Білім

Миллиард ішіндегі миллион

Қазақтың үштен бірі әлемнің 40-тан аса елінде әр алуан тірлікте өмір сүріп жатыр. Сол қандастарымыздың атамекенде басын қосып келе жатқан Құрыл­тай туралы айтқанда, ең алдымен осы күнге жеткізген тәуелсіздік ойыңа ора­лады. Иә, әлем қазақтарының І, ІІ, ІІІ, ІV қауымдастық жиынын өткізуге қа­сиетті де қастерлі ұғым – тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырмыз.
Миллиардтың ішіндегі миллион боп есептелетін Қытай қазақтарының дені жаңа аймақ – Шыңжаңда тұрады. Он­дағы ең ірі әкімшілік аумақтар – автономия мен өлкелер болып есептеледі. Оларға аймақтар мен облыстар қарай­ды. Одан төменгі құрылым – аудандар мен ауылдар. Орталыққа тіке қарайтын санаулы ірі қалалар да өлке дәрежелі мәртебеге ие.
Шыңжаң ұйғыр автономиялы айма­ғы (ШҰАР) бұрынғы Хань тарихна­маларында Батыс өңір делініп келген. Еуразия құрлығының кіндігінде жатқан оның жер аумағы 1 миллион 660 мың шаршы шақырымнан асады. Яғни, бүкіл Қытай аумағының алтыдан біріне ие. Шет елдермен шекара желісі 5400 ша­қы­рым­нан артық. Солтүстігінде Алтай, ортасында Аспантау – Тянь Шань, оң­түстігінде Койнлон таулары тұр. Аспан­таудың солтүстігінде Жоңғар (дұрысы Құбы), оңтүстігінде Тарым ойпаты жатыр. 750 өзені бар Шыңжаңның жер беті суының жылдық ағыс мөлшері 88 миллиард 400 миллион текше метрді құрайды. Өзендердің ішіндегі ең үлкені – Іле мен Ертіс. Қалғандары (Тарым, Қа­рашәрі, Үліңгір, Манас) орташа не ша­ғын су көздері болып есептеледі. Ай­мақтың орта шенін бітік тораңғы ор­ман жапқан. Таулы массивтерінде 18 мың 600-ден астам мұздық бар. Аумағы бір шаршы шақырымнан асатын көлі­нің саны – 139. Тұщы көл Бағыраштан жы­лына мың тоннадан астам балық ау­ланады. Бұл өңір қамысқа да бай. Айдынкөл теңіз деңгейінен 155 метр төменде жатыр. Боғда көлі теңіз деңгейі­нен 2000 метрдей биікте тұр. Солтүстік Шыңжаңда бұдан басқа Сайрам, Қанас секілді тамаша көлдер бар. Қытайдағы ең үлкен ойпат – Тарым. Екінші үлкен ойпат – Құбы. 380 мың шаршы шақырымдық оның ортасында Құбының құмы жатыр. Жалпы алғанда Қытайдағы шөлді жердің 60 пайызы Шыңжаңда.
Аймақта күн сәулесінің түсуі 3400 сағатқа шейін барады. Сондай-ақ сөз етіп отырған жеріміз – желді өлке. Та­би­ғаттың бұл байлықтары энергия көзі ретінде енді ғана пайдаланыла бастады.
Шыңжаңның 37,8 пайыз жеріне ғана орман өсіп, ауылдар орналасып, мал шаруашылығы өркен жайған. Егістік аумағы кісі басына 3,13 мудан (бір гектар – 15 му) келеді. Орманды алқаптар бір миллион 978 мың, пайдалануға болатын табиғи жайылым 51 миллион 310 мың гектардай. Шыңжаң – құрғақ, жауын-шашыны аз, ауа райы құбыл­малы өлке.
Бұл өлкенің кен қоры мол, 138-ден астам руда түрі бар.  Оның 26-ы қоры жа­ғынан Қытай бойынша алғашқы бес­тіктің ішінде. Алтайдың алтыны, жа­құты, шырымталы әлемге әйгілі. Шың­жаңда сондай-ақ мұнай, табиғи газ, көмір, майлытас, шымтезектің де қоры өте мол. Ресми деректерде мұнай бай­лығы 20 миллиард 860 миллион тонна, табиғи газ 10 триллион 300 миллиард текше метр деп мөлшерленген.
Шыңжаңда төрт түліктен басқа 700-дей жан-жануарлар өмір сүреді. Мұнда өсетін 3569 түрлі өсімдіктің ішіндегі 100-ге жуығы құнды дәрілік, емдік табиғат байлықтары.
Байырғы Ұлы Жібек жолында жатқан Шыңжаңның ерте заман мәде­ниет құндылықтары, өнер туындылары, көне сәулет өнері мен оба, қорғандары және петроглифтерінің ірілері – 300-ге таяу. Бұдан басқа 22 жаратылыстық қорық бар. Ертедегі қала қалдықта­рының ішіндегі ең атақтылары – Ярғұл, Едіқұт, Кроран, Көтең, Шаты.
Тарихи деректерге қарағанда Шың­жаңда адамзат бұдан 50-60 мың жыл бұрын тіршілік ете бастапты. Олар 4000 жылдың алдында қола, 2700 жыл­дың алдында темір дәуірі кезеңінен өткен екен.
Сонау Амур мен Сарыөзеннің (Хуан­­хэ) батысы ежелден әртүрлі тай­па­лардың атамекені екені тарихнамалардан белгілі. Бұл ұлан байтақ өңірде сақтар, ғұн тайпалық одағы салтанат құрған. Ғұн қағанаты ыдырай бас­таған­да, Аспантау мен Алтай арасындағы өңір үйсіндер қолына өткен. Бұл б.з.б. ІІ-І ғасырларда басталған еді. Хань әулетінің алғашқы мәмілегері Жяң Чян осы тұста (б.з.б.119 жыл) Алатау мен Балқашты алып жатқан Үйсін еліне келіп сөйлесіп қайтқан. Сөз ретіне қарай айта кетейік, Қытай тарихнамасында Үйсін мемлекеті ( Усүн Го) Жетісуды кіндік еткен, батыстағы өңірдің алып елі деп айқын жазылған.
Енді қазіргі заманға келсек, Шың­жаң­мен іргелес Гансу өлкесінде он неше Бейжің сықылды ішкі Қытайдағы қалаларда мыңға тарта қазақ бар. Негізінен бұл елдегі қазақтардың көбі Үрім­шіде, Құмыл аймағымен Санжы, Бұра­тала облысында тұрады. Ал қазақтың ең жинақы орналасқан өңірі Іле Қазақ автономиялы облысы дер едік.
ШҰАР 1955 жылы 1 қазанда құрылған. Қытайдағы дағды бойынша, мемлекет ішінде мемлекет (республика) болмайды. ШҰАР – автономияға ие өңір ғана. ҚХР-дағы заңдар бойынша, оған бірқыдыру автономиялық мәртебе­лер берілген және беріліп те келеді.
Шыңжаң ішіндегі ең ірі әкімшілік аумақтар автономиялы облыстар мен аймақтардан, тіке қарасты қалалардан тұрады. Мұнда бес автономиялы облыс бар. Олар – Іле қазақ, Бұратала моңғол, Санжы хұйзу, Байынғолын моңғол, Қы­зылсу қырғыз автономиялы облыстары. Алтай, Тарбағатай, Тұрпан, Құмыл, Ақсу, Қашқар, Хотан сияқты жеті аймақ бар. Үрімші мен Қарамайлы қаласы ШҰАР-ға төте қарайды. Мұндағы 20 аудан дәрежелі қала, 62 аудан, 6 автоно­миялы ауданды айтар болсақ, соңғы­лар­дың ішіндегі екеуі (Санжыға қарайтын Мори мен Құмылға қарайтын Баркөл) қазақ автономиялы аудандары.
ШҰАР-дағы халық 2009 жылғы дерек бойынша 21 миллион 586 мың 300 деп есептеледі. Мұның ішінде, ұйғыр­лар 10 миллион 198 мың 800, ханзулар 8 миллион 416 мың 900, қазақтар 1 мил­лион 514 мың 800, дүнгендер 980 мың 400, қырғыздар 189 мың 300, моң­ғолдар 179 мың 600. Қалғанын тәжік, сібе, мәнзу, өзбек, орыс, дағұр, татар ұлттары құрайды.
Қытайдағы жоспарлы бала туу саясаты 1975 жылдан бастап қала хан­зу­ларына, 1980 жылдан бері елдегі бар­лық ханзуларға, 1989 жылдан аз ұлт­тарға жүргізіле бастады. Аз ұлттарға екі (ішінара жағдайда үш) перзент кө­руге рұқсат етіледі. Егінші, малшылар­ға үш (ішінара жағдайда төрт) перзент көру мүмкіндігі бар. Қытайдағы қазақ­тар­дың жылдық өсімі, кей жылдары, 26000-ға дейін барады. Бұл ең кемінде 2600 отбасы деген сөз.
Қытай халқы кешегі мәдени революция заманында небір ауыр күндерді басынан кешті. Бірақ соңғы 30 жылдан аса уақыттан бері бұл елдің қарқынды дамығаны әлемге аян. Содан бері, әри­не Қытай қазақтары да өркендеді, өсті. Бұған бір ғана мәдениет саласынан аздап мысал келтіріп көрелік. ХХ ғасыр соңында, ШҰАР-да радио мен теледидар барлық елді мекендерге жеткізілді. Қазір дамылсыз жұмыс істейтін екі қазақ тіліндегі телеарна мен қуатты радио І мекемесі хабар таратады. Бейжің­дегі орталық халық радиостансасының да қазақша бағдарламасы бар. Әрине, мұндағы қандастарымыз өзге тілдегі ақпарат көздерінен де емін-еркін игілік алады. Үкімет қолы қысқа отбасылары­на теледидар, радиоқабылдағыш әперу үшін қыруар қаржы жұмсауда. Компьютер бағасы мен интернет пайдалану ақы­лары да тез төмендеуде. Басты ға­лам­тор орталықтарының қазақ тілді бө­лім­дері бар. Қандастарымыздың өздері жүргізіп жатқан торбекеттері (вебсайт) мен блогтары көбеюде.
ШҰАР-да қазақ тілінде неше онда­ған мерзімді басылымдар жарық көре­ді, жүздеген кітаптар мол таралыммен шығып жатады. Өйткені, мұнда жұртқа ұйытқы болып отырған қалың зиялы қауым, қаламгер бар. Он­шақты баспа олар үшін қызмет етеді. Бейжіңдегі «Ұлттар» бас­пасында қа­зақ бөлімі бар. Бейжің демекші, бұл орталық­тағы радио бекетінде, аударма мекемесінде қазақ бөлім­дері жұмыс істейді. Орталық­а бола­тын Парламент, өзге де жиындарда ресми қол­да­нылатын бес тілдің бірі – қазақ тілі. ҚХР астанасындағы Ұлттар университетінде қазақ филология факультеті де жыл сайын көптеген тіл және әдебиет мамандарын дайын­дайды.
Бүгінгі күнде, кешегі ұлы Абай­дың ұлы ісін Қытайда жалғастыр­ған Ақыт, Әсет, Таңжарық сияқты алыптардың жалғасы, ізбасарлары жүздеп саналады.
Қытай қазақтарының дәстүрі, мұрасы, салты солақай дауылға аз ұшыраған жоқ. Бірақ ондай құбыл­ған замана желі рухы мықты жұрт­тың  қай­­мағын бұза ал­мады. Қазір қазақ әдебиеті қы­рандай түлеу үстінде. ШҰАР-да ақын­дар ай­тысы аудан, аймақ, облыс және аймақ дәре­жесінде өтеді. Оған үкі­меттің мін­­детті түр­дегі ұйым­дас­тыруы, қар­жы­лан­ды­руы кең мазмұнда әрі жос­парлы жүр­гізіліп тұ­рады.
Иә, бұл елдегі қазақ­тарды аяғынан тік тұр­ғызған оқу-ағарту, яғни білім беру екені даусыз. Қытай ел ертеңінің жаны білім беруде деп білетін көреген мем­лекеттердің бірі ғой. Сон­дықтан бұған зейін де, қаржы да тоқтаусыз құйылып жа­тыр. Бұл ШҰАР-ға да артығымен берілген басым сипат­тағы оң құ­былыс.
Жалпы алғанда, мұндағы қазақ ұлтына білім беру жұмысы ШҰАР-дағы өзге халықтармен салыстыр­ғанда алдыңғы лекте келе жатыр. Мысалы, ХХ ғасырдың 80-жыл­дарына дейін, Қытай қазақтарында жоғары дәрежелі ғылыми атақ ал­ғандар жоқ еді. 1983 жылы тұңғыш рет үш бауырымыз доценттікке қол жеткізгені бар. Олар қазақ әдебие­тінен Ахметбек Кірішбаев, марксизм теориясынан Төлеухан Ыбы­рай, радиоэлектроникадан осы ма­қала авторы болатын. Ол заманда докторлық сияқты ғылыми дәреже­лер буржуазия ағымы саналып мүлде тоқтатылған-ды. Кейін Ахметбек пен Сұлтан тұңғыш профессор да болды. Ал бүгінде, тек бір ғана Шыңжаң университетінің өзінде, қазақтардан ондаған профессор, докторлар бар.
Оқу-ағартудың дамуы қазақ ұл­тынан мемлекет ісіне араласа ала­тын басшылар мен қайраткер­лерді әрі көбейтті, әрі күшейтті. Қазір мыңдаған қазақ кадрлары әр дәре­желі басшылықта жүр. Қытайдағы қазақтар тарихында жоғары мен төменге бірдей беделі асып, тұң­ғыш рет ең биік дәрежеге – Қытай Компартиясы Орталық Комитетіне мүше болуға дейін барған Асхат Керімбайұлы бұған кемелді мысал. Ол 1947 жылы Құлжада туған жігіт. Шыңжаң университетінің түлегі. Бұдан бұрын Іле аймағы уәлиінің орынбасары, Іле пединститутының партком хатшысы, осы облыс бас­шысы, ШҰАР Үкіметі төрағасы­ның орынбасары сияқты лауазым­ды қызметтер атқарды. Қазір Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ресми мүшесі, ШҰАР Саяси Мәслихат кеңесінің (СМК) төрағасы. Мемлекеттің ішкі-сырты­на танымал қайраткер. Бұдан басқа ШҰАР парламентінде Алпысбай Рахымұлы, ШҰАР парткомында Нұрлан Әбдімәжінұлы, ШҰАР үкі­метінде Тілебалды Әбдірашит­ұлы, Саяси мәслихат кеңесінде Қызай­жан Сейілқожаұлы, ШӨҚА-да Ға­ни­бет Сәбікейұлы сияқты қандас­тарымыз басшылық міндет атқаруда.
Қазақ елінің тәуелсіздік алға­нына 20 жыл толуына орай өтетін Астанадағы Дүниежүзі қазақтары­ның ІV құрылтайына Қытай мемлекетінен 60-тан астам уәкіл шақыры­лып отыр. Бұларды алып көршіден келетін ресми адамдар, яғни сол елде тұратын басшылар мен жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерінен құ­рал­ған үкіметтік делегация (23 адам), одан кейін Қазақ елі тарапы­нан шақырған жеке тұлғалар тобы (25 адам) құрайды. Тағы бірі, Қы­тайдағы қазақ жастарының футбол командасы (13 жігіт) дер едік.
Қытай ресми делегациясын бұ­дан бұрынғы Дүниежүзі қазақтары­ның ІІ құрылтайына Асхат Керім­байұлы, ІІІ құрылтайына Дәлелхан Мәмиханұлы бастап келген бола­тын. Бұл жолғы ресми делегация­ның басшысы – Тілебалды Әбдір­әшитұлы.
Қытай қазақтарының Қазақстан­ға арнаған тілегі, ақ ниеті ізгі. Қа­зақ­стан десе, құлақтары түрулі жүре­ді. Екі ел арасындағы саяси сенім мен қолдаудың күшейгеніне қуанады. IV құрылтайдың ойдағы­дай өтетініне тілектеспіз және оған бек сенімдіміз.
Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ, жазушы, профессор, ҚХР-дағы ШҰАР Білім комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, Бүкілқытайлық Халық өкілдері жиналысының (Парламентінің) 1993-2003 жылдардағы 8-9 шақырылымының депутаты.
Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесі, Үрімші шаһары.
Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*