шығарылды. Баспасөз жұмыстары жандана бастады. Осы кезге дейін Кеңестер Одағына жалпыласып болған А.Байтұрсынұлының әліппесі Шыңжандағы халықтарға тарала бастады.

Қытайдағы қазақ тіліндегі ақпарат-баспасөз туысқан ұйғыр, татар, қырғыз, өзбек халықтарының ақпарат-баспасөз істерінің өркендеуімен сабақтас, тағдырлас болды. Мәселен, 1932 жылы Құлжада араб жазумен жарық көрген «Іли дәряси» газеті Іледегі ұйғыр, қазақ, татар қатарлы халықтарға ортақ газет болса, 1934 жылы 21 майдан бастап Шәуешек қаласында араб жазуымен жарық көре бастаған «Бизниң тауүш» газетінде қазақша, ұйғырша, татарша мақалалар аралас басылып отырған.

1953 жылы Тарбағатай аймағында араб жазумен «Шыңжаң-Тарбағатай Хабарлары», «Жаңа Шыңжаң» журналы жарық көрсе, үш аймақ төңкерісі тұсында онда «Халық ауази», «Інқилапшил яшлар» (төңкерісшіл жастар), «Халықшы», «Дөрбілжін хабарлары», «Табыс» т. б. газеттер жарыққа шыққан. Тарбағатай аймағында шыққан жоғарыдағы газет-журналдар осы аймақтағы ұлттардың аралас қоныстанған жағдайына қарай қазақ, ұйғыр тіліндегі мақалаларды аралас басты. Дегенмен мұндағы халықтардың басым көпшілігі қазақ болғандықтан, мақалалардың дені қазақ тілінде басылды, Алтай, Іле және Үрімшідегі газет-журналдар да осындай күйді кешті. Мәселен, 1946-1950 жылдарда Үрімші қаласындағы зиялы жастар араб жазумен «Хан тәнірі» атты журнал шығарып тұрған. Бұл журналдың бастығы Ибрайым Турды, орынбасары Салық Әмірәліұлы болған. Журнал қазақ, ұйғыр екі тілде аралас шыққан[4].

Жоғарыдағы газет-журналдардың бәрі араб әрпінде жарық көргенімен, оларда сол кезде біртұтас емле-ереже, жүйе болмаған. Кейбіреулері А.Байтұрсынұлынын әліппе жүйесіне жақын болса, кейбіреулері дәстүрлі әліппеге аздап қана өзгерістер енгізіп қолданылған. Десе де 30-жылдардан бұрынғы әліппеден аздап ілгерлеушілік болғаны байқалды.

1951 жылы Шынжаңға Кеңестер Одағынан ұйғыр тілінің мамандары Хәләм Құдайберді, Мәшур Розыбақы қатарлылар Үрімшіге келіп, тіл-жазу, баспасөз саласына байланысты лекциялар оқыды, ұйғыр тілі емле қағидасы туралы ой бөлісіп, өз тәжірибелерін үйретті. 1951 жылы Алматыдағы тіл-емле кеңесі жағынан А. Байтұрсынов жазу емлесі негізінде түзіліп шыққан «Ұйғыр әдеби тілінің араб әліппесі негізіндегі қыскаша емле қағидалары» талқыға салынып, оған аздаған өзгерістер енгізу арқылы қабылданған. Сондай-ақ бірнеше жыл қолданыстан кейін 1954жылы «Ұйғыр әдеби тілінің қысқаша емле қағидалары» деген атпен Үрімшіде жарияланды. Әліппе 30 әріптен тұрады [5].

Көріп отырғанымыздай, 1950 жылдары ұйғыр тілі мен емлесінде зор бетбұрыс болды[6]. Тарихтан бері жазуда орын алып келе жатқан тек қана араб, парсы сөздеріне ғана керек таңбалар алынып тасталды. Дәйекше белгісін қолдану арқылы дауысты дыбыстарға айырым таңбалар белгіленді. Ұйғыр тілінің емле қағидалары ұйғыр тілі табиғатына, ұйғырдың жанды тіліне жакындады [7, 318]. Бұл қағидалар 1983 жылы жасалған емледе біршама кемелдене түсті. Бұрын 8 дауысты дыбысқа 6 таңба белгіленсе, қазір әр дыбыстар бойынша жеке таңба белгіленді.

А. Байтұрсынұлының төте-жазу емлесі Шыңжаңда тұратын қазақтарға 1930 жылдары тарала бастап, сол тұстардағы баспасөзде қолданылғанымен, әр жерде әрқалай өзгеріске түсіп бір ізде болмаған. 1952 жылға келгенде сол кездегі Шыңжаң өлкелік үкіметтің басқаруында құрылған ұлттардың тіл-жазуын қолдану мен зерттеуге жетекшілік ету комиссиясының тапсыруымен Әнуәр Көкейұлы қатарлылар 1954 жылы А.Байтұрсынұлының емлесі негізінде «Қазақ тілінің емлесін дұрыс қолдану ережелерін» жазған. Бұл ереже Шыңжаң өлкелік халық үкіметінің әкімшілік істері жайындағы 136-ретті жиналысында ресми бекітіліп, жер-жердің атқаруына жіберіліп, біртұтас қолданысқа түскен.

Арғы тарихты айтпағанда өткен ғасырдың басынан бастар Қытайда тұратын қазақ, ұйғыр және қырғыз халықтарының жазу тарихы тағдырлас, сабақтас, бір ізде келеді. Және жазу дәстүрлерінде А.Байтұрсынұлының емлесін пайдаланғаны анық байқалады.

Қытайда тұратын түркі тілдес қазақ, ұйғыр, қырғыз халықтары кезінде А.Байтұрсынұлы емлесінің ықпалымен өз жазу дәстүрлерін қалыптастырып, бүгінге дейін қолданып отырғанымен, ондағы зерттеушілер тарапынан әсіресе ұйғыр тілі мен жазуын зерттеуші мамандар тарапынан Ахаңның еңбектері туралы пікірлер айтылмай келді. Оның себебі біріншіден, А.Байтұрсынұлы еңбектерінің ол жақтағыларға таныс еместігі болса, екіншіден, Кеңестер Одағы тұсында «халық жауы», «ұлтшыл» атанған адамның атын атау ондағылар үшін де кезінде қиын болғандығында болса керек. Ендігі жерде, Қазақстан егеменді ел болып, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары жақсарған тұста, А.Байтұрсынұлы еңбектері Қытайда тұратын қазақ, ұйғыр, қырғыз халықтарының тіл-жазуымен бірлестіре зерттелуі тиіс.

Қытайда тұратын қазақтардың крилл жазуына көшу барысы

Байтұрсынов әліпбиі Шынжаңда тұратын қазақтарда жаппай қолданыс тауып жатқан тұста Кеңестік Қазақстанда қазақ жазуы 1940 жылы латын графикасы негінде жасалған латын әліпбиінен қазір қолданып отырған кириллица негізінде жасалған жазуға көшкен болатын. Мұның өзі Сталиннің орыстандыру саясатының ықпалында жүзеге асқаны бүгіндері жасырын емес.

Қазақ халқының жазу бірлігін ойлаған Шынжаңдағы ұлт зиялылары туысқан түркі халықтары жүйеден енді Кеңестік Қазақстанда қолданып отырған кириллица негізінде жасалған жазуға көшу туралы сөз қозғай бастады. 1956 жылдың тамыз айында тұңғыш өткен Шынжаң өлкелік тіл жазу жиналысында осы өлкедегі ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек, татар, моңғол, сібе халықтарының жазуларын кириллица графикасына көшіру туралы ұсыныстар түсті. Ұсыныста: «Біз Шынжаңдағы қазақ халқы үшін славян графикасы негізінде айрым жазу жасап отырмастан, Советтік қазақстанда қолданылып, қазақ халқының социалистік мәдениетін өркендетуде біраз қызмет істеп үйреніскен жазуды негізінен қабылдауымыз лайық. Бірақ бұл жазуда әріптердің көптігі емледе белгілі қиындықтар тудыратындығы жайлы талқы түргізу тиіс», «қазақ жазуының жобасы Советтік Қазақстанда қолданылып отырған 42 әріп, екі белгімен берілген жазумен бірдей болып, бұл жазу қазақ әдеби тілінің қажетіне сай келеді, жиналысқа қатысушылар аталған жобаға келіседі» делінген. Осылайша 1956 жылдың 31 желтоқсанында ашылған Шынжаң өлкелік үкіметтің 13 кезекті жиналысында өлкедегі ұйғыр, қазақ, қырғыз туралы ресми қаулы қабылданды. Жоба «Шынжаң малшылары» газетінің 1957 жылдың екінші қыркүйегі күнгі санында жарияланып, қызу талқыға түсті. Зиялы қауым өкілдері Советтік Қазақстанда қолданып отырған қазақ жазуын толықтай көшіріп алмай өзгерістер енгізу керек, атап айтқанда, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ Я, Ю, Ё, Щ, Ц , Ь, Ъ таңбаларын әліпбиден шығарып тастау, қазақша баламасы бар орыс сөздерін қолданбай, қазақшасын қолдану т.б ұсыныс пікірлер айтылды. Осымен бір уақытта Іле қазақ облысының орталығы Құлжа қаласы мен өзгеде өңірлердегі қазақ мектептерінде кириллица негізінде жасалған қазақ жазуы оқытыла бастады. Дегенмен, бұл жобаның өміршеңдігі ұзаққа бармады, 1958 жылдың 28 наурызынан 14 сәуіріне дейін Бейжіңде ашылған жан саны аз ұлттардың тіл мен жазуы туралы ашылған екінші кезекті мәжілісінде кириллица жобасы тоқтатылды [8]. Бұған әрине бір жағынан сол тұстағы Қытай мен Кеңестер одағы арасындағы теке тірестің басталуы себеп болса, енді бір жағынан біраз жылдар талқыланып 1958 жылдың ақпан айында Қытай тілінің латын транскипциясы (pinyin) жобасының мақұлданып, оны қытай тілі ғана емес Қытайдағы барлық халықтар өз жазуында қолдану керек дегендей саяси шешімдер себеп болғаны анық.

Қытайда тұратын қазақтардың латын жазуына көшу барысы

1958 жылдың ақпан айында бүкіл қытайлық халық құрылтайында бекітілген қытай тілінің латын транскипциясы (pinyin) жобасы жер жерде жүзеге аса бастады [9, 126]. Жобаның басты мақсаты қытай иероглифтерін латын транскрипциясы арқылы оқыту, иероглифтерді үйренуге қолайлылықтар тудыру болатын. Бұл расында да қытай тілін игеруге жасалған игі қадам еді. Бұл бір-бірін түсінбей әртүрлі диалектіде сөйлейтін халықты ортақ тілге ( putonghua ) көшіру, ортақ тілдік норманы сақтау мен халықты жаппай сауаттандыруда орасан зор ықпал етті. Дес еде, осымен бір уақытта Қытайда тұратын өзге халықтардың жазуын қытай тілінің латын транскипциясы (pinyin) жобасына жақындастыру, тілі бар жазуы жоқ халықтардың жазуында осы негізде жасау науқаныда басталып кетті.

1959 жылдың 25 қарашасынан 11 желтоқсанға дейін Үрімжіде ашылған екінші кезекті өлкелік тіл-жазу жиналысында «районымызда (өлкемізде) қазір қолданылып отырған араб жазуы негізіндегі ұйғыр, қазақ ұлттарының көне жазуын күшінен қалдырып, оның орнына ханзу (қытай) тілі әліппе жобасы (pinyin) негізінде жасалған латын жазуын қолдану жөніндегі ұсынысты» мақұлдады. Жиналыста сол кездегі Шынжаң өлкесі төрағасының орынбасары Сәйпиден Әзези: «Отанның тұтастығын қорғау, ұлттардың ынтымағын онан әрі күшейту, ұлттардың шаруашылық, мәдениет, оқу-ағарту және ғылым-техника саласын дамыту үшін, барлық ұлттар өзара жақындасуы, әсіресе жан саны аз ұлттар ханзулардан (қытайлардан) үйренуі ханзу тілінен атау терминдер қабылдап өз ұлтының тілін дамытуы және байытуы, сонымен бірге аз санды ұлттардың жазу реформасы қытай тілінің дыбыстық әліпбиі жобасы (pinyin) негізінде жүруі тиіс» , «Ұйғыр, қазақ жазуларын қытай тілінің дыбыстық әліпбиі жобасы (pinyin) негізінде жасауды қаламау деген ұлттар тілінің ханзу тіліне сүйеніп дамуын қаламау, ханзу тілін шетке қағу, Шынжаңдағы аз ұлттардың социализм, коммунизм ұлы нысанасын жүзеге асыруды қаламағандық, халықтар достығы мен отанның тұтастығын қаламағандық» деді. Осылайша «ұлттардың тіл-жазуы өзара жақындасуы, әсіресе ханзу халқының тілі мен жазуына жақындасуы керек» деген берік саяси ұстаным негізінде жазу реформасы тағы басталды.

Аталған дайындықтан соң «Шынжаң газетінде» (2.03.1960) Қытай тілінің латын транскрипциясы жобасына негізделген қазақ латын жазуының жобасы жарық көрді. Бұл жазу бастапқыда сынық ретінде қолданылып, 1964 жылдың 23 қазанында орталық үкіметтің бұйрығымен ресми бекіді. 1965 жылдың бірінші қаңтарынан бастап атқарылды [10 ].

Жаңадан жасалған қазақтың латын әліпбиінде 9 дауысты 24 дауыссыз дыбыс бар, бұдан басқа 4 қосар әріп, бір буын айру таңбасы қолданылады делінген латын жазуындағы 26 әріп өз реті бойынша тізіліп, қазақ тілінінің ерекшелігіне сай Ғ, Қ, Ә, Ө, Ү, Е сияқты дыбыс таңбалары әліпбидің соңына тіркелді.

Латын жазуын Қытайдағы қазақтар 20 жылдай қолданды. Осы әліпбимен дәл қазір ондағы қоғамдық ортада белсенді қызмет атқарып отырған бір ұрпақ тәрбиеленді. Осы әліпбимен милиондаған тиражбен оқулықтар шықты, мыңдаған көркем әдебиеттер мен көпшік қауымға арналған басылымдар жарық көрді, ондаған газет-журналдар басылып тұрды.

1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басындағы «Мәдениет зор төңкерісінің» қателерін түзету, ұлттар тіл жазуын қапына келтіру т.б. ұлттарға берілген саяси еркіндіктен пайдаланған Шынжаңдағы қазақ, ұйғыр, қырғыз халықтары 1982 жылы қайтадан жиырма жыл бұрын қолданысын тоқтатқан А.Байтұрсынұлының әліпбиі негізінде жасалған әліпбиге қайта көшіп алды. Және оған аздаған өзгерістер енгізіп, ақпараттық технологияғада бейімдеп, бүгінге дейін қолданып отыр.

1980 жылы ҚХР-дың Шынжаң Радио педагогикалық университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен құрастырылып, латын жазуында жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында: «қазақ әдеби тілінде 37 дыбыс бар. Бұл дыбыстарды бейнелеу үшін 33 әріп қолданылған; zh, ch, sh, ng әріптері тек екі таңбаны қосар қолдану арқылы жасалған сондықтан қосар әріп деп атаймыз. Қосар әріптер екі дыбыстың таңбасы емес, бір дыбысты бейнелеу үшін қолданылған қосар таңба. Қазақ жаңа жазуындағы әріптердің баспаша, жазбаша нұсқалары бар. Әріптердің бас әріп, жол әріп түрлері мен әр әріптің аты, оқылуы болады» – деп жазылған және төмендегі латын әліпбиі көрсетілген:

A a

а

B b

bê

C c

cê 

D d

dê

E e

e

F f

êf

G g

gê

H h

ha

I i

i

J j

jê

K k

kê

L l

êl

M m

êm

N n

nê

O o

o

P p

pê

Q q

qiu

R r

ar

S s

ês

T t

tê

U u

u

V v

vê

W w

wa

X x

xi

Y y

ya

Z z

zê

Ƣ ƣ

ƣa

Ң h

Қ қ

қa

Ә ә

ә

Ө ө

ө

Ǖü

ü

Ȇê

ê

Қосар әріптер

ZH Zh zh  CH Ch ch  SH Sh sh  NG ng

zhe  che  she  ngê

Қазақ әліпбиіндегі бұл әріптердің ішінде V әрпі халықаралық атауларды жазуда ғана қолданылады, zh, ch, sh, c, q, f әріптері қазақтың байырғы сөздерінде қолданылмайды, тек ханзу (қытай) және басқа ұлттар тілінен ауысқан осы дыбыстары бар сөздерде ғана қолданылады деп белгіленген [11, 45-46].

Қытайдағы қазақтардың қолданған латын әліпбиі

Негізгі таңбалар
Латынша Кирил-қазақша
Басылуы Жазылуы Аталуы Оқылуы
A a A a а а
B b B b бе б
C c C c се ш
D d D d де д
E e E e е е
F f F f еф ф
G g G g ге г
H h H h һа һ
I i I i і і
J j J j же ж
K k K k ке к
L l L l ел л
M m M m ем м
N n N n не н
O o O o о о
P p P p пе п
Q q Q q чиу ч
R r R r ар р
S s S s ес с
T t T t те т
U u U u ұ ұ
V v V v ве в
W w W w уа у
X x X x ши ғ
Y y Y y йа й
Z z Z z зе з
Ƣ ƣ Ƣ ƣ ға ғ
Ң h Ң h
Қ қ Қ қ қа қ
Ә ә Ә ә ә ә
Ө ө Ө ө  ө  ө
Ǖ ü Ǖ ü ү ү
Ȇ ê Ȇ ê е е
Қосар әріптер
ZH zh ZH zh жы ж
CHch CH ch чы ч
SH sh SH sh шы ш
NG ng NG ng ңе ң
` ` Дыбыс айру белгісі

Қорыта келгенде, жасалған сараптамалар Қытайда тұратын қазақтар қазіргі кезде кезінде А.Байтұрсынұлы жасап кеткен араб жазуы негіндегі төте жазу әліпбиін ары қарай дамытып қолданып отырғанын байқауға болады. Ондағы ұйғыр, қырғыз әліпбилері туралы да осы осындай пікірде болған жөн. Сонымен бірге 1959 жылдан 1982 жылға дейін 20 жылға жуық қолданған латын жазуы сол тұстағы солақай саясат кесірінен қытайша жер су адам аттары мен саяси атауларды дәл жазу үшін қазақ тіліне жат, қытай тілінің дыбысталуында кездесетін zh, ch, sh қосар әріптері әліпби қатарына қабылданып кеткенін ескермегенде жасалған әліпби қазақ тілінің тәбиғатына біршама біршама жақын, кемелді ғылыми болғанын, өз кезінде сонда тұратын қазақтардың сауат ашып білім алуына, оқу-ағартуын дамыту, сауаттардыру жумыстарын жүргізуіне үлкен ықпал еткенін атап өткен жөн. Және дәл қазір сол қоғамдағы белседі бір ұрпақ пен зиялы қауым өкілдері латын әліпбиімен оқығанын, сол тұста баспалардан латын жазуымен милиондаған тираж оқулықтар, көркем әдебиеттер мен газет журналдар жарық көргенін ескерсек, ондағы қазақтардың да латын жазуына көшуіне берік негіз бар екенін байқаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Кіріспе. Алматы, 1992.

2. Төлегенұлы С. Азаттыққа дейінгі елімізге қазақ тіліндегі ақпарат-баспасөз тарихына шолу // Шыңжаң қоғамдық ғылымы, 1991. №1.

3. Талип Абдулла. Ұйғур марипи тарихидии очеркләр. Үрімші, 1998, 133 б.

4. Төлегенұлы С. Азаттыққа дейінгі елімізде қазақ тіліндегі акпарат-баспасөз тарихына шолу // Шыңжаң қоғамдық ғылымы. 1991. № 1. 65 б.

5. Махмуд Заииди. Шынжаң Ұйғур тили вә унин имлеси ұстидики издиниш, тәткикәт һәм муһәппәкийәтлә // Тил вә тәржимә. 1995. № 6.

6. Хәмәт Сәмәт. Ұйғур тилидики созук тавуш фонимилиринин тарихий тәракияты вә уларниң йезикта ипадә килиши тоғрисида дәсләпки издиниш // Тіл вә тәржимә. 1993. № 4. 20 б.

7. Абаукиим Хожа Ғарби иурт вә Қадимки мәдният. Урүмчи. 1995, 318 б.

8. Жәлелханұлы М. Ана тілім ардағым. Ұлттар баспасы. Пекин, 2010, 190-203 бб.

9. Қытай энциклопедиясы. Тіл-жазу томы. Пекин: Энциклопедия баспасы, 1988. 126 б.

10. Жәлелханұлы М. Ана тілім ардағым. Пекин: Ұлттар баспасы, 2010. 190-203 бб.

11. Қазіргі қазақ тілі. Шынжаң: Радио педагогикалық университеті, 1980. 45-46 бб.

Қайрат Ғабитханұлы

ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері

http://edu.e-history.kz

Теги: , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*