Тәңіртау мен Алтай арасы – Қазақтың ата қонысы
Бүгінде Қытайдың солтүстік-батысындағы Шынжаң провинциясының Алтай, Тарбағатай, Іле, Үрімжі, Санжы, Баркөл және Бұратала өңірлері бағызы заманнан көшпенділердің, соның ішінде қазақты құрған көшпелі тайпалардың ата мекені болғаны белгілі. 2000 жыл ілгері бұл өлкелерді Сақтар, Нүкүздер, Усүндер (үйсін) мекендеген.
Усүндер туралы сол замандағы Қытай деректерінде : «Усүндердің түтін саны 120 мың, халық саны 630 мың, садақты әскер саны 180 мыңнан асатын, батыстағы ең ірі мемлекет», – деп көрсетеді. Ал шындығында Усүн ұлы Ғұндардың қарастылығындағы ел болатын. Оларды Ғұн тәңірқұты Нүкүздерге қарсы аттандырған, олар Нүкүздерді жеңіп Іле, Тәңіртауды жайлаған. Ғұн мен Хан патшалығы арасындағы соғыс кезінде де Усүндер Ғұн жағында болды, Ғұндар олардың Хан патшалығымен тікелей қарым-қатынас орнатуына жол бермеген. Усүн ханының ғұн бәйбішесінің мәртебесі Хан патшалығынан алға ханшасынан жоғары болған. Демек, Усүндер Ғұнның батыс шекрасын қорғаушы жасақ қызметін атқарған. Оны 630 мың халқының 188 мыңы садақты әскер болғанынан да білеуге болады.
52 жылы адамзат тарихындаға ең алып империяның бірі – Көктүрік қағанаты құрылып, Алтайдың батысы мен Тәңіртаудың теріскейі, Іле бойын Көктүрік құрамындағы «он оқ бодұн» (он оқ халқы) мекендеді. Олардың ішінде Шөмеген (кіші жүздегі Шөмекей), Түргеш (қазіргі Қазақтың Қаңлы тайпасындағы Түргіс руы) руларының аты аталады. Түрік қағанатынан кейін Қарлұқ мемлекеті құрылды.
Қарлұқтың территориясы да Алтай мен Тәңіртаудың арасы, батыста Шуға дейінгі жерді алып жатты. Қарлұқ құрамындағы Беріш қазір де қазақты құраған белгілі рулардың бірі. 942 жылы Яғма, Шығыл тайпаларынан Қарахан мемлекеті құрылады. Яғыма әлі күнге Қоңырат арасында Жәйма деген атпен белгілі болса; Шығылдар Шапырашты мен Албан арасындағы Шыбыл атымен белгілі ру. Махмұд Қашқари өзінің әйгілі «Түрік тілдер сөздігінде»: «Іле бойы Шығылдардың жәйқұны» деп көрсетеді. Шыбылдар қазір де осы мекенде жасап келеді.
1125 жылы Иелүй Дашы Моңғол сахарасындағы рулардан әскер алғанда Керей, Найман, Қоңырат, Меркіт, Жалайыр рулары да қатысады.1131 жылы құрылған Қарақытай мемлекетінің құрушылар да Қытай (Кидан) деген ру атымен Найман, Керей, Қыпшақ, Уақ сынды Қазақтың белді рулары арасынан бой көрсетеді.
Шыңғысхан 1206 жылы «Еке Моғұл ұлысын» құрудан бұрын, оның билігін мойындамаған Найман, Меркіт, Керей тайпалары Алтайдан бері асып Еміл бойына, Бесбалыққа бытырай қоныстанады. 1218 жылға келгенде бұл өңір Шыңғысханның қол астына біржола бағынады да, Іле өңірі Шағатайдың, қазіргі Шығыс Қазақстан мен Алтай, Тарбағатай, Баркөлге дейін Үгедайдың еншісіне тиеді. 1264-1301 жылдар аралығындағы Арық Бөке мен Құбылай, Құбылай мен Қайду арасындағы соғыстардан кейін бұл жерлер Шағатай хандарының билігіне көшеді.
1225 жылы Шыңғыс қаған өзінің жаулаған жерлерін төріт ұлына бөліп бергенде, үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия (Керей хандығының батысы және Найман жері), қазіргі Таулы Алтай, Тыва жері, Шығыс Қазақстан, Тәңіртау мен Алтай тауларының арасы ұлан-қайыр дала мен қоса 4 мың түтін (тағы бір деректк 5 мың түтін делінеді) Моғұл берген. Рашид-ад-Диннің бұл туралы: «Жалайыр Елуғай мыңдығы; Йрек Тұға мыңдығы,олар Сұлдұс (сұлтуз қазыр өзбек ұлтының құрамында Е.К.) руы; Дайырдың мыңдығы, яғни Құңқатан (қоңқа танау Е.К.) руы; Кейін Мөңке қаған бұл жасақтарды басқаларға бөліп, бытыраттты. Қайдудың жасағының көбі Арық Бөкемен ергендер болатын, кейін сол төрт мыңдықтағылар қайтадан Қайдудың маңына топталды» дейді. Ал Шағатайға берілген мыңдықтар Қоңырат мыңдығы мен Барлас мыңдығы (өзге екеуінің аты өшіп қалған. Е.К.).
1304 жылы Шағатай ханы Дууа Үгедай хандығына жорық жасағанда, Юань (Құбылайдың хандығы) жасағы шығысынан келіп тиеді. Шабар жеңіліп Шағатайларға тізе бүгеді, 1309 жылы Шабар қайта көтерілмек болып Жебе бастаған Шағатай әскерінен жеңіліп Құбылай хандығына қарай қашады.
Осыдан кейін Үгедай ордасы күйреп, жерін Шағатай хандығы мен Юань хандығы бөліп алады. Ал дәл осы жәйді Марко-Поло: «Орталық Моғұл ұлысы (Шағатай мен Үгедай ұлысын айтады) нағыз Моғұл дәстүрін сақтаған Моғұлдар, олар Шығыс Моғұлдарды (Юань моғұлдарын) «Қытайланғандар және шаталар» деп бойларына тоғытпайтын, олар баяғысынша көшпенді өмір сүріп, әлі күнге Моғұл салтымен өмір сүруде», – деп баяндайды. Орхонның батысындағы Моғұл тайпалары 1260 жылдары Құбылайдан жеңілгеннен кейін Алтайдың солтүстігі мен Енисейге қарай шегінген. 1280 жылдары Моңғол үстіртінде қалың қар апаты болып, ашаршылықтан сахара халқының босып кеткені туралы Юань тарихында жазылған. Орхоннан батысындағы Моғұл тайпаларының батысқа көшуі 1220, 1225, және 1260-1280-1301 жылдары болғаны анық. Бұған дейін кімдер мекендеген?
1209 жылы Жетісуды Қарақытай, Қарлұқ, Қаңлы тайпалары мекендеген. 1220 жылдары Иелуй Чусай батыс естелігінде Жетісуды қарақытайлар мекендегенін айтады (олар 1125 жылы Иелуй Дашымен бірге келіп Қарақытай хандығын құрған. 1212 жылы билікті Күшілүк өзіне қаратқан). Ал Жетісу мен Тәңіртаудың терістігіне 1225 жылы Шағатаймен Үгедайға қарасты Моғұлдар (8 мың түтін) келе бастағаны белгілі. Ал оларға кейінгі соғыстарда моғұлдар мыңдап келіп қосылған.
XIV ғасырда Сібірдегі Ойрат тайпаларының күшейіп, оңтүстікке қарай ірге кеңейтіп, Моңғол сахарасындағы тайпаларды Алтайдың бергі бетіне ығыстырды. Әрі, сахара тайпаларының халық саны артып, жайылымның тарылуы жоғарыда аталған соғыстарға апарып соқты. Бұдан тыс, Тәңіртаудың солтүстігі, Алтайдың бергі беті, Іле-Жетісу жері Моңғол үстіртіне қарағанда климаты жылы, жанға жайлы еді.
Бұл да сахара тайпаларының батысқа қоныс аударуының бір себебі деуге болады. Міне осыдан барып, қазіргі Алматы, Тараз, Шығыс Қазақстан облыстар, Алтай мен Тәңіртау арасын Моғұл тайпалары иелейді де, ондағы Қарақытай мен Қарлұқ ендігі тарихта Мәуереннахрдан бой көрсетеді. Үгедай ордасы құлағаннан кейін оның батыс территориясы Шағатай ордасына, Дууа ханның билігіне қарады. Дууадан кейін Есенбұға билік құрды. Есенбұғаның ұлы Тұғылық-Темір 1253 жылы ислам дінін қабылдады және бір күнде 160 мың моғұлды ислам дінін қабылдатқан. Мұқаммед Хайдар Дулатидың өз еңбегінде Моғұлстан территориясын: «Шығысы Барыскөл (Баркөл), оңтүстігі Ақсу, Қашқар уалаяттарымен шектеседі, батысында Балқаш, ол Моғұлстан мен Өзбек ордасынның шегарасы» деп көрсетеді. Моғұлстанды құраған тайпалар мыналар: Дулат, Жалайыр, Керей(керейт), Қаңлы (бұрыннан сол мекенде жайлаған), Барин, Арлат, Сұлдұс, Барқи, Күрлеуіт, Меркіт, Бекчик және басқалар.
Ал 1225 жылы Шағатайға қарасты елдер «шағатайлар» атанғанда олар Моғұлдардан өзге әлеуметтік топ еді. Мұхаммед Хайдар Дулати бұл турасында: «Моғұлдар шағатайларды «қаранауыс» десе, шағатайлар моғұлдарды «жете» деп кемсітетін», – дейді. 1508 жылдары шығыстан Ойрат, батыстан Шәйбани жорықтарынан кейін моғұлдар әлсірей бастайды. Ең көбі Қазақ хандығына қосылады, ол туралы «Моғұлстанды бүкілдей Өзбек(қазақ) пен Қырғыз иелеп алған» деген Дулатидың сөзі дәлел болады. Ұлы жұз руларының дені осы Моғұлдар, Орта жүздегі Керей (барқы мен меркіт қамтылады) де осы Моғұлстан тайпасы болған. Бұлар нағыз Шыңғысхан жұрты еді.
Ойратқа қараған кезең
Моғұл тайпаларының батысқа қоныс аударуынан иендеп қалған Батыс Моңғолияға ие болғаннан кейін ойраттар тез өсіп, 1360 жылдарға келгенде 200 мың халқы бар қуатты күшке айналады. Моғұлстан жұрты Батыс Моңғолияны «Қалмақ жері» деп атай бастады. 1428 жылы Ойрат қолы Әбілхайыр қолын Сығанақ соғысында жеңіп, Әбілхайыр ханды теңсіз келісімге жықты. 1469 жылы Моғұлстан ханы Жүніс те Ойраттан ойсырай жеңілді. 1490 жылдары Құбылай ұрпағы Батмөңке Даян хан ойраттарға шабуыл жасап, ойсырата шапқандықтан Ойрат империясын әлсірей бастады. Осы орайда Моғұлстан ханы Сұлтан Ахмет те ойраттарға қарсы жеңісті соғыстар жүргізді.
Сұлтан Ахметтің ойраттарға танытқан қаталдығынан «Алаша хан» (Қанішер хан) аталған болатын. 1505 жылғы соғыста Қалқа мен Цахар қолынан ойсырай жеңілген ойраттар Батыс Моңғолияны тастап, Алтайдың бергі бетіне, Моғұлстан жеріне ауды. Моғұлстанмен жерге таласу соғысында моғұлдарды жеңіп, батысқа ығыстырып тастады. 1507-1508 жылдары ұлан байтақ жерінен айырылған 400-500 мың моғұлстандық Шуға дейін ығысты. Жетісуда Шайбани ханмен соғыста жеңіліп, Моғұлстанның күні батуға бет алды. 400 мыңдай моғұлстандық Қасым ханға бағынып, Қазақ хандығының халық саны миллионнан асып, іргесі кеңейді.
Атты жасағының саны 300 мыңға жетті.
Ал, Ойраттың батыс шекарасы қазіргі Ілеге дейін келіп тірелді. Моғұлстанның ыдырауымен қазіргі Қытайдағы қазақтар жасап жатқан аумақ Ойраттың иелігіне өтіп, Іле бойын Чорос, Тарбағатайды Торғауыт, Алтайды Дөрбіт, Үрімжіден шығысқа қарай хошоуттар мекендейді. Тек, 1755 жылдан кейін ғана қазақтарға ата мекеніне қайта оралу орайы туады. Осыған дейінгі 200 жылдан астам уақытта Қазақ пен Ойрат арасындағы жерге болған талас бір сәтте толастамаған. Территориясын қанағат тұтпаған ойраттар 1722-1723 жылдары 100 мың жасанған қолмен Қазақ даласына шапқыншылық жасайды. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» дәуірінен тартып 1755 жылға дейін қазақтардың Жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күресі бір сәт тоқтамайды. Абылай, Әбілқайыр, Әбілмәнбет хандар; Төле, Қазыбек, Айтеке билер; Бұқар, Ақтанберді жыраулар; Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек, Батыр баян, Өтеген, Наурызбай, Райымбек… батырлар бастаған Қазақ жұрты ондаған жылдар бойы қан кешкен ұрыс арқылы өз елін мен атамекенін шапқыншы жаудан қорғап қалды.
Цинь қолындағы кезең 1755 жылы шығыста Мәнжоу империясы мен батыста Қазақ ордасының шабуылынан соң Жоңғар мемлекеті жойылады, Жоңғарлар қырғынға ұшырап, иелігіндегі Қазақ жері босатыла бастайды. Десе де Мәнжоудың Цинь империясы Қазақтардың ата мекеніне қоныстануына барынша кедергілік жасайды.
Бұл өңірлерге шығыстан Цахар моңғолдарын, сібелерді, дағұрларды, мәнжоуларды және Қашқариядан ұйғұр егіншілерін (6 мыңнан астам ұйғыр диқандарын Іледегі мәнжоу әскерлерінің астығын егуге Қашқариядан күштеп қоныс аудартқан) көшірген. Құлжа, Үрімжі, Шәуешек қалалары салына бастайды. Осы қалаларға Қазақтар керуен тартып келіп сауда жасайды. Қазақ малшылары ептеп шекарадан өтіп мал отарлата бастайды. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, 1750-1770 жылдар арасында бейбіт өмір сүрген қазақтың халық саны өсіп, мал саны артады. Бұл жайылымның тарылуына, ол барып өріс-қонысты кеңейту қажеттігін тудырады. 1771 жылы торғауыттар шығысқа Жоңғарияға қоныс аударады да, Кіші жүздің ата қоныстарының біразы қазақтың қолына қайта өтеді. Торғауыттар шығысқа қайта қоныс аударғанда 180 мың халқының 60 мыңы ғана Ілеге жетеді, оны Цинь империясы Іле, Бұратала, Қобықсарыға орналастырады, Алтайда Ұраңқаймен қалдық Дөрбіттер мекендеп тұрады. Абылай ханның көреген стратегиялық саясаты бойынша Абақ Керейлер Алтайға; Найман рулары Тарбағатайға; Албан-Суан рулары Ілеге қарай жылжи береді. Абылай хан қазақтың ата-қонысын қайтарып алу үшін Кенжеғара бастаған елшілерін Цинь патшалығына жібереді. Цинь билеушісі: «Сендер жіберген елшілердің мәлімдемесінде Тарбағатай біздің бұрынғы көшіп-қонып жүрген жеріміз еді. Біз сізден өзіңіздің ілтипатыңызды білдіріп, осы жерді бізге берсеңіз» деген сөздер бар екен.
Бұл жерді біз енді ғана орнықтырдық, күні бүгінгі дейін бос тұр. Асылында, мен бұл жерді қимайтын едім. Дегенмен, сендер бізге енді ғана келіп бағындыңдар, әлі ешқандай еңбектерің сіңген жоқ. Мұндай жағдайда (талап еткен жерді) осылай бере салсақ, мемлекетіміздің тәртібіне сай келмейді. Егер сендер опасыз қылмыскер Әмірсананы ұстап берсеңдер, онда мен өз ілтипатымды көрсетіп (талап еткен жерді) сыйлар едім» (Мұхан Исахан, Елбол Райханұлы. Қытайдағы қазақ қоғамының қалыптасу тарихы. Қазақстан-Zaman, 13 шілде, 2007 жыл; Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 548 том, 9-10 беттер) деп жауап береді. Бұдан кейін Абылай хан ашық ұрысқа бармау саясатын ұстана отырып, бос жатқан өңірге біртіндеп Ұлы жүз бен Орта жүздің кейбір руларын көшіре бастады. Мұны естіген Цинь ордасы, қорғаныс министрі А. Гүйге берген жарлығында: «…жедел әскер жіберіп Тарбағатайға қоныс тепкен қазақтарды шекарадан асырып қуыңдар! Абылайға адамдарын дереу қайтарып әкетуді айт!» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 609 том, 18 бет) – деп бұйырады.
Ал Абылай хан Алтай мен Тарбағатай және Іле өңіріне көшкен қазақты кері қайтарудың орнына Цинь патшалығына елшілер аттандырып, қалыптасып отырған жағдайды мойындауға шақырады. Осыған орай, 1760 жылы Цинь патшасының ордасы Абылай ханға жауап хатында: «… сенің елшілеріңнің айтуы бойынша Жоңғар жері қазір иен бос жатыр. Әбілпейістің қол астындағы Таңатар, Қарқаралы, Есенгелді, Жолымбет рулары Алын, Қаратал, Барлықта мекендеп отыр. Сонда сендер патша жарылқаған үстіне жарылқай түссін деп, Ілеге барып, қоныстансын деген екенсің. Тарбағатай өңірі ежелден Жоңғардың жері. Патша ол жерді қалың қолымен барып тыныштандырды. Қазақтар сендердің жерлерің ұлан-ғайыр болғандықтан, біздің шекарамыздан өтуімізге жол жоқ. Тарбағатайды патша саған бермеген еді ғой, сен қалайша өз білгеніңмен шығысқа қарай өріс жайып отырсың. Жоңғарлар ол жерді кезінде күшпен тартып алғанда, сендер олардың маңайына келе алмаған едіңдер.
Патша Ілені тыныштандырғаннан кейін, сендер бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алдыңдар. Осыны неге қанағат тұтпайсыңдар?» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 613 том, 17 бет) деп жазды. Алайда, дүркін-дүркін қазақ көшін тоқтатуға мүмкіндігі жетпейтінін түсінген Цинь патшалығы Алтай, Тарбағатай, Іле өңірін қазақтардың мекені ретінде бекітіп береді. Бұл туралы Цинь патшалығының Абылай ханға жолдаған мына хатында айтылады: «…сендер бірнеше ондаған жылдардан бері ептеп ішкерілеп жылжып еніп келесіңдер. Біздің генерал-шонжарларымыздың өтініші бойынша сендерді жазаға тарту керек еді. Бірақ, патша сендерге кеңпейілдік жасады. Сендердің шекара қарауымыздың бер жағында жатқан иен жерлерге келіп мал бағуларыңа рұқсат жарлығын жариялады. Бұның бәрі сендердің бізбен елдескендерің үшін патшаның жасаған шапағаты. Өздерің өсіп-өркендеумен қатар көршілес елдермен де тату тұрып, патшаның мейір-шапағатына мәңгі бөлене беріңдер» (Цинь патшасы Гаузүун патшалығының орда естелігі. Тайпей. 1964, 793 том, 20 бет). Бұл 1772 жылдан кейінгі оқиға, Мәнжоу билеушілері Қазақтарға Торғауыт қатарлы Моңғол тайпаларына жайылымдық жерлерді бөліп бергеннен кейін рұқсат берген.
Қазақтардың Алтайды мекендеуі
1778 жылы Абақ Керей Орта жүздің Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат және Уақтың би-төрелері бас қосқан ұлы жиында Әбілпейіздің ұлы Көгедайды төре етіп төріне отырғызып, тізгінін ұстатады. Көгедаймен бірге інілері Сәмен мен Жабағы төрелерде ере келіп, ел билеген. 1790 жылы (Циянлұнның 55 жылы) Көгедай төре 18 жасқа толғанда Бейжіңге барып, Манжоудың Циянлұн патшасына кезігіп, Зайсан, Алтайдың күн бетінің билеушісі ретінде «Гұң» (Сұлтан) лауазымы мен мөр-шекпенін алып қайтады. Бұл туралы халық арасында:
Барлыбай ,Шұбаш ерген Көгедайға,
Жанторы, Байқанда бар осы жәйда.
Ежен хан Көгедайға Мәнсап беріп,
Ұқсады Абақ елі туған айға, – деген жырлар сақталған.
сқар Татанайлы өз еңбегінде: « … бір жылы қайың сауған жұт болғанда Жәнтекей Байымбет ауылдары жылқыларын Сауыр тауына апарып бақтырады, Байымбет ұлдарына : Ата-бабамыз Сауыр деп атаған жер осы, бірнеше ғасыр өткен соң жеткен ұрпақ біз екенбіз, осы күл төккеніміз төккен болсын! – депті. Алыстан айбынданып көрінген Алтайдың ақбас шыңдарына да көз тігіпті, жөн сұрай келген Торғауыт кегенінің елшісіне: Жау емеспіз, елміз! Жерімізде жұт жүрген соң мал отарлатып жүрміз! – деген екен… Осыдан соң ел Сауыр тауына көшіп келіп мекендей бастапты» .
Бұл шамамен 1770-1775 жылдар аралығында болған оқиға деп болжауға болады. Үйіткені 1771 жылы торғауыттар келгені белгілі. Сауырдағы «Шалшықай», «Шәншеке», «Ақмырза» сол Байымбет байдың балаларының атымен қойылса, «Қаржау» Сәменбеттің бір баласының аты. Ал, Абақ Керейдің Алтайға бет алуы 1771 жылы деуге болады. Себебі, Цинь жылнамасының Циянлұнның 36 жылы біздің жыл санауымыздың 1771 жылына тура келеді. Абақ Керейдің Ер Жәнібек батырдың бастауында Сыр бойынан ауғанына келсе, ол тұста көшпелі қазақ қыста Сырды қыстап, жазда Сарыарқаны жайлаған. Орта жүз рулары 1000-1200 шақырым көшіп-қонып отырған. Торғауыттар Абақ Керейден жыл бұрын барып қоныс тебеді. Абақ Керейдің кейінгі рулары Қалба тауында, ал үдіре көшкендері Маңырақ, Сауыр-Сайқаннан асып, Қабаға, тіпті Үліңгір бойына дейін жетіп тоқтайды. Көгедайдың Бейжің сапарынан кейін Абақ Керей Цинь патшалығына жылына 81 ат салық төлейтін болған. Бұл салық сол заман тұрғысынан өте аз мөлшердегі салық есептеледі, осы бойынша 1861 жылға дейін жалғасқан. Көгедай бастаған Абақ Керей Цинь империясына «кінәздік» ретінде 1912 жылы империя ыдырағанға дейін Қобда арқылы салық төлеп, тікелей бағынып тұрды. Цинь патшалық үкіметі керейлердің ішкі саяси, әлеуметтік, әкімшілік істеріне араласпады.
Елі 1836 жылдан бастап «Абақ Керей жарғысы» бойынша «Төрт би-төре» билігі басқарып тұрды. 1824 жылы Өр-Алтайда «Беген шабылған Қарасеңгір» оқиғасы болды. Бұл дөрбіттердің 4 мың жасағы келіп, Жәнтекей Беген байдың елін шапқан оқиға болатын. Дөрбіттерге қарсы Абақ Керей қол жиып, Алтайдан асыра қуады. Сол соғыста Ызғұтты батыр қаза табады. Осыдан кейін Өр-Алтай толықтай Абақ Керейдің иелігіне өтеді. 1830 жылдары Абақ Керейге барып қайтқанда аға-сұлтан Құнанбайдан: «Қытайға қараған Керей баласы 15 мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ері, дауын сөйлер биі туып, бақ қонған елге айналған екен», – деген сөз қалған. Бұдан сол тұстағы Алтайға қоныс тепкен Абақ Керейдің 80 мыңға жуық халық екенін топшылауға болады.
Қазақтардың Тарбағатайды мекендеуі
Тарбағатай аймағына Қазақтың Найман руларынан Қаракерей, Дөртуіл, Матайдың Қызай рулары 1771 жылдардан бастап қоныстана бастады. Қызай руы Тарбағатайдың Майлы-Барлық тауларында 70 жыл қоныстанып 1865 жылғы «Қызыл аяқ шапқыншылығынан» кейін Бұраталаға қарай ауа бастаған. 1851-1864 жылдар арасында Цинь империясына қарсы Тянпиң көтерілісі болды, бұны сол заманда «Қызыл аяқ соғысы» деп атаған. 1860 жылдары «Қызыл аяқ соғысы» Тарбағатайды мекендеген қазақтарға да аур зардап әкелген.
Бұл тұста Шәуешек маңын Дөртуілдер, Барлықтың батысын Мәнбеттер, Орқашар тауын Сайболаттар мекендегендеп тұрған. «Қызылаяқтарға» қарсы Қабанбай батырдың немересі Әділбек батыр қол бастап Шәуешекті басып алады. «Қызыл аяқ соғысы» Цинь империясының Шынжаңдағы үстемдігін шайқалтқандықтан, бұл орайдан пайдаланып Қоқан хандығы Яқұппектің бастауында Қашқарияға басып алып, «Жеті шаһар хандығы» құрылады. Тарбағатайдан ығысқан «Қызыл аяқ» әскерлері 1867 жылы Алтайға кіреді. Онда Көбеш батыр, Далай мерген бастаған Абақ Керей қолы ойсырата қырып, Қобдаға асырып тастайды.
Қазақтардың Ілені мекендеуі Іледе
1762 жылы «Іле генерал басқармасы» құрылып, Құлжа, Сүйдің, Қорғас қатарлы тоғыз әскери қалашық бой көтереді. Қазақтың Албан-Суан рулары 1771 жылдан кейін Ілеге қарай көш түзейді. Ілені мекендеген торғауттарды жер таласы соғыстарында ығыстыра отырып, 1850 жылдары Тәңіртаудан ары асырып тастайды. 1864 жылы Іледе Цинь билігі жойылып, оның орнына Тараншылардың «Қара сұлтан» үкіметі құрылады.
Албан Тазабек батырдың оларға қолдау көрсеткенін желеу еткен Ресей әскерлері Ілені басып алады. Сол тұста Г. А. Колпаковскийдің тікелей басқаруымен 1871 жылы 22 маусымда ұйымдастырған экспедицияның мәліметінде, Іледе 3 мың түтіннен аса Албан, 2 мың 162 түтін Суан, 1 мың 409 түтін Байжігіт руы бар екенін көрсеткен [4.117 б.]. Сол тұста Іледе 37 мыңнан қазақ, олардан басқа 51 мың тараншы, 6 мың шамасындағы Дүнген, 24 мың айналасындағы моңғолдар болған. «Ресей-Цинь Іле шегара келісімі»
881жылы Цинь империясы Шынжаңға Зо зұңтаң бастаған зеңбірек және мылтықпен қаруланған 100 мың әскер аттандырады. Олар Шыңжаңның шығыс қақпасы Баркөлді жедел алып Яқұпбек қосындырын ойсырата жеңеді де, Қашқарияны қайтарып алып, Ресеймен Іле мәселесі турасында келіссөз жүргізеді. 1880 жылы Цинь өкілі Зың Жизы қол қойған келісім бойынша Ресей Іленің Текес, Құлжа, Қорғас, Сүйдің және басқа да тоғыз қалашығын қайтарады; Іленің 70 мың шаршы-шақырым жері Цинь үкіметіне қайтарылады. Бұның есесіне Зайсан , Ұржар, Шонжыны қамтыған 70 мың шаршы-шақырым жер Ресейге тән болады. Ресейге әскери шығын есебінде 9 миллион сәрі күміс ақша төленеді. Ал осы үш өңірдегі қазақтарға қайсы үкіметтің билігін қабылдау туралы таңдау еркі мен бір жыл уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде Іледен 20 мың қазақ (Албан мен Суан руларынан 6 мың адам Іледе қалды), 45 мың тараншы, 4500 дүнген патшалық Ресей жағына өтті. Ал, 1883 жылы Ұржардан Мәмбет руының 1000 түтіні Жалбағайдың бастауында Барлық тауының шығысына көшті. 1883 жылы Зайсаннан 1000 түтін Меркіт және Керейдің өзге рулары Жәке бидің бастауында Жеменейге көшті. 1888 жылы сексен түтіннен аса Уақ Барлық тауынан қоныс тепті. 1884 жылы Шыңжаң өлке болып құрылды да Қазақтар екі елге бөлініп қоныстанған дәуір ресми түрде басталды.
Ішкі көші-қондар 1864 жылы Алтайдың Сауыр мен Буыршын өңірінен Абақ керейдің 400 түтіні Майды-Жайыр тауларына қоныс аударды. Оларға қоса Уақтан 200 түтін Маңырақтан Жайырға көшті. Келесі жылы Алтайдағы Абақ Керейден тағы 300 түтін Майлыға ауды. 1880 жылы 150 түтін тағы көшті. 1883 жылы Тарбағатайда 4 үкірдай (болыс) ел мекендеді (Керей 1 үкірдай 7 зәңгі; Найман 1 үкірдай 8 зәңгі; Дөртуіл 1 үкірдай 7 зәңгі; Мәнбет 1 үкірдай 6 зәңгі. Бұлардан тыс 2 зәңгіге қараған уақтар бар). Тарбағатай аймағына қараған қазақтардың саны 5600 түтін, яғни 32 мың адам, ал солтүстік Жоңғарияны мекендеген қазақтардың саны 88 мың деп көрсетілген [4.116 б.]. Еркерте кетерлігі, Шиху, Сауан жерлері 1945 жылға дейін Үрімжі (Дихуа) аймағына қараған, әрі бұл санақта Үрімжі аймағындағы қазақтар кірмеген. 1883 жылы Бұратала маңындағы Қызай руынан 3 мың түтін Іленің шығыс аудандарына қоныстанды. Қызай руы бұл мекенде орнығып отырып, 1962 жылы 120 мыңға, 1990 жылдыры 270 мыңға жетті. 1908 жылы Іледе 10 болыс Қызай, 6 болыс Албан, 1 болыс Суан және бір болыс Төре-төленгіт, Терістаңбалы, Уақ рулары бар болған.
Қазақтардың Санжы, Үрімжі, Баркөлді мекендеуі
1864 жылдан бастап Алтай аймағында халық саны артып, өрістің тараюына байланысты қазақтар жаппай басқа өңірлерге қоныс аудара бастады. Тарбағатайға көшуден тыс, 1883 жылы Бөке батыр бастаған мың түтіннен аса керейлер Боғаға көшті. 1883 жылы Жамысбай бастаған 170 түтін Баркөлге барса, Жылқышы Ақтайұлы мынан астам түтінді бастап Моңғолияға қарасты Қобда жеріне өтті.
1906 жылға дейін Алтайдағы қазақтардың жарымы аталған өңірлерге қоныс аударды. Осы тұста Алтай Керейден 3 тәйжі (болысқа тең) Жәнтекей, 2 тәйжі Жәдік, Ителі, Молқы, Қарақас, Меркіт, Шыбарайғыр, Сарыбас рулары бір тәйжіден, бір үкірдай Шеруші, Жастабанд, Құлтайболат рулары бір залың ел болып отырған. Жалпы саны 13-14 мың түтін, яғни шамамен 60 мыңнан астам керейлер мекендеп тұрды. Бұдан тыс бір тәйжі Найман Жарболды руы мен бір зәңгі Уақта 5 мыңнан аса түтін болды. Ал, 1913 жылы 1000 түтін Керей Алтайдан Тарбағатайдың Майлы тауына, 1916 жылы 400-ден аса түтін, 1933 жылы 100-ден аса түтін Еренқабырғаға (Манас, Сауан, Құтыби жері) ауды. Бұған дейін 4 мың түтіннен аса халық Моңғолияға қоныстанып қалған болатын.
1912 жылы Мәнжоу Цинь империясы құлады да, оның орынына қытайлар билікке келді. 1919 жылы Алтайдың «Ерекше аймақ» мәртебесі жойылып Шыңжаң өлкесіне біріктірілді. Бұған дейін, шамамен, Алтай-Қобдада 85 мың, Үрімжіде 60 мың, Тарбағатайда 60 мың, Іледе 60 мыңнан аса, жалпы саны 270 мыңға жуық Қазақ мекендеген. Бұлар негізінен Орта жүздің Керей, Найман, Уақ рулары мен Ұлы жүзден Албан-Суан рулары болды.
1916-1933 жылдар арасындағы көші-қон 1916 жылғы
«Маусым жарлығынан» кейін Торғай мен Жетісудағы наразылық ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Патша үкіметі әскери күшпен басып-жаншуға кірісті. Соның салдарынан Ілеге 160 мың, Тарбағатайға 70-80 мың қазақ босып өтті. Көш бойында талай қазақ орыс әскерінің оғынан жер құшты.
Кейін бұл қоныс аударушылардың басым көбі өз мекендеріне қайтты, аз бөлігі ғана Қытай территориясында қалып қойды. 1932-1933 жылдардағы зұлмат аштық тұсында 96 мыңнан аса Қазақ (тарихшы Талас Омарбековтың санағы) Қытай территориясына ауып барған. Бірақ, бұл қоныс аударғандардың қаншасы кері қайтқаны туралы анық дерек жоқ.
Кейінгі кезең
1920 жылдары Зуқа және Әкім батырлардың қозғалысы болса, 1938 жылы Қытайдың ішкі өлкелеріне қарай 20 мыңнан аса Алтай-Баркөл қазақтары ауды. Оның соңы Тибет асқан көшке ұласты. 1939 жылы Алтайдың Көктоғай-Шіңгілінде Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісі басталды. 1945 жылы Құлжада Шығыс Түркістан Республикасы уақыттық үкіметі құрылды. 1946 жылы ШТР-да (Алтай, Тарбағатай, Іле) 725 мың халықтың 383 мыңы, яғни 53 пайызы қазақтар болды. Ұйғұрлар 156 мың, қытайлар 52 мың, моңғолдар 49 мың, орыстар 18 мың адамды құрады.
Іледегі 450 мың халық болып (Бұраталаны қамтыған) қазақ 220 мың (48 пайызы), 140 мың ұйғыр, 27 мың қытай, 24 мың моңғол құрады; Тарбағатайда 170 мың халқ болып, 100 мыңнан астамын қазақтар (60 пайыздан көбін), 22 мыңын қытайлар құрады, 10 мыңға жуық ұйғыр болды. Алтайда 90 мың халықтың 83 мыңын қазақтар (негізінен Абақ Керей руы) құрап 90 пайыздан асып тұрды. 4 мың моңғол, 2 мыңға жуық қытай жасаған. Манастан Баркөлге дейінгі Тәңіртау (Еренқабырға) өңірінде (Қытайдағы қазақтардың төртінші аймағы) 60 мыңнан асатам қазақ мекендеген.
1949 жылы қазанда 100 мыңнан аса коммунист қытай армиясы Шынжаңға кірді. 15 мың әскерге ие «Үш аймақ» үкіметі соғыссыз берілді. Тек Оспан батыр, Қалибек Хакім, Оразбай бастаған ұлт-азаттық күрестің қаһармандары ғана қызыл үкіметке қарсы ұрыс салды. «Үш аймақ» үкіметі керісінше осы көтерілісшілерге қарсы соғысты. Өр-Алтайда 1958 жылы соңғы рет көтеріліс болды, бұдан кейін Шынжаң қазақтары коммунистік Қытай билгінің қол астында қала берді. Коммунистік армияның 100 мың әскері кірген жылы Шынжаңда 3,3 млн ұйғыр (75 пайыз), 500 мыңға жуық қазақ (12 пайыз), 291 мың қытай (6,7 пайыз) болған.
Ерзат Кәрібай