Жаңалықтар

Тосын

 ТосынДала ән салады. Сіз дала салған әнді естіп, көргеніңіз бар ма? Төсінде ойнаған сағымы қол бұлғап шақырып, жетемін деп емінген сайын жеткізбей, көсіліп жатқан сардала тылсым әуенін өзін сүйген ұл-қызына қалай жеткізеді десеңізші?! Даланың әуенін тыңдап, сырын ұғыну үшін сол даланың перзенті болу керек пе деймін.
Жусаны мен жуасының, жалбызы мен жербұрышының, балқұрағы мен бида­йы­ғының, бозкөдесі мен бозселеуінің, қымыз­дығы мен қияғының жұпары самал желпіген сайын жан сарайыңды тербеп, әрбір сайы мен оның саласы, қырат-қолаты, жырасы мен жылғасы көз алдыңа балалығыңды әкеліп,  тал өсіп, ит-құсы жыртылып айырылатын, дала өзендерінің жағасына аялдап, аяқ суыттыңыз ба? Сонда әке-шешемен, туыс-туғанмен, дос-құрбымен бірге жүрген осы жерлердің барлығына тіл бітеді, сөйлейді, ән салады емес пе? Көкірегіңе құйылған нұрмен, сағынышқа айналған, жаңа өзің қуған сағымдай қол жеткізбес өткен күндер көз алдыңнан сырғи береді, сырғи береді. Кішкентай күніңде біп-биік болып көрінген жардың аласарғанын, кең айдын шалқардың тартылғанын көресің. Апыр-ай, шынымен осындай болды ма, әлде бала күніңде өзің кішкентай болған соң олар көзіңе үлкен болып көрінді ме екен, әлде шынымен жер ажар-кейпінің өзгергені ме дейсің. Мен кіндік қаным тамған, Торғайдың төсіне таққан тұмары, құйқалы топырағы қыста малды тебіндетіп-ақ алып шығатын Тосын өңіріне барғанда дәл осы күйді басымнан өткердім.
Ол кездері Тосында ырғын ел отыратын. Қыстыгүні атты шанаға жегіп жіберіп, тізгінді әкем ұстап, бізді тұлыпқа орап, Тосынға туыстарға баратынбыз. Кербез қыздай керіліп, әсемдігі мен әдемілігін бұзбай жерге баппен, маңғаздана, маңызданып түсіп жатқан қар сен оранған тұлыпқа да қонады. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын, жылт-жылт еткен, әрбір қыры айшықтанып, тек қана симметрияға құрылған қардың әсем құрылысына таңғалып қызықтап, атқа тағылған қоңыраудың үніне құлағыңды тосып, шана үстінде тербетіліп, аспанға бір, жерге бір қарап, келе жатқанда орғыл-орғыл жатқан құмның бір биігіне шығасың, жан-жағыңа қарап үлгермей жатып, жып-жылы ойпаңға түсесің, маңайыңа көз салып, қар үстіндегі көкпеңбек моншақтарға қол созып жұлып алайын деп қарманып жатқаныңда тағы бір төбеге көтерілесің, осылай жалғаса береді, жалғаса береді. Тосын қызығы өмірі тоймайтын қызық. Әне-міне дегенше алдыңнан иттің үргені естіледі, шанамен қапталдаса абалап келе жатқан иттен қорқып, анаңның қолын тас қылып ұстап, көзіңді тарс жұмғаныңда әкең де атын «дыррр» деп тоқтатып, ертегі әлемі – Тосын топырағына табаның тиетін.
Әке-шешең қыстың күні ғой деп тұлыпқа әшейін орайды. Әйтпесе, Тосын іші жып-жылы. Күртешең ойнасаң еш тоңбайсың. Қарсы алған үйдегі Тосында отырған туысың­ның баласы қолымен сілтеп, ана қырдың астында ана ағаның үйі бар, мына жақта мына ағаның үйі бар деп сағынған туысыңның атын айтады. «Жақын ба?» дейсің көргің келіп кетіп. «Жап-жақын, барамыз ба?» – дейді. Әрине, әрі жақын болса, әрі жол бастаушың дайын болса не тұрыс. Тартып кетесің.
Жол бастаушың қар үстінде жайнап жатқан моншақтардың арша екенін, оны қолмен жұлып ала алмайтыныңды айтады. Арша дегенге елең етесің, өйткені, үйге соғымға, шекеге аталарды шақырардан бір күн бұрын әкең отырып, аршадан тіс шұқығыш жасайды. Түсі қызыл, ал иісі керемет. Әкең біреуін саған да береді. Ох, дәмі қандай тамаша! Енді сол дәмі таңдайыңды жұлып кететін аршаны көзіңмен көресің. Аппақ қардың үстінде жасыл шөптің бетіне тізілген көк моншақтар қандай әдемі. Жол бастаушың келе жатып, жерге тағы еңкейіп: «Сендер сағыздың қайда өсетінін көрдіңдер ме?» деп сұрайды. Жоқ, шайнағаның болмаса, мүлдем көрген емессің. «Мынау сағыз, – дейді ол, – жазда осыдан сағыз ағады, ол тазасы, дер кезінде жинап алмасаң, түбіне кетіп қалады, ал түбіндегісін сағызға айналдыру үшін ұзаааақ шайнау керек». «Неге?» дейсің үздігіп. «Өй, соны да білмейсің бе? Құм емес пе, құмнан тазартып алу үшін ұзақ шайнайсың», дейді. Білместігіңе, соншама мақаупестігіңе ұялып, міңгірлеп төмен қарайсың. Жаңағы батыр сенің ұялғаныңды байқап, бір жас үлкен ағаң екендігі есіне дереу түсіп кетіп, алғашқыда мен де білмегенмін, дейді. Бойыңды тіктеп, енді өзіңнің білетін болғаныңды малданып, кәдімгідей қопиып, бұдан былай білмейтіндерге айтып, үйрететініңді ойлап қиялдап кетесің…
Жоқ, туыстың үйі онша жақын емес екен. Қашан жетеміз дейсің, аяғың талып. Жақын қалды, анау қырдың астында, дейді. Осылайша кішкентай адымдарыңмен жүрген жолыңды қысқартып, томпаңдап, ағаңның соңынан еріп келесің. «Тоқтайық, мынау қорым, оған құран оқымай, тоқтамай өтуге болмайды. Құран білесің бе?» дейді жол бастаушың. Тағы білмейсің, ұяттан жерге кіріп кетердей. «Онда мен оқимын», дейді. Бет сипап, аздап отырып, кішкене тынығып қаласың. Кеттік, деген командамен тымпыңдап тағы артынан ересің. Жеткізбейді-ау, жеткізбейді. Жаяусың ғой. Енді маңайыңды да қызықтамайсың, есі-дертің – діттеген жерге жету. Мұнда қасқыр да бар дейді, бір кезде ағаң. Одан сайын зәрең зәр түбіне кетеді. Алдыңнан қоян ытқып жөнеледі. Шоршып түсесің. Ағаң шегі қатып күліп, өй, ол қоян сенен қорықты ғой, дейді. Қасқырдан қорыққан жайына қалады. Батырсың. Сенен қоян қорқады.
Өлдім-талдым дегенде іздеген туысың үйіне жетесің. Алғашында көргенде қуанып қалған апаң, сенің соңыңнан қарайды. Үлкендерді іздегені. Содан өздеріңнің жалғыз екендіктеріңді, үстеріңде сырт киімдерің жоқ, желең келгендеріңді біліп, ойбайлап, күйеуіне: Тез, шанаға ат жек, мыналарды апарып тастау керек, іздеп жатқан шығар, дейді күйгелектеніп. Аң-таңсың, өкпең талып іздеп келсең, апаң кейіп жатыр. Жалма-жан пештің үстіндегі ыстық сорпадан құйып, алдыңа ет қойып, қоюлығынан ішіне салған қасығың тік тұратын тәтті айран береді. Айраныңды ішіп бола бергеніңде артыңнан қуғыншы да жетеді. Бағып отырған малын көмекшіге жәттеп тапсырып, аға-апаң да сенімен бірге туысыңның үйіне келеді. Айтпақшы, қайтар жолдың қандай болғанынан еш хабарың жоқ. Күндікке жүрген жаяу жүріс өз дегенін жасайды, әрине, ұйықтап, қалай жеткеніңді сезбейсің. Ертеңіне кешегі іздеп жүрген туысыңның үйіне барасың. Бұл жолы енді шанамен. Үлкендердің өздеріңе ұрысқанынан, бірі-біріне Алла сақтаған деп айтқанынан кешегі күні үлкен қатерден қалғаныңды білесің. Себебі, қасқыр жеп кетуі, адасуың да мүмкін екен. Жол бастаған ағаңның да сенен бәлендей үлкендігі жоқ, жасы 6-да ғана екен.
Ертегі елінен, қыстағы жып-жылы жұмақ­ты қимай, құмда отырған туысың «орталық» деп қопақардай қылатын мектебі, емханасы, кеңсесі, балабақшасы бар ауылыңа қайтасың. Балабақшаға келіп, көргендеріңді айтсаң, егер олар Тосынға бұрын барып көрмеген болса, сені еш түсінбейді. Қарадай күйіп-пісесің. Әйте­уір, Тосынға тек қыста ғана барасың. Оның сырын ол кезде ұғып жатпайсың. Енді ғой…
Тосынды негізі құм деп атағанымен, оның құмы көшпейді, жері шұрайлы, өте құйқалы. Желі жоқ, бір күрек бойы қазсаң суы шығатын, өсімдіктің небір түрі өсетін Тосынның өзге өңірлерде ондай түрі кездеспейтін ажарлы аршасы, таранған тотыдай тораңғысы, баданадай жемісін жегенде жеңсігіңді басатын жидесі кейде тоғай-тоғай болып өседі. Жиденің қалың өскен жерінен жиде терген бір ғұмыр. Арасында қурап ақсөңке болған ақжиде бар. Тосындағылар отынға осы ақжидені ғана жағады. Оқымағанымен даланың көзі ашық, көңілдері ояу ақсақалдары өсіп тұрған жидеге балта тигізбейді, тигіздірмейді де. Тек қураған кезде қабығы түсіп, аппақ болған ақжиденің түтіні қандай. Аппақ болып, түп-түзу күйінде көкке шаншылып, көз жеткен жерге дейін тіп-тік ұшып, көк зеңгірге сіңіп кетіп жатады. Тосында Айкүмістің жидесі деген қасиетті ағаш бар. Елдегі айтқыштар өздеріне ертеден жеткен есті әңгімені былайша таратады.
Заманында үш жүздің баласы тегіс әулие тұтқан Сырдың бойын қоныстанған Марал атты ишан өтіпті. Соның Қалқай деген тұңғыш ұлынан Айкүміс атты қыз туады. Ал Тосында Байғозы Бақай Боқы деген он мың қой біткен, дәулеті шалқыған, мыңғыртып мал айдаған бай болған екен. Алла тағала бәрін бірден берсін бе, Боқы бір перзентке зар екен. Сонау Сырға үш рет барып, Маралдан жарылқауды сұрайды. Үшінші барғанында Марал ишан: «Алла жарылқайды, мал мен жаныңа ие болатын бір ұл береді», дейді. Айтқанындай, Боқы үйінде шыр еткен нәрестенің дауысы естіліп, тіл-көз тимесін, елеусіздеу болсын деп бай баласының атын Елеусіз қояды. Әке еркелеткеніне ел еркелеткені қосылып, Елеусіз тым шалдуар, тентек болып өседі. Енді аяқ жетер жерде ешкім оған қыз бергісі келмейді. Боқы салып ұрып, Маралға тағы барып: «Өзің тілеп алып берген ұл еді, енді өзің адам қатарына қос, немерең Айкүмісті балама бер», дейді. Ойланып келіп, ризашылығын берген ишан: Қойыңды бір жерге иір, менің адамым қақ жарып өтсін, сонда бөлінген қой қыз қалыңы болсын дейді. Келісілді. Шауып келіп, қалың қойдың ортасын ойып шауып өткенде жүз ғана қой бөлініпті. Құдасының қимасын сұраған Боқы: «Қой, мынау аз, тағы да солай өт», дейді. Сөйтіп үш рет өткенде 300 ғана қой бөлініп, Марал ишан: «Саған 10 мың қой біткенде киесімен берілген екен. Разымын, бұйырғаны осы шығар», деп жастар­ға батасын беріпті. Айкүміс ақы-пұл алмай елді емдеп, әулие келін атанады. Ал Айкүміс жидесіне пышақ тисе, қызыл сөл– «қан» шығады. Көбеймейді де, азаймайды да. Жұртшылық басына барып тілек тілейді, ырым қылады.
Тосында айтылар аңыз көп. Біреуінде Асан ата желмаясымен желіп келе жатып: «Ақшабағы май татыған, қара суы бал татыған Тосын мен Торғай-ай! Әттең, ат сауырына сыймайсыңдар-ау, сыйсаң бөктеріп алып кетер едім», деген екен. Тосын бойын қалмақтар қоныстанып, малдары төлдеп көбейіп, төлдері құйқалы жерден қоңайып, ырғатылып көше алмастай ырғындай қалың ел болғанда Шақшақ Жәнібек батыр бастаған қазақ Тосынды торғауыттан босатады. Жер иесі, ел киесі қалың қазақтың мысы басып, қимай тұрып, Торғай өзенінің қарсы бетінде тұрған қалмақтар алақанын теріс жайып тұрып, «Көк майсасы белден келетін, балығы тайдай тулаған, ұшқан құсы жыртылып айырылған қайран сахарам-ай, сақау қазаққа қалып барасың-ау», деп теріс бата беріпті.
Біріншісі – «Өзің білме, білгеннің тілін алма», екіншісі – «Ешкімге айта алмай­тын, сыртқа шығара алмайтын қара сасырға күн­­де жолық», онысы – ұл-қызым жаман, келі­­нім мен күйеу балам, алған жарым немесе ота­ғасым жаман деп кімге айтасың. Қор­лық­ты үй ішінен көріп, күнде бүгіл және оны сыртқа шығара алмай қинал, дегені екен. Үшіншісі – «Бұрынғы қайғыңды соңғы қайғың ұмыттырып отырсын» дегені көрі­неді.
Тосын – төрт түлік малды мыңғыр­тып өргізетін нағыз шұрат. Кезінде, Кеңес өкіметі тұсында бірнеше кеңшардың 100-ге тарта отары қыс қыстағанда жері тозған емес. Тосындағы шаруа тек мал қайыратын атына ғана болмаса, ақтылы қойына, үйір-үйір жылқысына қыста жемшөп даярламайды. Мал қыс бойына тебіндеп шығады. Содан да болар, бір аңқау атамыздың артында күпіршілік болса да «Тосында жүріп құдайдан қорқа ма?» деген сөз қалыпты. Және Тосын малының еті мен сүтінің дәмі қандай? Бозқанақ, мия, тарлау, қияқ, тілқияр, құрақ, беде, бетеге, майшағыр, өнбе, қызылша, ебелек, жербұрыш, саңырауқұлақтың сан түрі, алшын, жусанның көп түрі – желбас жусан, көкбалақ жусан, бозжусан, сүттіген, ысқын, ақмамық, есекмия, итсигек, шағыр, шайыр, кекіре, қарасора, шыралжың, көде, еркекшөп, киікоты, құмжуа, қойжуа, раң, құмсәбіз, көсік, қымыздық, атқұлақ, меңдуана, балқұрақ, бидайық, қурайдың небір түрі өсетін жерлерге таңдап барып қойын жаятын шопан, қай жерден мал тез отығады, қай  жерден тез қоң жияды, қой қырқымның алдында жүні тез көтерілу үшін қай жерге жаяды – соның бәрін көкірек көзімен саралап, сан жылғы тәжірибемен ұштастыра бағатын. Мал өсіру арзанға түседі, Тосынды мал үшін Жаратқан Ие жасап қойған ашық албар дерсің, дейді жер қадірін ұғынып, қасиеттей біліп, көкірегіне туған жердің тарихын тоқып, сұлулығын жадында көмескілендірмей, перзенттік пейілімен, бар ынта-шынтасымен жүрегінде аялаған Сабыржан аға Шүкіров.
Жарықтық жануарлар жазда шауып, тасып алған шөпті амалсыз оттаған емес, тебіндеп жүріп, таңдап жеген соң Сартосынның етін жеген адамның таңдайына басқа еттің дәмі де татымайды. Тосында жайылған сиырды күздікке сорпа-сулыққа деп сойса, оның еті жылқыға бергісіз, ал жылқысының етін қазанға салып қайнағандағы оның сол маңайға жайылатын иісінің өзі неге тұрады?! Торғайдың өзге жерінің жылқысының еті дәмді болғанымен, дәл Тосынның жылқысына жетпейді.
Торғай өзенінің орта ағысында 70 шақы­­­рымдайға созылып, ені 30-дың маңайындағы Тосын – Бала құм, Ұлы құм болып екіге бөлінеді. Екі құмның бойын Ақөзек айырып жатыр. Ақөзек деген атынан байқалғандай, сортаң­данып жатқан бұл өзектің Нұра (Ақ­төбе облысы) жақ бетінің төбелері аласа жа­заң­дау болып келіп, оның әр шұңқыры, төбе­лер арасындағы ояңдар бір отар қойға бір ай азық болады. Тосын­ның жер астындағы суы өте жақын. Ал Ақөзекке күрек салып, құдық қазсаң суы кермек, ал одан сәл әрі құм ішінен мейір қандыратын тұп-тұщы су шығады. Бір-бірінен 10 қадам жердегі судың айырмасы осындай.
Қыстаулардың негізі Ұлы құмда орна­ласқан. Әрқайсысы осы өңірді қоныстанып келген аталардың қасиеттеген ата қоныстары. Кеңес тұсында оларды трактормен тегістеп, қыстау орнын үйіндіге айналдырған заман да болған.
Қазіргі мал иелері бұрынғыдай Тосынның ішіне сұғына енбейді. Бергісінің өзі жеке-жеке қожалық құрған 5-6 отбасыға жетіп артылады. Торғай бойын жайлаған қашанғы халықтың аузында «Ахау, Көжек, Ағуан, Шегедек» деп қатар айтылатын төрт ағайындының Ахауынан тараған бір отбасы Тосында өз әулетінің малын бағуда. Қасына көмекшілікке адам алып, шағын ауылдағы кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігінің де жүгін көтеріп, бір отбасыға бала-шағасын асырайтын нәпақа тауып беріп отыр. Қыстың салмағының Тосындағы мал баққан жанға салатын ауыртпалығы жоқтың қасы. Қарап тұрып, бір кездері 100 отар қой қыстағанда мұрты бұзылмаған Тосын осылай тусырап бос жата бере ме, ел қондырып, мал басын өсіруге жағдай жасаса, шетелден келген қазақтар осында мал-жанын көбейтіп жағдайын түзей­тіндей шаруа атқарылса, қандай керемет болар еді. Тосын адам қашатын жер емес қой. Еліне оралған оралманның құт ме­ке­ніне айналмас па еді. Ал баққан малының етін, жүнін өң­дейтін аудан орталығында кәсіпорындар ашып, толық кластерлік жүйе ендірсе, ертеңгі ұрпақ үшін де өнегелі іс болар еді деп ойлайсың. Қазіргі шаруа болса: Артық өнімімізді өткізетін жер жоқ, сойылған мал терісін де қайда жіберерімізді білмейміз. Тек сиырдың терісін ғана қаладан келіп сатып алатындар бар. Кейде оның бағасы арзандап кетеді, онда көңіліміз пәсейіп қалады, ал бағасы көтерілсе кәдімгідей қуанып қала­мыз. Ал жүніміздің ешкімге қажеті жоқ. Өз қажетімізге жарататын аздаған бөлігін ғана өңдеп, қалғанын көміп тастаймыз немесе өртеп жібереміз, дейді. Қалай жаның ауырмайды. Қып-қызыл ақша ұқсата білмеген соң түтін болып, ауаны ластап, ыстап жатыр.
Бір кездері Тосынға Аманқарағаймен жер бедері ұқсас болғанын есептеп, аудан әкімі Жақан Қосабаевтың қолдауымен қарағай әкеліп егіліпті. Қарағай үшін құм мен жер бетіне жақын орналасқан су көзі болса жетіп жатыр. Сол кәдімгідей жерсініп өсіпті. Осы жұмысты да әрі қарай жалғастырса, жердің өңі одан сайын кіріп, қосымша жұмыс орындары да ашылар еді. Тосын бойы білген жанға нағыз экотуризмге сұранып тұрған жер. Тіптен жыл бойына үзбестен келген туристі таңдандырар аң-құстары мен табиғаты, ерекшеліктері жетіп артылады. Тосынның іші мен оның айналасындағы Айнакөл, Үлкен, Кіші Қаракөл, Қабақ, Сақыбай, Мәйен, Жанғазы, Шаңырақсалма, Алакөл, Сәйімбек, Нұралы, Ешкіқырған, Қарақамыс көлдеріне ресейліктер арнайы келіп, саятшылап, аң-құс, балық аулайды. Бірақ әзірге оның барлығы жабайы түрде өтеді. Ұйымдасқан, ізге түскен жоба жоқ. Егер қолға алынса, ауыл жастары елден қалаға барып, үй-күйсіз жүріп түрлі жұмыстар атқармас еді. Амал не, әке-шешеге масыл бола алмайды, үйде мал қарайтын біреуі қалып, қалғаны тұз-дәмін Арқалық, Қостанай, Астана сынды қалалардан іздеуде.
Тамырын тереңге жіберген текті топы­рақтан ұрпақтары қол үзбесе, Ғалым Бай­назаров, Сабыржан Шүкіров, Серік Тұрғынбеков, Кеңшілік Мырзабековті тудыр­ған, Нәуен, Әбіқай, Салпы-Мүсірептердей асылдарды берген топырақтан әлі талай ел кәдесіне жарар ұл-қыз шығар еді ғой.
Елдің қадірменді ақсақалдары Хамитжан Жарасбаев, Манаш Сүйінов, Асанхан Шалабаев ағайлардың көкірегі алтын сандық. «Баяғыда әкем Тәкіл әңгіме айтып отырғанда «Түу, әке, бірыңғай қайтыс болған адамдарды айтады екенсіз, бізге оның керегі не?» дегенімде әкем марқұм, иә сендерге керегі жоқ қой деп шұқылап отырып қалушы еді. Енді міне, өзім де отырмын, әңгіме қозғасам өмірден өткендер туралы сарнап», деп Тосынды жайлап, тоғыз ұлы тоғыз ауыл болған Ақмолда бай кәмпескеде айдалып кеткенде бәйбішесінің аштан өлгенін айтқан Тәкілқызы Бақтылы апаның әңгімелерінің өзі неге тұрады. Сонда бәйбішесінің үсті-басы алтынға малынған екен, онысы бір кесе қара тарыға айырбасқа жарамай, біздің үйдің шомының қасында жүріп кетіпті. Бетін шоммен жаба салдық, көметін әліміз жоқ, қиын зобалаң уақыт еді ғой, дейтін әкем. Тәкіл әкем алда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келеді деп айтып отырушы еді. Сол заман келді, балам. Бірақ осы кең заманда адамның пейілі тарылып бара ма деймін. Баяғыда қара Үсембай басқарма әділдігімен аз дақылды жан басына шағып, өзі жүріп кесемен үлестіріп, бір үйдің де түтінін өшірмеп еді. Заман бұзылған жоқ, адамның пиғылы бұзылып бара ма деймін.
Балам-ау, өзің туған үйдің орнын көрдің бе, қазір үйінді ғана болып жатыр. Қазір осы Түйемойнақта 15-ақ үй бар, шіркін Түйемойнақ десең Түйемойнақ қой, түйенің мойынындай иіріліп аққан Торғай өзенінің жағасында жатқан осы ауыл тұщы суымен Ақшығанақты асырап отыр. Біздегі ең қиыны жол қатынасы әйтпесе, телефон байланысы заулап тұр, осы жерден шетелмен де сөйлесуге болады, дейді.
Қазіргі Тосын бойына қазылған қазық – осы Түйемойнақ пен Ақшығанақ. Берекесі ортаймаған, бірлігіне сызат түспеген ауыл­ға өт­кен жылы келген жігерлі жас әкім Ба­қыт­жан Қонысбекұлы жаңа бір жақсы леп алып ке­ліпті. Үйлерінің сыртын әктеп, есік тере­зе­лерін бір түсті бояумен сырлатып, жаңа­дан са­лынған мешіт пен кеңсе айналасын дұрыс­та­тып, фельдшерлік пункті мұнтаздай етіп, ауылға субұрқағын да орнатып қойыпты. Әк пен сырды ауылдың коммерсанттары тасып әкел­се, қолы епсекті Берік Өсеров сынды аза­мат­тар барлығын өз маңдай терлерімен дұрыстапты.
Хамитжан аға бір әңгімесінде: Бұл елде өзіміз көзін көрген Аяған Кенжебайұлы сынды ғажап шебер өткен. Репрессия тұсында айдалып, Магаданға жер ауғанда Темірғали Нұртазинмен бірге жаза өтепті. Сол жерде темірден түйін түйіп, Темірғали жазып берген арыздың көмегімен елге оралған Аякеңді Темкең айтуымен Сара Есова апай іздеп келіп, бұйымдар жасатып еді. Өткенде телевизордан Аяған ұстаның соққандары деп көрсетті, көзімнен жас ыршып кетті, деген. Аяған ұста ұстаған көрікті көру үшін оның немересі Мақсұттың үйіне де бардық. Ұстаның немересі қарап отыра алмай сақина, білезік, ілгек соғады екен. Әкем көрігі тыныштық бермеген соң қолыма алдым, бірақ білдігім шамалы, зергерлеге барып үйренгім, көргім келеді, дейді нәсілдің көзі.
Торғайдың төсіне жарқырата таққан алқасы – Тосын құмы кешегі ызғын елді аңсап, сағынып жатқандай. Төріме келіп қоныстанған жанға құт емес пе ем, жабағылы жас тайлақ жардай атан болатын, жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болатын, түгін тартсаң майы шығатын, қоныстанған адамның күйі болатын, қыдырып келген қонақтың жайы болатын берекелі Сартосын болашақта құлазып, орғыл-орғыл құмдары мал тұяғын аңсайтын, тораңғы мен аршасы, жидесінің тоғайы жалғызсырап қалар ма деп қамыққанымен, ертеңгі күнге үміт артып, ертеңінен әлдебір жақсылықты күткендей ме қалай?! Тосыннан қимастық сезіммен қол бұлғап, елді ұмытпай келіп кетіп тұрыңдар. Астанаға айта бар, жолымыз дұрысталса елдің құтын қашырмай, ырысын шалқытып, берекесін арттырып отырамыз деген ағайын сөзінің шашауын шығармай қағазға түсірдім.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*