Әдебиет

Алпыс бесік туралы аңыз

Нақтылы қай жылы екені белгісіз. Алтай керейінің Чиңхай, Шизаңға ауа көшкен екі жүзден астам шаңырағына тұтқиылдан Дүңген төңкерісшісі Мафуфаңның әскері кезігіп, көшкен елді қайтадын кері айдайды. Үріккен елдің құлындағы құралдардың барлығын жинап алып, қонған жерде үйлерді біріне-бірін қаратып қоршай тіктіріп, адам мен малды соның ішіне қамайды. Өздері сыртынан күзетіп, әйелдерге озбырлық жасап, көздері түскен заттың бәрін тартып алып елге көрсетпеген жамандығы қалмайды.

Ыза-кегі қайнаған ел ақыры жасырын тіл біріктіріп, қырық шатырға бөлініп орналасқан жау әскерінің қанша жерден күзет қоятынын анықтап алып, бұл қорлыққа шыдағанша қызыл қолмен айқасып өлейік деген бекімге келеді. Сөйтіп бір қанша мықты жігітті үйдің іргесінен шығарып жіберіп алдымен күзетшілердің көзін құртады. Артынан әр шатырға он адамнан ұйымдасып, қолдарындағы сойылмен шатырды арқалықтан ұрып жығып етегін басып отырып сыртынан ұрып жау әскерінің түгелдей көзін құртады. Алайда олардың ат-көлігіне қарайтын бір Монғол жігіт қашып құтылып кетеді.

Ауған ел олардың ат-көлік, қару-жарақтарын жинап алып бет алған жағына қарай қайта көшеді. Арада біраз күн өткеннен кейін қашып құтылған атшыдан хабар тапқан 300 дей қуғыншы, ел бір тары сайда дамылдап жатқанда келіп басып қалады. Қазақтардың шамасы келгендері салт атпен қашып құтылып кетеді де, кәрі құртаң кісілер мен алпыс бесікте бөленген бала шарасыздықтан жау қолында қалып кетеді.

Қатігез жау жұртта қалған елді қырып, бесіктегі балаларды шырылдатып найзамен түйреп, мал-мүлікті тонап қолға түскендерді бірақ қырып кетеді.

Жау кеткен соң ел жұртқа келсе алпыс бесіктегі баланың барлығыда найзаланған екен.

Қайғылы ел өлген адамдарды ұзыннан ұзақ қатар жатқызып жерлеп, әр баланың бесігін өз мүрделерінің үстіне қойған екен.

Кейінгі жылдары кейбір адамдар алпыс бесікті моланы көргендерін айтқанда, уақыттың өтуіне байланысты зираттың топырағын жел ұшырып көнергенін, маңында бесік ағаштарының шашылып жатқанын айтады.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*