Білім

Шәку бай (Шәку Есілбайұлы)

Есілбайұлы Шәку атамыз. Ел аузында: «Ел ағасы, мырза Шәку, Шәку бай»–деп аты шығып, ұмытылмас есімге айналған алып тұлға 1785 жылы (Кейбір деректерде 1789 жылы) Шығыс Қазақстанның Қызылсу деген жерінде Сәрікұлы Есілбайдың екінші ұлы болып дүние есігін ашқан екен. Анасы руы Қызай Келдіқұлқызы Әнәпиядан 4 ұл, 1 қыз болған. Ұлдары Өтеміс, Шәку, Шал, Кенжебай, ал қызы Оймақы. Есілбай атамыз өзі кедей болып, басқаның малын бағып күнелтсе де бабалары атақты Жәнтекей руынан шыққан Ботақара, Тыныбектер алты Алашты былай қойып, күллі Қазаққа аты әйгілі ержүрек батырлар болғаны тарихтан белгілі.

Бабамыз Ботақара Қожамжар ұлы ХVII ғасырдың соңғы жартысында өмір сүріп, Жоңғарлармен соғыста кіші атасы Сүйіншәліұлы Барақ батырмен бірге алдыңғы шепте соғысып, ерекше ерлігімен көзге түседі. Осындай бір шайқаста Жоңғар батырымен жекпе-жекте оң тізесінен жараланып, сіңіріне ілініп қалған аяғын өзі айбалтасымен қиып жіберіп, жаралы қалпы аттан түспей жауын жеңіп оралғаны туралы аңыз әңгіме ел аузында күні бүгінге дейін ерлігінің куәсі ретінде айтылып та, жазылып та келеді. Ботақара батыр біраз уақыт өткеннен кейін аулын көшіріп, жұрт жаңалағанда бір ескі жұртқа үйін тіктіреді. Сол жұртта жаралы аяғы қабынып, жарасы асқынып көз жұмады. Дүниеден өтерде батыр бабамыз ұрпақтарына: «Менің ұрпақтарым бұдан былай ескі жұртқа қонбасын»–деп өсиет қалдырған екен. Міне, содан бері Ботақара әулеттері ескі жұртқа үй тікпей, ырым етеді. Ал, Шәкудің үшінші атасы Ботақараұлы Тыныбек те айтулы ер, қамал бұзған батыр болған. Бұл туралы ғалым Жандос Әубәкірұлы құрастырған Абайдың замандасы Жантайұлы Көкбай ақынның «Абылай хан» атты дастанында:

«Керейден жолдас қылды Жәнібекті,
Шетінен осалы жоқ, бәрі текті.
Ол қолда күші басым еш адам жоқ,
Тас жүрек Ботақара Тыныбектен»–деп, Тыныбектің асқан күш иесі, жаужүрек батырлығын жырласа, Қанипа Жапан қызының Ботақара шежіресінде: «1920 жылдардан бұрынырақ Мәми бейстің көзіне ақ түсіп ауырып, Сүйіншәлі Дәулеткелді бақсыны келтіріп ойнатады. Сонда Дәулеткелді бақсы:

«Қуансын менің қабағым,
Жаулардың бұздың қамалын.
Ботақара–Тыныбек,
Көтерші ер Жәнібек,
Қолдасын сенің аруағың»–деп, жын шақырады. Міне, бұлардың бәрі–Ботақара бабамыздың да, Тыныбек бабамыздың да айбыны асқан аруақты батырлар болғанына дәлел. Осындай алып тұлғалардың ұрпағы Шәку атамыз да аты шыққан батыр болмаса да кедейлікті мойындап, белі бүгілмеген, жоқшылыққа мойып салы суға кетпеген, еті тірі, еңсесі биік, алғыр ойлы пысық болып ер жетеді. Ол бәйбішесі Жәдік рулы Тұрғанаға үйленген соң: «Мен Алладан басқаға қызмет етіп, құл болмаймын. Алланың өзіме жазған рыздығын өз еңбегіммен тауып жеймін»–деп, құс салып саятшылықты кәсіп етуге бел буыпты. Атамыздың осы тәуекелін Алла да «хош» көрген шығар, оның әу баста қолға түсіріп, аңға салған құсы атақты Алтайдың ақ иығы болып кезігіп, көрген аңын қасқыр болса да, түлкі болса да қалт жібермейтін нағыз жерге түспес сайып қыран болыпты. Мал дегенде Өжеке төреге құсының алғашқы тырнақ алдысын бергенде. Өжеке төре өтеміне берген бір ақ өгізі болады. Сол өгізімен қыста құс салып, жазда қыс қамын жасап жан бағады. Шәку осы тірлікпен бір неше жыл күнелтіп, алған аңдарының терісін сатып, ұн, шай басқа да қажеттілігіне жұмсап күнелтеді екен. Бір жылы Шәкеңнің қыраны 60 түлкі алып, ол түлкілердің терісін бір саудагер сартқа 60 тұсақ қойға айырбастайды және Дімік деген Моңғол байының жалғыз ұлына бір қара түлкі сыйға тартқанда, 20 саулық қой береді. Бұл құстың осындай қырандығын естіген Ажы төренің баласы Қасымхан төре сол жылы Шәкеңнен құсын сұратып сәлем айтып кісі жібереді. Күнделікті күнкөрісі болған құсынан айрылу ол қиын, төренің қолқасын орындамаса одан өткені болатынын іштей сезіп, толғанып жүрген Шәкудіағайын туыстары: «Төренің айтқанын орындмасаң сен түгіл ағайын туысыңа зияның тиеді. Одан да құсыңды өз қолыңмен төреге апарып беріп бағасын алмайсың ба?»– деп ақыл айтады. Шәку «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының» кебін киіп, ақыры құсты Қасымхан төренің аулына өзі апарады. Төре Шәку бабамыздың құсын алып өзінің қырандарына қосады да, аяғына алтындаған аяқ бау тағып, Шәкудің ескі аяқбауын өзіне қайтарады, және «Құсыңның бағасы»–деп бір жабағы жүні түспеген көк байтал жетектетеді. Бабамыз төренің бұл берген пұлына разы болмаған халде ауылына қайтады. Мұқыртай деген жерге келгенде алдынан көлденеңдей қашқан түлкіні көреді, және әп сәтте аспаннан түлкіге қарай шүйліге сорғалаған қыранға көзі түседі. Қыранның аяғы түлкіге іліне бергенде, анадайдан өздеріне қарай келе жатқан адамнан тайқады ма, әлде аң алғандағы машығы ма түлкіні қос аяғымен шеңбектей бүріп ұша жөнеледі де, анадай жердегі төбешіктің басына барып қонып, олжасын жәркемдей шоқып жей бастайды. «А, Құдайлап» жаратқанына жалбарынған Шәку құстың әбден тояттауын күтіп тұра береді. Екі көзі құста тұрған Шәку қошқардың ен қалтасынан илеп жасалған насыбай қалтасындағы насыбайды таусылғанша атып, соңында насыбай қалтаның өзін шайнап тұрғанын білмей қалған деседі. Жемсауы толып әбден тоя жеген құс жемтігін айналып жорғалап жүре бастағанда Шәку де құсқа тепектеп тап береді. Әбден тояттаған құс көп ұзамай аузын ашып алқынып, қанатын жайып жата кетеді. Үстіндегі түйе жүн күпісін құсқа жауып жіберіп ұстап алады да, құс салып қыр-сырын әбден біліп алған қырағы көзімен құсқа сынай бір қарайды да: «Нағыз ақ иық, нағыз қыран!»–деп, жаратушысына «Ақсарбас» айтып құсты алып ауылына келеді. Күз болып мұздың шеті қата бастаған кезде ұстаған құсын қайтарып аңға салуға шығады. Алтайдың Жуантерек деген жерінде Шәкудің құс көтеріп, аң аулайтын сайын кейінде ел «Алыпсоқ сайы»–деп атап кетіпті. Себебі Шәку атамыз осы сайдың биік тастарының біріне құсын қондырып, өзі сай жотасына шығып, сайды жаңғырта тас домалатқанда шошына қашқан түлкі, қасқырларды атамыздың қыраны бірін де тірі жібермей, шетінен бүріп өлтіре береді екен де, бабамыз алған түлкілерін қанарға салып ала беретін болыпты. Сол себепті құсының атын: «Қап салған қыран» атапты. Ал Шәкеңе соңында біткен 5 мың жылқы жоғарыдағы Қасымхан төренің берген көк байталдан өссе, қойы 60 түлкінің терісіне айырбастап алған 60 тұсақтан және Діміктен алған 20 қойдан өскен екен.

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*